Шындыққа шала кезде…

Шындыққа шала кезде,
тереңге кiм қарайды?
Дәл сондай бала кезде
болатын түндер Айлы.
 
Ай көкте жүзiп жүрiп,
ештеме ойлатпайтын.
Ұлпа нұр қызықтырып,
тереңге бойлатпайтын.
 
Мен сонда бiр қиялға
берiлiп жазғам өлең.
Батпастан шын күмәнға,
жаңа боп тозған әлем,
 
қыз өңi сиқыр болып,
көздi арбап Ай ажары,
шындықты қиқым көрiп,
шындықтың кей азары
 
жаныма батпайтындай,
әсем боп бәрi маған,
сұлулық сақтайтындай
кеулiмдi қажымаған,
 
қарамай Күнге тура,
расты нұрға бояп,
жалғаншыл бiрде дуда,
сүрiнбей жүрген аяқ
 
сүрiндi. Сонда ойландым, —
парқы әр не Күн мен Түннiң.
Келмесе жынға айналғың,
келмесе мың мертiлгiң,
 
шындықты көздi алдамас
деп бiлгей алтын қазық.
Бар жәйттi көргенде рас,
кетедi жарқыл қашып.
 
Шыны сол, айлы түндер
ажарсыз жаралатын.
Қыз өңi жәй күтiнген,
қарасаң — қара қатын.
 
Махаббат, адалдығың…
айтпас сөз адам бүгiн.
Қыз-қырқын… пұлы бардың
айналмақ құлына әркiм.
 
Биiкте кiмнiң тағы, —
нөпiр жұрт иедi бас.
Ел оны құлпыртады…
Деу қиын сүйедi рас.
 
Сол жайлы жаза қалсаң,
ашынсаң, назалансаң,
масаша мазаны алсаң, —
надандар басады алшаң.
 
Ондайды ел демейдi өлең,
көтеру кеуiл — шарты.
Сазшы ма кернейлеген?
Шуда бар ненiң парқы?
 
Болмаса түндерде Айлы,
кiм көрмек бiр затты анық?
Ол күндiз пұлданбайды,
түнгi, арзан, қымбат нарық.
 
Көп неге кiтәб сондай?
Жұрт жазған неге өтiрiк?
Сене ме ел “пыраққа” ондай,
шындықты көре тұрып?
 
Келгенде өз нәубетiм,
болам ба бiрi соның?
Болғасын қозғау — ниетiм,
тiрлiктiң шынын, сорын,
 
қызығын, қиындығын,
расын, махаббатын,
тең көрiп күнiн, түнiн,
жағымпаз шатақ қалпын,
 
боямай нұрына Айдың,
көрсетсем шындықты анық,
көрер ел мұны қай күн?
Жатар ма ол шын құпталып?
 
Бiлмеймiн. Бар бiлерiм —
мендей көп келер, кетер.
Айтпас шын әңгiменi
болады өнер бекер.
 
Жастықша түндер Айлы,
жалтылдап өтер бастан.
Өтер шақ мүлде ырайлы,
қашар күш топандасқан.
 
Сол кезде Күн мен Түндi
тең қылып есептер кiм?
…Сияқты бiлген мұны,
басы асау кесек кеулiм.
 
Замана сырғанайды
нелiктен? Бiлгем сырды:
мен үшiн Күндер — Айлы,
мен үшiн Түндер — Күндi.
 
Екеуiн жарастырсам,
арман жоқ онша ететiн.
Өмiрге қарап тұрсам,—
қыры көп көрсететiн.
 
Бiз соның бiрiн әлi
айқара аша алмадық.
У-шу көп. Құбылмалы,
көлгiршiл, жасанған жұрт…
 
 
Шамасы, дәл осылай
болған-ау бiзге дейiн.
Осы хал бiзден кейiн
сақталып, сөзге бейiм,
ойлайтын өз көмейiн,
жетпейтiн тезге дейiн,
 
падышаны безбендейтiн,
шындықты көзi көрмейтiн
болады жүз байың мен
теңелмес жүз кедейiң…
 
Соны ойлау кiмге жайлы?
Жазсам ба жыр қолайлы,
құлдарды кiм қанайды,
десем, — жұрт тыңдамайды.
 
Жыртықты кiм жамайды?
Кетпей ме мүлде қайғы?
Алайда түндер Айлы,
жап-жарқын күндер жайлы,
 
шындықтың шымылдығын
ашқышқа бүгiнгi күн
ашпастан сырын, қырын,
болжатпай бұл маңайды,
 
тұнық деп мүлде ылайды,
қаратпай Күнге ырайлы,
нұрына елiктiрiп,
сынапша сырғанайды…
 
Мен не етсем, түндер Айлы?
 
1976 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *