Адамның басына керемет ой түсейiн десе, қиын емес екен. Баяғы заманда Юнан жұртында Архимед дейтiн бiр ғалым кiсi болыпты деп естимiз. Сол бiр күнi бiр есептi шығара алмай, басы қатып, моншаға барыпты дейдi. Тыр жалаңаш шешiнiп, жуынып жатқанда, әлгi есептiң шешуi басына сап етiп түсе қалыпты. Нағыз ғалым кiсi басқа жұрттай ма, сол арада дереу анадай тырдай жалаңаш қалпы сыртқа атып шығып, әлгi есептiң шешуiн жазып алайын деп, теңiз жағасына қарай жүгiрiптi дейдi. Мен де жақында сондай бiр керемет халды басымнан кешiрдiм. Кешiргенде бар ғой, моншадан емес, адамға аузы-мұрны лықа толы автобустан сыртқа қарай тұра қаштым. Әрине, қашқанда ана Архимедше тыр жалаңаш емес. Қанша дегенмен мен мәдениеттi елде жүрмiн, бұтымда жуан қара санымды аздап қана жауып тұратын шолақ шалбарым, былайша айтқанда, шортигiм болатын. Сонда сiздер менi автобустан шығындыра қашырған қандай ой дейсiздер ғой. Оны айтпасам, кәзiр бәрлерiңiз де жағаларыңызды ұстайсыздар. Сенбесеңiздер, айтып көрейiн бе? Ол ой басыма былай түстi.
Күнде автобустың азары өтiп қалған мен қасқа ақырет көрмейiн деп, жаман папкамды қолтығыма қысып, бастығымның көзiн ала бере, үйге қарай тайып тұрдым. Келiп автобус тоқтайтын жерде бiраз күттiм. Алматының көлiгi деген өрiстен оңайлықпен қайтпайтын, суалып кеткен сиырдай ғой. Ол ысылдап-пысылдап жетем дегенше, кiлең томпиған қарны бар еркек, әйел деген толып кеттi. Сол арада ыңыранып автобус та жеттi. Оның есiгi ашылар ашылмастан жұрт лап қойды. Құдай оңдап, мен алдыңғы шепте едiм, кейiнiнен итерген кiсiлер менi ұмар-жұмар етiп iшке кiргiзiп жiбердi. Жаным көзiме көрiнсе де, қысылғанымды сездiрмей, жан-жағыма күлiмсiрей қарап тұра бердiм. Сол арада автобустың күшеншек аттай қайта-қайта тоқтай бергенiме таңғалдым. Сосын жан-жағыма абайлап қарап едiм, иманым тура қара бақайымнан шықты. Сiздерге өтiрiк, маған шын, пәленбай кiсi сиятын, резеңкеше созыла беретiн автобуста бар-жоғы белдерiне екi адамның құшағы жетпейтiн, жуандығы мың жылғы еменнiң дiңiндей он шақты-ақ орыс әйел отыр! Олардың арасында келе жатқан мен ғана! Мен де кептелiп, шаққа дегенде демiмдi алып тұрмын. Сүйтiп, жан терiм шығып келе жатып, соңғы кездерi “экономиканың өзi экономикашыл болсын” деген ұранды есiме алдым. Сол арада басыма керемет бiр ой сап ете қалды. Тура сарт ете түскен шоқпардай сап ете қалды. Мен iшiмнен: “Мына он кiсi бар болғаны 5 тиыннан 50 тиын төледi. Ал автобус болса, жеке шаруашылық есепке көшкен. Оның әр рейсi 50 тиын тұрса, автобаза бiр жылда сазға отырады. Әгәр осы он кiсiнiң орнында 100 кiсi болса ғой, онда шопырға 500 тиын, яғни 5 сом түсер едi. Сүйтiп күнiге 100 рет қатынаса, автопарк 500 сом пайда табады. Ал ол мына қалпымен ештеме де өндiре алмайды. Оған кiнәлi… әрине, мына семiз орыс әйелдер. Құдайдың тегiн жатқан наны мен кәртөшкiсiн жей-жей, әбден қанар қаптай семiрiп, олар мына… бетбұрысқа кедергi келтiрiп отыр! Оған қоса оларды арытамыз деп медицина саласында қаншама қасқа бастар айына пәленбай сомнан қазынадан тегiн ақша алып отыр! Сонда бұ қалай? Орыс әйелдер тамақты бiр жейдi, оларды арылтамыз деп ғалым кiсiлер екi жейдi. Әгәр осы қансемiздердi арылта алса, онда ғалым кiсiлер алатын айлық қазынаға түседi. Бұл бiр. Екiншiден, мына автобусқа арық кiсiлер көп сыяды. Сосын автопарктың табар пайдасы көбейедi. Ол үшiн не iстеу керек?” — деп қатты толғанып, тылтиған юбкасының әр жағынан екi санын көрсетiп, темекi шегiп тұрған қыздың суретiн жапсырған әйнекке қарадым. Оның ойына дәнеме де кiрiп шығар емес. Шопыр: “Келесi астанопкiде түсетiн кiсi жоқ па?” — деп сұрап алды да, еш жерге тоқтамастан аңырап тартып келедi. Түспегендерiне қарағанда, мына қансемiздердiң барлығы сонау “Орбита” дейтiн шағынауданда тұратын болды. Мұның қаншалықты мемлекетке, ойбай-ау, автобазаға зиян екенi шопырдың ойына кiрiп те шығатын емес. Кiрiп-шығып кәйтсiн, оның айлығы түгел, ай сайын, қанша кiсiнi тасығанына қарамастан, жалақсыны шытырлатып санап алады да тұрады. Сол арада: “Ойпырмай, бұ не деген жауапсыздық?! Мына автобус жеке өзiнiкi болса ғой, ана шопыр мына қансемiздердiң әрқайсысына бес сом төлетер едi. Ендi не iстеу керек?” — деп жан терiм шығып келе жатып, кенет… әлгi Архимед сықылды басыма керемет бiр ой… сарт етiп түсе кеттi. Қуанғаным соншалық, дереу екi шынтағыммен кiлең бидай толы қанарды итергендей, шаққа дегенде есiкке жетiп, қолыммен қаусырмасын ашып, сыртқа қарай бiр-ақ қарғыдым. Жұрт шу ете түстi. Оған қарап жатқан мен жоқ, тротуардың жиеңiне отыра қап, қанап қалған тiземе қарамастан, портфелiмнен қағаз алып, жаңағы ойды ұмытып қалмай тұрғанда жазып алайын дедiм. Сүйткенiмше болмады, ысқырып қызыл жағалалылар жетiп-жетiп келiстi. Олар келе түйеден түскендей дүңк етiп:
— Сiз неге көше тәртiбiн бұзасыз? Жүрiп бара жатқан автобустан неге қарғисыз? — деп, торғай iлетiн қырғиша шүйiлдi.
Мен асып-сасып:
— Оған кiнәлi өзiм, шопыр емес. Мына… басыма бiр ой түсiп, — дедiм.
— О қандай ой? — Қызылжаға маған бiр түрлi боп қарады.
— Оны кәзiр айтуға болмайды. Секрет! Ол ертең iске аса қалса, қаншама пайда?! — дедiм көз алдыма кiлең шытырлаған пұл елестеп.
Қызылжағалар бiр бiрiне қарасып, бастарын шайқасты:
— Мынау бiр… мыйы шайқалып кеткен бiреу ғой. Осындайлардың кесiрiнен жазықсыз бiреу сотталып кетедi.
Сол арада автобусын тоқтатып, асып-сасып келген шопыр шiңкiлдеп:
— Менiң түк жазығым жоқ. Остановка әлi алыс. Өзi ғой қарғып шыққан, — деп, қызылжағаларға жампаңдап жатыр.
Жұрт тез арада жиылып қалды. Олардың барлығы жабайы адамды көргендей, маған үңiле, таңдана қарап, бастарын шайқайды:
— Мынау есалаң ғой!
— Қар адамы!
— Бұл әйелi байғұстың соры шығар…
Аздан соң қайдан шақырғанын кiм бiлсiн, бiр қызыл ала машина ышқынып кеп тоқтады. Iшiнен еңгезердей екi жiгiт атып шығып, келе менi екi қолтығымнан ұстап, машинаға қарай дырылдатып сүйрей жөнелдi. Мен:
— Әй, бұларың не? Қайда апарасыңдар? — десем, олар бөрене тасығандай мырс-мырс етiп:
— Барғасын көресiң. Тиыш отыр. Болмаса, — деп, олар әр қайсысы әйелдiң басындай келетiн жұдырықтарын көрсеттi.
Онымен бiр қойса, тамаша ой түскiш басымның мыңғыдай болатынын бiлiп, жым болдым.
Шамалыдан соң менi бiр мекемеге әкелдi. Он шақты ақ халат киген емшiлер менiң көзiмдi айналдырып, тiлiмдi сыртқа қолымен тартып шығарып көрдi. Сосын кiшкене балғашамен екi тiземдi сабалап бiраз отырды. Мен дым деген жоқпын. Содан кейiн бiрi тұрып, ақырын ғана мияулаған дауыспен:
— Сiз… неге автобустан қарғыдыңыз? Өзiңiздi өзiңiз өлтiргiңiз келдi ме? — деп сұрады.
— Құдай сақтасын! — дедiм мен шошынып.
— Әлде әйелiңiзбен ренжiсiп қалдыңыз ба? — дедi басқа бiреуi маған бiр қырымнан тесiле қарап тұрып.
— Ондай дәмене де жоқ.
— Сонда неге қарғыдыңыз?
— Басыма бiр ой түсiп… Ана Архимед сияқты…
— Бiр ой… Архимед — Олар бiр бiрлерiне ақша толы сейфтiң кiлтiн тауып алғандай қуана қарасты. — Сонда ол… қандай ой?
— Оны айта алмайым. Ол құпия.
— Құпия? Неге? — дедi семiз сары кiсi қабағын шытып.
— Ол… ендi… кәсiпке байланысты…
— Ендi пайдалы болса, соны айтсаңызшы. Бiз оны үкiметке жеткiзейiк, — дедi бiр арық орыс әйел тықақтап.
— Оны… өзiм де жеткiзе алам.
— Жо-о-оқ, сiз оны ендi жеткiзе алмайсыз. Сiз мына келiп отырған жерiңiздiң не екенiн бiлесiз бе?
— Мен оны қайдан бiлем? Мұны… бiрiншi рет көрiп отырмын.
— Мәселе сонда, оны бiрiншi рет көресiз де, екiншi рет көрмейсiз.
— Сонда ол не? — дедiм мен ендi шынымен шоши бастап.
— Бұл психодиспансер. Ауыштардың үйi. Егер жаңағы идеяңызды айтпасаңыз, бiз шаншамыз да, сандырақтатып, айтқызамыз. Ол автобустан қарғуға жiлiгi татымайтын бiрдеме болса, сiздi емдеймiз.
— Ал мен қарсы болсам ше?
— Әй, сiздiң сөзiңiздi кiм тыңдайды? Бұ жерден әлi ешкiм де шығып көрген емес. Әрi ешкiмнiң де даусы сыртқа шықпайды.
Менiң иманым одан сайын ұшты. Бiрақ бел бермейiн деп, қоқырайып, күшке мiнiп:
— Сiздерге мұндай правоны кiм бердi? Мен ақыл-есi сау Совет азаматымын. Сiздердiң менi… бүйтiп, зорлап… емдеуге хақыларыңыз жоқ, — деп, орнымнан атып тұрып едiм, есiк сарт етiп ашылып, бағанағы екi жiгiт кiрiп келдi де, менi соятын лақша бақыртып, екi қолымды артыма қайырып, тахтаға атып ұрды. Тыпырлағаныма қарайтын емес. Сол арада бiр медсестра жетiп кеп, ұзындығы бiр қарыс шприцпен бiр пәленi салып кеп қалды. Бойыма бiр ыссы нәрсе енiп барады. Содан кейiн көз алдым тұманданып сала бердi. Бiрде есiмдi жисам, әлгiлер самсап отыр екен.
Орыс әйел маған одырая қарады:
— О нағылған идея? Ендi айтатын шығарсыз?
Мен iшiмнен: “Бүйткен идеясы да, автобусы да бар болсын. Амалдап мына пәледен құтылып шығайын. Ертең жұмысқа хабарлап қойса, құримын ғой. Шортан дейтiн құрбақа бет бастығым менi қуырдақ қып жейдi ғой”, — деп, жүзiмдi жылытып, оларға жылмия қарап:
— Ол өзi… өте қымбат идея. Егер ешкiмге айтпайтын болсаңыздар, — дедiм.
Бәрi қатарынан:
— Честное пионерское!
— Айтпаймыз!
— Аузымызға құм! — деп шу ете түстi.
Мен уһ деп демiмдi алып, ендi батылданып, бәрiн айта бастадым. Қыза келе:
— Қансемiздердi арықтатудың амалын ойлап таптым, — дедiм азырақ мақтаныңқырап.
— Сонда қалай?! — Бәрi таңғалды.
— Ол оңай, — дедiм мен оларға қодырая қарап. — Мәселен, мен автобустың шопыры болсам, астанопкiден 20-30 метрдей жерге өтiп барып тоқтар едiм. Күнi бойы табынан сарсылып тұрған жұрт оған тұра жүгiрмей ме? Сөз жоқ, жүгiредi. Олар автобусқа жақындай бергенде, мен автобусты жүргiзiп, тағы да 20-30 метрдей жерге барып тоқтаймын. Оны көрген жұрт тағы да жүгiредi. Бұ жолы олардың бiр-екеуiн мiнгiзiп алам да, тағы да қозғалып, 20-30 метрдей жерге барып тоқтайым. Жұрт тағы да қан сорпасы шығып жүгiредi. Тағы да олардың бiр-екеуiн мiнгiзiп ап, тағы да жүрiп кетiп, 20-30 метр жерге барып тоқтайым. Жұрт тағы да жүгiредi. Сүйтiп, жұрттың, тойыст… пәлгi қансемiздердiң қан сорпасын шығара отырып, мен сонау “Орбитаға” дейiн барам. Жұрт та жүгiре-жүгiре “Орбитаға” жетедi. Түсiнген кiсiге, бұл деген нағыз спорт қой. Сiздер халыққа жүгiр, дене шынықтыр деп үгiттегенмен, оны ешкiм де тыңдамайды. Ал автобустың iзiнен жүгiр десең, тыңдайды. Мен сүйтiп автобус айдасам, бiр айда семiздердi артық еттен арылтып, шынашақтай етем. Шынашақтай емес-ау, олардың кейбiрi шырпыдай боп қалады. Мұның екi пайдасы бар. Бiрiншiден, арыған кiсi тамақты аз жейдi, экономика деген нақ осы! Екiншiден, шырпының талындай кiсiнiң автобусқа оны емес, жүзi сияды. Тiпте қинасаң, олардың екi жүзiн сыйдырып жiберуге болады. Ал бұл қаншама тиын-тебен! Сүйтiп күнiне он рейс жасасам, автопарк қаншама байлыққа кенеледi?! Демек, мұның пайдасы көп. — Мен оларға жау шауып келгендей қодырая қарадым.
Бағанадан берi маймылға қарағандай боп мүсiркеп тұрғандар сөзге келе бастады:
— Шынында, мынау қызық ой екен.
— Пайдасы көп.
— Осындай рационалистерге жолды кеңiнен ашу керек қой.
Олардың сөздерiн естiп, кеудемдi көтерiп отыра берiп ем, бiр семiз орыс әйел:
— Сонда бiз кәйтемiз? — дедi.
— Кәйткенi несi?
— Ау, сiздiң есiңiз шынында сау емес. Қансемiздер түгелiнен жазылса, бiз жұмыссыз қалмаймыз ба? Сосын қалай күн көремiз?
Қалғандары да бiр бiрлерiне қарасып, бастарын шайқасып, күбiрлей бастады:
— Шынында, Марияның айтып отырғанының жаны бар.
— Аурудың бәрi сауалып кетсе, бiз жұмыссыз қаламыз.
— Больницалар, институттар жабылады, адамдардың бәрi медицинадан хабардар болады. Сосын бiздiң ешкiмге керегiмiз болмайды.
— Жолдастар, мынау барып тұрған арандатушы ғой. Мұның айтқаны жоғарғы жаққа жетсе, бiз құримыз, — сол арада бiр әйел айқайлап шыға келдi. — Одан да…
— Не одан да?
— Одан да мынаның көзiн құрту керек. Болмаса мына идеясын ешкiмге айтпаймын деген расписка берсiн. Шамасы, сояды деген болуы керек.
— Мiне, дұрыс.
— Жөн сөз.
— Әй, осыны учетка алсақ кәйтедi? Содан кейiн мұның сөзiн ешкiм де тыңдамайды, — дедi бiр қазақ жiгiтi.
— Алихан Сейсенбаевич дұрыс айтып тұр. Учетқа алайық та, амбулаторияда емделсiн деп шығарайық!
— Сүйтейiк!
Шынында, олар сүйттi. Түнгi он екiге дейiн әурелеп, шаққа дегенде босатты. Содан шаққа дегенде үйiме жеттiм. Түнiмен жаңағы керемет ойымды хатқа түсiрiп, бiрер сағат мызғыдым да, таң сыз берiсiмен автобустың паркiне бармақ боп, төсегiмнен тұра берiп ем, қоңырау баж ете қалды. Есiктi ашсам, — қызылжаға! Ол қалтасына әлдеқанадй квитанцияны шығарды:
— Штраф төлеңiз!
Оны әйелiм естiп қалмасын деп дызығып:
— Кәзiр, — дедiм де, қалтамнан он сом алып, оның қолына ұстата салдым. Ол өмiрi ыздаш бермейтiн қу болса керек, есiгiмдi сарт еткiзiп жапты да, жөнiне тайып тұрды. Оған қарап жатқан мен жоқ, азанғы шәйдi асығыс iше сап, ыңылдап өлең айтып, автобус паркiне түсте барармын деп, жұмысқа келсем, бастығым маған бiр түрлi боп қарайды. Iшiмнен: ”Мұнысы несi?” — деп таңғалып қойдым. Содан көп өтпестен, Шортан менi шақырып алды. Ол сүзетiн өгiзше бұқырайып:
— Сiз немене… кеселсiз бе? Оны бiз бұрын нағып бiлмегенбiз? — дедi. Оның көзiнiң аларғаны сонша, көзiне ақ түсiп қалмады ма екен деп шошыдым.
— Оны сiзге кiм айтты? Мен сап-саумын.
— Онда мына документтер неге… бұлай? — Ол алдында жатқан қағаздарды дөрекi қолымен нұсқады.
Абайлап қарасам, кеше мен барған жердегi емшiлер бұған қатынас қағаз жазыпты. Не дерiмдi бiлмей, сасқанымнан қолымды қалтама салып едiм, бағанадан берi қомпиып отырған Шортан сыртқа қарай шығына қашты. Ол қашқасын, мен һәм қаштым. Ондағым жер сiлкiнiп, бiр пәле болып жатыр ма дегендiк едi. Сүйтсем, Шортан менен шошып қашыпты! Шамасы, сояды деген болуы керек. Сол арад күлкiм кеп, жерге отыра қап, iшек-сiлем қатқанша күлейiн! Жиылып қалған жұрттың бәрi маған үрейлене қарайды. Маңыма бiреуi жолар емес! Өмiрi менi адам деп есептемеген әне бiр жағымпаздар да шошына қалыпты. Мен олардың құтын әбден қашырайын деп, орнымнан тұра берiп едiм, бәрi кеңседен безiп бердi. Сосын-ақ мен жағдайдың болмайтынын бiлдiм. Ертеңiне бұйрығымды алдым.
Сонан берi боспын. Бiзде жұмыссыздық жоқ дейдi. Ол рас. Өйткенi бiзде керемет ұсыныс айтатындар жоқ! Олар бар болса, бәрiн де жұмыстан қуар едi. Сосын жұмыссыздық болар едi! Бiздiң бағымызға қарай, ондай жаңашылдар бiзде мүлдем жоқ. Сол себептi бiз ана Жапония мен Америкадан әлдеқайда артта қалып қойдық. Үйдейтiн себебiм, оларда жұмыссыздар көп, яғни мен сияқты керемет ұсыныс айтқыштар көп! Олар бiр идеясын миллион сомға сатады да, үйiнде отырады. Ондай қаржысы бар кiсi жұмысты нағылсын? Мен де сүйтейiн деп едiм, мiне, көрiп отырсыздар, халым қалақтай! Кәзiр басыма бiр де бiр ой түспейдi. Өйткенi мен жұмыс iздеп жүрмiн…
31.01.1990 жыл