Жас шақ

1
 

Ұнатпай, ұзап iргеден,
мәңгiртiп басты мүлде мен,
жалтақтап жүргем жаранға,
бiр бәндә парқын бiлмеген.
 

Салынбай онша уайымға,
көндiкпей қатал пайымға,
жақсылық жұртты сұрайтын
құрағам қауым ойымда.
 

Жеме-жемге ақыр келгенде,
талабым болды шерменде.
Жас шақтың қирап қанаты,
топ ете түстiм мен жерге.
 

Басым да тасқа сарт еттi,
көзiмнiң оты жарқ еттi.
Шығасы қолдан асылдай
думаншыл дәурен жалт еттi.
 

Мiне, ендi түнде жоқ жортпақ;
ақылды ғана ардақтап,
тұрғаным сөздi безбендеп,
өзiмдi өзiм салмақтап.
 

Төбеттей жастық қарғылы,
қойғандай қолмен барлығы.
Тiзгiнiн ермiн жинаған,
арзуым — жолдың даңғылы.
 

Тiлiңнен майды тамызып,
жырлау жоқ шығар ағызып.
Домбыра, думан дегенiң
кеткендей мүлде қара үзiп.
 

Тартқандай кесе сияғым,
жүз ойлап, желiк тиярым.
Келместей қайта жас шағым,
тигендей тасқа тұяғым.
 

2
 

Қыздарға жебе жоқ атпақ,
жатқаным бәрiн сараптап.
Кез де жоқ арлан қасқырша
кететiн қойды тамақтап.
Шығатын шағым қайда, ойбай,
ауылдың бәрiн адақтап?
Көрiнсе, қызыл-жасылға
қарамаушы ма ем алақтап?
Бұл сарап маған не бермек?
Ойлап па ем мұны көрем деп?
Өскенмен жасың, — әлi жас
қалайша кеуiл көнермек?
Кiм менi болған қапияда
түйеше күлге шөгермек?
Кеуiл мен жастық бiр күнi
бермес пе хабар келем деп?
Бiлерiм, келсе, жас шақты
ұстарым анық көгендеп.
Дәмем бар әлi думаннан
домбыра қолға берер деп.
Сол рас болар, бiр талап
жасымды кейiн шегермек.
Отырмын қыздың күлкiсi
естiлген жаққа елеңдеп…
 

18.03.1980

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *