Қолымда ештеме жоқ, қарасам, түк…

Қолымда ештеме жоқ, қарасам, түк,—
бiз қалай тез есейген бола салдық?
Мектептен разъездге жетемiз деп,
даланы жүгiрушi ек ала шаң ғып.
 
Шүберек сөмке батсын арқаға тым,—
ойынмен барша қызық тарқалатын.
Мiне ендi… шыт көйлектi сәндеп киiп,
сен қыздың құрғандайсың салтанатын.
 
Жалтақтап ерiнiңе үлбiреген,
тереңде жатқан тосын сырды көрем.
Оятты тоңлап жатқан бiр талапты,
қос көзiң жанымды отша тiлгiлеген.
 
Сен қыз боп, мен жiгiт боп өсiп келем,
толқимын махаббатпен — бесiкпенен.
Қосылды көптен берi ықылас, тiлек,
ашылды болашаққа есiк деген.
 
Екеумiз қол ұстасқан бiр арманбыз,
махаббат бақшасынан гүл алғанбыз.
Жаныма кеткендей-ақ сiңiп жаның,
нәп-нәзiк, құшағымда бұралған қыз.
 
Бiз жүрмiз оқу бiтпей, қосыла алмай,
екеумiз тiлдессек те, есi қалмай,
мұғалiм сабақта көз алартады,
соншама махаббатта өшi бардай.
 
Бiздердi тәртiпсiз деп сынға салып,
ұстаздар көптен берi жүр қасарып.
Саспа одан, айлы түннiң аясында,
кел бермен, оңашада сырласалық.
 
Сен барда, керегi жоқ гүлдiң маған,
әсем саз сенiң күлкiң сыңғырлаған.
Тiлегiм: махаббатты ұрламасын
уақыт бiзден бала жылды ұрлаған…
 
1962

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *