Сен неге жұрт көзiнше жорғаладың…

Сен неге жұрт көзiнше жорғаладың‚
бұл сонда мастығың ба‚ әлде амалың?
Шайпауға бар сабырын шаша бермес
жiгiттi жараса ма қорлағаның?
 

Сен бе едiң сонда дара жүзген кеме‚
шеңгелдi әр уақытта дүзген деме.
Бойымыз аса қалса‚ момындарды
қорлауға тым дайынбыз бiздер неге?
 

Сонда не сас ниеттен ұтқанымыз?
Бiр сәтке көрiндiк пе жұртқа нығыз?
Түбiнде тентектiктiң жатқан жоқ па
әзәлда айуанаттан шыққанымыз?
 

Жарайды‚ жасқанайық‚ тақсыр делiк‚
байғұсты қақпайлайық басқұр көрiп.
Қажасақ өздi өзiмiз осылайша‚
қорқаулау кетпеймiз бе қасқыр болып?
 

Не ұтамыз ақырында бұдан тегi?
Кеуiлге қондырмайды құмар ненi?
Зор шығып‚ бiрде өзiңдi қорлай қалса‚
жаныңа жаман сөздер ұнар ма едi?
 

Сол сәтте жан болар ма ең безектеген?
Болар ма ең бет алдына өжеттеген?
Әйтеуiр‚ бұ тiрлiкте жоқ жеңiлiс‚
жеңiс жоқ… Шалдар дүния кезек деген.
 

Тиырым бар нағыз ауыз жаппасыңа‚
пышақ бар талайлардың бақпасына.
Бүгiнгi бiр сiлтеген жұдырығың
шоқпар боп тиер кейiн қақ басыңа.
 

Мен емен осы сөздi тапқан ойлап‚
аузыңа түсер қақпақ атқан айбат.
Бүгiнде жатыр жаман балшық болып‚
шадырлар шыға шапқан «қаптағайлап».
 

Кеулiңнiң жоқ күнәдан қаймығары‚
сен бе едiң елдiң серке‚ тай-құнаны?
Бiреудi қорлаймын деп қор болғандар
жаһанда кәзiр жыртылып айрылады.
 

Тек дауа — жықпыл жаққа жүгiрмелiк!
Жүрмiз бе желпiнгендi бүгiн көрiп?
Отырмын ырза болып бұл қорлыққа‚
отырмын намысқа аздап жыным келiп…
 

02.11.1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *