Көкетай, қарамашы кекiрейiп,
барасың тойғаннан соң тiпте iрейiп.
Месқарын, ашқарынға бөлiп жұртты,
несi жөн көрсеткеннiң екi кейiп?
Көргендей әлде көптiң қылжақбасын,
нелiктен алдың жауып сыр қақпасын?
Шындықтың шамға шабар жайы бар ед,
сол үшiн болды ма әлде бiр жақпасым?
Мұндайда бiлiктi жан долдана ма,
демей ме оңға қара, солға қара?
Ашынып айтылатын әдiлет тұздай,
iшiне мұз жақпайтын сен ғана ма?
Жақпайды кейде iшiме ол менiң дағы,
жаратпай жатады оны қарын жағы.
Сонда да не бәйгiге басты тiгiп,
көкжалдай жорта берем қалыңдағы.
Қампиған кей қарынға құлдық қалып,
сол менi көп жағдайдан жүр құтқарып.
Жаныңа жақпаса да, жақсы-ау кейде
бiр рет көз жеткiзу шындыққа анық.
Жетпейтiн болар ма осы, бәлкiм, саған,
әйтеуiр, бiр пәлекет бар құрсаған.
Әзәлдән әдетi ғой әурелену
тырсиып танабынан тартылса адам.
Ойға алмай ондай кезде қисыныңды,
сырттанға жұрт қояды сүйсiнудi.
Шiркiн-ай, дүния қалай түзелер ед,
өзiңнiң көре бiлсең қисығыңды?!
Ол қайда? Мiне, сөздi бұза шатып,
сөйлейсiң, iш жағыңда ыза жатып.
қойыңды бақтырмашы, жақтырмасаң,
жiберем ерегiссем, тұз асатып.
1979 жыл