Филиппок

Көктем туатын кез болды. Бiрақ қар қалың түскендiктен, 1954-iншi жылдың қысында даланы басып қалған ақ қардың ери қоятын түрi көрiнбедi. Оның үстiне, Арқа жақтан суық жел тұрып ап, елдiң жағдайын қиындата түстi. Көктемгi каникулда разъезде болған балалар, қайтадан мектепке баратын кездi қинала күттi. Әсiресе, Темiртай мен Жақсылық кiржiңдеп жүр:
— Суық бола түссе екен!
— Жел соға түссе екен!
Толаш таңғалып:
— Неге? — дедi.
— Өй, адам сабақ оқудан жалығып кеттi. Одан да ойнаған жақсы, — дедi Темiртай мен Жақсылық қосарлана сөйлеп.
— Сабақ та жақсы ғой, — дедi Толаш олардың мұнысын ұнатпай.
Ол екеуi жырқылдай күлiп:
— Сабақ “бес” алып, ағасынан күнде бес сом алып жүрген саған жақсы болса жақсы шығар. Күнде “екi” алып, көкелерiнен таяқ жеп жүрген бiздерге сабақ жақсы емес, — дедi. Сосын екеуi бұған тақап кеп, мұның пальтосының жағасынан алып: — Ағаңның берем деген бес сомын қашан аласың? — деп сұрады.
Бұл екеуi жабылады екен деп сескенiп, керi шегiнiп:
— Мен оны қайдан бiлейiн, — дедi.
— Сен… қайдан бiлгендi қайдан бiлесiң, — дедi екеуi мұны екi жақтан қысып. — Iсмәтри, алсаң, мәгәрiш.
— О не мәгәрiш?
— Өй, мынау… мәгәрiштi бiлмейтiн боқмұрын бала екен ғой, — дедi бұдан бiр-екi ай үлкендiгi бар Темiртай тырқылдап күлiп. — Мынау мәгәрiштi бiлмейдi! Мәгәрiштi бiлмейдi! — Сосын ол жұдырығын түйiп, оны мұның мұрнына әкеп иiскеттi: — Бiлмесең бар ғой, мiне!
Толаш үндемедi. Кешкiсiн “мәгәрiштiң” не екенiн әкесiнеан сұрағысы кеп едi, жұмыстан шаршап келген оның қабағының түюлi екендiгiн көрiп, батпады.

Апрель айының басында сабақ басталды. Толаш күн суықтығына қарай, мектепке бармады. Темiртай мен Жақсылық әр нәрсенi бiр сылтауратып бармай қалды. Олар сабаққа келесi аптада барды. Сабақ басталған соң, Әлиасқар ағай мұны тақтаға шығарып, әр түрлi суретi бар, көлемi дәптерден үлкен бiр кiтапшаны берiп, ондағы “Филиппок” деген әгiменi “оқы” дедi. Толаш оқи бастады. Онда Филиппок деген баланың оқуға құмартып, тоңғанына қарамастан, мектепке барғаны, оны мұғалiмнiң жылы қарсы алғаны туралы айтылады екен. Әңгiменi Толаш қызыға әрi тез оқып шықты.
— Ендi түсiнегiңдi өз сөзiңмен айтып бер. Балалар, кәне, тыңдаңдар! — дедi Әлиасқар ағай балаларға қарап, үстелдi тықылдатып.
Қозғалақтап отырған балалар тиышталып, бәрi мұның аузына қарады. Толаш састы. Аздан соң маңдайы жiпсiгендей болды. Соны байқаған ағайы:
— Толаш, саспа. Сонымен, Филиппок оқуды неге жақсы көрдi? — деп сұрады.
Сол Толашқа таяныш болды да, Филиппоктың оқуға неге құмартқан себебiн айтпақ боп:
— Ағай, ол  жалқау емес, суықтан қорықпайды, ол тоңғанына қарамай мектепке барады. Сабақты жақсы оқиды, — дедi асыға сөйлеп.
— Дұрыс. Ол әуелi не үйрендi?
— Ол әуелi бар ғой… әуелi… әрiптердi жазып, оқып үйрендi.
— Сосын?
— Сосын бар ғой, сосын… Филиппок әрiптердi жазып үйренiп болғасын, сөздi ежелеп оқи бастады.
— Өте дұрыс. Содан кейiн сөз бен сөздi қосып оқыды ма?
— Иә, сүйттi.
— Содан соң?
— Содан соң бар ғой, содан соң… ол… Филиппок сөз бен сөздi қосып оқи алатын болды. Ақыры ол жақсы оқып кеттi.
— Сонда бұл ненiң арқасы?
Толаш қиналды. Iшiнен:”Ненiң арқасы?” — дедi сұрақты қайталап. Сосын ол:
— Ол… ол бар ғой… күн суық деп қорықпағандықтың арқасы… сабаққа қатысқандықтың арқасы. Ол Темiртай мен Жақсылық құсап, мәгәрiш демейдi, — дедi.
Балалар ду күлдi. Сонда ағай оқушыларға қарап, қабағын сәл шытып:
—Оны… екеуi айтып жүр ме? Бұл жарамайды. Сендер, балалар, ондай жаман сөздi айтпаңдар, үйренбеңдер. Ал ондай жаман сөздi бiлмейтiн Филиппок жақсы бала, ол оқудан сылтау iздеп қалмайды. Ол сондықтан да жақсы оқып кеттi. Ал бiзде ше, — дедi, Әлиасқар ағай тақтаға Жақсылықты шығарды. — Кәне, сен оқы!
Толаш оған мақтана қарап, суреттi кiтапшаны бердi де, партаға кеп отырды. Сол арада Нестай бұған қызыға қарағандай боп көрiндi.
Жақсылық әңгiменi дұрыстап оқи алмады. Ол ежелеп оқып, сөз бен сөздi қоса алмай, күмiлжи бердi. Содан кейiн тақтаға шыққан Темiртай да оңдырмады. Ағай екеуiне сабақтан тыс тапсырма ретiнде “Филиппокты” тапсырып:
— Қайтадан оқыңдар, — дедi де, Толашқа бұрылып: — Қоғамдық жұмыс, сен ол екеуiне көмектес, — дедi.
Разъезге келгесiн, Толаш екеуiне оқып үйртепек болып едi, Темiртай мен Жақсылық мұны мазақтап:
— Мұғалiм! Мұғалiм!
— Бiзден кiшi екенiне қарамастан бұл әйдiк ағай! Әйдiк ағай! — деп қолдарын шошайтып, iштерiн басып күлдi.
Соған ызаланған Толаш:
— Оқымасаңдар қойыңдар. Ертең бәрiн ағайға айтам! — деп, бұртиып үйiне қарай тартты.
— Айтсаң, айта бер! Айтақ! Айтақ! — деп екеуi айғайлап қала бердi.
Үйге келгесiн Толаш суреттi кiтапшаны қайтадан ашып қарады. Ондағы суреттерге қызығып: “Мынадай сурет салсам ғой”, — деп қиялдады. Сосын ол мұқабаның бас жағында “Л.Н.Толстой” деген жазуды оқып, кешеден берi өздерiнiң Филиппок деп жүргендерiнiң орыс баласы екенiн бiлiп таңғалып отырды да: “Сонда Толстойдың өзi кiм болды? — дедi iшiнен сөйлеп. — Оның Филиппоктан басқа әңгiмесi бар ма екен?” Толаш сол арада басына бiр ой түсiп, жетiншi класта оқитын көршi Кәрiбаев Әбдiрахаманға барып, Толстойдың кiм екенiн сұрады. Ол ит тiстерiн ақсита күлiп тұрып:
— Өй, ол орыстың жазушысы ғой. Оның жазғандары көп. Оның бәрiн әкәдем нәуiктер оқиды, — дедi.
— Әкәдем нәуiк деген кiмдер? — дедi бұл оның iзiнен қалмай.
— Өй, әкәдем нәуiк деген әкәдем нәуiк та. Оған жетем дегенше сенiң мынадай боп өсуiң керек, — деп Әбдiрахман оң қолының алақанын көлденең қойып, өзiнiң басынан асыра көрсеттi. — Бiлдiң бе, сонда барып сен де әкәдем нәуiк боласың. Ал әзiрше, ана Филиппоктай болып ал, — дедi де, мұны желкесiнен ұстап, өзiне қарай жақындатып, құлақшынын шеше сап, тақыр басынан түйе тықымай алды. Сосын мұны терiс айналдырып, құйрығынан бiр тептi: — Иди, на х…
Толаш тұра қашты. Сол күнi оның түсiне қаба сақалды, ұзын шашты, қабағы түксиген Толстой кiрдi…
1960

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *