Төсектен кеткен шығып ақ бiлегiң…

Төсектен кеткен шығып ақ бiлегiң,
масайып, алабұрта қапты iреңiң.
Жиналған жамалыңа жастық табы
iштегi тепкен сыртқа тап бiлемiн.
 

Сол мезет көрген қудай жеңсiктi анық
телмiрдiм торабыңа мен сұқтанып.
От арбап, көзi ойылған көбелектей
көркейдiм кеулiмде бiр көлшiк қалып.
 

Тiлек те мойын тартып, бой бақпаған
жатқандай жас жеңсiктi тойлап маған.
Желiккен тұла бойда мұрдар ниет
естi алып, көк құйынша ойнақтаған.
 

Ақыл да тортаңдаған тым қасарып
жоғалған, баурағандай мүлде шабыт.
Жылдардың қонған шаңы қоңырқай жүз
қалғандай аяқ асты бiр жасарып.
 

Ақыры сәл қымсынып, сен селк еттiң,
пиғылын сезгендейсiң ерсi еркектiң.
Көрпемен бiлегiңдi жасыра сап,
быт-шытын шығарғаның не сонша ертектiң?
 

Жоқ әлде ашуыңа дөп келдiм бе?
Жансың ба тарпаң мiнез, өктем мүлде?
Бұйыртпау ерке ернiңдi аз тәрiздi
бiздерге елестi де көп көрдiң бе?
 

Қолымды жақындатпай ақ алмаға,
айналып үлгердiң бе қамалға да?
Не етер ең бiлегiңе салып құрсау,
сүлiкше қадалса әгәр арам бала?
 

Дер ме едiң сонда өмiрдiң мынау несi,
одан да қапым мұнда тұр-ау дешi!
Жаным-ау, сүйе тұрып сүйiсе алмау —
тiрлiктiң таусылмайтын бiр әуресi.
 

Тағы да тұр осындай дау көрiнiп,
жанымды жортақтатты арбау, үмiт.
Ырзамын өтсем ырғап бұ дүниядан,
мен сенi, сен өзiмдi әуре қылып.
 

04.03.1981

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *