«Әңгiмем» шықпаса жарар едi

Халық «басқа пәле тілден» дейдi. Ал мен нағыз басқа пәле тiлден емес, әңгiмеден деймiн. Оның себебi бар. Күнде таңғы сағат жетiде төсегiмнен мысықша атып тұрып, жас балаша секектеп, бойымды жазып, апыл-ғұпыл жуынып, шәй iше сап, қон жылдан бермен қарай автобустағы алыс-жұлыстың не көкесiн көрген, темiреткi түскен баланың басынша ақ жарақ боп кеткен портфелiмдi қолыма ұстап, қызметке қарай асығам. Жұмысқа жарты минут кешiксем, намазымды қаза жiбергендей боп, редакцияның табалдырығынан аттағанша қан сорпам шығып болады. Шынында да, қиын ғой. Не бас редактор, не оның орынбасарларының бiрi: «Ау, жолдас, бұ қалай? Сенген серкемiз сен болсаң», — десе, тiрi өлiм емес пе? Үйтiп бастықтың жел жағынан шығып, әйкәпiр атанып жұргенше, оның ық жағында жүрiп, азын-аулақ несiбеңдi шоқи бергеннен артығы жоқ. Сүйтiп, мен осы редакцияда он шақты жыл iстеп қалдым. Сол екi арада редакцияға талайлар келдi, талайлар кеттi. Мүйiзi қарағайдай, бiреулердi сүзбесе тамағынан пирожки өтпейтiн не бiр қызылкөздер де келiп кеттi. Мұнда өңешi бiр тартар қазақы қара пештiң үңгiрiндей не бiр даукестер де тұрақтамады. Жылмиып күлiп, жымпиып шығатын не бiр жымысқылар да келiп кеттi. Кетпеген тек мен ғана. Оның неге бұлай болғанын түсiнсем бұйырмасын. Кәзiр ойлап қарасам, осы редакцияға менiң биографиям да, жағрафиям да келе қоймайды. Биографиям дейтiнiм, студент боп, дүниенiң кiлтi қолымда тұрғанадй әулекiленiп жүргенiмде, көзi күлген бiр перiштемен шатасып, әңгiмелi болғаным бар. Соның салдарынан комсомолдан шығып қалғанмын. Жағрафиямның келмейтiнi, бұл редакцияның басшыларының бiр де бiрi маған туыс не жерлес емес. Сонда да олар менi не сынамайды, не қызметтен артыма шала байлап қумайды. Бар болғаны: «Мынаны қорыта салшы», — деп, қайдағы бiр құдай атқан нәрселердi маған әкеп бередi. Бастық айтқасын, айтқасын емес-ау, бұлай қаншама көптiң iшiнен менi таңдап, зор сенiм көрсетiп жатқасын, оны қорытпай не жыным бар? Оны қорытқанда, құдды зауытта руданы қорытқандай ғып мен қорытайын! Дереу автоқаламымды ала сап, басымды бiр жағыма қарай қисайта түсiп, ал кеп жөндейiн! Ал кеп шимайлайын! Содан жазып, жазып боп, артынан өзiм ақ қағазға көз салсам, сiзге өтiрiк, маған шын, әлгi шималайларым шимай емес, құдды Бидструф салған суреттердей боп көрiнiп кетедi. Сондайда: «Шiркiн, неге суретшi болмадым?» — деп армандап та қоям. Бiрақ мұндай бинеткештiгiңдi қазақ шiркiн көре алған ба? Басқа бөлiмде iстейтiн Қыдырбек дейтiн қудың бiрде шимайыма қарап тұрып:
— Толстой да бұлай шимайламаған болар. Сен бар ғой, әлдекiмнiң шатпағын жөндеп жүре бересiң бе, онан да бар ғой, дәл бүгiннен, тiпте, осы сәттен бастап, бәрiн қой да, тура әңгiме жазуға көш, — дедi.
Әрине, мен оған қарсы жауап айтар да едiм. Бiрақ, өздерiңiз бiлесiздер, бол-ма-а-йды. Үйткенi бастығым оның нағашы қарындасының үлкен ағасының әйелiнiң сiңiлiсiн алып отырған кiсi… Жо-оқ, айтуға болмайды. Оның үстiне, бiздiң бас редактордың өзi жазушы болам деп тыраштанып, әңгiме жазып жүргелi қашан. Бiрақ оның әгiмелерiн ешкiм де оқымайды, ешкiм де мақтамайды. Олар оқымаған, мақтамаған сайын, Бас редактор түнерiп, құдды оны жазушы ғып жаратпаған құдай емес, бiз сияқты, бар ашуын бiзден алады. Ендi әңгiме жазып, онымен жарысып жатсам… Айта көрме! Бұ да келiнмен жарысып, бала тауып жатқан кемпiрдiң жағдайындай емес пе? Қой, оның беті әрмән! Сондықтан да мен оған күлiмсiрей қарап:
— Айтқаның келсiн, — дедiм де қойдым.
Сонымен, осылай тиыш өмiр сүрiп сүрiп жүр едiм. Тамақ тоқ, көйлек көк, бала-шағаның нәпақасына жетер тиын-тебен бар дегендей. Бiрде ойламаған жерден жердi аспанға, аспанның жердiң астына түсiп, төңкерiлiп шыға келгенi.
Бүгiн де баяғы әдетiмше портфелiмдi қолтығыма қысып, томпаңдап редакцияға кеп, газеттiң кезектi нөмiрiн қарай берiп ем, Қыдырбек қудың жетiп-ақ келгенi. Ол мысық мұртын ширатып тұрып:
— Осы әдебиет дегенімiз не боп барады, а? Осы да әңгiме ме? — деп, бартиған саусағымен газеттiң орта жерiнде далиып жатқан бiр әңгiменi тесiп жiберердей боп нұқи көрсеттi.
Мен жұмған узымды ашпай:
— Ыһым, — дедiм де қойдым. Онда да «м» деген дыбысты созып, ұзақ тұрып алдым. Бұ да менiң қулығым. Ыһым деген құптаған да, құптамаған да емес. Ол қу болса, соны түсiнiп көрсiн.
Қыдырбек көп айналмай, қыдыңдап басқа бөлмеге кеттi. Оның артынша жiпсiк көз Оралтай жетiп келдi. Ол аузын қисаң еткiзiп:
— Құрсын, құрсын! Кәзiр оңды жазушы қалмады. Осыны да әңгiме де? — дедi.
Мен тағы да:
— Ыһым, — деп, даусымды созып, әндете жөнелдiм.
Ол да көп кiдiрмей, басқа бөлмеге сумаңдап кiрiп кеттi.
Аздан соң комсомол бөлiмiнiң меңгерушiсi, үнемi қырсығып жүретiн, қырсық сөйлейтiн, бойында тарамыс етi жоқ, жағы үнемi, сақалын қыра бергесiн бе, көгерiп жүретiн, қушық бет, еңкiш бойлы Нұртiлеу кiрiп келдi. Ол да аузындағы түтiнi будақтаған сигаретiнiң бiр ұшын шедiрейтiп тұрып:
— Әдебиет деген нөл. Бiттi, құрыды. Шорту, — дедi.
Мен оған да дым демей, тағы да үйреншiктi әнiме бастым. Себебi ол комсомолдың бастығының жерлесi, руласы. Кiм бiлiптi, бiрдеме десем, сояқтан шығып жұрсе… Құдай, онан сақтасын.
Аздан соң ол да құмда жүрiп келе жатқандай аяғын итiңдей басып, түйе құсап теңселе түсiп, басқа бөлмелерге кеттi.
Мен сол арада жан-жағым жалтақтай қарап ап (кiсi-қара тұрса, қиын ғой!), әлгi әңгiмеге көз салдым. Қарасам, жазған кiсiнiң аты-жөнi белгiсiз. Оқып көрсем, алып-жұлып бара жатқан дәнеме де жоқ. Оның алашқы сөйлемдерi Оралтайдың сойдақ тiстерiндей ирық-сирық. Бүйректен сирақ шығарып-ақ тұр. Оқиға дейтiндей не оқиға жоқ. Бар сюжеттiң сиқы — бiр қыз бен жiгiт Айға қарап, жапырақ санайды. Мынаны жазған кiсi өз әйелiн алғанда, құдай бiледi, жапырақ емес, оның қалтасында қанша сом жатқанын санаған қудың өзi! Сол арада басқа жұмыс киiп кетiп, мен әлгi әңгiме жайын ұмытып та кеттiм.
Аздан кейiн қысқа жиналыс болды. Бiр апта бойы шыққан газетттiң нөмiрлерi жайлы жiгiттер өз пiкiрлерiн айтып жатыр. Бәрi де жол көрген, ысқыаяқ қой, — жорға жүрiске сап, мақтайды кеп! Былай қарап отырсаң, осы газетсiз жұрттың таңы атпастай, күнi батпастай. Әрине, бұ да дұрыс қой. Үйтпесең, болма-а-йды ғой. Бiрақ… сол арада Қыдырбек қудың бiр сөзден ши шығарғаны. Ол орнынан тұра сап, жаңағы әңгiменi ал кеп талқандасын! Оны жазған кiсiнiң ит-терiсiн басына кеп қаптасын!
— Жолдастар, мынау деген… әдебиетке қиянат қой! Не тiл жоқ, не сюжет жоқ. Бұ не сонда? Сосын… аптыры… қалай өзi… Сәлкен Сомболатұлы? Мұндай мүжiк асық сықылды кеуек нәрсенi жариялаудың не керегi бар?
Мен әдебиет бөлiмiн басқаратын, осы әңгiменi шығарып отырған Өртеңбай дейтiн қартаңдау кiсiнiң жүзiне қарап ем, мандымды ештеменi түсiнiп болмадым. Шынында да, ол Өртеңбай десең, Өртеңбай. Оның күйген шанаштай бiр уыс бетi мұзай боп, көгiс тарта қап, тымырая қалған екен.
Ендi Оралтай кеп әлгi әңгiменiң быт-шытын шығарсын:
— Ағайындар, тумалар, қардашлар! Мынау деген… әдеби қылмыс қой. Мұндай татуы жоқ, не жылуы жоқ… iрiген айран сықылды қойыртпақ кiмге керек? Менiңше әдебиет бөлiмi аса жауапсыздық көрсетiп отыр…
Сол арада мен Өртеңбайға қарап ем, ол оң танауымен мырс етiп, төмен қарап алған екен. Оның селдiр шашының ортасынадғы ойма тазы тура қол айнадай жарқырап тұр. Соған қарап, мен iшiмдi тарта түстiм.
Менiң көргенiмдi Оралтай да көрген екен. Ол тағы да есе жөнеле берiп едi, жүзiн төмен салып отырған Өртеңбай кенет басын көтерiп ап:
— Қойыртпақ iрiген айран емес. Қойыртпақ iрiмейдi, — деп, сөздiң мағынасын онша бiле бермейтiн Оралтайды бiр шалып өттi.
Оралтай аузын қисаң еткiзiп, бiрдеме дей берiп едi, бағанадан берi сүзетiн бұқаша басын төмен салып жiберiп отырған Бас редактордың сұрын көрiп, тiлiн тiстей қойды.
Сол арада әлгi екеуiн қоштап, ыржақай Қуанышбек құлшынып шыға келдi. Оның не айтатыны айтпай-ақ белгiлi. Мен оның көмейiндегi сөздi аузынан шықпай жатып-ақ көрiп қоямын. Өйткенi екеумiздiң топырағымыз бiр жерден. Ол осы жолы да әлгi екеуiн қоштап, Өртеңбайдың да зор еңбегi барлығын секертiп, бәрiнiң де астарына бiр-бiр құс көпшiктен қойып шыға келдi.
Жиналыс соңына қарай Бас редактордың өзi сөйледi. Әдетте мұндай сыннан кейiн бастық бөлiм меңгерушiлерiн бiр тықсыртып алатын. Ел оны жасында бұзық болыпты дейдi. Сол рас болса, рас шығар, Бас редактор үнемi сүзетiн бұқаша күдiрейiп ап, кiсiнiң бетiне тура қарамай, басын бiр жағына бұрып, қотанаяқтанады да жұредi. Әрi мынадай оңтайлы сәттi құр жiбермейдi. Соны бiлетiн мен iшiмнен: «Өзiне со керек. Ендi бастық көкесiн көзiне көрсететiн шығар!» — деп, Өртеңбайды табаладым. Оның себебi бар. Осыдан алты-жетi жыл бұрын бiр жиында тойбасы болған Өртеңбай маған сөздi ана боқмұрын балалардан кейiн берiп едi. Содан берi оны iшiм алмайды. Бiрақ… мұндай сыннан кейiн кiм-кiмдi де жаншып, ұнтап алатын Бас редактор осы жолы әлгi әңгiме жөнiнде жұмған аузын ашпады. Тiпте ол жайлы айтылған сынды естiмеген сияқты. Мен таңғалдым. Мұндайды байқағыш, бастықтың қабағын аңдағыш Қыдырбек пен Оралтайдың жүздерi де сиыр кешiп өткен қақ лайланып сала бердi. Оның есесiне Өртеңбайдың жүзi өрттей қызара бастады.
Жиналыс бiтiп, iшке кеп, орныма отыра берiп ем, Қыдырбек қу жетiп келдi. Ол басын қасып тұрып:
— Шындық деген тұзды су сияқты ғой. Тұзды суды iшсең, iшiңдi айдайды. Жаңа да, — деп, иығын қиқаң еткiздi. — Осы сендер де бiр… мойындарыңды iштерiңе тартасыңдар да жүресiңдер! Былай… шығып… шындықты айтпайсыңдар ма? Сүйтiп көзге түспейсiңдер ме?
Ол кеткесiн, Оралтай жеттi:
— Ойбай, шындық деген қойдың құйқалы етiнiң сорпасы сияқты ғой, iштi бiрден алып түседi. Көрдiң бе, жаңа Өртеңбайдың қалай, қалай бозарғанын! Бiрақ… — Ол аузын қисаң еткiздi. — Осы сбендер де бiр. Үндемегеннен жан қала ма? Сүйтiп, қай ұшпаққа шығам дейсiңдер? Онан да былай… шындықты айтып, жығылсаң, былай… нардан жығылып, көзге түсiп дегендей…
Ол кеткесiн, мен бiр түрлi болдым. Шынында да, көзге түсетiн жер осындайда ғой, дедiм. Жаңағы жерде сөйлеп, былай… сынап кеп жiберсем, мүмкiн, бастықтың көңiлi жiбiп қалар? Өй, мынауың азулы ғой дер. Содан соң… бәлкiм, бiр бөлiмнiң тiзгiнiн маған да ұстата салар? Қой, маған ол қайда, деп, аяқ астында өз ойымнан өзiм қорқып кеттiм. Не биографиясы, не жағрафиясы келмейтiн мені кiм бастық қояды? Онан да бала-шағамды асырап, домаланып жүре бермеймiн бе? Әй, осы сөз деген шайтан ғой, кiсiнi қалай-қалай азғырады, а? Құрсын, құрсын.
Араға апта саламй, Сәлкен Сомболатұлының екiншi бiр әңгiмесi жарқ ете қалды. Бұл жолы Қыдырбек те, Оралтай да преферанста мың сомын ұттырғандай қатты қынжылды:
— Әдебиеттiң абыройынан дым да қалған жоқ!
— Көркем сөздiң кәдiрi кеттi!
Оларды тыңдап торыған жорналшылар үндемедi. Соны көрген екеуi ешiре түсiп, әлгi әңгiменi жерден алып, жерге салды:
— Жолдастар, басқаны былай қойғанда, әдебиеттi сыйлау керек қой! Мынау деген немене? Тiлi судан шыққан көпектей сүмiре-е-ейiп тұ-ұ-ұ-р! Теңеулерi теңеу емес. Тауды кәрi қатынның қатқан емшегiндей дейдi. Кәрi қатын дегендi, жолдастар, қалай түсінуге болады? Қатындардың, тойыст, әйел жолдастардың бәрi бiрдей кәрi ме? Сосын олардың, кешiрерсiздер, емшектерiнiң бәрi бiрдей қатып қалған ба? Жолдастар, мынау болмайды, бұл социализмге жат нәрсе, — дедi Қыдырбек мұртын ширатып тұрып.
— Ағайындар, достлар, қардашлар, мен одан да сорақысын көрiп, өз көзiме өзiм сенбей отырмын. Ол шатқалды әйелдiң ашылған құшағына теңейдi. Сонда… бұ қалай? Сәбет заманында шатқалға бара сап, әйелдiң құшағына ен деп тұр ма? Сонда… бiз үйлерiмiздегi заңды, мөр басылған неке кiтапшамыз бар әйелдерiмiздi кәйтпекпiз? Менiңше, мына мына әңгiменiң айтпақ идеясы аса зиянды, — дедi Оралтай аузын қисаңдатып тұрып.
Оларға қарап тұрмай, ыржақай Қуанышбек те қосыла кеттi:
— Жаңағы пiкiрлерге мен де қосылам. Ондай жерлерiн, — деп, ол Өртеңбайға жылмия қарады, — былай, қырнап, жөндеп, мiнеп, сүргiлеп, тырмалап дегендей… не ету керек едi ғой.
Өртеңбай осы жолы да басын төмен салып жiберiп, ендi сол танауымен мырс еткендей болды. Мен соны көрiп, аузыма қақпақ қойып отыра бердiм.
Бас редактор қорытынды сөзiнде әлгi әңгiме жөнiнде тағы да ләм-мим демедi. Тек бiр жерде:
— Жолдастар, өз ара сынның қажеттiгi жөнiнiде өткен съезде коммунистiк партиямыз жақсы айтты. Бiрақ мұны кейбiр жолдастар ескермей, мойындарын iштерiне тыға бередi. Бұдан арылатын уақыт жеттi. Айтылған артық-кем пiкiрден қорқуға болмайды. Мен жаңағы жолдастардың пафосын қолдаймын, — дедi.
Мен ойланып қалдым. Пафос деген пәленi онша түсiне қоймасам да: «Қап, нағыласың?! Сөйлеп, көрiнiп қалатын тұс едi?!» — деп, автобусқа мiне аламй қалған кiсiдей боп, өкiндiм. Бiрақ… Қыдырбек пен Оралтайдың қозы-лақ кешiп өткен қақша ылайланып кеткен жүздерiне қарап, тiлiдi iштей кәлимәға келтiрдiм.
Жиналыстан соң, Қыдырбек маған кеп:
— Шындық деген мына сия сияқты ғой. Сияны iшiп көршi, iшiң не болар екен? — деп, кеңкiлдеп күлдi. Сосын: — Осы сендер де бiр… Кiсiнi… былай, қоштап сөйлеп, көзге түсiп қалу бiлмейсiңдер, — деп қынжылған болды.
Ол кеткесiн, Оралтай кеп:
— Ойбай, шындық деген жылқының жылымшы майы сықылды ғой. Ондай майды iшiп көршi, iшек-қарныңды бiр тазартып берсiн, — дедi. Сосын аузын бiр қисаң еткiзiп: — Қой, бiз ел болмаймыз. Жаман әңгiменi сынаудан да қалып барамыз. Осы сендер де бiр… былай, кiсiнi қолдап, дауыс көбейтiп, көзге түсiп қалу дебендi бiлмейсiңдер, — деп, қолын түңiле бiр сiлтедi. Сосын екi жағына шайқалақтай қозғалып, жөнiне тайды.
Мен үндемедiм. Сол арада баяғы шимайыма кiрiсiп кетiп, үстел үстiнде желiмделiп қалғандай боп, тұқшыңдай жөнелдiм. Содан кеш болғанда барып басымды уһ деп бiр-ақ көтердiм. Жолшыбай автобустың бiр бұрышында қалғып-мүлгiп келе жатып: «Осы менiкi не, а? Былай… көрiну, көзге түсу деген жоқ. Ана Қыдырбек пен Оралтайлар кезiнде жұрттың бәрiн сынап-мiнеп, көзге түсiп, кәзiр бiр-бiр бөлiмнiң бастығы боп отыр. Ал басымды баққан менiң жүрiсiм мынау. Шамасы, ана қызылкөздерден бастық айбынатын болды ғой. Ендеше мен неге сүйтпейiм? Неге оң келгенiн, оң жағынан, сол келгенiн, сол жағынан, өкiртiп кеп сүзбеймiн, а? Сонда жұрт менiң де мүйiзiмнiң қарағайдай екенiн көрiп, шошынар едi», — деп, кене өз-өзiмнен қоқиланып, басыма құдды қарағайдай мүйiз бiткендей боп, күдiрейе бастадым. Сонымды көрген бiр-екi бөшкедей ту әйел шошып, керi шегiнiп кеттi. Күнде орныңды тартып алатын кәрi-құртаңдар да маған үрке қарап, паңайыма жолайтын емес. Соны көрiп, iшiмнен әжептәуiр боп қалдым. Үйге келгесiн де сол әсерден арыла алмадым. Тiпте менiң күдiрейгенiм сонша, әшейiнде айтқанымды жүре тыңдайтын, көңiлi соқпаса, шәй қайнатып та бермейтiн, түйенiң жарты етiндей боп отырған әйелiм де… алдымда құрдай жорғалай жөнелдi. Күнде: «Тамағың суып қалыпты ғой», — дегенiмде: «Iшпесең, атау кереңдi iш! Өзiм өлейiн деп жүргенде, сенiң қай бiр бабыңды табам? Менi жыл сайын курортқа жiберiп, бағып-қағып жатқандай өзi… мiндетсидi ғой», — деп, аяқ-табақты балконға қарай жонглерше қақпақылдап лақтыратын әйелiм ендi:
— Папасы-ау, кәзiр, кәзiр, ысыта салайын. Оған дейiн ана салатты жей тұр. Көк шөп дегенiңдi жақсы дейдi ғой. Мына қой шiркiн жас көкке шыққанда, неге бiрден қоңдала қалады десем, оның сыры бар екен. Бұл қой түспегiрлерiң сырттай момақан болғанымен, өздерi барып тұрған қу екен, — деп, судырлай жөнелдi.
— Қуы қалай? — дедiм мен қабағымнан қар жаудыра қарап.
— Қуы сол, олар көк шөптiң кiсiнi тез оңалтатынын бiле тұрып айтпайды. Ау, озық тәжiрибе көпке ортақ деп, былай… насихаттаса ғой, мына сен де…
— Сонда сен менi… немене қойға теңеп тұрсың ба? — деп, мен адырая бастап ем, әйелiм екi көзi тостағанадй боп:
— О не дегенiң? Қойы нес? Сен деген жылқы мiнездес адамсың ғой, — деп, күнде балконға қарай ұша бастайтын аяқ-табақтың орнына, өзi балконға қарай ата жөнелдi.
Менi өзiме iштей сүйсiнiп қалдым. Сол әсерден бiр жұма бойы арыла алмай, қоқиландым да жұрдiм. Әсiресе, газеттiң сенбi күнгi нөмiрiнде әлгi Сәлкен Сомболатұлының тағы да бiр әңгiмесi жарқ ете қалғанда, газеттi түтiп жердей болдым. Әр сөзге ақым кеткендей қадалып, сыза бастадым. Бұрынғы шимай мынаның қасында айналайын екен. Шимайдың көкесiн ендi көрсеттiм! Әңгiменi быт-шыт қып болып барып қарасам, маған мұндай шимай, басқа емес, ана нақ Бидструфтың өзiнiң қолынан келмейтiндей боп көрiнiп кеттi.
Ертеңiне сол газеттi портфелiе сап, қолтығыма атом бомбасын қысып келе жатқандай боп, айбарланып бiттiм. Iшке келгеннен соң, өмiрi iстемеген әдетiмдi iстеп, бас сұқпақ түгел, маңайына жоламайтын Қыдырбек қудың бөлмесiне кеп:
— Осы да әңгiме ме? Не тiл жоқ, не оқиға жоқ! — деп, ызалана сөйледiм.
— Өй, бәрекелде! — деп Қыдырыбек жымырая күлiп, арқамнан қақты.
Сосын өмiрi табалдырығынан аттап көрмеген Оралтайдың бөлмесiне барып:
— Шынында да, әдебиеттiң абыройы айрандай төгiле бастаған екен, — дедiм қызынып.
— Өй, мәләдес! — Оралтай аузын қисаң еткiзiп, бетiмнен шөпiлдетiп сүйдi.
Сосын бөлмеме кеп, жиналыс қашан басталар екен деп тықыршып бiттiм. Ақыры ол да басталды-ау! Мен алғашқылардың бiрi боп сөз алып, әлгi әңгiменi ал кеп соғайын! Ал кеп жасатайын!
— Жолдастар, бұл деген әдебиетке қиянат қой. Аптыры мүлдем тiл білмейдi. Мысалы, оқиықшы: Түс — түлкiнiң боғы дейдi. Жолдастар, бұ не деген мәдениетсiздiк? Боқ дегеннiң орнына, қолданатын басқа сөз құрып қалды ма? Неге оны тезек, болмаса тамақ iшкеннен кейiнгi қалатын отход демеймiз? Сосын, қыздың сырғасын қайық қылып өткiз деген не сөз? О заманда, бұ заман, сырға қашан қайық болған? Ол қайық болса, мiнген кiсi суға кетiп қалмай ма? Сосын, аптыр, Сәбет заманында өзеннен өтiкiзетiн пароход немесе паром таба алмай, Сәбет шындығын неге бұрмалайды? Неге оған қара күйе жағады? Бұл деген партияның линиясына қайшы ғой. Менiңше, мұндай жазушысымақтардың түп тамырына балта шабу керек! — деп, кiжiнiп кеткенiм соншалық, қолымды балта сияқты көрiп сiлтей берiп, жанымда отырған Қуанышбектiң басына қалай қойып жiбергенiмдi байқамай да қалдым. Одан тез ғафу өтiнiп, iшiмнен қатырдым-ау деп ойлап, орныма отыра бердiм. Сол арада Өртеңбайға көзiм түсiп кетiп, iшiм мұздап сала бердi. Бұ жолы басын төмен салып жiберiп отырған Өртеңбай оң да, сол да танауымен емес, тура қос танауымен мырсылдап отыр екен. Оның басының ортасынадғы ойма тазы қолайна емес, құдды шарайнаша жарқырайды! Ал Қыдырбек пен Оралатй жылы күлiмсiреп, жылмия қалыпты. Соны көрiп, төбе шашым тiк тұра бастады.
Бiр кiсiден кейiн сөз алған Қыдырбек қыбыжықтап, аздап қынжылып:
— Жолдастар, әдебиеттi бұлай тұрпайы түсiнбеу керек қой. Әдебиетте данышпан жазушыларды дер кезiнде көре бiлу қиын. Кейде соған бiздiң көрегендiгiмiз жетiспей жатады. Менiңше, мына жазушының қаламы әбден төселген. Сөздерi жатық, көркем. Мына бiр жерiн оқып көрейiкшi: «Сиырдың жапасындай сарғыш тартан қып-қызыл толық Ай көк аспанның ортасына ойып қоя салған көл сияқты». Жолдастар, бұл деген… керемет сурет қой! Қандай дәл! Сиырдың жапасындай сарғыш, әрi қызыл Ай! Мынау деген нағыз суреткерлiк қой! Ол өз алдына. Мына әңгiменiң оқиғасы қандай тартымды! Мұнда жетпiстегi шал алпыстың бесеуiне келген кемпiрiне ұл таптырады. Бұл деген нағыз демография ғой! Бұл деген әдебиеттiң халықтың санын көбейтуге қосып отырған қомақты үлесi! Менiңше, мұндай тәрбиелiк маңызы зор туындыларды газетте жиi жариялап отыру керек, — дедi.
Өртеңбай жүзi кiрiп, еңкейген басын сәл көтерiп алды.
Оралтай аузын қисаң еткiзiп:
— Менiңше, мына әңгiме бар ғой, әдебиеттiң алтын қорына болмаса да, күмiс қорына толық енетiн шығарма. Өз басым жазушының көзiнiң қырағылығына, байқампаздығына таңғалам. Айтыңдаршы, жетпiстегi шалдың алпыстың бесеуiндегi кемпіріне ұл таптырған жәйтiн қайсымыз көрiп, байқап жүрмiз, а? Ал Сәлкең соны тап басып ұстай алған. Сосын бiр ырза болғаным, бұл үлкен суреткер ауыз әдебиетiн бес саусағындай жақсы бiледi. Мынаң қарашы: «Кемпiр сықылықтап күлгенде, аузы айдаһардың аузынша арандай ашылып, тiстерi найзаша жарқ-жұрқ еттi». Не деген сурет! Не деген бояу! Менiңше, осындай тамаша әңгiменi редакцияның пәртпелiнде жатқызып тастамай, елгезектiк көрсетiп, газетте жариялауға тез ұсынғаны үшiн Өртекеңе зор-зор рахмет айтып, он үшiншi айлықты жүз пiрәсент етiп төлеу керек деймiн, — дедi.
Сол арада мен Өртеңбайға қарап ем, ол басын қақшитып ала қойған екен. Оның ойма тазына түскен күн сәулесi шағылысып, неше түрлi құбылып, Бас редактордың тас төбесiнде iлiнiп тұрған люстраны жарқырата бастаған екен. Сол екен, иманым қара таяқтай болды. Менiң ақ тер көк терiмнiң шыққаны сонша, көйлегiм денеме жабысып, шұлығым бақайыма желiмделiп қалғандай болды.
Осы арада Қуанышбек орнынан атып түрегеп:
— Мен жаңағы жолдастардың айтқан пiкiрлерiне толық қосылам. Бұл деген тамаша әңгiме! Оның өткенде жарияланған туындыларының өзi бiр қойлық! Жоқ, бiр жылқылық! Тек осындай мойны озық шығармаларды түсiнбей, кейде көре алмай, кейбiреулердiң iштаршылық жасап, сынап жататындары кiсiнi қынжылтады, — де, лып ете түстi.
Ендi қарасам, Өртеңбай орындықтың арқалығына шалқалай отыра қалған екен. Мына қалпында оны тiрәктiрмен тартсаң да, ешкiм де қозғай алар емес.
Соны көрiп, зәрем зәр түбiне кеткен басым, ендi Бас редакторға жапақ-жапақ қарадым. Ол болса орнынан ыңыранып тұрып, жиналыты қорытындылай бастады. Ол бұл жолы әлгi әңгiменi орап өтпей, өзi де мақтай қоймай, Қыдырбек, Оралтай, Қуанышбектердiң айтқан пiкiрлерiнiң қызық, маңызды тұстары барлығын атап өттi. Сол екен, ұнжырғам түсiп: «Құдай ұрғанда, тас төбемнен қос қолдап ұрды-ау!» — дедiм.
Жиналыстан соң Қыдырбек қу сол күдiгiмдi қоюлата түстi. Ол менi оңаша шығарып ап:
— Қасқа-ау, ажалыңнан бұрын өле алмай жүрсiң бе? Ол деген, — деп, Сәлкен Сомболатұлының шын аты-жөнiн айтып едi,— қолымнан автоқаламым жерге түсiп кеттi. Содан үстелiме iлбiп емес, төртаяқтап жеткендей болдым. Алдымда жатқан әлдеқандай мақаланы шимайламақ түгел, оның бiр сөзiн де сыза алмадым.
Сол арада Оралтай келдi. Ол ыржиып тұрып:
— Әй, сенiң мынауың не, әй, сирақтан бүйрек шығарып? — дедi. Сосын қынжылған түр көрсетiп: — Өздерiң әңгiме жаза алмайсыңдар, жазғандарды көре алмайсыңдар, — дедi де, аузын бiр қисаң еткiзiп, жөнiне тайды.
Ол кеткесiн, мен мүлдем пiш боп қалдым. Бiр мезгiл: «Өзiмнiң жазар әңгiмем жоқ. Онда менiң не шаруам бар едi?» — деп, өзiмдi жерден алып, жерге салдым. Бiрде басыма тың ой шауып, әңгiмелерiн жасырын атпен жариялаған кiсiге жақсы пiкiр айтып, хат жазғанды жөн көрдiм. Сол қамшы боп, ақ қағазды жайып жiберiп, жақсы сөздердi сорғалата бастап ем, буылтық денелi Fазиза секретарь кеп:
— Бас редактор шақырып жатыр, — дедi.
Сол екен, маңдайымнан қара тер бұрқ ете түстi. Тез арада сырғып келе жатқан автоқаламым аяғына жем түскен аттай шоқырақтады да қалды. Жаңа ғана алтын сияқты жарқырап тұрған жақсы сөздерiм мысқа айналып кеткендей боп, күңгiртi тартып сала бердi. Мен дереу автоқаламымды қалтама сала сап, емпелеңдеп, Бас редактордың кабинетiне жөнелдiм. Келген бойда, кiрейiн деп едiм, Fазиза кабинеттiң есiгi өздiгiнен ашылып кететiндей, оны қолымен әрi қарай итерiп тұрып:
— Күте тұрыңыз, iште кiсi бар, — дедi.
Мен амалсыз орындыққа жалп етiп отыра кеттiм. Сосын жан қалтама қол салып, бiрдемемен бетiмдi сүрткен болдым. Сол арада танауыма келген шуаш исiн сезiп, қарасам, қолымда ұстап тұрғаным, беторамал емес, кiшi баламның шұлығы екен. Оны бiреу-мiреу көрiп қалмасын деп, қалтама тез сұға салдым. Сол арада ауыр есiк сықырлап, әзер дегенде ашылды. Iштен бiр жуан кiсi томпаңдап шығып келедi. Оны бiрден тани кеттiм: Сәлкен Сомболатұлы! Сол арада қатты сасып, бiр жағынан қысылып, оған сәлем берерiмдi де, бермесiмдi де бiлмедiм. Ол маған көзiнiң қиығын да салмастан, аяғын ауыр алып, кабинеттен шығып кеттi. Ендiгi кiретiн кезек менiкi.
Қайдам, әңгiмем шықпаса жарар едi?

 
08.08.1984 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *