Тырулап‚ бiр қоңырқай жырлар айтып…

Тырулап‚ бiр қоңырқай жырлар айтып‚
барады жылы жаққа тырна қайтып.
Масақша үшкiр келген тiзбек басы
жанымды жабырқата тұр қарайтып.
 

Ұшқан ем мен де сондай тiзбегiммен‚
онда орын алмайтын-ды сыз кеуiлден.
Тырулап көп тырнаша ұшқан шақта‚
көрiнетiн тiрлiк қызық бiзге мүлдем.
 

Бiлместен қу тағдырдың жастайтынын‚
күнiмiз болмаушы едi таспайтұғын.
Қос қарда — қос қанатта қуат бар да‚
не асулар болмайтын-ды аспайтұғын.
 

Ұшушы ек қыжылдаспай‚ керiлдеспей‚
көзге анық көрінетiн не бiр төскей.
Тентек бас‚ түбiт иек‚ тарлан тiзбек
өмiрi көрiнетiн бөлiнбестей.
 

Сияқты ек онда отқа бiр күйетiндей‚
сықылды ек жұдырықты бiр түйетiндей.
Керме қас кербез қызды‚ кейде тiпте
жүрушi ек бөлмей-жармай сүйетiндей.
 

Ақыры бағдар болмай құбыла түк‚
iстеттi өз дегенiн ұлы уақыт.
Тасадан сұрмергеннiң атқан оғы
жiбердi сол тiзбектi ыдыратып.
 

Сол екен‚ бiр шабысқан құлынтайлар
болды ендi бас пайданың мыңын пайлар.
Туды кез «балапаның басына» деген‚
«тұсынаң тарыт» бердi тұрымтайлар.
 

Күю жоқ‚ ендi айтпаймыз расымызды‚
түю жоқ‚ көп қайттаймыз басымызды.
Сүю жоқ‚ қу қыздарды қызғанумен‚
ағартып алдық әбден шашымызды.
 

Қу тағдыр зiл жиғандай сонымызға‚
тастапты әр түрлi арман жолымызға.
Әр түрлi арман мен қыз түрлi жаққа
тартқасын‚ сирей бердi тобымыз да.
 

Қонғасын әр түрлi боп жiгiтке бақ‚
жағымпаз әр түрлi ғып ұлықтамақ.
Бiрiне де сол түрлiнiң болмай еге‚
жатырмын мен тырнаша сынық қанат.
 

Ендi ой жоқ сыбағамды алам деумен‚
не пайда тағдыр жолы тараң деуден?
Тырулап барады‚ әне‚ жаңа тiзбек‚
отырмын соған қарап‚ алаңдаумен.
 

Арлаған‚ алға тартқан көп арманы
быт-шыт боп бөлiнер ме олар дағы?
Әр түрлi жақпарларға жөн сiлтер ме‚
айрылған сан тарауға жол алдағы?
 

Әлде олар iлесер ме көшке бөтен?
қаңтарға тап болар ма өскен өркен?
Даңқтың дақпыртына ұрар ма бас?
Ұрмас па? Сонда тырна не iстер екен?
 

Көрмедiм бұдан артық уайымды асқан‚
кеулiмнен сабыр қашқан‚ пайым қашқан.
Темiрдей тарлан тiзбек болса дағы‚
ақыры қоймас дүния айырмастан.
 

Қозады ондайда кеп құр делебе.
Сен оны терiс деме де‚ жөн деме де.
Таңғалам‚ жалғаншыны зерттей бiлген
өз жанын зерттемейдi пенде неге?
 

Сүйткенде‚ барлық гәптi бiлер едiң…
Ел бiрақ көкке тосқан құр елегiн.
Жолдастар, ендi қиын бiрдеме деу‚
тырнаға тек осыны тiлемедiм.
 

1978 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *