Кең ойға кеңсiң төсек болардайын,
өзi ұшар әуежайсың қонардайын.
Боп шықты бәрi бiрақ Ай сыртындай,
не қалды сен көрмеген, о маңдайым?
Бiр кезде дегенiңде жетекке ерем,
тимеген тастай тұяқ не теппеген,
бетiнде бұдыры жоқ теп-тегiс ең,
қу дағдыр сияқтанып өтектеген.
Белгi бар содан қандай бүгiнгi күн?
Болғандай бата — халас, ырым — қырын.
Соқамен олақ бiреу жыртқандай-ақ,
айдының болыпты әбдән ырым-жырым.
Демейдi, соны көрiп, жұрт ұқсалық,
аяқтан құлатты өмiр қырқып шалып.
өзiңе шодыр шоқпар тиген талай
кетiптi жазылмастай тыртық салып.
Әлде бұл жаудың орды қазуы ма,
дағдырдың түсу ме әлде азуына?
Бұл әлде өз қолыңмен жазған тiрлiк,
жазмыштың әлде мынау жазуы ма?
Күш бар ма сол үрдiстi жасқағандай?
Жай бар ма жаңа тiрлiк бастағандай?
Ақыры… кешелерi басқа маңдай
болыпты жұрт көзiнше қасқа маңдай,
Ойсыздар оны қажап, келеке етпек,
бiлгенге сол сабақта берекет көп.
Соны ойлап, қасқа сенi басқа қылып,
алмасам болмайды ендi мен өтектеп.
1979 жыл