Келiп барша адамдармен жанасқым…

Келiп барша адамдармен жанасқым
аңқылдаған алақанды кең аштым.
Талғамастан талайларға бердiм қол,
барлығын да көрiп бiрдей алаштың.
 

Және жат боп алапа үшiн емiнбек,
ойланбадым тең емес не теңiм деп.
Сүйтiп жүрсем… өз кәдiрiн қашырып,
қол салмағы кеткен екен жеңiлдеп.
 

Көп шуылдақ мен көрсеткен құрметтi
Түптен шыққан ықылас деп бiлмептi.
Қолын әзер ұсынды көбi ендi,
қол беруге мен сықылды мiндеттi.
 

Көрiп соны, жалпылдаған жай қалды,
қылдым әдет мен де сөзден тайғанды.
Адамға асық аңқылынан айрылып,
алақаным жұдырыққа айналды.
 

Ендi қолды ұсынбаймын бұлданбай,
ойланамын әр сәлемде сыр бардай.
Бiреулерге берем әзер қолымды.
бiр қалта алтын құдды ұсынып тұрғандай.
 

Еш қалпым жоқ баяғы аңқау кездегi,
екi қолым — ақылымның безбенi.
Өзiмдi өзiм салмақтасам, қулардың
сәлем берiп жүгiредi өздерi.
 

Кейде ойланам түлеймiз деп бiз қашан?
Оңармыз ба осы әдеттi сызбасаң?
Жұдырықпен бұз жораның тұмсығын
жарамайды-ау түбiнде бiр бұзбасам.
 

Сонда дағы мың айнимын мен күнде,
шипам ба бұл, әлде жанға дертiм бе?
Ағайын-ап, мен кәйтейiн, кәйтейiн,
жұдырықты жазу ендi өз еркiңде…
 

1977 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *