Бес сом

Алғашқы сабақта Әлиасқар ағай Толашты тақтаға шығарып, әрiптердi жаз дегенде, бұл оларды әдемiлеп жазып, әрқайсысын жақсылап оқып бердi. Ағай ырза боп:

—Жақсы. Орыныңа барып отыр, — дедi де, қаламсабын сияға малып, журналға үңiлiп: — Бес! — дедi. Сосын ол балаларға қарап: — Сендер де Толаш сияқты жақсы оқи аласыңдар. Ол үшiн талаптану керек, — дедi.

Толаш мақтанып қалды. Сосын қатар партада отырған Жақсылықты сол бүйiрiнен бiр нұқыды. Ол мұның қолын қағып жiбердi.

Аздан кейiн ағай балаларды тақтаға бiрiнен соң бiрiн шығарып, әрiптердi қалай жазу керек екендiгiн үйреттi. Жақсылық қанша тырысса да, қолы икемге келмей, әрiптердiң сұлбасын қисайтып ала бердi. Оған қарағанда Нестайдың жазуы әдемi боп шықты. Ал Шалтаудың жазуы өзi сияқты iрi, әйдiк, арбиған екен. Соны көрiп, кеше ғана Шалтаудың өзiн жерге жығып сап, қойны-қонышына қар тыққанына ызаланып жүрген Темiртай:

—Арабжол! Арбажол! — деп мазақтады.

Тақта алдында тұрған Шалтау оның даусын естiп қап, ағайдың көзiн ала бере, Темiртайға жұдырығын түйдi. Темiртай қорқып, бас бармағымен Толашты көрсеттi.  Толаш қорқып кетiп, оң қолының сұқ саусағын шошайтып, Темiртайды көрсете берiп едi, осы кезде орнына отыра берген Нестайдың төсiне қолы тиiп кеттi.

—Кетшi әрi! — деп, Нестай кiржiңдеп мұның қолын қағып жiбердi.

—Не болды, балалар? — дедi соны естiген ағай басын көтерiп.

Балалар үндеген жоқ. Сол жерде бiрдеңе дегiсi кеп қозалақтай берген Жақсылық Шалтаудың өзiне қарап түйген жұдырығын көрiп жым бола қалды. Соны байқаған Темiртайдың да үнi өштi.

Сабақ әрi қарай жалғасып кеттi.

Өмiрiнде алғиаш рет қыз баланың омырауына қолы байқаусызда тиiп кеткен Толаш ыңғайсызданып қалды. Ұл балалар бiр бiрiмен алысып, кеуделерiне жабысып жатқанда, бүйтпейтiн. Қыз балалардың мұнысы несi? Әлде көйлегiнiң әр жағында қол тиюге тиiс емес бiрдеме бар ма? Толаш алғаш рет қып-қызыл боп кетiп, ойланып қалды.

Кешкiсiн үйге келгесiн, Толаш есiктен кiре бере:

— Аға! Аға, бүгiн “бес” алдым, — дедi.

— Өй, айналайын, мәләдес! — дедi мiнезi қаттылау, бала-шағаны онша айналып-толғана бермейтiн әкесi алғаш рет мейiрленiп. Сосын шалбарының қалтасына қолын салып, көкшiл “бес сомдықты» шығарды да: — Сабақтан “бес” алатын болсаң, бес сом берем, — дедi.

— Шын ба?

— Шын.

— Ленинский, Сталинский ме?

— Iленiнски. Iстәлiнски, — дедi ағасы орысшаға онша тiлi келмей.

Сол арада шешесi күлiп:

— Шал-ау, жәйләп айт, Iстәлiн дегенiңдi бiреу-мiреу естiп қап… — дедi жан-жағына қорқасоқтай қарап қойып.

Толаш ертеңiне де сабақтан “бес” алып келдi. Әкесi түсi көкшiл келген бес сом бердi. Соған қуанған Толаш үшiншi, төртiншi, бесiншi… сабақтан да “бес” алды. Әкесi бұ жолы бiр түрлi қиналғандай боп отырып “бес” сомдықтарды санап бердi. Соған қуанған Толаш ендi сабақтан бас алмайтын болды. Сосын алған “бес” деген бағасы да көбейiп кеттi. Бiр күнi тағы да есiктен кiре бере Толаш:

— Аға, аға! Бүгiн де “бес” алдым! — дедi аптыға сөйлеп.

— Өй, “бес” алсаң кәйтейiн! Саған беретiн көк тиыным да жоқ. Үкiметтiң ақшасы таусылып қалды, — дедi темiржолда жұмысшы боп iстейтiн әкесi мұның бетiне күле қарап, қарамай жұғып қалған  қолын бiр сiлтеп.

— Е, неге?

— Өй, негесi нес? Ана Iстәлiн өлгесiн, ақша жетпей жатыр да. Ертеңдерi… ақша көбейгесiн… бәрiн жинап-терiп бiр-ақ берем.

— Ленинский, Сталинский ме?

— Иә, солай, — дедi әкесi бұ жолы тiлi келмейтiн сөздердi айтпай.

Әкесiнiң “бес” сом бермегенiне, уәдесiне тұрмағанына iшiнен аздап өкпелеп қалған Толаш: “Шынында, қазынаның ақшасы таусылса, таусылып қалған шығар. Сталин биыл көктемде өлдi ғой. Сонда жұрт қалай жылады, а? Кәзiр жағдай оңдалып келедi. Совет үкiметi ертең-ақ ақшаны буаттап шығарады. Сосын ағамнан… берем деген “бес” сомын бiр қап қып алам”, — дедi.

Бұл 1953-iншi жылдың күзi едi…

1960

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *