Шашымды алдырып болып, орындықтан тұра бергенiмде, буынсыз, салалы саусақтар иығымнан басты.
— Сақалыңыз өсiп кетiптi ғой, жас жiгiт, қырғызбайсыз ба? — деген шаштаразы қыздың қоңыр даусы естiлдi желке тұсымнан.
Аяқ астында аузыма сөз де түспей, қызға жалтақ-жалтақ қарай берiппiн.
Қайта отырғанымды келiскенi деп түсiндi ме, бiлмеймiн, қайшы, сабын көп ұстап, қатқылдана бастаған саусақтар мойыныма жапырақтай ақ шүберектi орай бастады. Алғашқыда қаттырақ тартып жiбергендiктен болар, қызғылып барам. Бiр нәрсе деуге әбессiнiп, тамағымды бiр-екi рет кенеп қойдым.
Қыз шүберектi мойныма орап болды да, аяғына киген туфлиiнiң биiк өкшесiн тықылдата басып, басқа бөлмеге кiрдi. Ақ халатының етегi делеңдеп, жәйiмен тербелiп барады. Мен мұны қарсы алдымдағы класс тақтасындай шарайнадан көрдiм.
Бiр сәтте қыз тұлғасы жоғалды да, айнадағы өз бейнеме көз салуға тура келдi. Имектеу мұрынды, шегiр көздi, найзадай тiкiрейген қара шашты өз түрiме алғаш көргендей таңырқай қарадым. Көзiмнiң алдындағы келте, болмашы әжiмдер, бетiмдегi майда сепкiлдер бiр түрлi жарасымды сияқты. Тек қана қаулай өсiп шыққан қара қырау секiлдi сақал ұсқынымды қашырыңқырап тұр. Апырау, нағып аңдамадым сақалы түскiрдiң өсiп кеткенiн? Шофер болғаннан берi сақал түгел, тамақ iшуге мұрша жоқ.
Менiң ойымды самайыма жағылған жып-жылы сабын көбiгiнiң нәзiк қана тiтiркендiруi бөлiп кеттi. Шаштараз қыз басымды қайқайтыңқырап қойып, ақ көбiктi иегiме, ұртыма жаға бастады. Әсiресе, кiшкене қырбық мұртыма келгенде, ақ көбiктi мұрныма да жағып жiбердi. Бiрдеңе деуге аузыма көбiк түсiп кетер деп қорықтым.
— Басыңызды сәл қисайтыңызшы, — дедi қыз күмiлжiген үнмен бiрде. Байқаймын, оны күлкi буып тұрған сияқты.
— Оны қалаған жағыңызға қарай бұра бермейсiз бе, еркiңiзде ғой, — дедiм мен әзiлдегiм кеп. Сосын басымды бұрынғыдан да қақайта түстiм.
— Олай демеңiз, басыңыз менiң еркiмде болса, бiр бойжеткен өкпелеп қалар.
— Қорықпаңыз, мен үшiн қайғыратындар аздау, — дедiм сөзден жеңiлмеуге тырысып.
— Солай екенi көрiнiп тұр.
— Оны қайдан бiлдiңiз?
— Жағыңыздағы сақалыңыздан.
Тағы да аузыма сөз түспей қалды. Сақалымды қырып болғанша, алдымдағы айнадағы қыз бейнесiн қызықтай бастадым.
Осы бiр орта бойлы, қараторы, толықша келген қыздың ептейлi қимылы да, қоңыраудай сыңғырлаған күлкiсi де жарасымды. Сол көзiнiң астындағы кiшкене қоңыр мең, жазық маңдайы қызға тән нәзiктiк нышанын бiлдiредi. Күлгенде, бетiнде кiшкене иiрiмдер пайда болады да, лезде жоғалғанда, әлгi иiрiмдердiң iзiн де таба алмайсың. Қысықтау келген қой көздерi орақша иiлген екi қастың көлеңкесiнде саялаған екi ақық сияқты. Желкесiне ғана жететiн қысқа, қоңыр шаштары екi айрылып, оң жақ шекесiне нәзiк ақ жол салып тұр. Соны көрiп көзiме Құс жолы елестеп кеттi. Мен сол сәтте елестеген Құс жолының арман жолы екенiн аңғармадым. Мүмкiн, аңғарар ма едiм, егер кенеттен бет-аузыма әтiр шашылмағанда. Самайларым дыз ете ашып, бәкi iзi қалған жерлер бiр бiрiне соғылған алақандай дуылдап кеттi.
Қыз қоштасарда:
— Жаңағы дөрекiлiгiмдi кешiрерсiз. Жәйша әзiлдеп едiк. Әзiлiң жарасса, атаңмен ойна, деген ғой халық, — деп жымиып қала бердi.
Сонымен қызға барғыштай бастадым. Танысып та үлгердiк. Оның аты Сәуле екен. Бiр-екi рет киноға да бардық. Неге екенiн бiлмейiм, қайтарда Сәуле үйiне апарып салуға келiспей, жаңғыз кетедi.
Бiрде кешкiсiн киiнiп сыртқа шықтым. Бөгде колхозда командировкада болып, Сәулемен көрiспегенiме көп болған. Кездесiп қалар деген үмiтпен, көшеде жәй адымдап жүрiп келемiн.
Шексiз аспанда да, аққуша қалқыған қазбауры ақ бұлттарда да батқан күннiң қызғылт нұрының табы бар. Алғашқы сүюден кейiн қымсынған қыз бетiнде алқызыл қан ойнап шығушы едi ғой, олар да құдды сол сияқты. Қою қараңғылық қона бастағандықтан, кәрi қара ағаштардың қалың жапырағы ұйыса түсiп, жапырақтарының арасынан көкшiл аспан көрiнбей, ойға шомған жандай селт етпей қалыпты. Тал басына қонақтауға келген құстар бұтақтарға сып етiп қона қалғанда ғана шаң басқан жапырақтар дiр ете қап, өзара сыбырласқандай боп аз тұрады да, артынша бұрынғы қалпына көшедi.
Көшенiң екi жиегiнде орналасқан бағаналардың бастарындағы электр шамдары бұл кезде түсiп үлгерген қараңғылықты керi ысырғысы келгендей, әлсiз жылтырайды.
Қайырылыстағы көшеге шыға бергенiмде, артымнан әлдекiмнiң қаттырақ жүрген дыбысы естiлдi. Асығып келе жатса керек, аяқ тарсылы жақындай бердi. Бейтаныс адам қатарласа бергенде, жалт қарадым да, не қуанарымды, не таңданарымды бiлмей, қалт тұра қалдым. Артымнан асығып келе жатқан кiсi кәдiмгi Сәуле едi.
Қысқаша жай сұрасқаннан кейiн:
— Сенi iздеп кезбеген жерiм жоқ, тез арада табылғаныңды айтсайшы! — дедi ол тершiген маңдайын орамалмен сүртiп жатып. Тез-тез дем алып, ентiгiн баса алмай тұр. Дуылдаған беттерiне ойнап шыға келген қан онша аңғарылмайды.
— Менде немене шаруаң бар ме едi? — дедiм аз үнсiздiктен соң.
— Сенi тойға шақыра келдiм.
— Кiмнiң тойына!
— Жақанмен қосылу тойыма, — дедi ол бiр түрлi айтуға ыңғайсызданғандай түрмен.
— С… се-е-ен үйленiп те қойдың ба?
Қалай бұрылып жүре бергенiмдi бiлмеймiн, артыма да қарамаппын. Бiр түрлi суық, опықты сезiмдер тұлабойымды аралап, табалаған адамдай көңiлiмдi күйдiрiп барады. Жаңа ғана өзiме ыстық көрiнген екi көз артымнан мысқылдап қарап тұрғандай. Маңдайыма тиген самал жел бiр түрлi ысып сала берiп, ыстық темiр басқан сияқтанады. Алдымның бәрi шұқанақ па, бiлмеймiн, сүрiнiп-қабынып тартып келемiн. «Менiң мұным не осы? — дедiм жолшыбай ойға шомып. — Қайта оны құттықтау керек едi ғой. Әлде… қайтып барып… Жоға. Мен бар болғаны онымен бiр-екi рет киноға бардым. Басқа сөз айтпадым. Қыз да маған ештеңе дей қойған жоқ. Сонда оған менiң iшiмдегiнi бiл дегенiм ұят емес пе? Әлде қыз дегенiң осындай сатқын, аяр ма? Бiрақ сөз айтпаған менi ол қашанғы күтедi? Кәзiр… қайтып барып, құттықтасам ба екен?» Сол арада аз-кем тұрдым. Ақыры қайтып барғанды қолайсыз көрiп, үйге келдiм.
Содан берi Сәуленi кездестiрмедiм. Бiр күнi шашымды алдырайын деп, әлгi шаштаразға барып едiм, Сәуле орнында кертпеш танау, тоқ балтырлы, тапалтақтау келген бидай өңдi бiр қыз жұмыс iстеп жатыр екен. Сол арада бiр түрлi болып, кезегiм келiп қалғанына қарамастан, сыртқа шығып, ГАЗ-ымды от алдырып, Байқожа стансасына қарай тартып кеттiм. Содан екi аптадан кейiн қайтып оралдым. Бұл кезде менiң тiкiрейген шашым ұзарып өсiп, бұрынғы қаттылығынан айрылып қалғандай, тарағанға көнбей, ебей-дебейi шыға жалбырай бастаған да едi. Амалсыз, Үлкенқаладағы жаңғыз ғана баяғы шаштаразға бардым. Орындыққа отырып болғасын, бидай өңдi қыз лып-лып етiп, көлдей ақтықты алдыма жайып, мойныма орап, бiр шетiн кәстөмiмнiң жағасының астына тыға салды да, механика машинкасының сабын қолымен қысып-қысып, шашымды ала бастады. Осы жолы, неге екенi, белгiсiз, менiң көзiм алдымда тұрған шарайнаға түстi. Сол екен, ана жолы соған қарап, Сәуленiң бет-бейнесiне қызықтай қарағаным, оған iштей сүйсiнгенiм ойыма оралды. Ендi оның орнында басқа бiр қыздың келбетi тұр. О былай, бiр көргенге кiсiні керi теппейтiн сияқты. Жүзi жылы. Мен соны арқаланып:
— Өткен жолы келгенiмде… осы орында басқа бiр қыз жұмыс iстейтiн сияқты едi, — дедiм дым бiлмегендей боп.
— А, ол ма, ол кәзiр мұнда iстемейдi.
— Неге?
— Күйеуге шығып кеткен.
— Ау, күйеуге шыққан кiсiнi жұмыс iстемесiн деген бар ма?
— Жоға олай емес, ол Қызылорда жақтың жiгiтiне тұрмысқа шыққан. Сояққа кеттi. Күйеуi сондағы бiр мекеме бастығының орынбасары екен. Сүйтiп о қыз орынды жерге тидi. Ояқтың тамдары қызық, этажды ғой. Онда құдықтан су тасымайсың, отын жақпайсың, — бәрi iшiнде. Тiпте сиыр да саумайсың, сүттi базардан сатып аласың. Рахат қой, — деді бидай өңдi қыз iшiнен қызғанатынын жасырмай.
— Е, солай деңiз.
— Сiз немене оны танитын ба едiңiз?
— Жоға. Мұнда келiп-кетiп жүргесiн, жүзi таныс қой… сосын сұрап жатқаным, — дедiм мен жалтарып. Сол сәт iшiмнен: «Е, белгiлi болды. Екi қолын жылы суға малып отырғысы келген ғой. Ондай бастық күйеу табылып жатса, май сасыған шопырды нағылсын? Сол екен ғой», — деп бiр түрлi қоңылтақсып қалдым.
— Сүйтiп ол қу қыз майлы жерге гүмп ете қалды, — шаштараз қыз жырқ-жырқ күлдi.
Мен оның неге күлгенiн түсiнбедiм. Сосын ыңғайсызданып:
— Майлы жер дейсiз бе? Сонда жастардың бiр бiрiн сүюi, жақсы көруi қайда қалмақ? — дедiм бидай өңдi қыздың айнадағы кесiкiне қарап.
Ол да менiң айнадағы жүзiме бiр көз тастап қойып, ернiн сылп еткiздi:
— Қыз Жiбек пен Төлегеннiң заманы әлдәқашан өтiп кеткен жоқ па? Тiпте соның өзi адам сенгiсiз бiрдеме ғой.
— Неге?
— Оның негесi жоқ. Кiм-кiм де жақсы, күйлi жерге барсам дейдi. Тақылдаған құр сөз кiсiге тамақ бола ма? Ал жақсы көрдiң. Содан кейiн бiр бiрiңе жақсы көрем деп, қарап отырсың ба? Ол өзi… ана кiтаптағы сөз ғой. Ал тiршiлiкте бәрi басқаша.
Мен оның айнадағы жүзiне бiр рет қарадым да, оған сақалымды алдырмай, орнымнан тұра бердiм.
Содан бiр апта өткеннен кейiн Қазалыдағы дүкенге барып, бiр таныс арқылы шаш алатын машинка сатып алдым. Кәзiр шашым өсiп кеткенде, көршi жiгiтке барып, оған машинкамен шашымды алдырам, оның шашын өзiм алып берем.
Бүгiнге дейiн шаштараз жаққа барғым келмейдi…
1963—1964