Бара жатыр күн де өтiп…

Бара жатыр күн де өтiп‚
шаршатады мүлде аптық.
Түбiме тек жүр жетiп‚
жылмаңдаған сырғақтық.
 

Мiн‚ бәндә iш тары
ардан кеттi мүлде аттап‚
соны сынар тұстары
сала берем сырғақтап.
 

Мiне‚ жақсы езбенi
жамбарсумен жүр жақтап.
Соны сынар кездерi
сала берем сырғақтап.
 

Мiне‚ қыздың көздерi
күлмеңдейдi ыржақтап.
Соны сынар кездерi
сала берем сырғақтап.
 

Бұ не сонда? Адамның
сынасаң да‚ — көп мiнi?
Неге бұдыр табанның
шайқасарда жоқ бүрi?
Әлде ойымды тыңайтып‚
шығам ба ақыр шыңды аттап?
Отырғанда мұны айтып‚
тұрғам жоқ па сырғақтап?
 

Осы-ау ғасыр сынағы‚
қалмақ одан кiм аман?
Соны қайғы қыламын‚
соны көрiп жұбанам.
 

Сосын қарап түндiкке‚
адам атын күнде ақтап‚
жүрсем деймiн тiрлiкте
сырғақтықтан сырғақтап…
 

1975 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *