Қайтан ақ қар түстi тау басына…

Қайтан ақ қар түстi тау басына,
жастықтың ақ қар түскен ауласына.
Барлығы кеше ғана көкпеңбек-тi,
бұ не өзi, тiршiлiктiң саудасы ма?
 

Емес пе әлдә әуресi? Көшке ылайық,
жырақтан көз тастайды жас мұңайып.
Алатау әдемi едi тұрған кезде
бұл жердiң емшегiндей оқшырайып.
 

Шашылып таң азанан асыға нұр,
тынбайтын шықпайынша басына бiр.
Сипаған Күн қолына әрiн бермей,
қарайтын тiкiрейiп шашы жасыл.
 

Ақыры… соны айламен ақ қар басты,
құшағын қаһарлы қыс шатқалға ашты.
Жүргiзген өз саудасын өр табиғат
қартайтты алаңсыз боп жатқан жасты.
 

Ендi оның бәрi естелiк қалған кейiн,
адамның жеңген заман армангөйiн.
Таңқалам, сауда iстеуге тiлi шолақ
нелiктен ұтылуға тарлан бейiм?
 

Жазмыш па әлдә мұның болғанға iрi?
Уақыттың ерен әлдә алған құны?
Саудаға сужұқпас боп омырау ашпас
әлдә оның терiс мiнез тарландығы?
 

Бiлмедiм ойлансам да ол арасын,
соғылды саудаға жоқ қара басым.
Жарайды ол, ау, не болған Алатауға
жоғалтқан қапияда көкаласын?
 

Әлдә осы осындай ма бар болашақ?
Жөнбе ондай шығармаған жауға жасақ?
Немесе мына тiрлiк көк базар ма,
өтетiн келген кiсi сауда жасап?
 

Бiлмедiм. Ақ қар түстi тау басына,
жастықтың тартты салқын ауласы да.
Шашылды жiгер шiркiн бiткен пұлдай
бiр аңғал, берекесiз арбашыға.
 

Жәнә ешкiм айтпады оған арашасын,
кеуiлдiң қызғанды уақыт тамашасын.
Дегендей саудаң бiттi, ақша қарға
айналып бара жатыр қара шашым…
 

31.11.1980

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *