Жалықпай даң дүнияның «урасынан»,
таусылып тарнауларда мүлде шыдам,
ақыры бiр күндерi барар үйге,
барсам деп, тартқан едiм турасынан.
Жол бiрақ сала бердi ирелеңдеп,
ат-көлiк қалды белi кирелеңдеп.
Мен қалдым айналымда күтiп кезек,
мерзiмге тiкесiнен үлгерем деп.
Ақыры… бар ғой шегi шыдамның да,
қарамай қиянына қыраңның да,
абдырап, асып-сасып келсем жетiп,
бiр дәу үй көлденеңдеп тұр алдымда.
Айналып өту керек оны тағы!
Бұл әрi бар уақытты көп ұтады!
Тастасам таудай тамды жолдан сырып,
бiлдiң бе, халық қалай деп қорытады?
Тасты да алдындағы тастар сүзiп,
демей онда менi асқан бұзық?
Айтшы өзiң, сонда тура болғаны ма
қаймығып, кедергiден қашқан қызық?
Тура ма әлде қулау қылық бастау,
тура ма бастау жұртың ұмытпас дау?
Жата ма адамшылық негiзiне
барлығын жолдағының сырып тастау?
Үйтпесең, кейiнгi деп сенi шiрiк,
итерсе, кетпейдi ме жел ұшырып?
Тура мен оралудың арасынан
сен қалдың ненi ұғынып, не түсiнiп?
Әлде бұл өргек өмiр құдiретi ме?
Мықтының бар келетiн кiм бетiне?
Сол сәтте сабыр маған сыбыр еттi,
қараған жөн, деп, жағдай ретiне.
Рас-ау, қолға келтек ала қоймай,
айналдым әлгi тамды содан, өйдәй!
Сескенiп сүзiсуден көп сенделдiм,
мүйiзiм болардай-ақ қарағайдай.
Ақыры таусылғанда мүлде шыдам,
үйiмнiң шыға келдiм бiр басынан.
Бойымнан күш қашқасын, сонда өкiндiм,
мен неге тартпадым деп турасынан?
Шынында болам дедiм кiмге көрнек,
оңа ма жiгiт жұрты сүймеген көп?
Кей кезде барар жерге турадан да
жүргенде, тез жетесiң ирелеңдеп.
Бiрақта түсер көзге төте бiрден,
айтшы өзiң, жағдай туса, не етемiн мен?
Бүгiнде шынымен жүр мүйiзiм қышып,
тұр сабыр басып әлi етегiмнен…
1983 жыл