Жеткiзбей жайнақтаған түлкi не бiр,
ұрнығып жүрген кезде құрғыр кеуiл,
құйылған алақанға су сияқты
тамшылап, барады ағып, шiркiн өмiр!
Қалуға ұстап соны жоқ мажалым,
шығарып тастағандай шетке сағым.
Нелiктен мен де бiр күн тартам кексе,
нелiктен солғын тартпақ бетте ажарым?
Емес пе ек бiздер шапқан кеше бала,
жас ек қой жаутаңдаған босағада.
Ендi кеп егделiкке тап болыппыз,
сиырдай майсөк болған шошалаға.
Жас өскен, ай маңдайға қонған әжiм,
жас тiлек жоғалтқандай жолда назын.
Тек қана қартаймайтын қайран кеуiл
қатардай қажығанда сәл наразы үн.
Бiрақ та не пайда бар талпынғаннан,
бiр кезгi сарқылған ба шалқыр арман?
Қалайша қуат берген қара көздiң
сары қарын кейбiреуi тартып алған?
Қарасы қалай жастық өштi бүгiн,
кексенiң бастаймын ба ескi ырымын?
Апырмай, болған қалай мама бие
қара қыз өзiм тартқан қос бұрымын?
Мен соған баяғыша айтсам ба әзiл,
тағы да жамалынан тапсам ба жыр?
Перi қағып кеткен екен дейдi ме жұрт,
шүйкедей бұрымынан тартсам кәзiр?
Жоқ әлде жатқан кезде қырсық келiн,
жортсам ба қарайды деп сiмсiкке кiм.
Қыз қуып, баяғыша қырындасам,
қарай ма ел сөкет көрiп, шымшып бетiн?
Жоқ әлде… Тартып басты жүдә бұдан,
десем мен шаруа iстесем бiр алуан,
қысылам қарынымнан қанар қаптай,
ұялам iркiлдеген бұғағымнан.
Қаншама топылтқанмен сөз топанын,
жетпейдi жеме-жемде өзге пәрiң.
Жыртақтау жаңа төлге жараспайды,
бастасың, болмағасын өз қатарың.
Соны ойлап, алып-ұшқан қалады аптық,
күйттерiң қалған кезде — саламаттық.
Тiрлiкте азды-көптi татқан дәмге
қайылсың қартаюға қанағат қып.
Талап жоқ жас жықпылды жарсам деген,
тозған тән қоштасқандай алшаңменен.
Тек қана желiгi көп кеуiл мұрдар
талпиды алға қарай ңалсаммененң.
Бұ не өзi? Ырза емес пе алғанға адам?
Шатқалда көп пе қызық жан бармаған?
Жоқ әлде қу бәндәның қылуасы ма
адамдай ақырғы рет тал қармаған?
Болмаса келмегесiн кәмiл байлық,
бiр сәтке кеткенiң бе сабырға айнып?
Тойымсыз тәттi шаққа найсап нәпсi
бәндәны жiбермей ме қарынбай ғып?
Оныңды бiле ме ерi бүгiнгiнiң,
кiм ойлар өмiрiңдi ырың-жырың?
Есiрген екi шарға ес енгесiн,
жорасын бастаған жөн бұрынғының.
Жол осы. Жылдар мiнген иiнiме,
ырзамын ләззәтыма, күйiгiме.
Ендi тек тоқсан сөздей тарнау жолдың
алаңмын тобықтай бiр түйiнiне.
Дегенмен кеуiл гүлi желбiрейдi,
қайтадан шарлайыншы мен түлейдi,
десем мен, таусылыпты су тамшылап,
қолымда бiрер тамшы мөлдiрейдi…
14.03.1981