Қойтанбай

Өңкиген ұзын бойлы, қысқа шашы көмiрдей қап-қара, пышақ жанығандай жағы бұлтылдап тұратын Қойтанбайдың өлердей жек көретiнi орыс әдәбиетiнiң сабағы едi. Оның себебi де бар болатын. Биыл бесiншi класқа өткен Қойтанбайларға осы сабақты Қазалыдан келген Валентина Кукушкина деген сопақ басты, мұрны ерiнiне тиер-тиместей боп созылып барып бiткен, арық денелi орыс мұғалiмi бере бастады. Өзi қазақшаны онша бiлмейдi, аздап түсiнедi. Соған қарамастан, Кукушкина орысшаға жоқ бұларға сабақты орысша бередi. Ол өз алдына. Оны Қойтанбайдың екiншi бiр ұнатпайтыны мынау: жетi жылдық мектеп орналасқан совхоздың орталығында бос үй болмағандықтан, Валентинаны мектеп директоры биыл жаңадан ашылған интернаттың шеткерiлеу бiр бөлмесiне орналастырған-ды. Валентина сабағын берiп болған соң, ұзын, қараңғылау корридордың арғы бұрышындағы бiр үстелдiң үстiне примусын қойып, тұтатып от жағады да, қалайы кiшкене кастрюльге су құйып, борщ асады. Сүйтедi де, сәлден кейiн бөлмесiне кiрiп кетiп, әлдеқандай кiтаптарды оқып жатады. Сол арада кастрюльдың суы сақырлап қайнап, қақпағы селкiлдеп, быж-быж етiп төгiледi. Соны ести сала Валентина бөлмесiнен жүгiрiп шығып, кастрюльдiң қақпағын алып, оттың астың басып әуре болады. Оған дейiн интернаттың бүткiл бөлмесiн борщтың күйген исi алып кетедi. Соны Қызылдың шағыл құмының арасында қыстайтын қойшының отбасында туылып-өскен Қойтанбай ұнатпайды. Ол иiс шыққан бойда, мұрнын басып, имек басына қола жалатқан керуетке етпеттеп құлай кетедi. Мұның онысын көрсе болды, интернатта меңгерушi боп iстейтiн, Қызылордадағы мұғалiмдер даярлайтын институтты биыл бiтiрiп келген, жоғарғы кластарға орыс әдебиетiнен сабақ беретiн, бiр шекесi шығыңқы, шашын сол жағына қисайтып тарап, оң иығын үнемi көтерiп жүретiн, батық мұрын, дүрдек ерiндi Балқараш жетiп кеп, мұны иығынан жұлқылап тұрғызып, әбден сөгедi. Кейде ашуланса, оны Қойтанбайды интернаттың жалпы жиналысына да салатыны бар. Ондайда Балқараштың құдайы берiп қалады: ол дүрдек ернi жайылып, қолайсыз күлiмсiрей түсiп, балалардың көзiнше мұны құлағынан тартып, дүниедегi ең келеңсiз бiреудi жаңа көрiп тұрғандай, жосылады. Сондағы айтатыны — интернаттың iшкi тәртiбiн бұзып, жинаулы тұрған төсекке мұның жата кететiнi. Оның ойынша, бұлар күндiз орындықта қақайып отыруға ғана тиiстi сияқты. Сондайда Қойтанбай Қызылдың шағыл құмының бiр ойына тiгiлген қараүйiн, төселiп жатқан текеметтi, оған аунасаң да мыңқ етпейтiн шешесiн аңсайды, соған қашан жетем деп iштей сабырсызданып бiтедi. Бiрақ қойшы әкесi қаталдау. Ол мұның оқып, адам болғанын қалайды. Үнемi: “Оқымасаң, мен сияқты қойдың көтiнде салпылдайсың да жүресiң. Ал оқысаң, қолыңа пәпкi ұстап, запперме не бұғалдiр боласың”, — дейдi. Соны естiгеннен кейiн Қойтанбай, шынында да, запперме мен бұғалдiрдiң өмiрi тамаша шығар деген ойға келген. Ол ана жолы қарны iшiне бiрдеңе тығып қойғандай шыртиып, шалбарының белбеуiн баса салбырап кеткен, кеудесi кең, қара бұжыр запперме Нұржанды, оның шырпымен тiсiн шұқып, шырт-шырт түкiрiп тұрғанын көрiп: “Бұл күнде ет жейтiн шығар”, — деп iштей қызыққан едi. Ендi бiрде ұзын бойлы, арық денелi, қарны аздап шыға бастаған, шикiл сары экономист бұғалдiр Iдiрiстi көрiп: “Бұл үнемi борщ iшетiн шығар”,— деп ойлаған. Себебi ол үнемi интернаттың жанынан өтiп бара жатып, осы кезде сыртқа жайған кiрiн алып жатқан Кукушкинамен: “Iздiрәсти!” — деп амандасады. Онымен Валентина да жарқын жүзбен амандасады. Бұл сол екеуiнiң сәлемдескенiне қарап, бiр түрлi болатын. Кiлең қазақ тұратын бұл ауылда орыс аз. Сондықтан бұлар орысша бiлмейдi. Әрi қазақтың орыспен амандасқанын ерсi, тiпте қызық көредi. Соның iшiнде Iдiрiс пен Валентинаның амандасқаны бұған бiр түрлi құпия сияқты боп көрiнетiн. Бiрақ олай дейiн десе, Iдiрiстiң жалпақ қара әйелi, үш-төрт баласы бар. Оның үстiне Қойтанбай әлге дейiн орыстан әйел алған қазақты көрген де, естiген де емес. Кейде осы жайлы ойлап отырып: “Сонда… үйленсе… өзi қалай болады екен?” — деп, неше түрлi қиялға батады. Бүгiн де сабақ үстiнде Валентинаның пудра жаққан, бiр түрлi шаңытқан сияқты боп көрiнiп тұрған бетiне қарап қойып, әлгi қиялына батып, соған iшiнен күлкiсi кеп отыр едi, мұғалiм мұның жанына кеп:
— Карасакалов, что я сказала? А ну-ка, повтори, — дедi.
Қойтанбай сасып қалды. Дереу ескi қара партаның топсалы, қайырмалы жерiн көтерiп, орнынан тұрды да:
— Не знаю, — дедi.
Балалар ду күлдi. Әсiресе, мұны үнемi мазақтап жүретiн Майнаш пен Жәнәлi жырқылдап, мұғалiмге көрсетпей, алдында отырған баланың жауырының сыртынан жұмылған жұдырығын екi танауларына апарып иiскетiп, беттерiн тыржитып, тiлдерiн шығарып, мұны мазақ қыла бастады. Бұл оларға қарап жатқан жоқ, мұның қысылғаны өзi iштей ұнататын бидай өңдi, салмақты Жұмабикенiң бұған көз салмай, басын алдындағы ашулы тұрған кiтаптан алмағаны болды. Қойтанбай екi бетi ду етiп, басына қан шауып, жанына жетiп келген Валентинаға туралап қарай да алмады. Мұғалiм болса, тағы да мұны сөгiп, алдында жатқан оқулықтың бетiн ашты да:
— Смотри вот сюда и читай вслух, — дедi арықша келген саусағымен қағазды нұқып.
Қойтанбай оқулықты қолына алды да, Валентина нұқыған жерге көз салды. Онда “Антон Чехов”, “Ванька”, “рассказ” деген жазу бар екен. Бұл оқып едi, тiлi келмей, “Чеховты” “Шеқоп”, “Ваньканы” “банка”, “рассказды” “ырасқаз” дедi. Балалар тағы да ду күлдi. Валентина бұған жабайы бiреудi көргендей тыжырына қарап тұрып, әлгiнi Жәнәлiге оқы дедi. Ол болса орнынан тұра сап, судырата жөнелдi. Ол оқып болғасын, Валентина:
—Көрдiң бе, кластастарың қалай-қалай оқиды. Ал сен болсаң ударение дегендi бiлмейсiң. “В”-ға тiлiң келмейдi. Ендi жаттығып, дұрыс оқуға тырыс, — дедi.
