Жеркенiп не жандардан жамбарсыған,
болғанда алқындыдай қалған шыдам,
ол байғұс кафелердi жүрдi кезiп,
әжуадай түсетұғын дәл ғаршыдан.
Шаш өскен. Құты қашқан. Күйi тайған.
Болғандай жас кездегi үмiтi ойран.
Үстiнен жаман шапан түспегесiн,
жүзiне оның шыға қалсын шыры қайдан?
Көнетоз, қыржым-қыржым шалбарының
бiлмейдi құртқан кезiн қайда қырын.
Қарап ел әжуаға, әңгiме еттi,
жорта айтып, жоқ екенiн салмағының.
Күлдi оған жанын бағып күн көрген де,
күлдi оған пұл қуалап жүрген пенде.
Тек қана мен қолымды соғатынмын,
шыққанда сол әжуа мiнберлерге.
Шәкiрт ем. Ол кездерi бой құрықтай.
Жастықта жатқан едi ой былықпай.
Шаршадым тосын сөздi күте-күте,
мiнберге ол әжуә қойды шықпай.
Қуанды құтылғанға одан бәрi,
қуанды қалың топас, жоқ арманы.
Бiр күнi көпке ашынған әжуаның
зым-зия бұ қауымнан жоғалғаны!
Сорлыны жұрт iздедi сонда барып,
көбiнiң кеуiл жағы қалған арып.
Бағасыз бауырым деп, бағланым деп,
жапсырды ел сонда барып зор даналық.
Үнсiзбiн. Өмiр көрiп, пiскен мүлде
ой тәркi. Мен бiлмеймiн түс көрдiм бе?
Жадымда айдау жолдай жатыр сайрап,
кездерiм әлгi әжуәмен iшкен бiрге.
Кей кезде көлгiр ғой деп сырдаң iрiң,
ашынудың қақсам деймiн бiр дабылын.
Тiрлiкте тауға-тасқа басын соққан
бiлген-дi ол байғұсты кiм кәдiрiн?
Болғаны осы жәйттiң бiр бүгiн бе?
Бұл өзi ұсақтық па, iрiлiгiң бе?
Сөзiңдi айта алмайтын ашына айтар
бiлдiк пе ойы озықты тiрлiгiнде?
Көрпенi тарту шарт па басыңа шақ?
Байлықты жатыр неге тасыр асап?
Жоқтайтын жампоздардың бiр әдет пе,
дидарын топырақпен жасыра сап?
Келмей ме әлдә жұтқың мүлде шаңды?
Кәзiрде көрiп соны, кiм қасарды?
Шандозың шындықты айтар неге шала,
апырау, созылады бұл қашанғы?
Тарихтың дәл осындай дауын көрiп,
етейiк өсер елдiң бауын берiк.
Шапса әгәр шын тұлпарлар, шабатын кез,
ұйысқан мына заман қауым болып.
Қазақтың ондайларға даласы бай,
жаңа өмiр көрсетiп тұр жаңа сылай.
Нелiктен бiздер үшiн ашынғанға
қараймыз бiз нелiктен жан ашымай?
Ескерiп әлдә соның қиындығын,
деймiсiң ұнатады шиырды кiм.
Әйтеуiр, көп елестен мен арылдым,
айықты көп тұманнан миым бүгiн.
Бәрi анық. Тiрлiк сырын жетiк бiлiп,
дөң асып, талай-талай кетiптi жұрт.
Қап қойған көне жұртте бүгiн маған
қарайды қабырғадан Чехов күлiп…
30.11.1980