Таңдай қақпа, бола көрме бұған таң:
әр кiсiнiң тiрлiгi — ұзақ қыл арқан.
Дарбазшыдай арқан бойлап жүгiрген
сол биiкте көп тұруға құмартам.
Түспейiн деп қолды ұстаймын көлденең,
әрлi-берлi ауытқиды зор денем.
Құлап жатыр табандары тайғақтар,
құлап жатыр ожыраңдай өрлеген.
Анау пысық барады әлi жүгiрiп,
ана аусардың тұр табаны iлiгiп.
Мәттақамдар марапатқа малшынған,
тұрлаусыздар қол сiлтейдi түңiлiп.
Кiсiлер көп. Айқыш-ұйқыш арқан көп,
әркiм әуре өз арқанын тартам деп.
Мың-сан арқан тор тәрiздi шатысқан
жас дарбаздың тұр жолында қалқан боп.
Бұ немене? Бiр сынақ па ерекке?
Жүру шарт па қара жерде, не көкте?
өз арқаның шығу үшiн шығанап,
өзге арқанды баудап қию керек пе?
Онсыз құның болмайды ма көк тиын?
Одан асқан сынақ неге жоқ қиын?
Солып жатыр тарқатылып бiреулер,
өнiп жатыр ендi бiреу боп түйiн.
Ойланамын. Дағдыр тартқан сыйым көп,
сырын соның ақтарудан қиын жоқ.
Жазсам деймiн жұдырығын түйiннiң,
қалсам деймiн жәнә сондай түйiн боп.
23.07.1979