Қойтанбай жер болды. Сабақ бiткенше қызарақтап, басын көтермедi. Сол күнi сабақ бiтiсiмен мектептiң кiтапханасына барып, А.Чеховтың жақында шыққан екi томдығын кiтапханашы Зәпура апайдан шаққа дегенде сұрап алды. Кiтапханаға өмiрi басын сұғып көрмеген бұған бұжыр бет Зәпура сенбей қарап тұрып:
— Осыдан жыртсаң бар ғой, әкеңе ыштырап салдыртам, — дедi.
Қойтанбай интернатқа келгесiн, балалардан бөлектенiп ап, екi томның мазмұнын қарап, “Ванька” деген әңгiменi оп-оңай тауып алды. Сол беттi ашты да, әңгiменi оқи бастады. Әуелгiде бұрындары оқулықтан басқа кiтап оқып көрмеген бұған орыс баласының басынан кешкендерi бiр түрлi ерсi болып көрiндi. Аздан кейiн көзi жаттығып, iштей ежелеуiн қойып, жүгiртiп оқи жөнелдi. Ара-арасында мұрнын тартып қойып, қолымен тақыр басын сипалап, Ваньканың қиын тiршiлiгiн iштей аяп кеттi. Бiр араға келгенде: “Шынында да, етiкшiлер қатал болар”, — деп қойды. Оның дұрыс-бұрыстығын тексерiп көрейiн десе, бұл ауылда етiкшi жоқ. Содан әрi қарай оқи келе, iшiнен: “Болса болар”, — дедi. Сүйтiп тез арада әңгiменi оқып болды. Бiрақ мұның бiр түсiнбегенi әңгiменiң қалай аяқталғаны болды. Бұл оқыған қиссаларда батырлар қалмақтарды қырып-жойып, олардың көздерiне қара шыбынды үймелетiп, бай болып, барша мұратына жететiн едi. Мынада мұның бiрi де жоқ. Осыған таңғалған Қойтанбай: “Мұнадай да қысса бола ма екен?” — деп таңырқап аз отырды. Сосын өзiне өзi: “Ау, бұл қыса емес, әңгiме ғой. Мүмкiн, әңгiме деген осылай болатын шығар”, — деп Чеховтың қалай жазғанына iштей ақтау iздедi. Сүйтiп отырғанында бiреу мұны желкесiнен түйiп қалды. Бұл жалт қараса, мыртиған, көзi бұзаудың көзiндей мөлиген, үнемi тiсi ауырып, оң ұрты iсiп жүретiн Берiк! Оның әкесi қойшы. Бiрақ ол бастауыш класты Қазалының интернатында жатып оқығандықтан, орысшаны аздап түсiнедi. Кейде оның кластағы қыздардың көзiнше бiлетiн бiр-екi ауыз орысшасын қосып сөйлеп, мақтанып қоятыны да бар. Бұ жолы да ол қомпиып тұрып:
—Мақау-ау, орысша оқып отсың ба? — дедi.
Қойтанбай қысылып, оның бетiне басына қаны шаба күле қарап:
— Жоқ, қазақша, — дедi.
— Чехов… қалай қазақша?
— Бiлмейiм. Әйтеуiр, мынауы қазақша.
— Шын, әй, мынау қазақша ғой, — дедi Берiкбай екi томды қолына алып, оның қалың мұқабасына қызыға қарап тұрып. — Шынында, қазақша. Сонда Чехов қазақшаны қайдан үйренген?
— Аударған шығар.
— Ә, солай да болады.
Сол арада Берiкбайдың ұсталған тұсын аңдап, Қойтанбай одан бiр жәйдi анықтап сұрап алғысы кеп, ендi оның бетiне тура қарап:
— Сонымен Ванька не болды? — деп сұрады.
— Өй, сен де бiр сұрамайтынды сұрап. Не болсын, ол атасына хат жазды.
— Содан…
— Соданы жоқ, оны атасы кеп деревнясына алып кетедi.
— Өй, ол мұнда жоқ қой.
— Жоқ болса, бар болады, — дедi Берiк ендi бұған қолына екi томды қайтарып берiп жатып. Оның iсiк ұртынан сасық иiс мүңк ете қалды.
— Қайдам…
Қойтанбай екi томды алды да, тумбочкаға жақындап отырып, келесi әңгiменi оқи бастады. Берiк бұған мысқылдай қарап тұрды да, жуан екi қолын шалбарының екi қалтасына салып, екi жағына кезек аударылып, байпаңдап, бөлмеден шығып кеттi. Қойтанбай оған көңiл бөлмедi, кiтаптың қызығына берiлiп, кешке дейiн отырды. Ол кешкi тамаққа Балқараш кеп шақырмағанда, осы бойымен отыра беретiн де едi. Мұның мына қалпын көрiп, Балқараш таңғалып, екi томдықты аударыстырып көрдi де:
— Өй, өзiң жақсысың ғой… Чеховты оқып, — дедi құптағаны не мысқылдағаны белгiсiз үнмен.
Қойтанбай орнынан тұрып жатып:
—Ағай, сонымен Ванька не болады? — деп сұрады.
— Не болсын, со күйiнде қалады, — дедi Балқараш оң қолын бiр сiлтеп.
— Қалғаны қалай?
— Ау, өзiң бiлмейсiң бе? Ол: “Деревняға. Атама”,— деп жазды ғой.
— Иә, жазды.
— Жазса сол, осындай әдiрiспен ол хат қайда барады. Ресейде не көп, деревня көп. Хат дұрыс бару үшiн деревняның әдiрiсi, атасының аты-жөнi толық жазылуы керек. Онсыз хат ешқайда да бармайды.
Соны естiген Қойтанбай таңғалды. Iштей: “Шынында да, солай екен-ау! Сондай жәй нәстенi қалай бiлмегем? — деп қойды. — Қой, онан да осы кiтапты түгел оқып шығайын”.
Ол сонда болса сенбей, коридорға шығып, примустың жанында шөкелей отырған Валентинаға келiп, екi томдықты көрсеттi. Мұғалiм кiтапты көрді де, бұған бiр түрлi боп жылы ұшырай қарады. Қойтанбай сол арада тiлi жеткенше Ванька туралы сұрап едi, хаттың бармайтынын ол да растады. Сосын бұл не iстерiн бiлмей, iшке қайтып келдi де, оқығысы келмей, екi томдықты тумбочканың үстiне қоя салды. Содан бiразға дейiн оның бетiн ашпады. Ақыры кешке жатар алдына оны қарап едi, бiр әңгiменiң қызығына түсiп кетiп, бастан аяқ оқып шықты. Одан келесiсiн оқуға кiрiстi. Сүйтiп отырып Қойтанбай кiтап оқуға құнығып алғанын байқамай да қалды.
Ертеңiне ол сабаққа бармай, бiр аптада екi кiтапты түгел оқып шықты. Сосын iштей мақтанып, Зәпураға кiтапты апарып тапсырды. Ол бұған сенбей қарап тұрып:
— Әй, сен мынаны оқыдың ба? — дедi.
— Оқыдым.
— Оқысаң, кәне, мазмұнын айтқа қойшы, Ванька не болады?
— Не болсын, етiкшiнiң көмекшiсi боп қала бередi.
— Өйдөйт, бiлген екенсiң. Хат жазғасын, оны атасы кеп алып кетпей ме? Өй сен өзiң оқымай, кiтәбтың сүгiреттерiн ғана қарап шыққансың ғой, — дедi Зәпура қабағын кiржитiп.
Бұл:
— Апай-ау, әдiрiсi жоқ хат қалай барады деп дәлел айтқысы кеп едi, ол қолын бiр сiлтеп:
— Әй, басымды қатырма. Әйдә, қайқай! — дедi.
Содан бұл қайқайып бердi. Әлденеге ызаланып класқа кiре берiп едi, жақында ғана бұларға класс жетекшiсi болған Балқараш Қойтанбайды ұстап алды:
— Әу, сабақ қайда?
— Келе жатырмын ғой.
— Оны айтпайым, сенiң сабаққа қатыспағаныңа бiр апта болды. Бұ не деген тәртiпсiздiк! Кәне, жүр былай! Класс жиналысы болады…
Шынында да, мұның тәртiбiн класс жиналысында талқылады. Майнаш пен Жәнәлi тағы да жырқылдай күлiп, Берiкбайдың сыртын ала бере, жұдырықтарын түйiп, оны танауларына апарып иiскеттi. Тағы да Жұмабике басын төмен салып жiберiп, ашулы жатқан кiтаптан көзiн алмай қойды. Мұның Чеховтың екi томдығын бiр аптада оқып шықтым дегенiне Балқараш сенбей:
— Сонда қалай? Зуылдатып па? Кiсi кiләссиканы сүйтiп оқи ма екен? О немене ойыншық па? Мұнауың өтiрiк қой! Ол аздай, сабаққа қатынаспай қойдың. Тәртiп бұздың. Сол үшiн мына жолдастарыңның алдында кешiрiм сұра! — дедi де, класс жетекшiсi мұны құлағынан тартып, тақтаға шығарды.
Қойтанбайдың құлағы ду-ду еттi. Класс жетекшiсi ақысы кеткендей, оны қайтадан бұрап тұрып, екi көзi ежiрейiп:
— Кәне, кешiрiм сұра! — дедi.
Қойтанбай азарланып, жылағысы келсе де, iштен тынды. Оны көрген Балқараш зiлдене түсiп:
— Әй, кешiрiм сұрайсың ба, жоқ па? — дедi.
— Не үшiн?
— Әй, мынаның не үшiнi нес? Сабаққа қатынаспағаның үшiн.
Қойтанбай балаларға тура қарай алмай, екi аяғына кезек мiнiп тұрып, мiңгiрлеп кешiрiм сұраған болды.
— Анықтап айт! — дедi Балқараш оны қанағат тұтпай. Ол мұның бетiне үңiлгенде, оның қисықтау мұрны көзiне тиiп кете жаздады.
— Ке-е-ешiрiм сұраймын… — дедi Қойтанбай кекештенiп.
— Мiне, дұрыс, — дедi Балқараш мұның қан жүгiрiп қызарып кеткен қалқан құлағын қызықтағандай тағы да бiр бұрап қойып.
Сол күнi Қойтанбай керуетте әрлi-берлi аунақшып, ұйықтай алмай қойды. Көз алдына Қызылдың бiр ойында тiгiлген қараүй, жамыраған қозы-лақ, енелерiн көрiп, шұрқырай шапқан құлыншақтар, үнемi iзiнен қалмайтын Ақтөс келе бердi. Тiпте бiрде Ақтөстiң шынға айналып кеткенi сонша, ол мұның қолын кедiр-бұдыр тiлiмен жалағандай боп көрiнiп кеттi. Қойтанбай қолын тартып ала бере, селк ете қалды. Сүйтсе оң қолы керуеттен салбырап, мұздай еденге түсiп кеткен екен. Сол екен, ол басын көтерiп, үстiне жұқа одеялды жамылып, керуетте бiраз отырды да, әлденеге шаң-шаң терезеге қарады. Оның әр жағынан таңның ағараңдап атып келе жатқаны байқалады. Бiр шеттен жұлдыздар өлiмсiреп жылтырайды. Соған қарап отырып, Қойтанбайдың кеуiлi босады, бiр түрлi жылағысы кеп кеттi. Сосын әлденеге: “Ваньканың хаты неге жетпейдi? — дедi. — Мен де аулыма хат жазсам, ол да жетпей ме?”
Сол күнi сабақтан соң осы ойы қамшы боп, Қойтанбай орталықтағы поштаға барды да, пошташы Шүкiрәлiден марка жапсырылған конверт сатып алды. Өзiне таңдана қараған оған сыр бермей, сыртқа шықты да, интернатқа келдi. Iшке кiрсе, Валентина тағы да примусын жағып қойып, борщын тасытып алған екен, — iштен көңiрсi күйген иiс шығады. Кукушкина бұған асығыс көз тастады да:
— А-а, это ты! Чеховты оқып болдың ба! — дедi де, саталақ-саталақ боп қалған примустың сыртын сүрте бердi.
— Қа-а-ашан.
— Оның жақсы екен. Оның қазақшасының қандай екенiн бiлмеймiн, ендi орысша үйрен де, турасынан оқы.
— Орысша үйрену қиын шығар?
— Неге? Талап қылсаң, қиын дәнеме де жоқ. Орысша бiлмесең, ертең армияға барғанда, не iстейсiң?
— Онда үйренем ғой.
— Оған дейiн үйрен. Ана Ванька құсап адрес жаза алмай жүрген жарамайды…
Қойтанбай Кукушкина бөлмесiне кiрiп кеткесiн, өз бөлмесiне келдi. Iште ешкiм жоқ екен. Ол осы оңашаны пайдаланып қалайын деп, тартпадан дәптер алып, оның ортасындағы екi парағын жұлып алды да, хат жазбақ болды. Сосын қалтасынан қытайы авторучкасын алып, торкөз парақтың бас жағына: “Алтыннан ардақты, күмiстен салмақты әке-шешемiзге сәлемхат”, — деп жазды да, аз ойланып, әлденеге оның астын бiр сызды. Сосын әрi қарай: “Қалай, аман-есенсiңдер ме? Қойға қасқыр шапқан жоқ па? Ақтөс аман ба!” — деп жазды. Сосын корридордан шыққан аяқ дыбысын естiп, тездетiп: “Мен де аманмын. Оқуым жаман емес. Тек менi класс жетекшiсi Балқараш ағай жиналысқа сала бередi. Жақында ол менi кiтап оқығаным үшiн құлағымнан тартып, сабаққа бармадың деп, жиналысқа салды. Баллардың көзiнше зорлап кешiрiм сұратты”, — дедi де, “зорлап” деген сөздi сызып тастады. Содан кейiл жазуын әрi қарай жалғастырып: “Балқараш ағайға қарағанда Кукушкина деген орыс апай мейрiмдi боп шықты. Ол да алғашқыда менi сынайтын едi, кәзiр оны қойды, ол маған кiтапты орысша оқы, орысша бiлмесең, армияда қиын болады, дейдi. Бiрақ мен орысша бiлмеймiн. Көке, менiң армияға барғым келмейдi. Мына мектепте оқығым да, ана запперме мен бұғалдiр сияқты болғым да келмейдi. Кәзiр партия шопан болу керек деп жатыр ғой, менiң өзiң сияқты қойшы болғым келедi. Қойшы болсам, ешкiм де менiң құлағымды бұрамайды, менi сүйрелеп тақтаға шығармайды, қайта өзiң сияқты сапқоз жиналысында мақтап, сыйлық бередi. Сондықтан қойшы болсам дейiм. Көке, менiң оқығым келмейдi. Ылажы болса, менi деректiрден лұқсат сұра да алып кет. Өзiңе көмектесiп, қой бағам”, — деп жазды да, сәл ойланып, “1962 жыл, май”, — деп қосып жазды. Сосын ол қағазды төрт бүктеп, пошташы Шүкiрәлiден бес тиынға сатып алған ақ конверттiң iшiне мұқият салып, оның үш бұрышша қиықтанып тұрған қақпағының желiм жалатылған жерiн тiлiмен жалады да, алақанымен басып жапсырды. Сосын жан-жағына әлденеге жалтақтап қарап қойып, конверттiң сыртына: “Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қой сапқозы, №4 “Сарыбұлақ” пермесi, аға шопан Қарасақалов Кержаққа”, — деп жазды. Сосын өз жазғанына ырза бола қарап тұрып: “Жеке өзiне!”— деп леп белгiсiн қойды. Содан кейiн iштей күбiрлеп: “Ендi бармай көрсiн. Мен Ванька емеспiн”, — дедi де, хатты қалтасына салып, сыртқа шықты. Интернатты айналып өте бергенiнде, бұғалдiр Iдiрiспен сөйлесiп тұрған Кукушкинаны көрiп, бұрылып кеттi. Содан тапалтақ тамды айналып өтiп келе жатқанында тiсiн шұқылап, дүкеншi әйелмен сөйлесiп тұрған запперменi көрiп, тағы да бұрылып кеттi. Iшiнен: “Запперме де, бұғалдiр де болмайым дегенiм қандай жақсы болған”, — деп қойды. Сосын Қойтанбай аяғын ездете басып, ешкiмге көрiнбей, поштаның жанына келдi де, жан-жағына жалтақтап қарап қойып, қойнындағы конверттi тез ала сап, темiр жәшiктiң салбыраған қақпағын ашып, iшiне салып жiбердi. Содан кейiн уһ деп демiн бiр алғандай болды да, ендi асықпай, өз өзiнен салмақтана қап, интернатқа беттедi.
Сол күнi Қойтанбай үлкен бiр шаруаны бiтiргендей боп қатты ұйықтап қалды. Содан күн көтерiле бере бiр-ақ оянды. Дереу жалма-жан орнынан тұра сап, бетi-қолын жуып, оқулықтарын қолтығына қыстырды да, мектепке барды. Келсе, сабақ баяғыда басталып кеткен екен. Қойтанбай кешiрiм сұрап, класқа кiрдi де, өз орнына отырды. Математика болып жатыр екен. Бұл мұғалiмнiң айтқанының бiрiн де ұқпады. Көз алдына совхозға келген көкесi, оның мұны деректiрден сұрап алғаны, өзiнiң атқа мiнiп, қой бағып жүргенi, Ақтөстiң қасына ерiп, құйрығын бұлғаңдатқаны көз алдына кеп, өз өзiнен күлiмсiреп қойды. Ол осы әсерден алты сабақ бойы арыла алмай қойды. Тек қана соңғы сабақ бiткенде барып, қиялынан арылып, басын шұлғып жiберiп, орындарынан жапырлай көтерiлген балалармен бiрге тұра берiп едi, есiк сарт етiп ашылып, iшке Балқараш кiрiп келдi. Қабағы қату. Ол бұған түксие қарап тұрып:
— Әй, Ванька, директорға жүр, — дедi.
Қойтанбай сасып қалды. Осы жолы Молдаштың арқасын ала бере өзiне қарап тiлдерiн шығарып, жұдырқтарын түйген Майнаш пен Жәнәлiге қарамастан, Балқараштың соңынан ердi. Ол қотан аяғын ағаш еденге тақ-тақ еткiзе басып, директордың кабинетiне келдi де, есiктi шалқасынан ашып тұрып, бұған қарап:
— Кiр! — дедi. Даусында бұйрық бар.
Қойтанбай қорқып кеттi. Ол бойы әлденеге қалтырап кетiп, iшке кiрген бойда шарасынан шыға адырайған көзi қызыл бет, шәпеш, даусы шiңкiлдеген директор Жиенидiң алдында жатқан, кеше ғана өзi пошта жәшiгiне салған хатқа түстi. Жиени дәптердiң ортасынан жұлынып алынған екi парақты ортасынан ашып, жуан қызыл қаламмен әр жерiнен сызып, әйдiк-әйдiк сұрақ белгiлерiн салып қойыпты. Оның жанында мектеп iсiнiң меңгерушiсi Шәгiл, партия ұйымының хатшысы Мақсат, комсомол ұйымының хатшысы Алданазар, орыс әдебиетiнiң оқытушысы Кукушкина, кiтапханашы Зәпура, пошташы Шүкiрәлiлер жағалай сықиып отыр. Ортадағы көк мауыты жабылған үлкен үстелдiң үстiнде өзi жақында ғана бас алмай оқып шыққан, мұқабасын шаң басқан Чеховтың қазақша екi томдығы жатыр. Соны көрiп, Қойтанбай iшiнен: “Мәссәған! Шынымен, Ванькам шығатын болды!”— деп қойды. Сол арада мұны көре сап, директорға түрлi сылтау айтып, Кукушкина бiз өкшелi туфлиiмен ағаш едендi тық-тық басып барып, кабинеттен шығып кеттi.
Қойтанбай ендi бойын жиып, басын көтерiп, өзi кешеге дейiн қорқып келген мұғалiмдерiнiң жүздерiне әлденеге батылдана қарады…
1963 жыл
(Көне дәптерден көшiрiлдi)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *