— Жағдайың қалай? — дейдi таныстарым…

— Жағдайың қалай? — дейдi таныстарым,
қаламан одан әрi барысқанын.
«Жағдайым, — десем, — жақсы» ,— күледi олар,
қалайтын ағайынның қағысқанын.
 

Жаман деп, сенбейдi олар, айта қалсам,
болмайды бүлдiргiнi байқамасаң.
Сондықтан үндемеймiн. Мен де күлем,
басқасын бұ дүнияда шайтан алшаң.
 

Шынында, қалай осы жағдай деген?
Жөн бе екен жүре беру «маңдайменен»?
Жазмыштан озмыш жоқ деп айтқандарды,
мен неге бұрынғыша таңдай берем?
 

Жазмышың демек неге сөздi орында,
қор болған жоқ па солай боздақ ұл да?!
Болғасын адам күнi адамменен,
тағдырың, деймiн, сенiң өз қолыңда.
 

Рас, адам қызмет үшiн таласады,
ұрысады, жауласады, жарасады.
Болған бұл бұрынғының басында да,
осылай бола бермек, шамасы, әлi.
 

Сондықтан, қалмаған жөн қамсыз, бала,
жауларды ал жағадан, сәл сыздана.
Өмiрге екi келгендi көрген жан жоқ, —
жазмышқа жүгiнедi әлсiз ғана.
 

Жұқпайды ой дегенiң сұмдарға ондай,
қиялға жүредi олар мүлде алданбай.
Көкте емес бақыт кiлтi, жатыр жерде,
шешедi бәрiн билеп тұрған жағдай.
 

Алдың ба сол жағдайға икемделiп, —
демейсiң сұмпайыға сүйкенбелiк.
Тарихта талай-талай жағдай болды,
кедейдi қылды қарық кiм теңгерiп?
 

Мен де сол. Қатарымнан кем көрiнбей
жүрсем де қала бердiм теңгерiлмей.
Тарихи жағдай кәзiр тұр торсаңдап,
сәтi кеп, оң жағыма өңгерiлмей.
 

Одан тыс, көп жолымды кескен арам,
жағдайды ол оңтайлы дескен адам.
Жөндегiң келсе жағдай, ол жағдайды
жойған жөн, ешдеместен не iстей алам.
 

Бүйтпесең, кейiн қолайлы болмайды уақыт,
өтесiң онда басқа қонбай бақыт.
Сондықтан мен айтпаймын жағдайымды,
жүремiн жағдайды ылғи «жағдайлатып»…
 

1980 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *