Шайыр көп бұ тiрлiкте мақталмаған…

Шайыр көп бұ тiрлiкте мақталмаған,
жәнә көп бапталмаған, датталмаған.
Шытырман бұ фәниде бәрiнен де,
мақталмай не датталмай жатқан жаман.
 

Хал осы. Толмай жатып бiр мүшелге,
мойныда сұққан едiм жыр—кiсенге.
Мақталдым. Масайрамай сарабдал ой,
деп едi шын тереңге сүңгiсем бе.
 

Сүңгiдiм, ал кеп сырды ақтарғаным,
тiрлiктiң тiлдiм терең қатпарларын.
Ұнамай тек қара тұз ап барғаным,
тiл тиiп, таңғалдырды, датталғаным.
 

Бұ не өзi? Аңқау едiм аңқылдаған,
жетпедi құйттай қулық, бәлкiм, маған?
Бiз неге зеңбiрiк құрметтеймiз
мылтықты құр дәрiмен таңқылдаған?
 

Бiз соны дер кезiнде көрсек барып,
қос қолды соғар ма едiк құр шаттанып?
Кетем бе лепiрме боп мақталғанда,
мойныма, датталғанда, — бұршақ салып?
 

Түскенде әлде мақтау алақанға,
жолдасты даттау итке талатам ба?
Бiр атып әлде екеуiн жаңғыз оқпен,
сұлату шын бұйырмыс алапам ба?
 

Болам ба жұртқа мынау сонда мәлiм?
Жат көзде хас асыл ма қорғағаным?
Үн-түнсiз, шыныменен, жатқан жаман,
ұласқай жақсылыққа сол жаманым…
 

1976 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *