Шырқашы әнiн Шәмшiнiң…

Шырқашы әнiн Шәмшiнiң,
шырқашы, тойдым мұң-зарға.
Оралсын еске жан сырым,
айтылмай қалған бiр жанға.
 
Ол кезде жас ем жайнаған,
өмiрдi терең бiлмейтiн.
Ақ жарқын едi айналам,
қастарым жоқ-ты күндейтiн.
 
Достармен тойда шуласып,
жалындай жанып жүрушi ем.
Қыздарға болып мың ғашық,
қайғысыз ойнап-күлушi ем.
 
Сонда бiр сұлу бар едi,
қарамық көзi қап-қара!
Ажары қандай әдемi,
күлгенi қандай шаттана!
 
Әдептi едi бiр жанның
бетiне тiктеп қарамас.
Жүзiнде жанып нұр балғын,
ететiн жұртты шала мас.
 
Бiлмеймiн неге екенiн,
жақсы едi амған ол барда.
Дәриядай тасып кетемiн,
аулақта шомып арманға.
 
Бiрақта жүрдiм айта алмай,
сақтаған iште сырымды.
Бiр сөзбен бәрiн байқардай,
жеткiзу қандай шыныңды!
 
Осылай күндер зулады,
көмулi жатты жан сырым.
Бiр күнi достым жырлады,
осы бiр әнiн Шәмшiнiң.
 
Отырдым кеудем жылынып,
қалықтап ұшты қайта арман.
Жанымда жатқан тығылып,
сырымды ол қалай айта алған!
 
Отырдым шолып жер-көктi,
өтiптi мезгiл байқалмай.
Жолдармен басқа ол кеттi,
мен кеттiм түк те айта алмай.
 
Қай жақта екен ол кәзiр,
кiмдерге нұр боп жүр екен?
Қай жанға сыйлап өр қажыр,
қай жанға бақ боп тұр екен?
 
Шырқашы әнiн Шәмшiнiң,
шырқашы, тойдым мұң-зарға.
Оралсын еске жан сырым,
айтылмай қалған бiр жанға.
 
1962

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *