Қызылкөз қошқарларша бақылдасып
жүрместен, бұйырар деп ақыр нәсiп,
мойныңды су кеткендей тарсаң кейiн,
атану қиын болмас пақыр, жасық.
Ойы жоқ деген дәулет, пұл табайын,
мен көрдiм сондай жұрттың бiр талайын.
Қырықта қыңыр тартқан әжуаны
мазақтап жүредi екен сырт ағайын.
Тым тәуiр тартып туған нәсiлiне,
бар оның мiсекерi де, кәсiбi де.
Тек қана бiр айыбы,— өзгелермен
бiлмейдi жағаласа нәсiбiне.
Өсiрем десең мерей мұны мақтап,
жатпайды арқалаған жүгiн ақтап.
Сiлкiлеп бұйдасынан, алға тартсаң,
түйеше шегiнедi қыңырақтап.
Апырау, зерттегенде бұл не сонда?
Бәндә ма қотыр тiлдi, бiр қасарма?
Бойдағы бұла күшi кәдеге аспас
қыңырға түк жақсылық қылмасам ба?
Бүгiнде ұмтылмасаң кәсiпке ерен,
оп-оңай ат жамылу жасық деген.
Бермейдi бiреу саған бар байлығын,
келмейдi өз бетiнше нәсiп деген.
Сен оны, жарамайды, қинамасаң,
тоқ тартпа жетедi деп үйде алашам.
Несiбең шашылады тарыдай боп,
аузынан әркiмдердiң жинамасаң.
Сол үшiн мақұл болар ширағаның,
қу жiгiт көрсетпейдi үйде барын,
десем де, жiберместен өз кежегем,
тiрлiкте мен де амалдап илаладым.
Бiрақта қол созбаймын нәсiбiме,
қараймын пысқырмастан кәсiбiңе.
Жерiме кеуiл жеткен қолым жетпей,
ағарды бұ бәндәңның шашы мiне.
Деуменен жұмыр жер өз бередi үйiн,
тiлегiм құдды тозған көне бұйым.
Апырмай, тiршiлiкте пысықай боп
тумасаң, пыси салу неге қиын?
Жоқ, әлдә бар кiнәлi кежегем бе?
Айналып неге кетпен тез еренге?
Жамансың ылдым-жылдым iс қылуға,
жақсысың қызыл тiлдi безегенде.
Ойласаң, бұ пәниде мүлде күштiң
арасын жамамай ма тiл мен iстiң,
десем де, оңашада, мұның бәрi
жұбатам қамы ғой, деп, күнкөрiстiң.
Содан соң… әлгi жұртты алам еске,
олар да ақылға бай жан емес пе?
Барлығы нәсiп терiп жүрген жоқ па,
жеткенше сүрнiгiсiп қара кешке?
Жинасын, онда қандай бар шаруам,
болайын мен-ақ әжуа, наушаруан.
Қойғаным жинамастан нәсiбiмдi,
өмiрдiң сүймей сүйрiк саусағынан.
Бiрақ та… қарап алып қатарыма,
қызығам абырайы мен атағына.
Барады көз шiркiндi мүлдем арбап,
әне бiр ағайынның шапаны да.
Әрине, тым оданы елге мұным
нәсiп қой. Бұ да содан келген ырым.
Апырмай, не еткен қиын астам рух,
апырмай, не еткен қиын… пенделiгiм.
30.11.1980