1
Жиналған Сыр бойының тамам жасы
кызыққа батқан бүгiн Хан ордасы.
Басынан керегенiң тепкен қоныс
батырдың қолдан түспес ақ алмасы.
Тұстасы зиялының, жарандасы
бай-бағлан, би мен төре ерен басы
толтырған алты қанат ақбоз үйдi,
шiренген ығай-сығай замандасы.
Солардың Хан жайғасқан ортасында,
бұл елдiң серегiн де, марқасын да
қаратып қаталдықпен ауызына,
аңғартпай айтатұғын қолқасын да,
сыр шашпай отырғанға дәл қасында,
тазыдай бұлдап берiп арпасын да,
айдыны таси түскен, абыройы асқан
осынау көп шуылдақ ортасында.
Иректеп жағасына жасыл шеккен
иыққа жамылғаны асыл шекпен.
Айбарын аңғартардай алтын тәжi
зеңгiрге өсiрiп тұр басын көптен.
Сұсы бар састырардай тасырды өктем,
Сұсы бар састырардай тасырды өктем,
құрамас төре тұқым бәсiн бектен,
Сыртына сырын шашпас сұсты жүзi
құл қылып көк арбаға қасын жеккен.
Бездiрер паңайынан жас баланы,
түнерген бұлтты үндей қас-қабағы.
Сәт сайын қара бұлтша түйiледi
көргендей тiл жеткiзсiз масқараны.
Көрсетер сұсы бардай басқаға әлi
жиырылып ортасында қас қалады.
Бiрде паң, бiрде дархан, бiрде тарпаң,
қиялы басқалардан асқаралы.
Құлшылық еткендерге колы мырза,
қайтады келген кiсi болып ырза.
Ордадан дәм татқан жан дәудiрлесiп,
паңқиды атқандай боп тағы құлжа.
Қолында сорыңыз да, бағыңыз да,
кектенсе, құзғын тоймақ қаныңызга.
Пейiлi түсе қалса, лақ еткiзiп
керектi төге салар жаныңызға.
Сыйлықты алып шықса кiм құндақтап,
жүредi Хан есiмiн бiр жыл мақтап.
Арзанға аңқ ететiн аңқау жандар
буынан берген пұлдың ыржың қақпақ.
Күмiстi ала қалса, сыңғырлатпақ,
алдына құлап түсер құл жырбақтап.
Сайрап тұр Хан кеуiлiнде мұның бәрi,
келгесiн Сырға не бiр сүргiндi аттап.
Есiнде есiл заман кешегi өткен,
Хан басы арылмаған қошеметтен.
Орыспен Ақмолада айқасуы
абыройын мұның сонша еселеткен.
Кезi жоқ қорқып жаудан өсек ерткен,
айбаты, түр-тұлғасы кесек, өктем.
Алған соң орыс орам, басынан бақ
келедi тайып кәзiр не себептен?
Кiм көнер мұндай мазақ, масқараға?
Бақ тайса, кеудесiнде бас қала ма?
Кетсе егер қолдан билiк, астынан жүйрiк,
болмай ма досқа күлкi, қасқа таба?
Байрағын тiге алмаса астанаға,
болмай ма атақ-абырой бастан ада?
Дұшпанның тәттi тiлiн дәтке қуат
етер бұл Хан басымен жас бала ма?
Жоқ әлде талайына көнедi ме,
дұшпанның тәттi тiлiн емедi ме?
Шыңғыстан киелi деп келген тәждi
жауына өз еркiмен бередi ме?
Үйтудiң қайрат барда керегi не?
Жайынның жөн бе айналған қорегiне?
Қояңды қарындағы сормай қоймас
сөзiне айдаһардың сенедi ме?
Ал сендi, — соғады оның арты неге?
Қоймай ма қақ басыңа таңқы неме?
Төрiңде дұшпаныңды тайраңдатсаң,
болмақ па Хан басымен халқына еге?
Апырау, сонда мұның парқы неде?
Мал-мүлкi кетпейдi ме тәркiлене?
Жарғыда жазған шартты тұтынбайтын
өзгеше Сырдағы елдiң салты неге?
Шыдайды Хан басымен соған калай?
қойған не сасық суды тоғандамай?
Осыдан атқа мiнiп, ұран салса,
кейiнгi қастасына болар ма абай?
Ертеңгi заңың қалай, заман қалай,
бұл өзi жүре ала ма арандамай?
Кезiнде тұяқ серiппей қалмады деп,
кейiнгi жүрсе жарар жамандамай.
Осыған ой ұйытқан Хан бiраздан,
ем тапқан сүйтiп дертке жанды қазған.
Бiрақ та бұл ниетiн түсiнер ме
мынау жұрт қой құрттаған, сорлы жазған?
Немесе бұл сұрқы ма елдiң азған?
Батыр не? Кiсiнеген ол бiр азбан.
Сыр бойын ала жаздай жайласа да,
құралмай жатыр әлi қол бiраздан.
Немене ел керги ме, найқала ма?
Жел тұрмай пырағы шайқала ма?
Сарбазын сапқа тiзiп бермей жатқан
өкпесi жiмлә жұрттың байқала ма?
Ондайда жаудан кектi қайтара ма?
Намысы бар деп елдiң айта ала ма?
Бұл жұртты ұстайын деп бiр есеппен
Хан құда түскен едi Айпараға.
Тектi қыз мың жылқылық кәмiл басы
батырдың Құлқадайын қарындасы.
Бетiнен намысы мен оты шыққан,
көзi — ақық, кiрпiк — жебе, лағыл — жасы.
Жыныстай жан бойламас қалың қасы,
ақ кеуде деп тұрғандай дамылдашы.
Оң жақтан Ханға ақыры ұзатылмақ,
сылаңдап өскен Сырдың ару жасы.
Сөйлесе сөз төгiлер көмекейден,
бас тартқан құда түскен не дөкейден.
Әкесi мың-мың жылқы, түйе бiткен
Жағалы Есiмдегi Шөмекейден.
Айналған ел ол киген төбетейден,
саспаған ол би едi не дөкейден.
Аямай малды берiп, алған тоқал,
Айпара туған едi бәлекейден.
Солардың Құлқа батыр туысқаны,
жiбермес ер нәсiбiн уыстағы.
Хан соны Сырдағы бiр тiрегi етiп,
осылай талап қылған жуысқалы.
Бiр өзi орыстармен суысқалы
Сыр жаққа қаша-қаша жылыстады.
Бұ жақтан құдай қолдап қол жинаса,
орыспен жөн болар-ды ұрысқаны.
Бұл құда түскен едi сол есеппен,
күтерi көптеу едi келешектен.
Қалыңға бес жүз жылқы, түйе берiп,
құтылған ата-анаға берешектен.
Иыққа жапқан және шапан, шекпен,
күймелi арба берген атан жеккен.
Қылышын Исфаһанның тартқан сыйға,
құбылған алмас жүзi қаһарлы, өктем.
Содан соң ел кетпестен қырға шыгып,
ұзат деп тiлек еткен мүлде асығып.
Төреге жекжат болу ойға қонып,
Жағалы берген едi ырзашылық.
Ол айтса, шыға алады кiм басынып?
Тектi жан билiк бермес құлға шiрiк.
Ол тойдың болар күнiн белгiлеген,
жым болған жүргендер не мырзасынып.
Мiнеки, сәтi түспек соның бүгiн,
дайындап отыр әлден көрiмдiгiн.
Ел жата оңаша бiр ақ отауда
iлмек бұл Шөмекейдiң көгiлдiрiн.
Кезiнде қолы жетпеген не жындының
сылқымды тоят етпек берiп құнын.
Кербезiн Есiмдердiң етпек тоқал,
тұрғанда тәңiрi өзiне төгiп нұрын.
Бұ жолда кiм мұнымен тiстеседi?
Сескенбей алдын мұның кiм кеседi?
Хан отыр ақ отауда жүзi жылып,
жатқанға орындалып iшкi есебi.
Қалың ел қызды ұшатын құс деседi,
ұшқанды ертең кiмдер iздеседi?
Бауырына баса қалса кердең төстi,
кеулiнiң ерiмекшi мұз кесегi.
Содан соң неге бойы солбырайды?
Сөз жоқ, бұл Кiшi жүзден қол құрайды.
Арқадан өзiн Сырға ығыстырған
орыстан өшiн алу болды қайғы.
Бiрақ та ел ерлерi белгiлi, әйгi
белсенбей, биқам жатып болбырайды.
Түрi жоқ бастарының қосылатын
көмекке шақырса да он құдайды.
Көргесiн соны, жүрген бұл түңiлiп
сабыр ғып, көрсетпеген түрпi қылық,
Бiрнеше ай аңыс аңдап, сыр шашпаған
iзiне жүргеннен соң жұрт үңiлiп.
«Тақсырлап» жатса да алда ел жығылып,
сенбеген, iште бардай түрлi бүлiк.
Қорқады бұл талабы iске асқанмен,
елеске ерем бе деп зыр жүгiрiп.
Ақыры тәуекел деп белдi буған,
қыз алмақ аты шыққан дөй бiр рудан.
Бұл бүгiн Қуаң жаққа қайын бармақ,
тартынбай тарпаң атын тер қылудан.
Көңiлiмдi кемiтпес деп кең қылудан
сол үшiн жасаған-ды елге думан.
Хан отыр ойға шомып, сәл тұнжырап,
құлағы сарсылғандай дабыра-шудан.
Басыма қонар ма деп бақыт құсы
дәметiп құр сағымнан қалып па iшi?
Кәйтсе де қайта алмайды бұл талаптан,
келмесе абыройын сарыққысы.
Бұл жерде мұның басар анық па iзi?
Қармақтың қарымды ма қалытқысы?
Ау-жайын болар тойдың бiлмек болып,
кешелер хабар алған барып кiсi.
Сол кiсi iшке кiрдi. Идi басын.
Мақтады берген мұның сый-сыбағасын.
Содан соң тойдың жайын мәлiм еттi,
деп бұған көңiлiмдi тындырасың.
Бұл соған болып ырза кердi қасын,
әншiнiң кiлт тыйдырды домбырасын.
Тұрды да орынынан, бердi бұйрық,
ертте де жауға мiнер керқұласын.
2
Ауылы Жағалының Қуаңда едi,
жайлауы — Қызылқұмның жуан белi.
Сағасы сылқым Сырдың осы арада,
Көсе деп аталатын тұрар жерi.
Өтетiн керуеншiлеп кiм әр-берi,
қонақ боп, сауық-сайран құрар да едi
Бұхардан қайтқан талай керуеншiнi
таңғалтқан бай аулының сылаң белi.
Талайлар келген едi құда түсiп,
сөз айтқан Айпараны ұнатысып.
Бермек боп қалыңына қалың жылқы
иыққа жапқан едi қымбат iшiк.
Күн-түнi қымыз бенен шұбат iшiп,
олар да қайтқан едi құр жатысып.
Жағалы бермегесiн ықыласын,
жау болған бiрде өсектеп, бiрде атысып.
Келген-дi алты аталы Әлiмнен дөй,
ол дағы қайта алмаған жәбiрленбей.
Дәметкен бес Бозғұлдың баласы да
қайтқан-ды ақбөкеннiң таңын өрмей.
Қалмаған Жетiру да сағымға ермей,
қожа да қайтқан едi бағын көрмей.
Жағалы жантаюмен жатып алған
құдалық түсiрместен, қалың бермей.
Ақыры келген едi Ханнан шабар,
құдалық жағдайында ол салған хабар.
Жағалы тiрелдi ендi тығырыққа
кiсiше тұр қалта боп барған базар.
Бұл Ханның әскерi мен жарағы бар,
көнбесе, шабыңдар деп салады жар.
Қалың қол ауылына қаптап жетсе,
ететiн оған қандай амалы бар?
Ондайда қолдар ма екен бiр ағайын?
Қашарды жеп қоярдай жүдә жайын.
Бiткен жан мың-мың жылқы,
мың-мың түйе
Сырдың жеп қалмайды ма қылағайын?
Келтiрсе Хан шабудың бiр орайын,
жерiнен айрылмай ма нұрадайын?
Ондайда қасқа бастан қашқанда бақ,
араға қағылатын
сына дайын. Дайын.
Соны ойлап, Жағалының басы қатты,
сiңбедi бойына бiр асы тәттi.
Қолайсыз Ханнан келген мына хабар
ақылын айдалаға шашыратты.
Бұл бекер өрсетiптi тасымақты,
қолына бiр әзәзiл асық апты.
Келгенде нелер жақсы, көнбей қойған,
кiсi оңбас жерге төккен асылы ақты.
Оларды менсiнбептi бұл басынып,
кергiптi iштегi ойын құр жасырып.
Би мен бай, батыр, бағлан келген кезде
етiптi сөзге өнбей мүлде асылық.
Қыз берсе, жамандарға, сұмға шiрiк,
абырайы кетпейдi ме құмға сiңiп?
Хан дейтiн не десең де төре тұқым,
соны ойлап, бердi ақыры ырзашылық.
Содан соң той болар күн белгiлендi,
кербездi ұзатар күн ендi келдi,
Жағалы өз ел атын жинап алып,
шақыр дед белгiлi бай, белгiлi ердi.
Қалдырма дедi және дүмдi жердi,
қызметке елу шақты құлды бердi.
Сойысқа таңдап ал деп бердi бұйрық
қазысы кере қарыс кiл күреңдi.
Ел-жұрты бас шұлғысты болмай қарсы,
асығың тұрмайды ма мұндайда әлшi?
Шақырар қалың жұрттың алды есебiн,
белгiленд келер жырау, қандай әншi.
Би, бағлан шақырылды ұстар қамшы,
шықпақшы палуандарға палуан қарсы.
Үш жүз ат бақ сынайтын бәйгi бар деп,
ел-елдi кеттi аралап алуан жаршы.
Жағалы бұл емес деп көрген-баққан,
алдырды өрiк, мейiз өзбек жақтан.
құдаға жабу үшiн асыл киiм
Бұхарға арнайылап керуен тартқан.
Келетiн қонақ үшiн түрлi жақтан
тiгiлмек қырық-отыз үй түндiк жапқан.
Сары қымыз ашытылды қырық саба,
пiскенде буы атылып, бүлкiл қаққан.
Қалдырмай алысың мен жақыныңды,
бай-бағлан, мырза, шора, батырыңды,
осындай той болад, деп үш ай бұрын,
баласы Әлiм, Шөмен шақырылды.
Тыңдамай әр түрлi айтқан ақылыңды,
би болды көрсетпекшi затын құнды.
Ел-жұрттың қызметке жектi бәрiн,
қамшылап құл, күң, келiн, қатыныңды.
Дайындық болды бiтiп, мiне, бүгiн,
бiр үйге жинаттырды ол дүние, жүгiн.
Тiгiлген арнайылап қырық үйге
қызметке белгiледi күң мен құлын.
Мұндайды бұрын-соңды бiледi кiм?
Мәз болып Айпарадай жүр елiгiң.
Қонақ боп үш күн бұрын келе бастад,
сорпаға шығар жұрты Сыр елiнiң.
Олардың iшiнде бар ерлер дырау,
қызыққа бәрi де ырза көрген мынау.
Келген-дi ұлы тойда жырламақ боп
аз ру Аюдағы Ержан жырау.
Мақсаты — ел алдында бағын сынау,
жасынан ермегi едi өлең құрау.
Ат-шапан Хан алдында ала қалса,
ертесi қай жағынан келер-дi жау?
Ержанның ойында жоқ мүлде қылау,
даусы бар аңыраған бiр қоңырау.
Бiледi елу қисса, тоқсан терме,
жан емес өктемсiнген құр омырау.
Әуелде келу жоқ-ты мүлде ойында,
көрiну қиын деген кiл жайынға.
Әкесi бiр күнi айтты: «Барып қайт», — деп,
баспалап бiр сөзiнiң ыңғайында.
Сол демеу болды келу жағдайына,
келер-дi сәтi түссе абырайың да…
Осындай ұлан-асыр той болмақшы
Қызылқұм, Қуаңдағы Сыр бойында.
3
Түс болды. Жатыр халық тамақтанып.
қызметшi өз шаруасын жүр атқарып.
Үйдi-үйге сумаңдаған жас жiгiттер
жүгiред ет салынған табақты алып.
Бiр жан жоқ жатқан тойды сынап-бағып,
және жоқ шығатын да жырақтанып.
Ел-жұртқа қаншама iшсең соншама iш деп,
сабалар сары қымызын тұр ақтарып.
Жаршылар шапқылап жүр жағы тынбай,
қызметi — мойынындағы қамытындай.
Қонақты жаңа келген түсiредi
бау-шуы тұрған үйге ағытылмай.
Бiр мырза, қызды қоймас құр қалдырмай,
жырауды жалыққандай тыңдай-тыңдай.
Бiр үйде Ержан отыр қара тер боп,
термесiн Сыр бойының жырлай-жырлай.
Қалың жұрт «пәлилейдi» тыңдап мұны,
мақта деп пұл тастайды қымбаттыны.
Құлағын келесi үйде басып отыр
тақуа осы жұрттың бiр мақсымы.
Сырттағы жиылған жұрт ығы-жығы,
шуылдап шығарады ығырыңды.
Қос етек көйлек киген қыз-қырқын жүр
ер болсаң, сал дегендей құрығыңды.
Сампылдақ жеңге де көп шуылдаған,
бiр түртсең, екi бетi дуылдаған.
Қымызға тойып алып бiр жiгiт жүр
орынсыз әркiмге бiр қырындаған.
Кiсi көп бiр шаруамен қыбырлаған,
теңiздей ауыл үстi жыбырлаған.
Күледi бiр келiншек жырқ-жырқ етiп
биедей бiрiншi рет құлындаған.
Не бiр сой судырақ көп ырғасуға,
екi шал бет қойыпты тiлдi ашуға.
Күтумен таң азаннан Ханның жолын
төбенiң қарауылдар тұр басында.
Сүйекке ит те дайын жармасуға,
ырылдап, күштi тартып алмасын ба?
Құл-құтан мына жақта мәз боп отыр,
ырза боп тиесiлi сорпа-суға.
Бiреу жүр кiнәлаумен әлдекiмдi,
бiр қатын көз сығады қам кеуiлдi.
Жұрт солай абыр-сабыр боп жатқанда,
Сыр жақтан шұбатылған шаң көрiндi.
Сол екен, дерсiң дүлей дауыл тұрды,
шуылдап Ханды күткен ауыл тұрды.
Бiр қатын ентелеген балаларды
қуалап, айтып-ақ жүр «қағынғырды».
Қарауыл шауып келед:
— Хан келедi!
Тағы да келедi айтып әлдененi.
Жиналды осы кезде кең сабатқа
Жағалының Ханды күтiп ал дегенi.
Iшiнде азамат бар әтеберлi,
мырза көп ұнататын мәпелеудi.
Жетедi жағымпаз да топ iшiнде
бiлетiн бай-мырзаны «әкелеудi».
Қарауыл аттан түсiп жақын келдi,
көргенiн сөзбен айтып сапырды ендi.
Шуылдап қоя бердi ығай-сығай,
күтудi жақсы көрер әкiмдердi.
Жанына Әлiмнiң бiр биi келдi,
сөйледi ол қабағын түйiп ендi:
— Рас па?
— Ойбай, рас!
— Шаңға қара!
— Әй, бала, алдап жүрме дүйiм елдi!
— О қойшы, алдап менi жын қаққан ба?
— Қусың-ау семiретiн құр мақтанға!
— Қайдағы? — дедi дағы ол қарауыл,
жоқ ендi үн қатқан да, тiл қатқан да.
Қарап тұр жұрттың бәрi шыққан шаңға,
бұ да бiр қызық өзi ұққан жанға.
Көруден Хан-күйеудi сынап-мiнеп,
өмiрi қатын-қалаш сырт қалған ба?
Осы кез ат төкпейдi нақақ тердi
дегендей, Хан кеуделеп тақап келдi.
Нөкерi соңына ерткен қырық-елудей,
қорғайтын қас дұшпаннан атақты ердi.
Шетiнен содыр сынды шатақ көңлi,
ұрдажық, тоймайтындай атаққа өмiрi,
бәрi де өр өкiрек, шүкiрi жоқ
тұрғанға аман-есен кеп ат-көлiгi.
Бiр кiсi «алдиярлап» алда тұрған
түсiрдi жетiп келiп Ханды атынан.
Жалпылдап сала бердi ығай-сығай,
айнымай сан құбылғыш салдақыдан.
Сол кезде жетiп келiп бiр катын нән,
сабадай түйе үстiнде ырғатылған,
күйеудiң қойны-қонышын тiнтiп бердi,
жабысып шырмауықша шырматылған.
Содан соң түстi ол үйге алты қанат,
жасауы тұр құбылып, жарқырап-ақ!
Жайғасты жасауылдар келесi үйге,
тiгiлген бас отаудың артын орап.
Дүйiм ел Ханға иiлдi қалтырап ап,
ол отыр, бүгiлмейтiн қалпы — дарақ.
Өзiмен сәлемдескен жеңгелерге
қалтадан алып бердi алтын манат.
Содан соң табақ-табақ ет тартылды,
жасауыл қатырмады жеп мардымды.
Көнектеп келiп жатқан майлы сорпа
iшiлмей, қатын-қалаш, көпке артылды.
Дастарқан жиылғасын, неше түрлi
әңгiме айтып, бiр қу бөсе бiлдi.
Лепiрiп, түймедейдi түйедей ғып,
пәш еттi не бiр хабар, өсегiңдi.
Бiр кiсi сол кез сөздi ала сала:
— Кәйтедi, — дедi, — ел батса тамашаға?
Алдырдық бiр жырауды әдейiлеп,
айтатын қысасы бар сала-сала.
— Ол қайда?
— Жаңа отырған осы арада,
терменi Ханның кеулi хош ала ма?
— Жарайды, — деген кезде тұрды орнынан,
отырған Ержан жырау босағада.
— Жырла, жырау!
— Құп, тақсыр!
4
Тып-тиыш болды шулап жатқан халық,
би, бекзат сұс көрсеттi батпанданып.
Ержан тез домбырасын қолына алды,
сыналар ердiң бағы сәттi аңғарып.
Iшкi ойы неше алуан қатпарланып,
шық, дедi, сәйгүлiкше топтан жарып.
Осыдан оза шығып, алсаң бәйгi,
қалайша кейiнiнен мақтанбалық?
Соны ойлап, ұқсап дүздiң қыранына,
жармасты ол домбыраның құлағына,
Келтiрдi дыңғырлатып екi iшектi,
ыңғайлап төгiлетiн бiр ағына.
Саусағы ептi ұқсайтын құладынға,
ойнақтап, жоқ сабырың, шыдамың да,
сағаға дейiн сазды сауып шықты,
екпiндi, ере алмас не қыраның да.
Содан соң бiр әуенге бас байлады,
сылқым саз сияқты шөл тас қайнары.
Қайырып бiр-екi рет алған кезде
не тылсым оянды кеп жас бойдағы.
Саз содан әрi қарай аспандады,
күңiрендi перненiң көп баспалдағы.
қайдасың деп жатқандай әсерлi әуен
Қуаңның Ханға ұшатын қасқалдағы.
Ендi Ержан ұшар құсша ексiмденiп,
қызарып, екi бетi сепкiлденiп,
тықыршып, бiр орнында отыра алмай,
ауғанын ықыласы көптiң көрiп,
қозғалып, өн бойында жоқ мүлде ерiк,
жатпастан жайсаң тiлi көп күрмелiп,
салды ендi дауыс ашар ащы айқайға,
қазыққа байлап ойын топтың берiк:
— О-о-о-оу!
Сөйлешi, тiлiм, сөйлешi,
жан шiркiннiң сауында-ай?
Дауысым бiрден жүрмейдi,
төгiп бiр терiм ағылмай!
Арқам қозып кеткенде,
өлең шiркiн жеткенде,
ұмытайын сабырды-ай!
Келген кезде Хан ием
әдiре қалсын бар өлең
қалған бүгiн салынбай!
Арғы атаңыз Абылай
сұс көрсеткен қалмаққа,
хан бiткен жоқ алашқа
Абылайдай ханыңдай!
Содан қалған сiз бiр көз,
орам алған орысқа
қарсы қылыш көтерiп,
қаулаған қалың жалындай.
қаһарың келсе, қалған жоқ
орыстанған пәндәның
қылша мойыны шабылмай.
Қоқан, Хиуа сескендi,
көрiп арлан қасқырды,
топырлап қашқан малыңдай.
қара халық ойлады
берiп жылда соғымын,
Хан ием, сенiң қамыңды-ай!
Әр жақсымен құда боп,
алдың талай ханымды-ай!
Ендi тектi Жәкемнiң
алшаңдап жүрген аққуы
қалмады, Ханым, көзiне
алты қырдан шалынбай! —
деп сайрап, Ержан жырау кеттi шалқып,
тыңдады оның жырын көп құмартып.
Көмейге келiп жатқан сөздi iрiкпей,
алдында Хан тақсырдың төктi балқып.
Дегендей мақтап, жұрттан еттiм артық,
бұл сөзге тағар кiнә жоқ қылар түк.
Тағы да Ержан жырау жортақтады,
аузынан шыққан лебi беттi шарпып.
— Өй, пәли!
— Жаса! — деп жұрт шуылдады.
Жырауды жындандырды мұның бәрi.
Сағадан саңлақ саусақ көтерiлiп,
төгiлдi Сыр бойының бiр ырғағы.
Соны естiп, жұрттың бойы шымырлады,
талайдың көмекейi жыбырлады.
Төгiлдi аңыраған ендi бiр жыр,
еске алып ерлердi Сыр, Қырымдағы:
«Едiге, орқылдаған Орақ, Мамай,
Мәскеудi мың өртеген орап талай,
қарасай, қази менен Темiрхандар
мәрттiгi морт сынатын болатқа сай,
Нәрiктiң ұлы Шора, ер қаптағай,
қобыланды шапқан жауға қорқақтамай,
Алпамыс аяр жауды алған беттен,
ер Тарғын айтқан сөзiн сырғақтамай,
Жалаңтөс Самарқаннан алар бәйгi,
Көтiбар кесе шапқан Маман байды,
ер Бәйтiк, Тайлақ, Дабыл, ер Жанғожа,
ер Ақтан, ер Сарғасқа қамалдай-ды,
Киiкбай Шобдардағы қорғандай-ды,
ер Құлқа, Тоғанас бiр ормандай-ды,
Сәлтеке, Малайсары, Сәмет батыр,
Қыстаубай тоқым тыққан кең маңдайлы,
ер Есет, Қасым, Сейiл, ер Жантайлақ,
Киiкбай шабатұғын жауға айқайлап,
Тiлеуке Шобандағы, батыр Пышан,
ер Алмат, қашпас одан кiм қайқаңдап,
Байқадам жүрмейтұғын бос байпаңдап,
Бұхарбай алар тартып қастан тайлақ,
тобырын тоқсан үйлi тойдыратын
ер қамбар жауға шапқан жасқанбай-ақ», —
деп зарлап, Ержан бәрiн тiзiп өттi,
дауысы аңырады құдiреттi.
Атақты батырларды ел қорғаған
алдында Хан иенiң ұлық еттi.
Мына жыр жұрттың жанын тiлiп өттi,
еске алды ел зар заманғы сүгiреттi.
«Бұл неге Абылайды айтпады?» — деп,
Хан отыр, сол кеуiлiн сынық еттi.
«Төренi ұнатпай ма әлде бұлар,
ұмыт па қу қалмақтан болғаны зар?
Тараған Жошы ханнан ұрпақтардың
бұл елде осы қандай салмағы бар?
Әлде бұл ел емес пе ханға құмар?
Сонда оның қандай озық саңлағы бар?
Отыру өз батырын сонша мақтап
жағдай ғой бiр сыр кейiн аңғарылар», —
деп ойлап, Хан азырақ тұнжырады,
мынаның бұдан бөлек мүлде ұраны.
қараның бiр қызына құда түскен,
шынында, мұның кеуiлiн кiм жығады?
Жыраудың асқақтайды сұмдық әнi,
шақырған кiм мынадай сұңғыланы?
Хан отыр көпшiлiкке бермей түсiн,
жабырқау жанын қинап бiр күмәнi.
Бұл өзi жiгiт пе едi, бүлiк пе едi,
кеуiлiнде бар ма талай iрiккенi?
Шынымен, талай заман өткен жоқ па
төрелер қара iшiне кiрiккелi?
Сап еттi қалай кәзiр күдiк тегi,
қандай қыз тырнағына iлiккенi?
Толғанып Хан осылай отырғанда,
тоғашы ақ отауға кiрiп келдi:
— Алдияр!
— Немене?
— Қымыз әкелсiн бе?
— Жарайды.
5
Сары қымыз сапырылған буынды алды,
оны iшу — әдетi елдiң бұрындағы.
Таңдайға бiр тәттi дәм қайта теуiп,
он екi мүшесi ердiң шымырлады.
Бiреудiң қос танауы жыбырлады,
бiреулер сабыр қылмай қыбырлады.
Тоғашы осы кезде iшке кiрiп,
Ержанға бiрдеме деп сыбырлады.
Хан күйеу бас көтердi соны көрiп,
жатқан жоқ iшкi жағы емiренiп.
Тағы да Ержан жырау толғап кеттi,
ойқастап, оза шауып, тебiренiп.
Сөзiнше: «Кетпек ертең өмiр өтiп,
дүния жылатпақшы еңiретiп.
Кейiнгi көк өрiмге қалмайды атың,
жақсылық жасамасаң елiңе түк.
Бұрында ер құраған халық басын
көрсеткен сол шаруадан жалықпасын.
Бүгiнде сондайлардың саны азайды,
ел кәйтпек ас таба алмай тарыққасын?
Мұндайда жұрт жыламақ жабыққасын,
айтады алаяқтың анық бәсiн.
Жатқанда орыс кәзiр орам алып,
ел басы таңылмақ па қамытқа шын?
Осыны андайтұғын батыр қайда?
Ту ұстап, зор шайқасқа ол шақырмай ма?
Далана қамал салып, жылжып жатқан
айдаһар Сыр бойына жақындай ма?
Ондайда көрген күнiң қапылмай ма?
Аңқау ел жауына да лақылдай ма?
қорлықта көретұғын құрсын күнiң
қараған бай — қатынға, қатын — байға», —
деп жырау қайта-қайта күңiрендi.
Күн батып, орнаған-ды iңiр ендi.
Далаға қонып жатыр қараңғылық,
жасырып жұрт көзiнен күдi белдi.
Сол екен, көрiнбедi қиыр ендi,
құлаққа кең даланың күйi келдi.
Жыраудың ескi әруақты қозғағаны
тебiренттi топырлаған дүйiм елдi.
— Көп жаса!
— Қалықтай бер құстай, жаным!
— Көрмегей жаманшылық, түспей жағың!
— Боздатшы толғауыңды ер жайында
қамын жеп қайғырмайтын iж пайданың!
— Мақта ердi жеп жүретiн халықтың қамын!
— Солай ет!
— Лағнат атсын даңқ құмарың!
— Өй, өлме!
— Өлсең, қайтып келе көрме!
— Ашсын де аллатағалам тақтың бағын!
Әлеумет осылай деп қолпаштады,
мәз болды Шөмекейдiң алты Аспаны.
Хан мүлгiп ықылассыз тыңдап отыр,
қуарған кәрi ағаштай жартастағы.
Iшiнен отыр аяп көп қасқаны,
мыналар отыр ма өзi от басқалы?
Қиялап кеуiлiне кiрдi күдiк,
ұнамай көп қараның топтасқаны.
Шынында бұлар неге ыржақтайды?
Анаусы неге сонша қылжақтайды?
Қызып ап сары қымызға шуылдаған
жанына мына тобыр бiр жақпайды.
Хан ойы Көкше жаққа сырғақтайды,
ханшадай қайыңы оның булғақтайды.
Көз салмай Жұмбақтастың келбетiне,
күнi де терiскейдiң бiр батпайды.
Бiр қызық томсырайған Жеке батыр,
бiр аңыз содан бермен келе жатыр.
Өркешi Оқжетпестiң оқшырайған,
жерiне еге болмақ неге кәпiр?
Ондайда орнамай ма заманақыр?
Дейдi орыс даланы қой, қалада тұр.
Сұм душпан аңғау елдi алдағасын,
дүния дөңгеленiп бара жатыр!
Төренiң уысынан кеттi күшi,
көбейдi қаса надан, жоқ бiлiсi.
Етiсiп iштерiнен тақтан дәме,
орысқа өтiп кеттi көп туысы.
Сол екен, муның iштей көп қырысы
басталды туысына соқтығысы.
Басына бiразының үйiрiлдi,
жалақтап исфаһанның көк қылышы.
Өлтiрдi аямастан аға-iнiсiн,
кешiрiм жоқ деп бiлдi залым үшiн.
Орысқа сатылғанды ойрандаумен
толтырды кең қазылған қабiр iшiн.
Қорлық деп бiлдi орысқа бағынысын,
аң патша кешпед мұның қағынысын.
Басталды екi арада бiтпес соғыс, —
қарашы дүнияның бұл тарылысын!
Сонымен соғысқа кеп бұл жылысты,
көнбеген руға небiр кылды да iстi.
Бiр жылы талқандарда Жаппас жұртын
iшiнен сезбеген түк қынжылысты.
Көрсеттi қыпшаққа да сұмдық iстi,
не қылмайд көнбегенге дүмдi, күштi?
Бұл содан ауа-ауа Сырға келдi,
қайтадан бастамақ боп бiр жұмысты.
Талабын ел қолдар ма бiрақ мұның?
Ермiн деп кимей жатыр тымақты кiм?
Оңдыртып осы жақтан қол құраса,
басар ма Орынбордың бiр аптығын?
Бұл өзi мiнезi ме тұрақтының?
Болар ма бұған серiк шұнақ құлың?
Табар ма төрт Шөмекей төрт жүз жiгiт,
келгенде Хан басымен бұ жаққа ұрын?
Қалың ел қаптап жатқан Әлiмдегi
көнбесiн құзырына мәлiмдедi.
Кiлемде Балажайған хан қылса да,
артынша сатып кетер залым ба едi?
Ендеше сүйенерi Табын ба едi,
ол ел де қол құрардай қалың ба едi?
Баласы бес Бозғұлдың батырға бай,
сол көнсе, ашылатын бағың ба едi?
Әй, кайдам! Көрiнбейдi түбi мұның,
Алаша көрсетiп жүр кiдiлiгiн.
Айтқанға Алшындардың көнерi жоқ,
бұл ертең көрсетпесе жұдырығын.
Ойпырмай, алып келген мынаны кiм?
Қақсайды дәл түбiнде құлағының.
Қолпаштап қайта-қайта өз ерлерiн
зарлайды. Елi не өзi? Ұраны кiм?
Ит бiлсiн! Суқылдаған сөзi майда-ақ!
Өршидi өрге қарай өзiн айдап.
Түсердей қыз-қырқынның буынына
панарша сала берген көзi жайнап.
Сол көзде жатыр не бiр ұшқын ойнап,
тастардай нұры аяқтан құсты байлап.
Жайнақ көз тастай жанды жiбiтердей,
жанардан бiр жалт-жұлтты ышқына айдап.
Әрi оның даусы қандай аңыраған?
Сияқты бiр қора қой маңыраған.
Шақырған той егесi неге мұны,
емес пе ойы да да арам, жаны да арам?
Бұл әлi кiсi емес пе қарымаған?
Айпара дей ме мұны қабыл алам?
Дұрыс па жас иiстi егелену,
келгенде жер ортасы шағына адам?
Өй, қойшы! Төсiнде оның тыным алар!
Көп болса, он қатынның бiрi болар!
Табар ма жас тоқалдан жас жеңсiгiн
белдегi бiлiнбестен құрыған әл?
Ондайда кеулi мұның кiдi болар,
болмас-ты ағайынның бiрi де дал.
Жас тоқал жасай қойса суық жүрiс,
қолымен кеңiрдегiн жұлып алар.
Ал жұлшы? Соқпақ оның арты неге?
Күлмей ме артын ашып таңқы неме?
Хан қандай ұрғашыға ұрынды деп,
күлсе егер, болар ма бұл халқына еге?
Қой оны! Бөлек жұрттың салты неге?
Дарақы мына топтың қалпы неге?
Орыстан оно-о-дайдан шошынатын
шамалы жұрттың шама-шарқы неге?
Бұл жауға шаппайды ма сондай елмен?
Ол өзi болмайды ма қолдан өлген?
Кәйтсе де төреден кем қара халық
табатын тайғақ тұста жолды әреңнен.
Мақсаты осы жаққа мұның келген —
қол жинау құрық түспес дүбiрлi елден.
Маңдайға жазылғанын көредi де,
алмайды ер алапа жүгiргенмен.
Бар ойын сол қисынға Хан ұйытты,
қарғадан қайдан таппақ ақиықты?
Кiлгiрiп екi көзi сала бердi:
— Оқжетпес, әне, сонша қақиыпты!
Өзiнiң оқшырайған қалпы мықты!
Шолып тұр менсiнбестен шалпы жұртты!
Көкшенiң сексен көлiн бермеймiн деп,
бұл өзi шартарапқа шарқ ұрыпты.
Хан кенет селк ете қап, ашты көзiн,
бiр пәле осы жерде басты ма өзiн?
Сыр бермей, жан-жағына назар салды,
қайтадан тауып қатал тас мiнезiн.
Не дейдi қалбақтаған мынау езiң?
Көре ме Хан алдында дырау өзiн?
Қараса, бұған қарап қалған екен
әлеумет тыңдап болған жырау сөзiн.
— Не болды?
— Тамақ болды.
— Жақсы, жақсы.
6
Айпара отырған өз отауында
батпаған жырау жаққа тақалуға.
Жеңгесi оған жақын жiбермеген,
көрген ел үрдiсiн де, шатағын да.
Сай бол, деп, дәрiп шашқан атағыңа,
қалма, деп, қарт әкеңнiң қаһарына,
үгiттеп қыз кеуiлiн басқан едi,
қалма, деп, жеңiлтек қыз аталуға.
Қыз көнген жеңге сөзi себеп болып,
бiр өзi отыра берген бөлектенiп.
Саңқылдап жырау даусы шыққан сайын
қалғандай басқа өмiрдi кенет көрiп,
жатқандай жас тiрлiгiн бос өткерiп,
жүргендей бiр алдамшы өсекке ерiп,
кенеттен басына оның бiр ой шапты,
жалпы үшiн жүрер ұят есептелiп.
«Апырау, — дедi ол iштей, — әлге дейiн
аударып көрмеппiн-ау жанға зейiн.
құл болып кәрi шалдың атағына,
кеткенде бiр қателiк бар ма дейiм?
Шыққанда, көтерем бе
Хан мерейiн?
Атағын оның неге таң көрейiн?
Орыстан қашып келе жатқан шалға
тиердей осы отбаста мен бе өгейiң?
Келiскен әкем қалай құдалыққа?
Осы да бақ-бедел ме мына жұртқа?
Ол неге сабыр айлап, сарапқа сап,
баспаған сылтауратып «шыдалыққа»?
Мына Хан жұрт мақтаған шын алып па?
Бұл әлде ел сөзi ме орағытпа?
Үстiне он қатынның бару қалай,
бұл өзi даналық па, шалалық па?
Соншама құрыды ма өз қатарым?
Қу шалдың мен нағылам құр атағын?
Кәрi шал, кәрi сiңiр, суық құшақ…
мен соған қалай кеуiл жұбатамын?
Деймiн бе оны ақыры ұнатамын?
Ол дағы ұлы емес пе бiр атаның?
Шынында осы жерде бiр кәкiр бар,
шамасы… кеуiлдi ақыр жылатамын», —
Айпара кiлт тоқтады осы арада, —
жеңгесi отыр екен босағада.
Ол болса ағасына таңдап тидi,
ол шiркiн мына шалды хош ала ма?
Ұқсайды кеуiл шiркiн қашағанға,
шынында, кәрi пенде жасарар ма?
Ерке өстi еш кiсiнi көзiне iлмей,
бармады жыңғыл жапқан тасаларға.
Десе де жұптыларды қосады Алла,
жазмышы шыныменен осы адам ба?
Жөн бе екен жас адамға көзiн салу,
шегесi шаруасының босағанда?
Жасынан жалбарынды Жасағанға,
тiктеп те қараған жоқ еш адамға.
Сылаңдап он алтыға шыққан шақта,
өз басын кәрi шалға қоса алар ма?
Осы көз қадалып тұр тiкендейiн,
дейдi екен мұның жанын кiм емдейiн?
Сылқым қыз iштей толқып, шытты қабақ,
сүйектi жұтқандай-ақ бiтеудейiн.
Не болмақ күнi, шықса, бұдан кейiн?
Бұйырмас басы бүтiн бұған дөйiң.
Он қатын жасап бағар күндестiгiн
тоқалды табалауға тұрар бейiм.
Жеңгесi осы кезде жақын келдi:
— Айныма, — деп бикешке ақыл бердi. —
Жатқанда ұзатылып, айнығаның,
жаным-ау, ойлашы өзiң, мақұл ма ендi?
— Бiлмейiм, — деп Айпара кеуде кердi, —
көрсейшi нақ қосылған өңгелердi!
— Құдайдың бұ да әзәлдан жазуы да,
кыз ақыр басады ғой бөгде жердi.
— Солай деп тию жөн бе кәрi шалға?
қалған ба басқа құрып табысарға?
— Үйдеме, не десең де төре тұқым,
шал жақсы кей кездерi қауышарға.
— Өй, пәли! Бүркiт болмас кәрi қарға,
қарғаға аққу сiрә жабысар ма?
Ағама өзiң неге таңдап тидiң,
кезiнде қарамастан намыс-арға?
Бұл сөзге жауап қатпай жеңге күлдi,
ойынпаз адам едi ол кеуiлдi.
— Жәй айтам, жәйiңдi өзiң бiлесiң де,
жол сiлтеп, мен саламын жөнге кiмдi?
Осылай жұбауратты ол керiмдi,
қолымен сипалады қос өрiмдi.
— Кәне, тұр, — дедi сосын, — кеш боп қалды,
берейiн салып сенiң төсегiңдi.
Салынды шәйi көрпе iрге жаққа,
жеңгенiң өзi жатты бiр қанатта.
Түндiктен түрлi жұлдыз жымыңдайды,
ортада шоғы жайнап тұрған отқа.
Сол отқа ұрынып жүр құрғанат та.
Түксиiп қараңғылық кiрдi алапқа.
Түнгi ауа жырау даусын әуелетiп,
таратып еселете тұр жан-жаққа.
«Ойпырмай, даусы өзiнiң қандай қатты,
мен ертең… көрсем бе екен ол бибақты?
Ұнайды әсiресе қайырғаны,
сол сәтте даусы өзiнiң балдай тәттi», —
деп ойлап, көзбен тiнтiп дала жақты,
еске алып iз аңдитын жамағатты,
төсекте толықсыған қыздың көзi
кiлгiрiп, ақырын жұмылып бара жатты…
7
Той болды ұлан-асыр ертесiне,
бұл елдiң марқасы да, серкесi де,
би мен бай, ақсақал мен қарасақал,
қитабан шаруасы да, көлкешi де,
жiгiттiң сырбазы да, бөртесi де,
кедей де жарымаған көрпесiне,
бiр тойды тау-тау етке, бал қымызға,
аңыз той болды Сырдың өлкесiнде.
Басталды палуан курес түске таман,
қызықтад соны қымыз iшкен жаран.
Ортада екi сойқан ырсылдап жүр,
жан-жақтан сол екеуiн кiсi қамаған.
— Қырқа шал!
— Лақтырып ұр!
— Шал iшiнен!
— Айрылма ата-баба әдiсiнен!
— Жығушы ед баяғыда Тәжi палуан
тобықтан оң аяқпен қағысымен.
Кеткендей бала болып бәрi мулдем,
у-шумен үлкен тойдың сәнi кiрген.
Есiрiп, ежiрейiп, етке тойған
iсi жоқ елдiң ақыл, сабырыңмен.
Бiр кезде шәпеш палуан алыбыңды
аяқтан қырқа шалып, алып ұрды.
Шуылдап қошеметтеп кеттi халық,
баяғы көрсеттiң деп қалыбыңды.
Жеңгесiн, басқа рудың жаны кiрдi,
қарсы ру бастады ендi қамығуды.
Тоғашы әрлi-берлi дедектеп жур,
қара тер, тақаты жоқ, жанығулы.
Басталды одан кейiн жаяу жарыс,
жүгiрiп кеттi балдар алар намыс.
Азанда көмбе жаққа кеткен аттың
шабатын қашықтығы одан да алыс.
Бiр жан жоқ той-думаннан қалған калыс,
жаршы жүр деп қызықтан құр қалмаңыз,
Бiр үйде — кексе әйелдер гуiлдескен,
бiр үйде — жарқын жеңге, ырғалған кыз,
Бiр үйде ақсақалдар қосқан басын,
тартылған сыйлыларға бас, жамбасың..
Бiр үйде кiлең билер жиналыпты,
бiлетiн сияпаттан бос қалмасын.
Бiр үйде жиналыпты өрiм жасың,
оларға тартқан қойдың қабырғасын,
Бiр үйде етке өкпелеп, дау боп жатыр,
деп жұртқа, «бұ да менiң қарындасым».
Бiр үйде кiлең қыздар жиналыпты,
бәрi ерке, басқа түспей бұйда мықты.
Бiр үйде кәрi құда керiледi,
деп, атам ханнан жыға сыйға алыпты,
Бiр үйде киiп жүрген қу қамытты
жалшылар бiр табаққа қол салыпты.
Бiр үйде азынаған отыр молда,
шақырып қанағатқа бұл халықты.
Бiр үйде…Есеп жетпес үй санына,
үй тiкпек, шын қазақтың тисе арына.
Жазғы күн өз тағынан ауған кезде
ұлы той түсе бердi бiр сарынға.
Жұрт сол кез қарай қалды құм шағылға,
әр жақтан қалың нөпiр шықты ағыла,
Тiгiлген тоғыз түйе, отыз бие
бәйгiнi сәйгүлiктiң ұтқанына.
Нөпiрдiң арты ала шаң шұбатылған,
ол шұбап, бұлтқа дейiн ұзатылған.
Тiстесе құйрықтарын кiлең жүйрiк
дүмелiп шыға келдi қыратыңнан.
Қалың жұрт қарай қалды мына тұрған,
ел у-шу айрылғандай шын ақылдан.
Кiм озып, кiм қалады, — бiлiп болмас, —
мына бiр жойқын шабыс, сұрапылдан.
Бiр кезде мойын оздырды қара сұр ат,
қалғаны жетемiн деп алас ұрад.
Қарасұр бауырын жазып ышқынғанда,
ұмтылды арттағылар таласып-а?!
Арт жақта құм лақтырған болат тұяқ
тигенде, дүсiрледе қолатты жақ,
қарасұр қара аққуша созып мойнын,
мәреге оқ бойы озып, келдi атқылап!
Ол солай таптап не бiр төмпешiктi,
тұяқпен қазып илан, құмкөсiктi,
салдыртып жас балаға өз ұранын,
мәреден оқтай ағып өте шықты.
Қарасұр таңғалдырды көрген жұртты,
деп жатты жер соғарын елдер мықты.
Бiр қатын шүйiншiсiн алайын деп,
отырған ат егесi жерге зытты.
Қуанған ат егесi «ақсарбастап»,
бөрiгiн лақтырып жүр аспанға асқақ.
Жылылап жабу жауып, кездiрдi атты ол.
Келедi ат төрт аяғын алшаң тастап.
Осыған жаяу жарыс болды ұласпақ,
келедi зымыраумен зор бiр қашқақ.
Томаша ақ сұр жiгiт шыққан алға,
желаяқ жүйрiктердiң тобын бастап.
Мәреге жақындады ол ақыры,
белгiлi болды бәйгi алатыны.
Керiлген ала арқанды қиып өттi ол,
шулатып не бiр жайсаң, дозақыны.
Екi нар болып шықты оның құны,
әйтеуiр, қысқа дайын соғымдығы.
Бәйгi алды екiншi де, үшiншi де,
ұзатылган тойда Сырдың көгiлдiрi.
Басқасы желаяқтың қалмады құр,
әрқайсысы бiр-бiр қойдан алғалы тұр.
Осындай ағыл-тегiл жомарттықты
көрген жұрт аузын ашып, таңғалып жүр.
Асылған елге — жас ет, құдаға — сүр,
таппайсың қолы ашықты бұдан асыл.
Шулатып Қызылқұмның көп шағылын,
осындай той боп жатты ұлан-асыр.
8
Жырлаған Бржан жырау түнiменен
ұйқыны соққан едi күнiменен.
Оянып түстен кейiн, бетiн жуып,
шәй iшiп отыр кәрлен шыныменен.
Мiнезi Ханның неге құбыл, ерен,
деп ойлап шыққан едi түнiменен.
Даусы аздап қарлығыпты гүмпiлдейтiн
айранды пiскендей-ақ күбiде кең.
Шәйден соң терiн басып тұрды сыртта,
қарады думандатқан күллi жұртқа.
Бiр топ қыз осы кезде өте бердi,
бармақ боп су алуға құм құдыққа.
Бұл көзiн ақырын салды солар жаққа,
құландай дәмесi зор барар қаққа.
Қыз-қырқын шолпылары сылдырлаған
шақырып тұрғандай-ақ демалмаққа!
Олардан қыз Айпара жекелендi,
ақ құба, қиылған қас, өте реңдi,
жалт етiп бұған бiр сәт қарады да,
бұрылып әрi қарай кете бердi.
Дегендей таңғалғаның жетедi ендi,
қосылып топ iшiне кете бердi.
Бұл қалды аузын ашып, мына сылқым
таңғалтып жүрмеген деп бекер елдi.
«Ойпырмай, мынау өзi хор қызы ма,
шынымен Жағалының жаңғызы ма?
Бұралған тал шыбықша, қыпша белдi,
ұқсайды Қызылқұмның жалбызына.
Сұлудың мынау, сiрә, соңғысы да,
ұқсайды жайнап тұрған хор құсына.
Аузының салуы бар екен шалдың
ен таққан өңдiлердiң оңдысына.
Шынымен, Айпара оған тиер ме екен,
қу шалдың тамағынан сүйер ме екен?
Күйтi бар табылса айғыр, сүйкенетiн
ол өзi күйi бапшыл биең бе екен?
Кеуiлi кәрi шалға иер ме екен,
жоқ әлде басқа сабақ түйер ме екен?
Аңғыртық жасағанын кеш аңғарып,
отына өкiнiштiң күйер ме екен?
Кiм бiлсiн?
Менiң онда шаруам не?
Ерiксiз тимекшi ме ару әлде?
Қызының қол-аяғын матап берер
қазақта қалмайтұғын қылуам де.
Басқа бiр бұйырмаған шығу ерге?
Былайғы несi өнеге мұның елге?
қол созар осындайда ер табылса,
Айпара алақайлап жүгiрер ме?» —
деп ойлап, ол қобалжып тұра бердi,
көзiнiң ашылғандай шырағы ендi.
Дүнияны ұстайтындай көрiнемiз,
алшаңдай басып жүрсек мына жердi.
Хан ба осы билейтұғын бұл әлемдi?
Дауыл ма дүрлiктiрер құба белдi?
Орыстан орам алған қашып жүрiп,
қалайша ол Сыр бойынан шыға келдi?
Ержанның қатып-ақ тұр соған басы,
белгiлi қыздың қайтып оралмасы.
Қылғанның қызға талап кәлләсына
Ханның хақ үйiрiлерi ақ алмасы.
Айпара мұның теңi, орамдасы,
деп тұрар аққан суды тоғандашы.
Сылқымды сол секiлдi шалға берген
кiсiнiң жоқ иманы, жоқ Алласы.
Бiрақ та жұрт оныңды бiлдi ме?
Жолымен ар-ұяттың жүредi ме?
Бұл… өзi… сол сылқымға созса қолын,
Айпара мұны көзге iледi ме?
Шiркiн-ай, қолы тисе бiлегiне,
жетер ед арманы мен тiлегiне!
Қылғаның қыздан дәме… қалай өзi…
жүргенде ат таба алмай мiнерiңе…
Қой оны! Ержан ойдан кiлт арылды,
нағылсын қара халық тұлпарыңды.
Одан да жырың менен қиссаңды айтып,
жөн болар көздегенiң пұл табуды.
Қой, мынау әзәзiл ой, жыртағыңды,
қатын ап, өсiре бiл ұрпағыңды.
Қаларсың ит-құзғынға жемтiк болып,
қуам деп қу далада сұр сағымды.
Ол соған тоқтап, қайта үйге кiрдi,
сонда да бiр белгiсiз күйге кiрдi.
Ықылассыз домбырасын шертiп отыр,
бастаған жандай жаңа үйренудi.
Есiктен келе жатқан күң көрiндi,
бұл өзi шаруапаз, үлгерiмдi,
Ержан тез ала қойды бойын жинап,
атқармақ болып кешкi дүрмегiңдi.
9
Құдыққа келгеннен соң шегендеген,
су тартты қыз-қырқынның өлерменi ең.
Айпара бiр түрлi боп тұра бердi,
қозыдай бөрi алдында көгендеген.
Кеуiлi сонша абыржып, төмендеген,
алдында бiр уайым тұр көлденең.
Кеп-кеше Ханға тию бақыт қой деп.
кеуiлi сияқты едi берендеген.
Сол ендi быт-шыт болып бұзылғандай,
берендi асты жағынан ыза ұрғандай.
Алаңдап, әлденеге алабұртып,
жас жаны жанған шоққа қызынғандай.
Ойының әр жағында қыжыл бардай,
дегендей татар дәм мен тұзым қандай.
Азғырып, алдап, арбап, адастырып,
бiр маса санасында ызыңдардай.
О не өзi? Бәрiн анық байқады ма?
Кеуiлiн әлде бiр не шайқады ма?
Құдыққа су алуға келемiн деп,
у алып үй жағына қайтады ма?
Бұл оны дұрыстық деп айтады ма?
Әлде бұл кеуiлiнiң шайтаны ма?
Болғанда бәрi бiтiп, бұл байғұстың
басқаны жөн бе ұрғашы қайқаңына?
Ондайда елдiң iшi бүлiнбей ме?
Жасауыл қылыш алып жүгiрмей ме?
Мойныңа құрым iлiп, шаш тұлданып,
семсермен екi бетiң тiлiнбей ме?
Айбат па көрсететiн мұным дөйге?
Орнында қозғалған ой кiдiрмей ме?
Кеулiнiң қобалжыған қылын шертiп,
самал жел бiрдеме деп күбiрлей ме?
О не өзi? Мына желдiң тiлi қандай?
Iшiнде оңаза ой бiр ұлығандай.
Мүк басқан қара тасқа басқан кезде
жас тәнi болады ма жылығандай?
Шынында, ол тiрлiктiң түрi қандай?
Тап қылдың кiмге менi, бүгiн Алла-ай?!
Бапам да қызық осы шалға берген,
жас жiгiт осы өлкеде құрығандай.
Көрiнiп тұр-ақ Ханның менмендiгi,
рас па шын ниетпен келгендiгi?
Артында жоқ емес пе арам ойы,
қалайша таңдап алды елден мұны?
Кәкiр бар. Ол ғана емес зор кемдiгi.
Белгiлi iшкi есебi болды ендiгi.
Ержан да малы болса, жүгiрер ед,
құрысын қу кедейдiң көрген күнi!
Зор дәулет жүрер бәрiн аңдатпай-ақ,
жортасың бұ дүнияда саңлақтай-ақ!
Алдыңда үйiрiлген ақ балықты
iлесiң қапысы жоқ қармақтай-ақ!
Әр сөзiң сонда шөккен салмақтай-ақ,
жүресiң жердiң бетiн шаңлатпай-ақ!
Айтпаған халық тегiн бере гөр деп, —
бергенше таудай талап, — бармақтай бақ.
Сол бағың қонар ма екен жырауыңа?
Ол өзi айтқыштардың дырауы ма?
Кеулiне биқам жатқан бүлiк салып,
ол қайдан келе қалды бұл ауылға?
Әлде бұл қу тағдырдың сынауы ма?
Жанының жабырқаған жылауы ма?
Көрмеген бұрын-соңды жас жiгiтке
жөн болсын ықыласының құлауына?
Ойпырмай, жарқыраған көзi қандай!
Көрген жан шырқ айналып қожырардай.
Көңiлiң көзге арбалып көбелекше,
қанатын лыпылдатып тез ұрардай.
Ұзаққа арбалған сәт созылардай,
бiлмейсiң тағдырдың бiр тезi бардай.
Сен өзiң арбалдың ба? Немене осы
жаққаны жаныңа айтқан сөзi балдай?
Жоқ әлде азғырды ма шайтан мұны?
Бар ма екен бұл райдан қайтар күнi?
Болмаса жақсы айғырды көре салып,
өзiнiң ұстап тұр ма байталдығы?
Ондайда қалмақ мұның қай тамтығы?
Құртпай ма мұны Ханның жәй тарпуы?
Кеуiлi алып-ұшқан iркiлмесе,
жақын ғой шаңырағын шайқар күнi.
Сол кезде басқа түсер мықты өкiнiш,
тiстетер бас бармақты еткен бiр iс.
Елге үйтiп шын масқара болғанынша,
көрсетпей өлiгiңдi кеткен дұрыс.
Бәрi бiр тыйылмайды жеткен сыбыс,
тағдырың дүзелмейдi кеткен қырыс.
Шынында, қу жазмышқа не iстей алған
кiсiлер деп жүретiн көп көрдiмiз?
Бiлмейдi.
Айтқан емес олар дағы.
Пәнде кем iш жағында жоқ арманы.
Қомағай нәпсi шiркiн тойып болмас,
олжаға қолға iлiккен орамдағы.
Қашқан ба кiсiлердiң бұдан бәрi?
қанған ба қу нәпсiге құмар дағы?
Бiрi бұл төмен етек ұрғашының.
Қыздарды кiмдер айтып, кiм алмады?
Ау, осы қай жүйрiктiң шығарғаны?
Осы жәйт бұзылмастан тұрар ма әлi?
Таңдауға хақың жоқ па қатарыңды,
екен бе мына жұрттың құлан бәрi?
Осылай Айпара қыз тұр ойланып,
екi бет сала берген шырайланып.
Шапағы батар күннiң әр берсе де,
iш жағы жатыр мүлдем лайланып.
Лайға төтеп берiп шыдайды анық,
бұйырмыс құс тiстеген құмайға түк.
Ұрғашы iрге сөгiп көрген емес,
бұл өзi құлға да анық, құдайға анық.
Солардың серiппес тұяқ бұл да бiрi.
Маңдайға жазды мұны сұм тәңiрi.
Қай жақтан келе қалды кеулiн қозғап,
жiгiттiң жайсаң мынау құрмағыры?!
Ел анау тойлап жатқан ығы-жығы.
Хан анау — кеуiлiнiң құбыжығы.
Дәл кәзiр мұның жаны жылып-ақ тұр,
сөйлейтiн кiсi болса жылы-жылы.
Қой, құрсын! Мұны бiр жәйт қинады ма?
Ау, сонда, не жөн нәпсi тыймағыңа?
Сақта деп абырайыңды шешесiнiң
қанша жыл құлағына құйғанына?!
Әлде бұл кәрiлердiң иманы ма?
Ол жөн бе бұ дүнияның миманына?
Айпара қып-қызыл боп, алабұртып,
жөнелдi местi арқалап үй жағына…
10
Бiлетiн қырық қисса, тоқсан толғау,
жоқ ешбiр үндi үнемдеп, даусын зорлау,
бой кызып, қара терi ақкан кезде,
басталып оңды-солды иық қомдау,
жасына қарамастан болған дырау,
сөз емес жырды қиын жерден құрау,
жәй ғана домбырасын шертiп отыр,
iшiнде ақбоз үйдiң Ержан жырау.
Бiлмейдi айтарын да, айтпасын да,
түспек пе әлдеқандай жәйт басына?
Соншама Хан қабағы салбыраңқы,
бұл өзi… қара басын қайттасын ба?
Тартсын ба, домбырасын тартпасын ба?
Толғау сөз кең дарияша ақпасын ба?
Көрсете еркiн сөйлеп, оғаш мiнез,
жасауыл қоймас па екен қақ басына?
Соны ойлап, қиялы тұр қаңтарылып,
жарайды жатса ондайда ән табылып.
Бiресе Ханға қарап, бiресе бұған,
әлеумет қалған екен аңтарылып.
Хан сырын отыр ма осы жорта бүгiп?
Алдынан жатыр ма оның ор табылып?
Бiр күнде шөгiп қалған мына шалдан
несiне иманы ұша қорқады жұрт?
Ел қашан қояды одан үрiккендi?
Көрмек пе ек небiр жаугер түрiкмендi?
Iшiнде мына Ханның не жатқанын
жiмлә жұрт қалган шығар бiлiп те ендi?
Ол оғаш ренжiр не қылық көрдi?
Жақтырмай әлде отыр ма жiгiттердi?
Сол кезде қасына ерткен қызметшiсi бар
тоғашы ақбоз үйге кiрiп келдi.
— Алдияр, — деп иiлдi ол, — шаршадыңыз?
Не дәмге соғып отыр аңсарыңыз?
Хан қолын жәйiменен сiлтей салды:
— Құя бер, сабаңызда болса қымыз.
Қабағы салбыраңқы, түсi бiр мұз,
жатқандай суша қайнап iшi қыж-қыж.
Тоғашы түкке түсiнбей таңырқаған:
— Алмайық көп мазасын кiсiнiң бiз, —
дедi де, Ержанды жәй түртiп қалды.
Бұл қасқа «не болды» деп үркiп қалды.
Шошына тоғашының шықты iзiнен,
көргендей көздеп тұрған мылтықты әңгi.
Бұл осы Ханды қалай пiр тұтқан-ды?
Шынында, қара құс па, бүркiт пе әлгi?
Күйеу боп келе отырып, iрiсiнсе,
онысын жалпақ жұртта кiм құптар-ды?
Тоғашы кiдiрдi де сол арада:
— Бүлдiрер сөз айттың ба жаңа, бала? —
деп сұрап, насыбайын бiр түкiрдi.
Шошынып Ержан дедi:
— Жоға! Жоға!
— Ендеше…
— Ой деген жоқ бiзде өзге, аға!
— Бастаған секiлдi ме сыз қозғала? —
Ол сосын: — Айпараның отауында
жиналып жатыр, — дедi, — қыз-бозбала.
Жүр кеттiк! — Бармақ жастар ойынына?
Бар болсын кәрi шалдың тойы мына!
Жөнелдi ол тоғашының iзiне ерiп,
сыймастан қуанышы қойынына.
Таңғалтты оны Ханның жайы мына,
түнiмен жырлағаны айыбы ма?
Келедi ол ыспа құмда тайғанақтап,
мiнгендей тәуекелдiң қайығына.
11
Түндiкке сәл түрiлген Хан қарады,
зеңгiрдiң ашылмапты әр жағы әлi.
Әлсiздеу бiрер жұлдыз жылтырап тұр,
көрiнбей жер бетiне бар жамалы.
Бұл өзi соған қарап таңғалады,
жақсы — адам, бiтпегенше арманы әлi.
Сарқылса сол түспегiр құмға сiңiп,
пәнде ендi сол елеске алданады.
Бұ дағы жiгiт едi дүрiлдеген,
жоқ едi iсi күбiр, сыбырменен.
Қолға алып ақ алмасты атқа қонса,
жаулары сұр көжекше дiрiлдеген.
Және де жұрт iзiне үңiлмеген,
жағынып орыс жаңа жүгiрмеген.
Өзiнiң туыстары сатып кеттi,
сыртай — жау, ал көзiңше күлiмдеген.
Шошыған бұ дүниядан соны көрiп,
көп жүрген ширығумен тебiренiп.
Көрермiз орысты деп түйген iштей,
жатса егер шаруаның жөнi келiп.
Бiрақ та туыстары керi келiп,
жатпастан iшi жылып, емiренiп,
орысты бұған қарсы айдап салды,
нағылсаң, о қыл деумен берiп ерiк.
Содан соң қол жимасқа қалмады амал,
намысын түрткiледi шамданған ар.
Шапқылап талай рет, иттей қылды,
орысты Ақмолада салған қамал,
Бұл емес беттен қайтып, серттен таяр,
бас кескен, жағынып не жеткенде аяр.
Келедi содан берi қожыраумен
қазаққа хан болсам деп еткен қиял.
Бұл елдiң бiреуi есек, бiреуi аттай,
көнбейдi бас алмасаң жұмалатпай.
Әз Тәуке жүзге бөлiп билеймiн деп,
қазақты шашып алды құмалақтай.
Сол жүзiң кей гәбiңе тиянақтай,
дегенмен елге бұла қиянаттай.
Би, шешен бiрлiк жағын көп айтады,
кеулiне сол бiрлiктi ұялатпай.
Осы жәйт мұның көптен аңдағаны,
бiрлiк деп не бiр күпiл сандалады.
Келгенде жеме-жемге сырт айналып,
болады өз руы таңдағаны.
Бұл соған әлге дейiн таңғалады,
қазактың тым қораштау қармағаны.
Жүргенi шашыраумен құм сықылды
бұл елдiң бас көтерер бар жараны.
Жарайды, бiр кемiстiк мұнда делiк,
қазақ жүр қырды жайлап, Сырға қонып.
Жошының кiндiгiнен тараса да,
жоқ кәзiр төренiң де тұрғаны оңып.
Бұғағы салбыраған бiлемденiп,
орыска ыңғай бердi кiлең керiк.
Бұйырмас билiктi ойлап, бодан болды,
төренiң не жайсаңы жүрер желiп.
Сақтанбай сондай қисық қадамынан,
пайда iздеп қу патшаның қабағынан,
бөлiну қытай менен ақ патшаға
басталған Әбiлқайыр заманынан.
Олар да қу ғой әзәл жаралудан,
қол үзбей иықтың менен шамалыңнан,
хандарды ұстап тұрған дел-сал қылып,
асырмай қалыбынан, қанарынан.
Дүмдiлер әскерi сай, жарағы сай
түтуге дайын елдi жабағыдай.
Қытайға,
бiрде орысқа бетiн берiп,
көрсеткен әккiлiгiн хан Абылай.
Қаңбақтай ұшары — жел, қонары — сай,
қазаққа төре тұқым қонғыңдай.
Абылай соны сезiп, өсиет қылған
бұл елге жабыспа деп талағыңдай.
Бiреуi келсе алдыға бүгiн жасып,
ол дауды шешпе, деген, түбiн қазып.
Билiктi бермен десең, бiр бiрiмен
қазақтың жүргенi жөн ырылдасып.
Сөйлессе екi қазақ сыбырласып,
қалғаны өсек айтад жыбырласып.
Бол соның әр уақта ортасында,
жүрмегей қараларға сырыңды ашып.
Әр кезде қолдан берме билiгiңдi,
ала бер елден сыбаға, сыйлығыңды.
Дау-дамай туа қалса, жалт-жалт етiп,
ұстатпа еш пендеге құйырығыңды.
Басыңнан өткерсең де түрлi күндi,
төрелер, сақтаған жөн бiрлiгiңдi.
Егер де сол бұзылса, — күнiң қараң,
құл ашпақ найзаменен түндiгiңдi.
Айтса да өсиет қып соны Абылай,
iс еттi ол бұ дүнияның қонағындай.
Он жылдай Орта жүздiң ханы болып,
қазақты түттi күзгi жабағыңдай.
Түркстан оның болды қамалындай,
қазына толды алтынға қанарыңдай.
Әр кезде сақ отырды жырылумен
батырдың тартқан сiрi садағындай.
Әр кезде ол танауын желге берiп,
iшкi бiр сезiгiне берген ерiк.
Өзiне би, батырды көндiрем деп
жүргенде, өткен дүния дөңгеленiп.
Би шықса жүрмейтұғын жөнге көнiп,
қалатын тезге, илеуге ол кенелiп.
Iнiсi қаздауысты қазыбектiң
өлтiрткен Ботаханды жерге көмiп.
Кемiткен Абылайдың бұл бағасын,
хан азбақ залым сөзiн тыңдағасын.
Көнбеген айтқанына, айдауына
қыпшақтың қырып салған бiр шақасын.
Қорқытқан не бiр дүмдi бай баласын,
қонаққа алдап, арбап қойған асын.
Ол сенбей өзiне де, өзгеге де,
отырған қымтап берiк айналасын.
Сол да өттi дүниядан күнi жетiп,
қойды оны қалың халық ұлық етiп.
Содан соң бақа-шаян белең алды,
даланы тентектiкпен дүбiрлетiп.
Соларға сұлтан iшiн тiлкемдетiп,
Петербор, ақ патшадан сiлтеу жетiп,
ұрпағы Нұралының Жәңгiр ханға
шен тақты, орда бердi үлкендетiп.
Ойласа, iшi ашиды, соны кейде,
сатымсақ сұлтандардың көбi дөй ме?
Солардан қалмайық деп шапқылап жүр,
Уәли де, қаратай да, Елiкей де.
Соны бiз жасырамыз неге кейде?
Бұл ғана сыр сақтаған көмекейде.
Мiне, ендi жүзге жуық батыры бар
күйеу боп отырғаны Шөмекейге.
Руға бұл жоламас татымы жоқ,
аңлайтын әр шаруаны ақылы дөп.
Ойлаған байласам деп бiр тайпа елдi
қолына найза ұстайтын батыры көп.
Iс болды. Ендi қиын пәлен демек.
Талапты қолдайтын көп адам керек.
Осыны ойлай-ойлай қажыған соң,
сол түнi жатып қалды Хан ертерек.
12
Жақсы кеш. Жиналыпты жастар жағы.
Көбiсi қол созбайды асқа алдағы.
Сол түнi Сыр бойында айтар әндер
шырқалып, қара көкке аспандады.
Батардай балға бүгiн бас бармағы
Ержан да сол дуылдан тыс қалмады.
Жүгiрдi он саусағы перне бойлап,
еске сап бұлдырықты ұшқандағы.
Содан соң салды Сырдың термесiне,
кадады саусақты әрбiр пернесiне.
«Барында жастық шақтың, ойна да күл,
қол созба қу тағдырдың бермесiне.
Жас кезiң, бiле бiлсең, зор несiбе,
сол дәмнен тартынасың сен несiне?
Мен неге үйтпедiм деп өкiнесiң,
жастықтың көз жеткенде келмесiне.
Одан да жас кезiңде құйындаған
ойлама жоқ деп ешбiр бұйырмаған.
Алдынан тақуа боп қайырады,
құдайдың қолдап берген сыйын надан.
Әрине, нәпсi жаман тыйылмаған,
ондай да абырай шiркiн жиылмаған.
Келсе де тiршiлiкке перiште боп,
кетпейдi сол перiште күйiнде адам.
Көп кiсi осыны ойлап алаңдайды,
о да бiр шығымы жоқ сараңдай-ды.
Көп жыщiыл кездессе алдан, ондай шорқақ
iшiнен сара жолды таба алмайды.
Бұл оған өмiр бойы болар қайғы,
ол жаман ұша алмайды, қона алмайды.
Тiршiлiк қолда тұрған аққан суша
кiсiнi және алдайды, және арбайды.
Сен соның сенiп қалма алдауына,
және де ере берме арбауына.
Тiрлiктiң тәттi дәмiн түсiнесiң,
тап болсаң тас тағдырдың тарнауына.
Сондайда тiс қадалмақ бармағыңа,
iшiңде дуылдайды дау-дабыра.
Ұрымтал тұсты таңдап алған дұрыс,
басыңда ерiк бар да таңдауыңа», —
осылай деп
Ержан жырау кеттi асқақтап,
жүйткiдi атша аяғын топ-топ тастап.
Көзiне қона қалды ерекше ұшқын,
сұр бұлтты найзағайша өткен жасқап.
Талайдың қасып солай кеуiлiн қаспақ,
қиялға жузе бердi ол құлаштап.
Жеңгелер жастық шағын есiне алып,
iшiнен тынған мына сөздi растап.
Тағы да төгiлгенде нөпiр өлең,
боп қалды тыңдағанның көбi керең.
Ағылды терме, толғау аққан суша
жүйесiн тауып арна, жөнiменен.
Жылынған жастық шақтың отыменен
ел тиыш. Бұған емес ниетi бөтен.
қараса, — бiр бозарып, бiр қызарып,
Айпара екi ойлы боп отыр екен.
Ендi Ержан майда айтылар әнге көштi,
терменi қойды айғаймен алған естi.
Жеңгелер ой, пәлилап мұны қоштап,
тiрлiкте бұдан қызық бар ма дес-тi.
Шынында, осы жолды бұзып па ескi?
Керiсiнше ол iлiктестi, үзiктестi.
Кешкiлiк ас-судан соң, жастар жағы
тағы да жалғастырды қызық кештi.
Мұндайдан жас тартпақшы неге бойын?
Шал ма олар көне құлақ, көне мойын?
Ойналды «Дүресоқпай», «Жүзiк алмақ»,
«Сақина», «Жолдас-жолдас» деген ойын.
Ашқан соң қуанышқа сiрә қойын,
дулатып өткiз қыздың мына тойын!
У да шу жастар жағы. Айпара отыр
бiр пәле билеп алған тұла бойын.
Ержан да қалған едi соны аңғарып,
ол жайын ойлаған ба болар ғарiп?
Отыр ма iштей мүжiп өзiн өзi,
қалдым деп атағына неге арбалып.
Түн ауды. Тұр көп жұлдыз — панар жанып.
Толған ай он түртiне — одан жарық.
Бiр шама болған кезде, жұрт тарады,
қызық кеш осыменен тәмамдалып.
Ержан да жыр төгiлген таңдайынан,
деп тiлеп жарылқасын маңдайыңнан,
орнынан тұрып, сыртқа беттегенде,
шекпеннiң тартты бiреу шалғайынан.
Қараса, қыз жеңгесi күлiп тұрған,
бұ несi мұндай қызық қылық қылған?
Сол жеңге:
— Асықпа, — деп сыбыр еттi,
бикешiн не пәлеге шынықтырған.
Ел жатты. Иттер үрдi қасақана.
құрулы үй iшiнде масахана.
Шешiнiп жатқан кезде Айпара оған,
жас жiгiт тұрған едi босағада.
Бiлмейдi қыз кеуiлi хош ала ма?
Құланша қойнында оның жоша ала ма?
Тәуекел, дедi де Ержан қойып кеттi,
солбырап тұра бермей осы арада.
Сарсылған ләззат алар шағын күтiп
қыз қайыл келген сәтке сағындыртып.
Жып-жылы төсегiне кiре бердi
дем ысып, бой қалтырап, бәрiн де ұмытып.
Жерлердi сипап келер не бiр қытық,
алқынған ақша қыздың демiн жұтып,
бимәлiм бiр дүнияға кiре бердi,
сылқымды есiн алып, егiлдiртiп.
Әуелi қызды бәрi қымсындырды,
iзiнше iлгерiге ұмсындырды.
Бiр кезде… бойлағандай тәнге пышақ
тыпыршып, тыныс тарылып, бiр шыңғырды…
Әр жағы…
деп жастығын бiлсiн нұрлы,
жас жiгiт тоқаңдады, дүрсiл қыды…
Таң қылаң бере ол шықты ақ отаудан,
мына жәйт қуантты да күрсiндiрдi.
13
Қиялға шомып тәттi неше мүлде,
ескермей елдiң айтар өсегiн де,
қалғандай татқан дәмнен танып естен,
керiлiп кербез жатты төсегiнде.
Қалыпты жiгiт иiсi қос ерiнде,
бұл ойға келмеген-дi кеше мүлде.
Ерiнiп қозғалуға жата бердi,
алқаптай құйған сел де, нөсерiң де.
Бұл теңiн таба алмаған боздақтай-ды,
құлаққа қыршаңқы айтқан сөз жақпайды.
Жамбасы кеткен сынды қақ айрылып,
тапталган тұла бойы қозғалтпайды.
Iшiнен сараптады мына жайды,
бір iсi бiлiксiзге ұнамайды.
Басына iс түспеген бәтуасыз
айыптап, кiмдi, сiрә, сынамайды?
Ондайды көрiп кейде таңғаласың,
жатқаны ұлық тұтып Хан баласын.
Жағымпаз, жалпаңдағыш ойласа еттi
қыз қалай қосады деп шалға басын?
Ол соған бередi ме өз арданасын?
Сен неге шамданасың, арланасың?
Жайыңды жұрт бiле ме, мына халды
басына құдай өмiрi салмағасын?
Шаруаның көз жеткiзiп расына,
сондықтан қадам ұрды бұл асыға.
Алқынған арғымаққа ашты қойнын,
қу шалға болғанша деп рәсуа.
Пәленi шакыру ма бұл басына?
Келедi қиналғанда кiм қасына?
Асығыс алған жоқ па кәте жасап,
арбалып сыршыл саздың ырғасына?
Сен әлде қи iшiнде гүлденген бе ең?
Тұлпарды көре салып, түрленген нең?
Жыраудың жарқылдаған жанарына
арбалу жақсы ма осы бiр көргеннен?
Жақсы ма жiгiттерге бiрден сенген?
Асты ма әдеп дейтiн шын мөлшерден?
Жығылды қалайынша жырауға ертең
дәм татып жүре алмайтын бiр керсеннен?
Жоқ әлде оныменен қашса ма екен?
Қайда онда тығыларлық басқа мекен?
Қалмай ма шалдың түсiп шеңгелiне,
кеулiмдi деп жүргенде астам етем?
Хиуаға бұлар түнде тартса ма екен?
Қызылдың құмына иек артса ма екен?
Жiгiтi ынжықтанып, тартса мойын,
Қалайша қор боп жылап, қақсап өтем?
Жоқ, жiгiт iшке мойнын тарта алмайды,
бұл оны ықыласымен арқандайды.
Екеуi екi атпенен тартып кетсе,
дұзақты түспек болған талқандайды.
Сонда олар бостандықта талтаңдайды,
үй тiгiп, балалы боп балпаңдайды.
Алысқа апарса да құрғыр қиял,
бұ неге арт жағына жалтаңдайды?
Дей ме әлде жатпасын деп ел қаралап,
мен көндiм, мойын сұндым, бер қанағат?
Тәркi ғып ұлан-асыр тойды қашса,
ата-ана қалмайды ма жерге қарап?
Бұл оны сүймедi ме ерге балап?
Бас қосса, құрар ма екен жөндем одақ?
Тап болып ертең қаяз, ақбалыққа,
тiрлiк пе күн елткенi көл жағалап?
Мен қалай қатты ұнаттым ондай жанды?
Кейiннен момақан жан болмай ма әңгi?
Төккесiн ел алдында абырайын
әкесi кетпейдi ме көрмей мәңгi?
Батасыз сонда бұлар ел болмайды?
Батпас па жанға сонда көрген қайғы?
Таңдаған тең-тұсына тие алмаған
қайтерсiң қыз дейтұғын сормаңдайды!
Бай оған қалың бермек басынам деп,
тоқал ғып, абырайын асырам деп.
Басынан арылмайтын ертең таяқ,
жаласы қыз баланың шашынан көп.
Бұл тiпте ойламаған тасынам деп,
қайдағы бiр жiгiтке асылам деп.
Арбалтып түннiң тәттi бiр дәмiне,
басына қайдан келдi осы нәубет?
Қу тiрлiк сүргенше деп дөрекiмен,
салдырды сабыр етпей неге түрен?
Ертең Хан сезiк алып, салса бүлiк,
ел-жұртқа бұл қарайды не бетiмен?
Ол сонда ет кеседi қоң етiнен,
азарды тартқызар көп төбетiнен.
Төртпақтап, дүре соғып, берсе де азар,
бұл демес шандыр беттi өбетiн ем.
Көрген жөн татар дәмнiң кәзiр бәрiн,
бiледi өзiне ордың қазылғанын.
Болжайтын келер күндi көреген кем,
маңдайға көред те не жазылғанын!
Әрине, жөн ескерген жазым жагын,
қазақтың кiм қорламас әз ұлдарын?
Шалынса құлағына мына жағдай,
бiледi шешесiнiң бажылдарын.
Бұл сонда өкiнбек пе, нағылмақшы?
қайтадан болады ма қағынбақшы?
Тартқандай қамырдан қыл, түк сездiрмей
еппенен етер ме бұл бәрiн жақсы?
Көрермiз! Мұндай кезде сабыр жақсы.
Деме елдi бұйдарықсыз, бәрiн бақсы.
Онан да оңаза дәм ойды арбалтып,
теңiңдi ақ төсiңде дамылдатшы!
Сүй оны! Сүйгiз! Сорғыз! Болғай жомарт!
Аш омырау! Кер келсапты оңбай қадалт!
Алқындыр! Алқымды бер! Ал тамақтан!
Дiңкәләт! Жатқан жерде сормай бадалт!
Ентiктiр! Есiн кетiр! Есiле жат!
Көзiне шел қаптаттыр көсiле қап!
Ынтықтыр! Ынтызар қыл! Ырық берме!
Ышқындыр! Ышқырды жат шешiп олақ!
Тiрлiктiң осы татар бар тәттiсi,
жоқ батар жауырынына жантақта iсi.
Өмiрi қыз көрпесiн аша алмайды,
сыбырдан сескенетiн жалтақ кiсi.
Келедi шын кермалды бұл тапқысы,
жоқ ешбiр ыржақай мен жыртақта iсi.
Бар шырын бұл жыраудың сорғысы бар,
белiнде тұрған кезде бұрқап күшi.
Таң атты. Жүр дабырлап қатын-қалаш.
Дәм шашты пiсiп жатқан шатырдағы ас.
Барады қой өрiске, күртiлдетiп
сұлыны, ат қойыпты ақырға бас.
Айпара сәл босаған, көзiнде — жас,
дәл кәзiр сезiп отыр өзiн қораш.
Езiлiп қалған екен бар мүшесi,
бұл оны байқамапты кезiнде мас.
Орнынан түрегелдi сәл талтаңдап,
қиынға түскен нәпсi алған таңдап.
Жуынды. Сүлесоқ боп асқа отырды.
Жеңгесi жымыраңдай қалған барлап.
Жатқан жоқ мұның жайын ешкiм аңдап.
Бiр қатын өсек айтып, бөстi зарлап.
Ет келдi. Қол шаярлық су құймаққа
жеңгесi сыртқа шықты бос құманды ап.
Бала у-шу асықтарын жүрген атып.
Бұл сарсаң бiрде тұрған, бiрде жатып.
Аптабы қызылқұмның аңылжып тұр,
болмады қас қылғандай күн де батып.
Торғай тұр бiр орнында тастай қатып.
Аспанды салар бұлт жоқ астарлатып.
Қарайды батыс жаққа жалтақ-жалтақ,
Айпара екi көзден жас парлатып.
Ақыры күн де батты. Ұлы көктi
кеугiмдер табиғаттың түнi жеттi.
Тыпыршып, тыным алмай жатқанда қыз
етегi шымылдыңтың жыбыр еттi.
Жiгiттi қатты қысып, сүйiп өптi,
төске төс қабысардай тиiп өттi.
Алқынып, алабұртып, ала қызып,
бимәлiм басталды ойнақ құдiреттi…
Тiлдестi түнде екеуi қатар жатып:
— Хиуаға қашсақ кәйтед сапарлатып?
— О қалай болмақ сонда?
— Қалайы жоқ.
— Қумай ма онда әкеңiз бақандатып?
— Бәрi бiр жатырмыз ғой басты шатып,
— Солай ғой… жүрмегесiн қасты ұнатып…
— Қорыққан шегiрткеден егiн екпес…
— Кел берi! Болар әлi… басқа уақыт…
— Құдайдың басқа келдi бұ қырсығы…
— Кәйтесiң? Көрмей тұрмын… түбiн, шыны…
— Көрермiз…
Ендi қайта қыз құшаққа.
Бiрдеме тән түбiнде жыбыршыды.
Қозғалды, қайта итiндi, қыбыршыды,
қан тасты, көз жұмылды, қылымсыды.
Бiр кезде бiтпес бүлкiл бойға дарып,
Айпара ақырын ғана ыңырсыды…
14
Арада қызықпенен бiр күн өттi,
түн бойы бұл Ержанды сүргiн еттi.
Отауға түн ауғанда зып ете қап,
жасады таңға дейiн түрлi кептi.
Тапқызган қыз жанынан жылы лептi
жастықтың әлегi көп құдiреттi.
Аңсарын жаңа тапқан Айпараның
ақыры ұзатылар күнi жеттi.
Дәл ертең аттанарлық күн дегенде,
Айпара жоқ ешқандай үндеген де.
Қаны ойнап ақ бетiне шыға келген,
ұқсайды жас жауқазын гүлдегенге.
Өзгерiс байқалмайды бiр көрерге,
қыз да бiр, қымыз да бiр мың кереңге.
Тек қана сыртқа теуiп тұрған омырау
тұрғандай кәу боп не дүрбелеңге.
Тартыпты жөне жалпақ жауырыны,
бiр заттан жаншылғандай ауыр, iрi.
Ажарлы кең қабаққа қонған кiрбiң,
көрмедiм дегендей көп сауығыңды.
Жарғандай жаңа пiскен қауыныңды
сүргендей қысқа, қызық дәуiрiңдi,
көзiне қонған бiр от бiлдiрердей
iштегi жатқан соғып дауылыңды.
Ел бiрақ шуылдайды оны аңғармай,
той жатыр әлге дейiн тамамдалмай.
Қоңыраулы қыз күймесi болды дайын,
жегiлдi қаба жалды ат оған парлай.
Тиелдi оған жасау алған арнай,
арт жаққа жайғасылды тең қанардай.
Артылды төрт-бес нарға киiт, киiм
құда үшiн атақ-даңқы жер жарардай.
Қолы ашық мұндай байға бермес пе ие?
Жан едi ол иманына төнбес күйе.
Жағалы Айпараның еншiсi деп,
жүз ат пен бердi және он бес түйе.
Қолының сақилығын шын бiлдiре,
көрсетiп үрдiстi де, үлгiңдi де,
боз шекпен, жығалы тон, атлас шапан,
ол бердi, қасқыр iшiк, сүлгiңдi де.
Қалың ел жиналысты түске жақын,
үрдiстi тағы тұтты ол ұстанатын.
Жастарға Мағзаман пiр бердi бата,
қызығың болмасын деп қысқаратын.
Жасауыл Ханның болды ерттеп атын,
iстелдi барлық қызмет атқаратын.
Жағалы бата берiп болғаннан соң,
тақалды уақыт та аттанатын.
Қоймаған Ханға ерiксiз тимесiне,
қыз сыңсып, мiндi, мiне, күймесiне,
Сәл тоқтап, Ержан жаққа бiр қарады,
дегендей кеттiм жаттың дүниесiне.
Содан соң барып күйме iргесiне,
отырды түскендей жау түрмесiне.
Қарады терезеден тағы Ержанға
таттырған түнi бойы сұм несiбе.
— Ал, тарттық!
— Аман-сау бол!
— Жақсы, ағайын!
— Ашылсын, айналайын, бақ-талайың!
— Қоса ағар қосағыңмен! — деген сөздер
Қуаңның шуылдатты бар маңайын.
Жеңгесi бикешiнiң бiлген жайын,
бiлдiрмей, бұған, тауып бiрде ыңғайын,
берген-дi қыз жүзiгiн. Мiне, күйме
қозғалып, кеттi өзектiң құлдап сайын.
Жортады нөкер шөлден безiнгендей,
Хан селқос бiр сұмдықты сезiнгендей.
Күймеден Айпара қыз қол бұлғады,
айрылған ботасынан боз iнгендей.
Қалды-ау бұл сол сылқымның жүзiн көрмей,
iшiнен әлденеге кiжiнгендей.
Шыдамай сол сәт Ержан терiс айналды,
бiрдеме болды iшiнде үзiлгендей…
Күйзелдi қыз ұзатқан ел де қатты,
сыр бердi Жағалы да кең қабақты.
Жаулықтың ұшыменен көзiн сүрткен.
қатындар қайғыланып, шерге батты.
Бұл кезде сайдан шығып тамам атты,
бетке алды ақ тақырлы кең алапты.
қарады Ержан соған сең соққандай,
қимасы… ақырын ұза-а-п бара жатты.
15
Қызылды бiрнеше күн дүсiр еткен,
той бiттi желдей болып ұшып өткен.
У-шу боп жатқан ауыл құлазыды,
бiр сәтте көлдей болып құсы кеткен.
Жұрт тағы тарап жатты келген лекпен,
жастар да тарқады атын көлбеңдеткен.
Қонақтың өз аулына көбi қайтты,
ән мен жыр, болмай iсi, ендi ермекпен.
Ержан да қайтпақ болып қайымдалды,
қапқа сап домбырасын дайындалды.
«Қап, оны алып неге қашпадым?!» — деп,
жанында жазылмас бiр уайым қалды.
Және де Хан есебi анықталды,
шошынып әлденеден халық қалды.
Тоғашы сол арада iшке кiрiп,
жырауды бәйбiшеге алып барды.
Жерi жоқ көйлегiнiң тұрар қынап,
бәйбiше, ықыласы бұған құлап,
жаудырып бар алғысын, шапан жапты,
мiнгiздi және астына сұр арғымақ.
Қалғанын айтып жырдың бұларға ұнап,
сұрады мекен жайын тұрар жырақ.
— Үй осы…
— Мың алдыраз.
— Қонсаң болад.
— Рахмет, ауыл шалғай Раңды жақ. —
Сол жерде әлденеге бұл кiдiрдi,
әйелге айтты сылтау түрлi-түрлi.
— Кейiндеу…
Бәйбiше бұған:
— Кейiн, қайным,
келерсiң қиып бiзге бiр күнiңдi, —
дедi де, байпаң басып үйге кiрдi,
жүрiсi салады еске үйрегiңдi.
Беттедi берген атқа Ержан селқос,
бердiң деп неге қолдан сүйгенiңдi.
Ынжықтық мұның жанын малды датқа,
құланша қана алмады нәрлi каққа.
Келдi де, топыраштан сыпырып ап,
ер салды тыпыршыған арғымақка.
Жануар келген екен әбден бапқа,
елiрiп, қарайды үрке ол жан-жаққа.
Қонғанда ер үстiне, ала қашты
түскендей аяқ асты тор, қармаққа.
Көнбестей ол тақымның бөтенiне,
тек асып ауыздықтан кетедi ме?
Көндi ақыр. Ержан ендi сызып бердi,
ертiп ап шабан атын жетегiне.
Сүлесоқ. Бұдан қайғы етедi ме?
Айпара айналмады некелiге.
Күрсiнiп, бұрып алды аттың басын
Қармақшы жақта жатқан мекенiне.
Көсенiң асқан кезде төбесiнен
алдынан аңқи соқты жел есiрген.
Келедi бар жағдайды таразылап,
түскендей тәуекелдiң кемесiнен.
Шықпайды Айпара қыз әлi есiнен,
бұл татты талайлардың дәмесiнен.
Ол өзi… iшке түскен бiр уайым
кетпейтiн жiгiттiктiң кәдесiмен.
Қазақтың мұндай емес басқа қызы,
алдында көлбеңдеп тұр ақша жүзi.
Өзiне көрiнедi мың қаралық
ақ құмға Айпараның тастар iзi.
Шынында ол өскен ерке Сырдың қызы,
көздi арбап, мың құлпырған шын қырмызы.
Әркiмнiң маңдайына сыя бермес
жарқырап туған таңның бiр жұлдызы.
Кiм соны шын бағынан қақпалатқан?
Алдынан қайдан шықты жатқан оқпан?
Тектi қыз бара алмаған тең-тұсына
бекерге сүйгiздi ме ақ тамақтан?
Әсем нұр қос жанарын жарқылдатқан,
естi қыз әр шаруаның артын баққан
Қалайша тәуекелге буды белiн,
жырды артық көрiп тақтан алдындатқан?
Қалайша бұған берiк ашты құлпын,
атаның бұзды неге басты ғұрпын?
Жастықпен iстедi ме, дым бiлместен
басқа жау жаудырады-ау деп тасты бiр күн?
Жоқ әлде қылғаны ма ол кеуiл ырқын?
Кәуiпке қимады ма өмiрiн тым?
Кәрiге жем болғанша, өз теңiммен
өтейiн ойнап, қыздың деуi мүмкiн.
Ақыры неге апармақ бұл несiбе?
Дейдi оны сезе қалса, кiм кешiрем?
Аялы Айпараның қара көзi
шықпастай бұ қасқаның мүлде есiнен.
Үрдiстiң ұзап шыққан түрмесiнен
кеуiлi киер емес мүлде жүген.
Келедi алабұртып, iш толқыны
салардай бiрде шатақ, бiрде сүрен.
Бұл өзi соған неге бола алмастай,
жанына түскен бiр iз жоғалмастай.
Айпара маңдайына жазылмады,
таптырмас талпынсаң да ақ алмастай.
Бұл неге жұғыспады оған жастай?
Тектi жан жүрер ме едi сенен кашпай?
Кетпедi қызбен неге Хиуа жаққа,
етiп еш қуғыншы iзiн таба алмастай?
Ол толқып аса бердi талай белден,
төтелеп өте шықты тоғай жерден.
Ойлайды арты неге соғады деп,
кешегi шаруасын оңай көрген.
Бiрде өттi қиыршықты тастақ жерден,
бiрде өттi құмшауытты қасқа белден.
Келедi ол сары аяңмен тiзгiн тартып,
бiлместен бiр қатердi басқа төнген…
16
Көрмеген орта жолда бiр сабырлап,
болдырмай тiрсектi нар құмда сырғақ,
отырған Хан ордасы Қарақұмға
ұлы көш жеттi аптада ырғап-жырғап.
Көп екен халық тойға келген арнап,
жаршы жүр той туралы елге зарлап.
Жаудырып «қосағыңмрен қоса ағарды»,
қарайды бұған күле жеңге барлап.
Жастар да жиналыпты тамашаға,
шуылдап шапқылап жүр бала-шаға.
Тойға деп он шақты мал байланыпты,
қымыз да келiп жатыр саба-саба.
Хан отыр ойға батып оңашада,
бұл күйеу Шөмекейге бола сала,
айтқаны қол жина деп қалай болмақ,
салғаны әлден қолға жараса ма?
Оныңа көнедi ме батырларың?
Мақұл ма ордадан дәм татырғаның?
Мына той өткен бойда, басын қосып,
барлығын жөн-ау… қайта шақырғаның.
Сол кезде қатты қысып тақым жақын,
дүнияның айта келiп капылғанын,
алқаның талқысына салсаң сөздi,
аңқауды емес пе осы қатырғаның?
Сол оңай өзi,
сiрә, iске асар ма?
Олар да орыспенен ұстасар ма?
Керауыз бұ қазақтың көткеншегi
iлгерi басады ма қыстасаң да?
Жоқ, олар сұлтанменен достасар ма?
Бұйығы қалыбымен қоштасар ма?
Шыңғыстың жолыменен анда болып,
бұларға қалың қазақ төстi ашар ма?
Ондайда шошыр едi шын жаулары,
бұл болмақ ел кеуiлiнiң кiмге ауғаны.
Қосылса бұған Қоқан Хиуа менен,
ол кезде нұр үстiне нұр жауғаны.
Бiрақ та кiлең батыр бұл маңдағы
көп болды кiсiмсiнiп ырғалғалы.
Жел қайдан шықса, солай домалайтын
олар да боз даланың бiр каңбағы.
Әзiрге батпай не бiр шошыр ойға,
не тентек, не батырды тасырайма
жiберiп алдын ала шабарларын,
ұлықтап шақырған-ды осы тойға.
Әрине, теңгермейдi бәрiн қойға,
не бәрi дәулет бiткен қарынбай ма?
Малменен ықыластарын ала қойса,
қарыны ақ түйенiң жарылмай ма?
Ал егер… соларға бұл сенбей ме ақыр?
қоржынның екi басын теңдей ме ақыл?
Шақырған алдын ала қонақтары
нелiктен әлге дейiн келмей жатыр?
Әлде олар дей ме бұған қозғама құр,
мәз бе олар бере қалсақ аз ғана пұл?
Татулық, бiрлiк жайлы сайрағаның
тұратын тiл ұшында сөз ғана құр?
Соны ойлап, Ханның көптен қатты басы,
жетпедi ұғынарлық көпке расы.
Қасынан қай кезде де кетпейтұғын
тағатын төлеңгiтке жоқ кiнәсi.
Домалап тұрған кезде өрге тасы
дос болып, талай ердiң келдi атасы.
Түскенде тасы таудан, сырт айналып,
боп шықты ол қуларың сонда қасы.
Бұл осы мiнез бе адам шыдағандай?
Бар едi бұ жағында кiнә қандай?
Алғасын жау жағадан, ит етектен,
ығысты бұл қалың қол құра да алмай.
Ендi Хан мына жұртқа ұнағандай,
талабын қалың топыр құп алардай.
Осы елдiң бар батырын шақырған-ды,
әуелi жағдай сұрап, сынап алмай.
Түс ауды. Қызметшiлер абыр-сабыр.
Ет асқан қатын-қалаш дабырлап жүр.
Айтқанның «құтты болсын» көбi қара,
атақты кiсiлер жоқ маңында бiр.
Сонда осы болғаны ма таланы тұл?
Қазақта туған жоқ па жаланып ұл?
Осылай бiр бiрiне қырыс келiп,
қазекең көрiнгенге таланып жүр.
Тоғашы осы кезде iшке кiрдi:
— Алдияр, шақырып ең түске кiмдi?
— Батырлар келмедi ме?
— Көрiнбейдi.
Не iстейiк?
— Тоқтатпаңдар iстерiңдi.
Ол сол кез сыртқа асығыс қадам ұрды,
тарттырды үй бас сайын табағыңды.
Тойдырып керелете ет, қымызға,
кеуiлiн бар қонақтың таба бiлдi.
Той бiттi. Дуылдасқан ел тарады.
Бiрер би кеттi аулына Арқадағы.
Сауық бар қыз жеңгесi түскен үйде,
жастар көп ән айтудан бар талабы.
Келмедi мынау жұрттың зәнталағы,
мұны елдi көрмегенi-ау марқабалы!
Шарадай басын мұның шақшадай ғып,
жатқан ой, күдiк мүлдем тарқамады.
Әр сөзi қандай едi бұрын жұртқа,
әлде бiз бiр пәлеге ұрындық па?
Түн болды. Хан ақырын кiре бердi
Айпара жатқан көлдей шымылдыққа.
Қол созды. Ол селк еттi. Сырдаңдық па?
Еркектi алғаш көрiп тұрғандық па?
Iзiнше тырп етпестен жатты Айпара,
қозыдай шалынатын құрбандыққа.
Ұмтылды ол бiр бөлекше iс қылғалы,
құлаққа жалынғанын кыстырмады.
Сол мезет… түктi қойнау қақырмай,
қалыңдық шошып, шоршып, ышқынбады.
Тағдырдың сонда кiмге тұс қылғаны?
Бiткен бе босап бауы ышқырдағы?
Бұл iске әлде әзәзiл бастады ма,
қуатын қаңсық күңге құстырғалы?
Бұ қалай? Бiтеу емес алған жарың?
Алашқа болмай ма әйгi алданғаның?
Өн бойы қалш-қалш етiп сыртқа шықты,
асығыс кие салып Хан дамбалын.
Тiстедi оңашада ол бармағын,
қараға жаңа бiлдi қор болғанын.
Сездi iштей алдап, арбап нұрлы көзбен,
iшiне кiм түскенiн әлгi арнаның.
Отырды ол әлдекiмдi күстәналап,
кенеттен бойын жиып, тысқа қарап:
— Жасауыл! — деп шақырды. Олар жеттi.
Хан шештi көрсетпек боп күш ғаламат!
Бұйырды жырауды iштей қасқа балап,
қор қылды ол Ханның басын маскаралап.
Сол кезде босай бiлмес қатты жанның
көзiнен бара жатты жас домалап…
17
Орданы дүрлiктiрдi Хан әмiрi,
көрмеген өмiр-бақи дала мұны!
Майдан тұр қалың топтың ортасында
кесiлер ердiң құны, дана құны.
Жасауыл жұрт бiткеннiң құбыжығы
қаптап жүр. Айтқан сөзi нығыз, iрi!
Он қатын насаттана сампылдап тұр,
ордаға жиналган жұрт ығы-жығы.
Барлығын ерсi жағдай шуылдатқан.
Бiреу жур жағы тынбай, дыбыр қаққан.
Дұшпаны Жағалының Шынболат ит
күледi жорасына жымың қаққан.
Бiреуi шошынбайды қиянаттан,
көбiнiң дәмесi зор зиялы аттан.
Келедi Айпара мен Ержанды алып,
құрым сап, беттерiне күйе жаққан.
Хан отыр кекiрейiп, ыржағын да,
жақтырмай мынау көптiң қылжағын да.
Өткiр көз, қара сұр бет, қатқан қабақ
өмiрi жiбiместей сұм залымға.
Шыңғыстың басып отыр ол заңына,
ол сылтау абыройын қорғауына.
Жазаны жұрт шошырлық бермек кәзiр,
Сырдағы сес керсетiп малды ауылға.
«Жарғының» сүйенiп бiр тармағына,
шашпақшы шатақ дәрiп жан-жағына..
Екеуiн қарсы алдына отырғызды,
iлiнген Ханның қатал қармағына.
Хан тiктеп екеуiне қарамады,
бетсiздер мұның жанын жаралады!
Тапсырған жаршысына түнде қатаң
хабардың көпке жөн деп тарағаны.
Будан тыс қандай қылар бар амалы?
Шөмекей шабар, келсе шамалары!
Хан қарап жаршысына, идi басын,
жар сал деп турған жұртқа даладағы.
Ол заржақ дедi:
— Ата-ана алғысына
кенделер ұшырайды қарғысыңа.
Бiз кәзiр бұзықтарды жазалаймыз,
сүйенiп ата-баба жарғысына.
Онда айтқан: еге болмас бiр басына,
егерде ұшырассаң ұрғашыға,
ондайды шашын тұлдап, жалаңаштап,
қуып шық деген сабап қырға асыра!
Сол дұрыс. Бұзғаннан соң тәңiр ойын
жүрiптi мына жәлеп салып ойын.
Аямай ақсүйекке таңба басып,
тақсырдың төктi сүйтiп абыройын.
Ол мынау текешiкке ашқан қойнын,
демеген кыз атымды бастан жойдым.
Шығарды сүйтiп олар масқарасын
қымызы аққан селше тасқан тойдың.
Бұқа боп сүре қалған тасыр мынау
демеген Хан иемдi басындым-ау!
Сұлтанды сұмпайылар қорлағасын
төбеңе шықпайды ма тәсiлдi жау?
Құрыса ханымдарда басын бұлдау,
жемей ме алдыңдағы асыңды жау?
Сол асты мына ит тиiп арамдады,
жазасы қу жәлептiң — шашын тұлдау!
Тұлдаңдар! —
Ол тоқтады арлап барып,
содан соң қарады елге салмақтанып.
Жұрт самсоз қызық үшiн жиналысқан;
жендеттер қыздың шашын алмақ па анық?
Сыр бермей тағында отыр Хан баптанып,
қоясын ол да iштегi алды ақтарып.
Қатыгез қара сұр бет түнергенде,
бет-өңi сала бердi қалмақтанып.
Сол мезет екi жендет жетiп барды,
бiр теуiп, айбат қызға етiп те алды.
Сүйрелеп, ұрып-соғып, жатқызды да,
қайшы iздеп екiншiсi кетiп қалды.
Келгесiн ол, жiбердi түйiп әңгi,
дегендей жүрсiн айтып күйiк әндi,
бiлекке қос бұрымды орап жендет,
түбiнен… қаршылдатып қиып алды.
Ол сосын сол бұрыммен көптi аластап,
жазаның әдiлдiгiн топқа растап,
тобыққа төгiлетiн қос бұрымды,
жiбердi жатқан жанып отқа тастап!
— Оһ?! — дедi жиналған жұрт өзiн жасқап,
мұндайда сабыр саспақ, төзiм қашпақ.
— Көр! Көр! — деп
жұлығыштаумен жүр жендеттер
болғанды алақанмен көзiн баспақ.
Хан самсоз. Сырттай түрi сықылды iзгi.
Иiрiп қатын-қалаш, бұкiл қызды,
бiр жендет сапқа тiзiп, әкелдi де,
бетiне Айпараның түкiргiздi.
Бiлдiрдi Хан iшiнде қатқан мұзды,
қорлама дегендей дәм, татқан тұзды.
Қара май жақтырды да күймесiне,
лақтыртты естен танып жатқан қызды.
Содан соң қалған бiр мұң шалып өнiн,
жайнақ көз, қалың қабақ, қалың ерiн
Ержанды екi жендет сүйредi алға,
орданың шығардың деп әбiгерiн.
Жаршы айтты:
— Iрге жақтан етер ебiн
сен өзiң тауда ойнаған теке ме едiң?
Тәртiпке текешiктiң түскенi жөн,
сылыңдар мынау иттiң екi енегiн!
Сол екен, екi жендет сүйреледi,
жан-жақтан халық шулап кимеледi.
Шоғына сексеуiлдiң қызған қанжар
дайын тұр екi енектi түйрегелi!
Бұйрық бар, жендет неден именедi?
Құрысын текешiктiң күйлегенi!
Төртпақтап оны жерге жатқызғанда,
Хан колын көтерiп қап:
— Тиме! — дедi.
Басталған тына қалды бүткiл жұмыс,
қынапқа қайта кiрдi зытқыр қылыш.
Не айтар деп, қарап Ханның ауызына,
бiр сәтке бола қалған жұрт тым-тырыс.
Айнала басқа ұрғандай тыпа-тыныш.
Ауызға құмқұйылған, шықпай сыбыс.
Хан айтты:
— Текешiктiң айыбы не,
жасаймын десе жәлеп сырттай жүрiс?
Ол бұзау от iшiнде ойнақтаған,
ноқтасын ол бiр асау байлатпаған, —
дедi де, сазарумен Хан қарады,
жыраудың қос көзiне жайнақтаған.
Екi көз қайғыны әлi жайлатпаған
жалт та жұлт! Шақты аңсардай тайрақтаған!
Жыны кеп соған Ханның, дедi былай:
— Болар деп арты мұндай ойлап па адам?
Бұзыл деп ол сайқалдан өтiндi кiм?
Ол соқыр, соны растап отыр бүгiн.
Ойламас ертеңгiсiн ит те соқыр,
көзiн ой! Жүрсiн жырлап соқырлығын!
Үкiм сол!
Ақ-қарасын сөз қылды кiм?
Кiм айтпақ Ханның еткен озбырлығын?
Екi iстiк быж еткенде, бажыл шықты,
сұр түнек баса бердi көздiң нұрын!
Содан соң бикешiнiң бермесiне
жүрсiң, деп, еге болмай сен несiне,
ортаға төртпақтатып жатқызды да,
соқты олар тоқсан дүре жеңгесiне.
Осылай тап болды олар көрмешiге,
айналып аяқ асты өлмешiге,
қуанды қалғанына аман-есен,
деп бiлiп тiршiлiктi зор несiбе.
Дүре алды қалғаны да бастан аяқ,
жатқан жоқ жендет кәрi, жасқа қарап.
Ержанды, Айпараны жеңгесiмен
сол күнi қуды ордадан масқаралап.
Кеттi олар небiр тастақ жердi аралап,
ақырын жүре бердi ел жағалап.
Күйменi қара майдан тазалады,
құрымды лақтырысты салған орап.
Бiр көлге олар жетiп жуынысты,
анадан қайта бәрi туылысты.
Айпара киiп алды басқа бөрiк,
өмiрi iстемеген қылып iстi.
Ержан мен ендi екеуi ұғынысты,
жамандық жасағаннан түңiлiстi.
Түбекке Сыр жақтағы болды бармақ,
ат басы ендi солай бұрылысты.
Жылжыды. Көл жер емес сiрә қонар,
дестi олар, мұны iстеткен құда болар.
Арада екi түнеп, үшiншi күн
Кеңтүптiң түбегiне құлады олар.
Ержанның осы жерде ауылы бар,
туысы, әке-шеше, бауыры бар.
Келгенге бұлар аман қуанысты,
мына iске болды қатты қауымы дал.
Шаруадан бiрақ қандай шықпақ-ты дау?
Керек пе мылтықпенен қыртты атқылау?!
Дұрысы, Ержан дедi, жырмен кек ап,
құлағын домбыраның мықтап бұрау!
Сол түнi жандағы ерiп нөпiр қырау,
Айпара жайнатар деп отын мынау,
сұлтанның соқырлығын бетке басып,
аңырады таңға дейiн… Соқыр жырау.
18
Кiсiнiң келе бермес мүлде ойына,
жатпайтын адамшылық ыңғайына
жазасы қос боздаққа берген Ханның
тарады желше жүйткiп Сыр бойына.
Тағдырды жазсын десiн маңдайына,
бұл жаза жатпақшы оның қандайына?
Хабарды ести сала қол жинады,
ер Құлқа жатқан қызыл шалғайында.
Атағы тарап кеткен көп алашқа
батырлар ар қорғауға жарамас па?
Қол құрап жатты асығыс батыр Бәйтiк,
Қыстаубай, Пышан, Сәмет, Тоғанас та.
Төренi көп дәнiккен арам асқа
шақырды ел ерлерi жағаласқа.
Намысы кеткен қозып Аспан, Бозғұл
ұқсады мәмiлеге қарамасқа.
Және де Ханның қолын қырғызғалы,
қаһарлы бетiн әрмен бұрғызғалы,
Қаратай Елiкей мен екi сұлтан
казакты ертiп шыққан Ырғыздағы.
Осыны ести сала бұл мұздады,
суық сөз бiр орнында тұрғызбады.
Бiр түнi Хан ауылы ауа көштi,
қазақтан аспақ болып қырғызға әрi.
Аямай көштi қуды өлерiнше,
жасаққа атты бердi керегiнше.
Хан ойы —
Ақмешiтке аяқ басу
батырлар бас қосамын дегенiнше.
Қамысты нудан өтiп мүше-мүше,
дүре сап жазалады, кiсi ерiнсе.
Бар атты Қараөзектен жалдап өттi,
оралған Сырдың сұмдық кiсенiнше.
Осылай жиналғанша ел батырлары,
Хан ауылы Ақмешiтке жақындады.
Бұл қамал Қоқан сол кез сұрап тұрған
қала екен бiр алаңқай тақырдағы.
Қуанып жұрттың оған жатыр бәрi,
босады аттан бiр сәт тақымдары.
Ерулеп бiр күн қонды сол араға,
ұмыт боп күннiң кеше қапылғаны.
Бiрақ та iшiнде көп жат жұмбағы
қамалдың бегi мұны жақтырмады.
Қорықса керек о да қазақтардан,
шабары қайта-қайта шапқындады.
Осылай о да маза таптырмады,
қирардай бұл келгенге сарттың тағы.
Хан дұрыс деп бiлдi iштей ауылының
көшуге кез келген сәт тақ тұрғаны.
Ақыры ниет етiп тазармаққа,
мал сойып, дұға оқытып өлi аруаққа,
таң қылаң берген кезде түрiле көштi,
ат басын туралап ап Созақ жаққа.
Шамасы болмай ешбiр тоқтамаққа,
ұзақ жол шөлден өтер соқты азапқа.
Терiскей қаратаудың ығын алып,
жеткiзбей кеттi қуған көп қазаққа.
Созаққа жетiп барып бiр демалды,
ұмытты болған Сырда шырғалаңды.
Би, байын қоңырат пен Тамалардың
қонақ қып, шалғыздырды күнде малды.
Көбi елдiң дихан екен мүлде жарлы,
сарт шатыс, жердi бiлед тырнағанды.
Қоқаның қоқаңдаған қолмен келiп,
мұнда да салған екен бiр қамалды.
Қазақты ол тонаған түбi жаттай,
Қоқанға көш тартпаған ыңырантпай.
Қай жақтан кеп қалды деп қазақ Ханы
бегi жүр бұл қамалдың мұны ұнатпай.
Сонда да өз елатын шуылдатпай,
шошытпай, дау көтерiп дуылдатпай,
казақтар бас көтерер деп қорқады,
қуырған кеше ол бәрiн қуырдақтай.
Бiрақта бұған iшiн ашпайды бiр,
жылмаңдап, көбiк сөздi қақсайды құр.
Қарайды сұлтан оған сенбей iштен,
тап болған таланына тастай ғұмыр.
Кеуiлi ыстық емес, жылымшы бiр,
Қоқанға өсек тасыр бiрiншi бұл.
Бек бұған миман болып кеткеннен соң,
ордада өрши бердi қыбыр-сыбыр.
Бұ не, деп оңашада Хан ойланды,
бүлдiргi әкелмесе, жолай ма әлгi?
Тұр кәзiр Арқада — орыс, iште — Қоқан,
бұл бiлмейд қайсы жағын қолайлауды.
Көрген бұл талай шайқас, талай дауды,
жөн дедi мына бектен абайлауды.
Туылған бiр iнiсi көп тоқалдан,
қалайша әлгi бекке жанай қалды?
Кеуiлi көрiп соны, кеттi ауырлап,
түн бойы жатып алды жер бауырлап.
Осы ма көрем деген күнi мұның
iш жаққа ауған кезде көп қауымды ап?
Ақсүйек, бұл емес пе заты қымбат?
Iнiсiн ит қылмай ма ақырып-ақ?!
Басына кенет бiр ой түсе қалып,
сөз айтты бiр жансызын шақырып ап…
Бұл кезде қоңыр күзiң өткен жайлы,
Созақта жер аз екен көпке ыңғайлы.
Далада ықпанасы аз қыстаймын деп,
алмай ма басқа сатып жоқтан қайғы?
Бұл жақта үп етсе жел, шаң борайды,
дауылы соғар кезiн таңдамайды.
Төбесi аз, мидай жазық жерi сортаң,
мына жер болмас түбi малға жайлы.
Жүрер деп ертең осы елге батып,
жiберген бес жiгiттi жер қаратып.
Тiктiрмей киiз үйдi дайын отыр,
түйеге кетпек болып теңдеп артып.
Аздан соң келдi ордаға олар қайтып,
сайрады не сай, төбе, жотаңды айтып.
Бәрi де Шымкентке қол созым жер,
берер ме онда маза қоқан тәйтiк?
Одан да осы арада болғаны жөн,
тау жаққа аударылып қонғаны жөн.
Бұ жерде мазалайтын бiр дұшпан жоқ,
суыққа бала-шаға тоңғанымен.
Тапты олар бiр ықпана содан әрең,
баурайда жоқ ешқандай қора деген.
Жылқыны жеделдетiп қырға айдатты,
баяғы мал бағатын жобаменен.
Сойысқа уақ жандық қалдырғаны,
жүрмесiн қызылсырап балдырғаны.
Екi үйiр Түркстанға жылқы айдатты,
арбалап қап-қап астық алдырғалы.
Тiгiлдi үй, түстi арбадан теңнiң жары,
қымталды iрге етпестей желдiң зәрi.
Базаршы Түркстаннан келген күнi
астығын алды үлесiп елдiң бәрi.
Ол сүйтiп iстiң тапты ыңғайын да,
ешкiммен кеңеспедi бұл жайында.
Қаратты қабағымен өз аузына
орданың керауызы, қырбайын да.
Әркiмнiң таба бiлдi ау-жайын да,
кетпедi ол қу Қоқанның шаужайында.
Қар түстi. Хан ордасы қалды қыстап
қолайлы Қаратаудың баурайында.
19
Биыл қыс түспекшi деп ерте неге,
көп ауыл отырған-ды әр төбеде.
Баласы Кәрiбайдың Нағашыбай
қыстамақ болды ақыры жертөледе.
Кеңтүпке ықпаналы жер жете ме?
Қара оты көп маңайдан ел кете ме?
Қолдағы аз жандыққа сол нәпақа,
кәуiп жоқ бұлт құя ма, селдете ме?
Және Сыр бұл қонысқа жақын жатыр,
өлмейсiң, шаруа iстесең батыл-батыл,
Тулаған тайдай сазан, ақбалығы,
тек суға ау, қармақты батыр да тұр!
Осы деп ең қолайлы тапқан ақыл,
дегiзбей бұл шешiмiн жатқа мақұл,
қоянға кәнiгi аңшы қақпан құрды,
мiнiп ап шабан атқа баққан ақыр.
Аулайды балық Сырды бұл жағалап,
жатаққа келе бермейд мүлде қонақ.
Некелеп баласы мен Айпараны,
жақында той жасаған бiр домалақ.
Еткен-дi осыған да ел қанағат,
болмады жанына ерген жеңгеге мат.
Естiген кешелерi масқарадан
қалды деп Жағалы бай жерге қарап.
Соны ойлап, екшеп бәрiн жақтан түрлi,
өзiнше құдалығын мақтан қылды.
Қолдағы барын берiп,
ырза қылып,
Көсеге қыз жеңгесiн аттандырды.
Абайлап айт, деп оны сақтандырды,
күймеге бидайлы көп қап салдырды.
Жiберiп бiр жiгiтiн ер Құлқаға,
жiбiтiп берсiн, дедi,
қатқан зiлдi.
Ер Құлқа қайрап жүрер кiл жарағын,
бiлмейдi оны қалай тыңдағанын?
Төрт-бес күн өткеннен соң келдi жiгiт:
Бермешi батыр өзi бiр хабарын!
Ұлының ашқаны да бұл да бағын,
жайы жоқ дер ырғалып-жырғаламын.
Жертөле бөлек қазып бердi оларға,
тұрғанда томсырайтпай күн қабағын.
Еншi жоқ, бiр тамағы, бiр қазан да,
бай қызы калады ұйықтап күнде азанда.
«Келiнге көндiккенше сөз айтпа», — деп,
қақсайды бәйбiшесi Ұлбазарға.
Жан едi өткiр, батыл, ол ақжарма,
кей кезде еркек болып соғар балға.
Орыны екi езудiң — екi құлақ,
күлкiсiн қапысы жоқ тоғандарға.
Iшiнен қуанады соны көрiп,
қиялға шомад кейде берiп ерiк.
Бұрқанған байдың бетi берi қайтса,
жатқаны баласының жолы болып.
Ержан жүр әлге дейiн күңiренiп,
сұлтанды кейде сыбайд жыны келiп.
Жарайды косағымен қоса ағарса,
жүрместен екi араға сыбыр енiп.
Барлығын сездiрмейдi қыз Айпара,
кеткендей құшаққа алған сыз айқара.
Күлкiсiн естiп қалып түнде олардың,
iшiнен тәубәлайды жүз қайтара.
Он алты жасқа жеткен ол да бала,
бiлмейдi ол қорлана ма, толғана ма?
Көндiгiп жертөлеге кетсе болды,
келер жыл қыс қыстайды кең далада.
Ол бiр жәйт қолы жалға жеттiм дерлiк,
қуаныш тұрғаны асыл тектiң көнiп.
Бiр жайдан берiп хабар, Айпараның
барады ақша бетi сепкiлденiп,
Сол бұған тыңнан қайрат, екпiн берiп,
қайрайды жетпедiм бе, жеттiм бе ғып.
Бiр күнi ауға түстi көп ақбалық,
келгендей жанғанын жас оттың көрiп.
Бұларға жұрт тағады несiне сын?
Барымды iш, жоқ жағымды кешiресiң.
Мiне, ендi қыдыр қонған байдың кызы
өзiмен ала келдi несiбесiн.
Бiр күнi болған кезде кiшi бесiн,
қазанды дегенде оттан түсiресiң,
Құлқадан хабар алып бiреу келдi,
Нәкеңнiң басып, алып мысын, есiн.
Сөзiнше, бай Құлқаны жаратыпты,
ол болса әр жағдайды таратыпты.
Атаның жөн-жобасын алға тартып,
берi қарай байдың бетiн қаратыпты.
Жағалы ұмытыпты қалған дықты,
көркейсе болды, деп ол арман қыпты.
Бiр үйiр еншiге деп жылқы берген,
таңғалтып қорқасоқтай барған журтты.
Келедi оны құл мен жеңгесi айдап,
қоярсың ол отырар төр де сайлап…
Дегенде ол, Нағашыбай күле бердi,
болды-ау, деп мынау қызық көрмес ойлап!
Қорыққан шеге ме деп өзiне айбат,
шешесi айтар ма деп сөз лайлап,
мынаны естiгенде, Айпараның
кенеттен сала бердi көзi жайнап.
Iзiнше көзден жасы шұбырғаны,
бұ дағы иген бұған қыдыр дағы!
Ұшымен жаулығының сүрттi көзiн,
қайтқандай қиял құсы қырымдағы.
Мұндай жәйт болған емес бұрындары,
тосындау құлаққа жат мұның бәрi.
Қосылып ата-енемен Айпара қыз
мынаны жақсылық деп ырымдады.
Ол көштi бұрынғыша бұлданбасқа,
жайы да қосағының мүлдем басқа.
Тойымда жырлап бер деп кешелерi,
Ержанды кеткен-дi алып бiр Сарғасқа.
Ол жырау осы өңiрде жеке дара,
тойы онсыз ағайынның өте ала ма?
Көженi қонақ алға ендi алғанда,
келдi Ержан көп кiдiрмей екi арада.
Қылғасын әбден риза бұл жиынды,
Сарғасқа берiптi оған бiр сиырды.
Және де сәлем-сауқат, шапаны бар…
Тыймады Нәкең ендi ыржиюды.
Шапанды хабаршыға Ержан қиды.
Болмақшы ол құдай қосса, мал-жанды, үйлi!
Тез сойды бiр қозыны Нағашыбай,
қонаққа көрсетпек боп қалған сыйды.
Кеп қалды көршi-қолаң, ерiне ме,
қызметтен мұндай жерде шегiне ме?
Қозы етi тай қазанда жатыр пiсiп,
жетедi азына да, көбiне де.
Бiр жеңге дедi:
— Жырла!
— Перi неме!
Таңдаған қыз Айпара сенi неге?!
…Алған соң дауыс ашып, Ержан басты,
сол түнi «Көрұғылы» мен «Едiгеге».
20
Қыс түстi. Орда қалды апалақтап.
Қонғандай қытымыр шал сақалы әппақ.
Басында желтоқсанның бұлт түнерiп,
қар жауды таңға дейiн жапалақтап.
Азанда шықса, — төбе, жота да әппақ!
Ақ кебiн жапандай бiр сотанақ нақ.
Түндiктен сұрғылт түтiн тiк шығады,
зәрезеп болған желге өте алақтап.
Далада жүр дуылдап жас пен кәрi,
шырайлы ақ шарбы бұлт аспандағы.
Жамылған ақ көрпесiн дала сұлық.
Аңшының батпақ балға бас бармағы!
Аяздың сезiлмейдi онша зәрi.
Сыртта жүр қатын-қалаш, ханша дағы.
Барады ақ тақырда қоян зытып.
Қазақтың нағыз осы қансонары!
Мұндайда үйде омалып жатар-ды кiм?
Арқасы қозған не бiр сақалдының.
Астан соң, Хан бұйырып қондырды атқа,
қалдырмай бiрiн де еркек атаулының.
Шықты олар Бетпақ жақтың бетке ап қырын,
бұ жақты көрмеген ат таптап бұрын.
Мылтың аз. Кiл садақшы төлеңгiттер
түлкi мен қоян, қарсақ атпақ бүгiн.
Алға озды жасауыл мен батырлары.
Хан атын тежей бердi тақымдағы.
Жансызы соны күткен тебiнiп қап
көк атын, бұған арттан жақындады.
— Не бiлдiң?
— У бермек боп жатыр бәрi,
сатылды iнiң сенi қатырғалы.
— Рас па?
— Өллә-бiллә! Басым мiне!
Естiдiм әңгiменi шатырдағы.
— Апырмай, бұл туыстың iсi ме шын,
кiм деген сәурiк болып кiсiнесiн? —
Хан оған изедi бас.
— Ал мойныңа,
ар жағын… — сiлтедi қол, — түсiнесiң…
Көрсеттi-ау мына мұндар жауша өресiн,
демеген кiм ол итке дау себесiң?
Сыртынан сартқа сатып, таққа мiнбек
ол иттiң көрмек ендi әуселесiн!
«Қай жақтан болып туған таққа құмар?
Тең бе өзi бұған тиер атқаны дәл?
Жүруi жазым етiп әбден мүмкiн
жаманның кеулiнде лас батпағы бар.
Ондайдан қолайлы сәт жеттi арылар,
жауменен жүр ме алысып текке бұлар?
Оңаза өсекке ергiш оңбағанды
әлi де туатұғын көт табылар», —
деп ойлап, Хан тобырдан жекелендi,
аулақтап сақшысымен кете бердi.
Келедi тұяғымен аттың таптап,
тырбиған жусан менен бетегеңдi.
Жөн көрдi ол анау қырға төтелеудi,
бастады атты кенет төпелеудi.
Сол кезде қызғыш құйрық бұлаң етiп,
бiр түлкi қарсы алдынан өте бердi.
Бұл тездеп атқа қамшы сала бердi,
ат шапты дүрсiлдетiп қара жердi.
Келедi сақшысы да қатарласып,
қиқу сап, шуылдатып дала, белдi.
Кеткендей болып кәзiр бала кеуiлi,
аямай астағы атты сабады ендi.
Маңдайын тымағының көтере сап,
жүгiрген алдағы аңды жаңа көрдi.
Барады алғы жақта түлкi зырлап,
бұрады басын бұған бiр қырындап.
Сақшы айтты:
— Ол ана бiр тоғайға енсе…
таппаймыз… атсайшы ендi мылтығыңды ап!
Жатпады елiрген бұл оны тыңдап,
бар ойы — дойырымен перiп ұрмақ!
Жануар қаны қызған жүйткiп бердi,
барады қалың жантақ керi зырлап!
Мiнеки, жетiп қалды, мiне жеттi,
соғуды қақ тұмсыққа бiледi ептi.
Түлкi де залым екен, бiр жалт етiп,
мiнеки, сол жағынан шыға кептi!
Алғанша бұл оң жаққа, ол алыс кеттi,
түбiне Ханның ендi намыс жеттi!
Тағы да сұм түлкiнiң салды iзiнен,
қамшылап сыры көптен таныс көктi.
Түсiнiп ат жүйткiдi долбарына,
түлкiге қар боратып, барды ағыла.
Тiзгiнмен аттың басын шiрей тартып,
түлкiнi ол ала бердi оң жағына.
Мiне ұрды! Шеңгел болды оған таса!
қоңырауы сыңғырлады қоғамдаса!
Сол сәтте iндiгешке тыққан аяқ
құлады астындагы ат омақаса.
Хан сол кез ұшып түстi ер үстiнен,
кеттi аунап ақ қар көмген тегiс кiлем.
қалды оның бiр аяғы ат астында,
мына жер балпақтарға коныс бiлем.
Сол кезде ойбай салып сақшы жеткен
түсе қап, қол созды аттың астына өктем.
Оны сәл ырғап, қозғап, көтердi де,
құтқарды Ханды мынау тақсыреттен.
Көк аттың кеткен сынып жiлiншiгi,
бұлқынды ол, сермеп аяқ, бiр ыршыды.
Хан аяй қарап тұрды серiгiне,
бiрдеме тамағында жыбыршыды.
Осы атқа аян едi бүкiл сыры,
ол және тұрмақ болып тыпыршыды.
Ендi кеп серiгiне түскенi ме,
дүмелген қу дүнияның бұ қырсығы?
Ең қиын бұдан асқан бола ма сәт?
Бiз кiмбiз бiр көмекке жарамасақ?
Хан айтты:
— Оташыга апарыңдар,
қиналтпай жануарды, шанаға сап!
Ол сосын шыдай алмай бұрылды жалт,
қалады қарды кешiп жүрудi шалт,
Iшiнен келедi ойлап, о жасаған,
түлкi боп кеттi ме, деп, бұрынғы салт.
Сол кезде қыр астынан шуыл шықты,
түсiндi, бастады өзi бұ қырсықты.
Бетке алып жүре бердi орда жақты,
баса алмай iшiндегi тымырсықты.
Қинайтын болды-ау тағы бүгiн жұртты,
қалайда беттегi ашпас шымылдықты.
Мерт болды қансонарда әңгi iнiсi!
Ол сүйтiп әлеуметтiң дымын құртты!
Деген бұл ұл өсiрем, қыз өсiрем,
кетпей тұр кешегi бiр ыза есiнен.
Өзiне осы керек! Саспақ теке!
Келедi ол қарды кешiп тiзесiнен.
Сонда осы салғаным не елге сүрен?
Сен дағы тiрлiктiң жәй пендесi ме ең?
Шақ келiп калған жоқ па иман ойлар
мәңгiлiк демейсiң бе жерге сiңем?
Жо, жо, жо-о-қ! Сақта тiрлiк бұлтаңынан,
айрылса, күнi қараң, бұл тағынан.
Ондайда күшiгiнше көзiн шұқыр
көредi шын қорлықты сұлтаныңнан.
Мазақты көрмек және жыртағынан,
қорлайды көзiне iлмей кiл қағынған.
Кеткесiн қолдан билiк, мал мен дәулет,
түк өнбейд кейiнгi еткен тыртаңыңнан.
Онан да… тақты берме өлгенiңше,
алдап қой ақымакты, бер де күлше.
Орныңнан қозғалмайсың, мына топыр
әр кезде дәрежеңнен кем көрiнсе.
Несi айып арам койша өңгерiлсе?
қырғын сал қаскөйлердi жеңгенiңше!
Айқасып арыстанша өткен дұрыс,
кем болып, қорлық, зорлық көргенiңше!
Сен сонда көп тұрасың сұрап халық…
Далада Хан тұр әлi жырақтанып.
Жансызы осы кезде жақындады,
келатқан жетегiне бiр атты алып.
Осыны жансызы еткен ұнап қалып,
бiрақта айтқан емес сыр ақтарып,
Талайды ебiн тауып мерт еткен ол
алдында көрмеген-дi бiр ақталып.
Ол жүрмек құдай көрiп мұны мәңгi,
соны ойлап, көкiрегi жылыған-ды.
Серпiлiп сол сәт сұлтан оңаза ойдан,
әкелген жансызы атқа мiнiп алды.
Содан соң оған қарап сұрақ салды:
— Не болды?
— Аттан қатты құлап қалды.
Үзiлiп кеткен екен мойын омыртқа…
— Ә-ә, — дедi. Алаң кеуiлi тұрақталды…
Ертесiн айтып кеуiл қаралы елге
ол шықты. Келген көп ел, жаран өңге.
Сол күнi тез шығартып жаназасын,
көмдiрдi бiр дұшпанын қара жерге.
Артынша тез бергiздi жетiсiн де,
тез тыйды туыстарын бетi сiрне.
Мал берiп әр ошаққа ырза қылды,
болмас деп ағайыннан кетiсуге.
Тiрлiк сол. Құдайға аян қай уақта алмақ.
Жақсыдан кейiнгiге ару ат қалмақ.
Көп өтпей құда жолы Хан жасады,
шығарды «Құран» көне әруаққа арнап.
Деп бiлiп көрде баба жатыр аунап,
жүрер деп жолы болып, аты заулап,
Хан үнсiз отыра бердi, Жанды ортада
шыртылдап, баялыштың оты лаулап.
21
Сол жылы соғып бердi ала боран,
үскiрiк ештемеге қарамаған.
Жұт болып Арқа жақта, мал кырылды,
қалмады бiр үйiр де көк аладан.
Күпсiген көп малына байлар надан
ақсирақ болып, мүлдем жай қалмаған.
Арқадан ел шұбырды қаратауға,
жайлауын тастап жатқа тайраңдаған.
Қатал қыс iстедi не қылығыңды,
не байға ұстатты құр сырығыңды.
Бүрсеңдеп, арып-ашып, ашыққан ел
болды ендi күнгей жаққа шұбырынды.
Жұт сүйтiп шайқап бердi тұнығыңды,
жылан жыл растатты ырымыңды.
Бiр жағын орданың да басып жатыр,
кiлең бiр шұбырынды, қыдырынды.
Бұл бiлiп отырад бар жайды азанда,
керегiн баруды айтад қай базарға.
Бөлекше келiмсекке үй тiктiрiп,
быламақ астырады тайқазанда.
Қайтарған кеше мұның қолқасын да,
не бiр бай бар олардың ортасында.
Басына күн туғасын, иттей болып
бәрi ырза сылдыраған сорпа-суға.
Жүдеген, жағы солған, көзi аларып
солардың мiскiндiгiн көредi анық.
Iшiнен табалайды, панасына
орыстың кiрмеген деп неге барып.
Қазыны кеше жеген сары ала ғып
надан бай ендi бүгiн көк ала қырт.
Тақсырлап қарсы алдында томпаңдайды,
қаңбақша ұшып келген домаланып.
Ит-жыны соны көрiп тырысады,
арқасы әруақ қысып құрысады.
Келгесiн ордасына сұрап пана,
бұл қалай ол мiскiнге ұрысады?
Демейдi ол өзiн баймен ұғысады,
жоқ мұның iштерiнде жұғысары.
Қолында малы бар да, — қазақ шалқақ,
келедi оңбай оның бiр iсi әлi.
Жинап ап бiрде жақын-жуықтарын,
сөз еткен күннiң кенет суытқанын.
Айтқан-ды сонда бiрi, келiмсектiң
жiберсек кәйтедi, деп, қуып бәрiн.
Бұл оның ұнатпайтын қылықтарын
қарсы боп, деген, мұның ұмыт бәрiн,
Түспей ме абыройына ертең ақау
қуса елдi қолына алып сырықтары.
Ондайда маңайында кiм қалады?
Шошынған халық кетер мүлдем әрi.
Ошақтан ойы аспайтын өресiздiң
жөн болмас жөнсiз сөзiн тыңдағаны,
Табылар бұл жұрттың да бiрде амалы,
жасалып жатыр аштың күнде қамы.
Мұсәпiр болған елге өз тобының
жөн бе асты ауызынан жырмағаны?
Соны ойлап, күнi-түнi басы қатты,
бұйрықпен бишара елдi асыратты.
Сорлыны таспен ұрған,
аспен ұрып,
атағын түскей жұртқа шашыратты.
Әрине, бұл қызметтiң бәсi нақты,
ел болмақ абыройына шашыратқы.
Арқаға көктем туа қайтарады,
күпiлдек, суқит, керең, осырақты.
Құрметтi Хан ордада көргенi анық,
ашыққан ес жиғанын ел демалып,
бiлетiн қулар ертең мұның дәрпiн
шашпай ма Арқадағы елге барып?
Сондайда отырмақ бұл мұнда нағып?
Жүрмей ме жұртпен отты бiрге жағып!
Ол сүйтiп елге сойып бiр қарасын,
алмай ма абыройды мың қаралық?
Елаты соны мүлдем түсiнбейдi,
жеп барад жатқан мына кiсiң дейдi.
Көзiн шел басқан кейбiр содырлары
сорлыны сабамақ боп дүсiрлейдi.
Не пәле еткен мынау iсiң дейдi,
ондайдың ой-қиялы құс iлмейдi.
Басы озбас ойсыз топтан өресiздер
бар жәйттi ақылына пiсiрмейдi.
Әрине, келген жоқ ел нағашыға,
дұшпанның қалып отыр табасына.
Босқынның төлеңгiттер шөгiп болды,
қыз-қырқын, құртты қатын-қалашына.
Бұл түстi сол шаруаның арасына,
жетсiн деп жетесiздiң санасына,
дүре сап талайына төлеңгiттiң,
түсiрдi текешiктi сабасына.
Сол кезде Айпара қыз түседi еске,
айналып кетедi өң мен түсi елеске.
Ажарлы аңқау қызды алдап соққан
мынадай мұндарлардың iсi емес пе?
Ол дағы бiр адамның құсы емес пе?
Жыраудың басқан оны мысы емес пе?
Берем деп бетсiздерге қатаң жаза,
ұласты көрсеткен сол сұсы егеске.
Ұқпады ел мұның сонда салған дауын,
өзiне қолдан қайрап алған жауын.
Iргеден қол жүгiртер қуды қуып
қыздардың кiм күзеткен дамбал бауын?
Сөз салған Айпараға кiл дырауың,
көксеген көк жынысты бұрғылауын.
Көгендеп қыздың кеулiн, әнмен арбап,
қапысын кеттi тауып қу жырауың!
Қандай-ды екпiнi оның арқыраған,
тасқынды тау суындай сарқыраған!
Кеткенде арқа қозып, бiр түрлi едi,
панардай екi көзi жарқыраған.
Қызығад оның осы қалпына адам,
сол көзi тастады оның артына лаң.
Жан даусы соны ойғанда құлаққа кеп,
сан рет тұла бойы қалтыраған.
Сол көзi, сөз жоқ, аңқау қызды арбаған,
кеуiлiн қыжылдатқан тұздан жаман.
Сол үшiн екi көзiн ағыздырды,
дұрыс, деп, артта жаман iз қалмаған.
Шығарды осы жаза мұны арнадан,
ол дедi, қыз-қырқынды кiм алмаған?
Тұлдатты тектi қызды масқаралап,
кеп-кеше төсекте өзi жұмарлаған.
Олардың болып куә одағына,
тыңдамай жолдасты да, жораны да,
кеткенде жан түршiгер жаза берiп,
сорлының қалмады ма обалына?
Тақсырдың барғысы жоқ о жағына.
Ұмытса үрдiстi де, жобасын да,
жүрмей ме ертең жұртқа мазақ болып,
қондың деп қыздың тозған торабына.
Сол үшiн бiр қатыгез iс қылған-ды,
жырауға жеген дәмiн құстырған-ды.
Маңайға арыстанша айбат шегiп,
жым қылған ысқырғанды, пысқырғанды.
Ойсызға ол осылай күш қылған-ды,
көрсеткен кетпейтiнiн сұстың мәңгi!
Табалап он қатынның айтқан сөзiн
қойған-ды құлағына қыстырғанды.
Аяғы соның — кәзiр Созақта отыр,
қарғайды, деп жырауды тозақта өкiр.
Ойламас үш жыл емес, үш күндiгiн
шынында, қауқылдаған қазақ соқыр.
Әр кезде iстер iсi — опыр-топыр,
аңғармас, — арты қандай тоқымда отыр?
Қалың ер терiскейден тұтай түсiп,
долданған көк дауылдың өтiнде тұр!
Келедi орыс солай орам алып,
сезбейдi соны мылжың, көкала қырт.
Далаға қамал салып алған жаудың
күнi ертең мал-мүлкiңдi тонары анық.
Жұртыңа көп мұжықтың қонары анық,
жүрерсiң тепкен допша домаланып.
Көзiңше қыздарыңды қорлағанда,
тұрарсың түк қыла алмай қораланып.
Жүрсең де кәзiргi күн талтақтаумен,
ертеңгi күнiң өтер жалпақтаумен.
Сайлатқан орыс патша сөйлер биiң
аузына сол патшаның жалтақтаумен.
Сол кезде басылар-ды асқақ кеудең,
танбассың ұрпағыңа бас бақ деуден.
Арылып ауызыңнан қазы, қарта,
жүрерсiң доңыз етiн, қаспақ жеумен.
Болмас-ты одан сабақ тоқырлығың,
болады ел шамасында шоқындының.
Байқамас қастағыны, алыс түгел,
бiледi қазақ сонда соқырлығын.
Осылай өтер заман неше ықылым,
жау таптар боз даланың төсi, қырын.
Орыс көп одыраңдап шошқа сояр
маңында мұсылмандар мешiтiнiң.
Сен сонда дейсiң әруақ шақырайын,
барысша жауға дерсiң атылайын.
Қылышың кеш көтерген керi тиiп,
түспес-тi ауызыңнан «а құдайың».
Сонан соң шашырарсың тарыдайын,
жауыңа көндiгерсiң жабыдайын…»
Екi оттың ортасында қалған мұны
соңғы кез басады бiр сары уайым.
Тағдырда осы шығар сынау деген,
шыңғыртпақ жау тiрсектi бұрауменен,
Осылай басы қатып жүргенiнде
тап болды Айпара қыз жырау менен.
Өлеңшi, көрген оны, бiр әу деген,
тыңдаған термелерiн шыдауменен.
Ұрнықты ақырында бiр апатка,
қаскырдай қан орнына қырау жеген.
Осы жәйт шаншудай бiр бүйiрiнде,
сезедi сорлылардың күйiгiн де.
Неге бұл iшкi есеппен құрық салды
лаққа жүрген шауып үйiрiнде?
Соқыр жан жоқ деп сана түйiрiңде,
түсiне кiрер болды жиi мүлде.
Айпара кейде айналад қалмақ қызға
тұрған құж Оқжетпестiң биiгiнде.
Ол сүйтiп мұны қатты сынайтындай,
қосағын iздеп қатты жылайтындай.
Ол Ханның қарамаса бетi берi,
төменге ту-у-у биiктен құлайтындай.
Көргесiн сұмдық жайды жаңағыдай,
көредi өзiн тайыз, шамалыдай.
Апырмау, жұмбақ айтқан қалмақ қызға
бермеп пе ед бостандығын хан Абылай?
Хан болып, келмедi ме сол қолынан?
Бұл түстi қай салада жөн жорыған?
Қалайша ата жолдан шықты тайқып,
емес пе ед ата жолын ол қорыған?
Қалды ма қыздың аспай дамбалынан?
Әлде бұл сарсылудың салдарынан?
Қандай сөз көсемсiнiп айта алады,
көп жұртқа ентелеген жан-жағынан?
Сондайда бұл қалады аңтарылып,
қиялы тұрғандай-ақ қаңтарылып.
Маза жоқ, ұйқысы қашқан, ұрт суалған,
тек алға жетелейдi тарпаң үмiт.
Қолдайтын жатса соны жан табылып,
мойынға түсер болып арқан ұмыт,
келсе де зеңбiрiктi, қалқанды қырт,
бұл бәрiн тастар едi талқан қылып,
Ондайда етпес жаудың барысы түк,
шабандоз атқа қонса шабысы нық,
ақ туын Абылайдың көкте ойнатып,
шабар ед жатпай өзiн кәрiсiнiп.
Соны ойлап, жатад кейде сағы сынып,
көп жұртты отырғаны тарысынып.
Тек қана сары сағымдай сылаңдаған
қоймайды шақыруын алыс үмiт.
Бұл соның кетпек мәңгi жетегiнде,
бiлмейдi бiрақ кәзiр не етерiн де.
Осылай өзiн мүжiп, қысты өткердi
қолайлы Қаратаудың етегiнде.
Биыл кыс қатты болған өте мүлде
күрт жылып сала бердi кетерiнде.
Қара жер көктем туа ылжырады,
босаған қатты шалдай өтерiнде.
Хан бiр күн шықты қырға атқа мiнiп,
шорт кестi iштегi ойды жатқан ұлып.
Көк шыққан, қылтияды жас жауқазын,
күнгейi дөңнiң қардан қапты арылып.
Қар суы сайға түскен ақтарылып,
жұқа қар шекер сынды жатқан iрiп.
Арылып оңаза ойдан, Хан сергiдi,
оянды бойын бұғып баққан үмiт.
Ол сол кез баяғыдан аты шулы,
еске алды жер жәннаты Жетiсуды
Тұр едi оны бұл кез Қоқан сұрап,
ойлады бұл қоқаннан кетiсудi.
О жақта Үйсiн, Дулат неше рулы,
бiледi қол жинауды, бөсiнудi.
Сәуiрге аяқ салым, Хан ойлады,
өр жаққа өз ордасын көшiрудi.
Ол бердi құдажолы келесi күн,
қоршалап алды Ханның ел есiгiн.
Ырза боп келiмсектер құлдық ұрды,
мадақтап мырзалығын төресiнiң.
Қоқайын көрген талай көресiнiң,
ондайда берсiн Ханың неге сырын?
Әруаққа бата оқылды, «Құран» шықты
Созақтың басында бiр төбесiнiң.
Ел ырза келген мұнда жақтан түрлi,
сұлтанның сақилығын мақтан қылды.
Хан сол күн дайындатып ат-әбзелiн,
Арқаға қалың жұртты аттандырды.
Ол солай бiр жымысқы қақпан құрды,
азбенен халық кеуiлiн шаттандырды.
Қырқа асып кеткеннен соң көп келiмсек,
ордасын ойда отырған тақ қалдырды.
Ендi ойын iске асырмақ өжеттене,
жайы жоқ бұйда берер бозөкпеге.
Бақанас, Алтынемел, Көксу бойын
келатқан көптен сұрап Тезек төре.
Ұласпас айтар оған сөзi өкпеге,
бармайды Жетiсуға тезек тере.
Түскесiн соңына орыс, бұл — көшпендi,
еш оны келген нәубет, кезек деме.
Көнген бұл берген елдiң азарына,
қараған ақсақалдың ажарына.
Бiр кiсi кешелерi айтып кеттi,
келдi деп орысты Арал, Қазалыға.
Бұл соның қатты iлiктi назарына,
тырнағы iлiккесiн Қазалыға,
жылжиды Ақмешiтке орыс ендi,
Қоқанды душар етiп ажалына.
Қоқанның жауды сезбей түбiндегi,
айрандай iрiп кеткен күбiңдегi
жатқаны iштей iрiп, сырттай ұлып, —
қазақтың одан бiраз түңiлгенi.
Бұл отыр бәрiн бiлiп бүгiндерi,
сұр сағым болды мәңгi жүгiнгенi.
Тұрғасын бiр бүйiрде орыс тақау,
жөн емес ендi мұнда кiдiргенi.
Онан да… толған жердiң бетi нуға,
Күркiлдек, Көксу, Iле, Лепсi, Шуға
бармай ма? Қоқан неге қоқаңдайды?
Қожа ма жаңғыз Тезек Жетiсуға?
Қиын деп қалу ендi Қаратауда,
ол бұйрық бердi отырып ақ отауда.
Сол күнi таң азанда Хан ордасы
асығыс ауа көштi Алатауға.
Қиялай кесiп өттi ол кең алапты,
тастақ жер тайғанатты тағалы атты.
Сағымның соңын қуып Хан келедi,
көрмек боп жаңа жердi, жаңа жақты.
Бұл кезде түрленген-дi дала қатты,
бұлғалап бидайықты самал ақты.
Ең соңғы боз даланың бiр қасқыры
сағымға ақырын сiңiп бара жатты…
1970 жыл