Алтыншы класта әдебиет сабағы өтiп жатқан едi. Биыл қазанбас, шикiл сары, дембелше денелi Дiнәлiлердiң класына Мұсабай әдебиеттен сабақ беретiн болған. Ол орташа бойлы, арықшалау, ақ сары жүздi, қоңыр сары шашының үстiңгi жағы үнемi бұйраланып тұратын, күлегеш, аздап қушыкештеу, жасы отыздарға келiп қалған кiсi болатын. Өзiнiң мiнезі құбылмалы. Ол тез арада күлiп, тез арада шырт ете қалады. Мұсабай бұларға үшiншi класта сабақ берген-дi. Оның сабақ бергенi бар болсын, арифметика сабағына келгенде бiр есептiң сөзiн қара тақтаға жазып қойып: “Ал осыны у-шусыз шығарыңдар. Шуласаңдар бар ғой, — деп ол сүйегi терiсiнен шығып кететiндей боп көрiнiп тұрған кiшкене жұдырығын түйетiн, — мұқылаш…. тойыст, мынаны…”, — дейдi де, сыртқа шығып кетедi. Ондағысы белгiлi: Мұсабай есептi өзi шығара алмайды, сыртқа шығып, жоғары кластың балаларына барып, әлгi есептiң сөзiн берiп, оларға шығартып алады да, класқа қайтып келiп, бұларға бiлгiшсiнедi. Мұғалiмнiң онысын Дiнәлi ана жолы бiлiп қалған. Қас қылғанда есептi тақтаға жазып қойып, сыртқа шыға берген Мұсабайға бұл: “Ағай, ағай, сыртқа шығуға бола ма?” — деген. — “Болмайды. Орныңда отырып, есебiңдi шығар”, — деген бұған Мұсабай қабағын түйе қарап. Оның қабағы түйiлген типықтау маңдайына үш-төрт әжiм бiлемденiп ойнап шыға келдi. Дiнәлiнiң қорқатыны да осы, — әжiм шықса болды, Мұсабай жетiп кеп, мұны желкесiнен бүре ұстап, тақтаға сүйрегендей ғып шығарады да, оң қолының бас бармағын сүйiрлете шығарып, қалған саусақтарын кiжiне қысып, мұның бәкiмен қырғызған тақыр басынан тарс еткiзiп тықымай алады. Оның тықымайының қаттылығы сонша, бiр ретте шекесi iсiп, бiр аптаға дейiн iсiк қайтпай қойған. Ендi кәзiрде де Дiнәлiнiң зәресi ұшты, мұғалiм басына тағы да тықымай алатындай көрiп, сия жұғып қалған сұқ саусағын көрсетуге қысылып, алақанымен тақыр басын сипап қойды да: “Ағай, ағай! Далаға шыққым келiп тұр!” — дедi жалынышты үнмен. “Өй, сен де бiр! Немене шыжың болдың ба, — дедi Мұсабай бұрыла берiп. — Бар! Тез бол”, — деп сыртқа шығып кеттi. Дiнәлi жампаңдап, мұғалiмнiң iзiнен шыға бере, басына бiр қулық түсiп тоқтай қалды. Сосын қашанғы әдетiнше сабырлы тарта қап, екi иығын қомдап қойып, Мұсабайдың кейпiне түскен боп, аяғын әзер алып, екi жағына қарай қисаңдап, есiкке қарай беттедi. Соны көрiп балалар ду күлдi. Дiнәлi жақындай бергенде, есiк керi ашылды. Әр жақтан Мұсабайдың дөңгелек сары жүзi көрiндi. Мұны күтпеген Дiнәлi сасып қап, алдынан терең орды көрген кiсiше атылатындай боп еңкейiп, кенет көткеншектей бердi. Сол кезде бiр бала мұның аяғына аяғын қоя қойды. Дiнәлi сүрiнiп кетiп, шалқ ортасынан құлады. Құдай оңдағанда, үстiндегi костюмiнiң iшiнен киген, қой жүнiнен тоқыған кеудешесi бар едi, сол көткеншектеген пәтiмен барып, аралары ырсиып кеткен, сыры әлдеқашан ұшқан суық ағаш еденге тарс етiп құлап түстi. Мұны көре сала, Мұсабай әлденеге ыржаң ете қап, есiктi жаба қойды. Дiнәлi ендi балалардың мазақтағанына назар аудармай, орнынан апыл-ғұпыл тұра сап, үстi-басын қағынбастан, далаға қарай ата жөнелдi. Сол бетiмен қам керпiштен ұзынша етiп салынған мектептiң терiскей жағында орналасқан әжетханаға қарай жүгiрдi. Содан қайтып шыға бергенiнде, жоғарғы класта оқитын, жасы мектеп жасынан баяғыда асып кеткен, сабақ үстiнде мектеп кiтапханасынан “Тынық Донды” алып, Григорий мен Аксиньяның жоңышқалықтың арасында жатып алатын тұсын ғана оқитын ортадан сәл биiктеу, шымыр денелi, жұдырығы қолақпандай Шалғымбаев Ырзағали қарсы ұшыраса кеттi. Ол мұны көрiп, сұқ саусағын өзiне қарай безеп тұрып: “ Әй, иди сүудә!” — дедi. Дiнәлi қорқып кеттi: “ Неге?” — “ Әй, саған кел дедiм ғой. Кел берi!” — Дiнәлi оған қорқа жақындады. Тiзесi, неге екенi белгiсiз, қалтырап кеттi. Бұл қасына келгенде, Ырзағали мұның көк желкесiнен бүре ұстап, тақыр басынан тарс еткiзiп тықымай алды да, сонысына ырза болғандай, жалпақ ерiндерiн кере ыржиды: “Сендерде есеп пе?” — “Иә”. —“Мұғаллемдерiң Молдекең ғой?” — “ Иә”. — “ Ол қайда?” — “Бiлмейiм”. — Дiнәлi екi иығын қиқаң еткiздi. — “ Бiлмесең бiлiп қой, ол мында”, — деп, Ырзағали мұны шапанының желкелiгiнен бүре ұстаған қалпы, аласа мектептiң шаң-шаң терезесiне жақындатты. — Қара!” — Дiнәлi iшке қарап едi, әуелгiде iште парталарда отырған оқушылардың бұлыңғырлау сұлбасынан басқа ештеңенi анықтап көре алмады. Содан көзi үйренгеннен кейiн барып, мектепте есептi жақсы шығаратын сепкiл бет Жақсыбайдың жанында шыртиып тұрған Мұсабайды көрдi. Сөз жоқ, ол Жақсыбайға жаңа ғана тақтаға өзi жазған есептi шығартып отыр! Ол соны шығартып алғасын, аяғын салмақпен талтаңдай басып, бұлардың класына кiредi де, тақтаның алдында тәлтиiп тұрып, құдды өзi шығарғандай есептiң шешуiн жазады. Соған Дiнәлi таңғалды. “Көрдiң бе, — дедi Ырзағали, — сендердiң бiлгiштерiң осы”.
Содан бастап Дiнәлi Молдабекке бiр түрлi боп қарайтынды шығарды. Бүгiн де оның жүзiне қулана көз тастап қойып отыр. Бұз кез январь айының орта шенi едi. Далада сары аяз. Аласа кластың орташалау келген екi терезесiне салынған әйнектерге тұтаса қырау тұрып қалған. Оның кейбiр жерi мұның апасының терме алашаға салатын өрнектерi сияқты әдемi-ақ. Ескi қара партаның терезе жағында отыратын Дiнәлi Мұсабайдың көзiн ала бере өсiңкiреп кеткен тырнағымен терезенiң қырауын шұқып едi, салқын қырау жерге үгiтiлiп түсе бастады. Соны бай-қап қалған Мұсабай бұған ежiрейе қарап:
— Әй, тиыш отыр, — дедi де, кластағы балдардың сабақта бар-жоғын жорналдағы фамилияларды дауыстап оқып, әркiмнiң тұсына белгi қойды да, орнынан тұрып, тамағын қақырынып: — Балалар, бүгiн жаңа әгiменi өтемiз, — дедi.
— О не, ағай? — деп жағымпаз Майнаш жырқ ете алды. Оның әкесi осы совхозда директордың кеңсесiнде бiр қызымет iстейтiн. Соған Мұсабайдың күнi түсетiн болса керек, Майнаштың тентектiгiн үнемi ескермей, басқа балаларға құсы түседi.
— Бүгiнгi өтетiн сабағымыз… тойыс, әңгiмемiз… — Ол алдында ортасынан ашулы жатқан кiтапқа үңiлiп алды, — “Қамелөн” деген әңгiме. Оның жазған… апторы… — Ол тағы да кiтап көзiн жүгiрттi, — Шехiп деген орыстың жазушысы. Кәне, тыңдаңдар, — дедi де, ол ендi оқулықты қолына алып, әлгi әңгiменi оқи бастады.
Дiнәлi ерiксiз құлағын тосты. Онда Очумелев деген полиция надзирателiнiң, қасына городовой Елдыриндi ертiп, көшеде келе жатқаны жөнiнде айтылады екен. Бұл “городовой” деген сөзге түсiнбедi. Сол арада қарап отырмай, оң қолының шынтағын партаның бетiне қойып, қолын көтерiп:
— Ағай, городовой деген не? — деп сұрады.
Мұсабай бұған жерден шыққан жiктi көрген кiсiше ежiрейе қарады:
— Гәрәдөбой деген, гәрәдөбой! Тиыш отыр. Болмаса… кластан шығып кетесiң.
Дiнәлiнiң тықымай алына ала қатқылдана бастаған басы қышығандай болды. Дереу аузын жұма қойды. Сосын әңгiменi әрi қарай тыңдап едi, әңгiменi оқып жатқан Мұсабай полиция надзирателi Очумеловтың бiреудiң айқайын естiп тоқтай қалған тұсына келген екен. Сүйтсе, Хрюкин деген бiреудiң қолын ит қауып алыпты. Сол арада әлгi Елдырин иттi егесi генерал Жигалов дейдi. Очумелев тез қабағын түйiп, Хрюкинге: “Сен осы өтiрiк айтып тұрған жоқсың ба, генералдың итi көшеде жүрмейдi ғой”, — деп шүйлiгедi. Оны көрген Хрюкин без-без етедi. Сол жерде бiр кiсi иттiң егесiнiң генерал еместiгiн айтады. Сол екен, Очумелов тез өзгерiп, жұртқа қоқилана қарап: “Онда… оның егесiне көрсетем!”, — деп, дөң-айбат көрсетедi. Сүйткенше болмай, Прохор деген бiреу ол иттiң генералдың ағасының итi екендiгiн айтады. Сол екен, Очумелев күрт өзгерiп, Хрюкинге жала жауып отырсың, генералдың итi сенi қауып нағылсын, мен саған жала жапқанды көрсетем, деп түнере қарайды. Оны көрген Хрюкин қорқып кетедi. Жұр тоны мазақтап күледi. Ал Очумелов болса городовойды ертiп, көшенi бойлап кете барады. Әңгiменiң бар мазмұны осы. Соның тыңдап отырып, Дiнәлi iшiнен: “Бiзде де сондайлар бар ма?”— деп ойлап қойды.
Мұның осынысын бiлгендей, Мұсабай бұған қой көзге де, шегiрге де жатпайтын сарғышстау көзiн ежiрейте қадап:
— Кәне, Тәңiрбергенов, орныңнан тұр, әңгiмеден не түсiндiң, айтып бер, — дедi.
Мұсабайдың үйтетiн ретi де бар, бұл барлық сабақтан жақсы, соның iшiнде әдебиеттi сүйiп оқиды. Дiнәлi орнынан тұрды да, әңгiменiң әрi қысқа, әрi қызық екендiгi, полиция надзирателiнiң әркiмнiң шенiне қарап құбылып отыратындығы туралы айта бастады.
— Сонда бұл жағымды кейiпкер ме? — дедi Мұсабай бұған көзiнiң астымен қарап.
— Жағымды емес, жағымсыз кейiпкер. Ол жағымды болса, бүйтпейдi ғой.
— Сонда оның осылай еткiзiп тұрған не нәсте?
— Ол ма, ол… — Дiнәлi не дерiн бiлмедi. — Ол ма, ол…
— Не ол? — дедi Мұсабай тықақтап. — Оны қамелөн қылып тұрған не ол өзi?
Сол арада Дiнәлi тағы да жайына қарап тұрмай:
— Ағай, қамелөн деген не өзi? — деп сұрады.
— Ол не болсын, қамелөн деген қамелөн. — Мұсабай қабағын шытты. — Ол былай… кесiрткенiң бiр түрi.
— Сонда қалай?
— Ол кесiртке дем арасында түрi-түсiн өзгертiп отырады. Яғни, құмға келсе, құм түстес, шөптiң арасына келсе, жасыл түстес бола қалады.
Сол арада басына бiр ой түсiп, Дiнәлi аузын ашып:
— Ағай ол, онда кәдiмгi батбат болды ғой, — дедi.
Мұның мына сөзi көкейiне қона кетсе керек, Мұсабай жырқ ете қап:
— Оны солай десе де болады, — дедi. — Отыр, жақсы. Бағаң төрт, — деп алдындағы дәуiтке ұшы асылып қойылған жуандау қаламсапты алды да, оның сияға батырып, журналдағы мұның фамилиясының тұсына баға қоя бастады.
Дiнәлi орнынна отырды да, “көрдiң бе, мен бiлдiм” дегендей боп, үнемi өзiн мазақтайтын Майнашқа қомпия қарап қойды. Ол бұрынғы әдетiнше тiлiн шығарып, мұрнын тыржитуын қойып, басын салбыратып жiберiп, алдындағы кiтапқа үңiле қалыпты.
Сол арада Мұсабай басын көтерiп:
— Кәне, баллар, басқа кiм бар әңгiменiң мазмұнын айтып беретiн? — дедi.
Ешкiм қол көтере қойған жоқ. Тек Майнаш қарай отырмай:
— Ағай, қамелөн деген батбат емес қой, — деп қалды.
— Е, неге?
— Батбат құмға кiрiп кетедi де, көрiнбейдi. Ал ол жасыл шөптiң арасында жүрмейдi, — дедi Майнаш аузын толтыра сөйлеп.
— Мұныңның жаны бар. Шынында да, батбат шөптiң арасында жүрмейдi, — дедi Мұсабай балаларға жағалай қарап қойып. — Онда Дiнәлiнiкi дұрыс емес болды ғой?
— Әрине, дұрыс емес.
— Ендеше оған “төрт“ қою артық. Оған “үш” те жарап жатыр. — Сол арада Мұсабай қаламсаптың ұшын сияға батырып, жаңа ғана қойған бағасын “үшке” өзгерттi.
Сол арада бұлардан жасы үлкен, мектепке кешiгiп келген Кемал басын көтерiп:
— Неге, ағай, — дедi. — Батбат неге шөптiң арасында жүрмейдi? Жүргенде сол жүрсiн.
— Сонда, қалай? — дедi Мұсабай қолына ұстаған қаламсабын көтерген қалпы.
— Ол былай, — дедi Кемал. — Мен қойшының баласымын. Батбатты Қарақұмда талай рет қудым, оны құйрығынан былай… ұстап ап, талай рет тақырға атып ұрдым. Соны бiлетiн батбат кейде құмға, кейде адыраспанның iшiне қойып кетедi.
— Адыраспанның дейсiң бе? — дедi Мұсабай кенет қаламсабын дәуiтке асып қойып жатып. — Өй, ол өзi Қарақұмда болады ғой. Ал Қарақұмда қамелөн жоқ емес пе?
— Ағай, оның мағынасы бiр емес пе? Қамелөн де құбылады, батбат та құбылады.
— Әй, сенiң мынауың да құлаққа қонады. — Мұсабай қаламсабын қайтадан қолына алды. — Шынында да, сенiң мынауың қисынға саяды. Онда… Дiнәлiнiң айтқаны дұрыс болды ғой. Онда “үштi” “төртке” өзгерту керек. — Ол қаламсаптың ұшын сияға қайтадан малып алды да, жорналдағы бағаны өзгерте бастады.
Сол арада Майнаш қолын көтерiп:
— Ағай, ағай, — дедi. — Кемал өтiрiк айтып отыр. Қамелөн батбат емес. Оның мына кiтапта қамелөн деп жазыпты, — деп, ол брезент сөмкесiнен бiр сопақтау келген, мұқабасы жасыл кiтапты суырып шығарды. — Мынау “Биологиялық терминдердiң орысша-қазақша сөздiгi”. Аптыры Мұсақұлов. Алматыдан… мiнеки, 1960 жылы шыққан. Мiне, оның мына 160-ыншы бетiнде… — ол беттердi судыратып аша бастады, — мiне, мына жерде…. былай деген… “Хамелеон” — хамелеон” делiнген. Мұнда батбат деген сөз жоқ.
— Шын ба? — Мұсабай таңғалды. — Кәне, оны мында әкел.
Майнаш орнынан лып етiп түрегелiп, әлгi сөздiктi мұғалiмге бердi де, орнына қайтып отырды. Сосын Дiнәлiге қарап, мұрнын тыржитып қойды.
Мұсабай кiтапқа үңiлiп, аз отырды. Сосын балаларға қарап:
— Шынында да, солай, — дедi. — Алматыдағы ғалымдар бiледi ғой. Демек, қамелөн батбат емес. Шынында да, өзi Шехiп қамелөнге батбат деп тұрған жоқ қой. Батбат деген сөз, қазақтың “бат, бат”, яғни құмға батып кет деген сөзiнен шыққан. Ал қамелөн деген сөз басқа. Ызнашит, Дiнәлiнiкi дұрыс емес. — Ол қаламсапты алып, оның ұшын сияға батырды да, жорналға қайтадан түзету енгiзе бастады. — “Төрт” емес, “үш”…
Сол арада Кемал батылданып, қолын көтерiп:
— Ағай, со кiтапты көруге бола ма? — деп қалды.
Мұсабай басын көтердi:
— Неге болмасын. Кел мында, мә, көр ғой.
Ұзынсорай Кемал орнынан тез тұрып, ұзын аяқтарын қаздаңдай басып, мұғалiмнiң жанына барды да, өзiнiң бойынан қысылғандай боп, еңкейiп тұрып, сөздiктi қолына алып, қарай бастады. Сосын өзiмен өзi болып:
— Шынында да, солай екен, — дедi.
Дiнәлi не дерiн бiлмедi. Бұл батбаттың шөп арасына тығылып, түсiн өзгерте қоймағанын көрмеген едi. Сосын не дерiн бiлмей, қолымен шекесiн қасыды.
Сол екi арада Кемал кiтапқа қарап тұрып, сопақша басы кегжең ете түсiп:
— Ағай, мынаусы несi? — дедi.
— О не? — Мұсабай басын көтердi.
— Кiтаптың орысшасында “хамелеон”, қазақшасында “хамельон” деп жазылған, Яғни оның орысшасында мягкий знак жоқ, ал ол қазақшасында бар.
— Шын ба, әй? — деп Мұсабай оның қолынан сөздiктi жұлып алды да, тез-тез қарап шықты. — Шынында да, мәгкий iзнәк жоқ. О несi, а? — деп қабағын түйiп, кiтаптың бетiне көзiмен тесiп жiберердей боп қарады.
Майнаш жырқ ете қалды.
— Кiтәбта кәте кеткен шығар?
— Кiтәбта… кәте? — Мұсабай оған атып жiберердей боп қарады. — Сәбет үкiметi шығарған кiтәбта қалай кәте кетедi? Ол болмайды. Сен өзiң… осы…
Майнаш аяғымен сиырдың жапасын басып кеткендей ыңғайсызданып қалды:
— Ағай, мен бiлмей…
— Сен осы өмiрi кiтәб оқымаушы едiң? Мына кiтәбты қайдан алдың, а? — дедi Мұсабай ақиқып. — Сен әлде сабаққа зиянкестiк жасайын деп…
— Ойбай, ағай, ондай ойым жоқ…
— Онда мына кiтәбты қайдан алдың?
— Кiтәбты дүкеннен сатып алдым, — дедi Майнаш көмiлжiп.
— Қанша сомға?
Майнаш қысылды.
— Ол есiмде жоқ.
— Неге? — деп, Мұсабай ендi оған сүзетiн бұқаша түнере қарады.
Сол арада Майнаш жырқ ете қап:
— Ә, жаңа есiме түстi. Оны екi сомға сатып алдым, — дедi.
Мұсабай сол арада басына бiр ой түскендей, кiтаптың сыртқы мұқабасына қарап тұрып:
— Қалай? — дедi. — Мұнда алты сом қырық беш тиын деп жазылған. Оны саған дүкеншi қалай екi сомға бередi? Ызнашит, сен өтiрiк айтып тұрсың. Сол үшiн саға-а-ан… — Мұсабай даусын соза түсiп, қолына қаламсабын алды да, оны сияға малып жатып: — “екi”, — дедi.
Майнаш ыршып кеттi де, басын қасып тұрып:
— Ағай, мен оны… мен оны… — дедi.
— Не оны? — Мұсабай жорналға жаза бастады.
— Ағай, “екi“ қоймаңызшы. Мен оны…
— Не оны? — Мұсабай жорналдан басын көтердi.
— Мен оны… қалғанын әкеп берем деп қарызға алдым.
— Оны неге бiрден айтпадың?
— Ағай, есiмнен шығып кетiптi.
— Ә, онда сенiкi дұр-р-р-ес екен. Ызнашит, “екi” қоймайым, — деп Мұсабай қаламсаптың ұшын сияға қайтадан малып ап, жаңа ғана жазғанын өшiре бастады.
Осы кезде есiктi бiреу тықылдатып қақты. Мұсабай басын көтерiп:
— Кiр! — дедi.
Iшке басына тартқан түбiт бөкебайын қырау шалған, совхоздың кеңсесiнде хатшы боп iстейтiн, жетi жылдықты былтыр бiтiрген Нұрсұлу кiрдi. Оны көрiп, Мұсабай таңғалды. Оның таңғалғанын көрiп, Нұрсұлу:
— Ағай, ана агроном ағай жiбердi. Кеше ана… Майнаштың көкесi одан бiр кiтәбты сұрап алған екен. Соны Майнаш алып кетiптi. Ағай ендi соны… тез берсiн деп атыр, өзiме керек дейдi, — дедi даусын көтере, артынан ит қуып келе жатқандай асыға-аптыға сөйлеп.
— Кi-i-тә-ә-әб! — Мұсабай орнынан қалай тұрып кеткенiн бiлмей, алдына қарай еңкейдi.
Оның өзiне қарай қарсы жүргенiнен шошығандай, Нұрсұлу қолын сәл көтерiп, кейiн шегiндi:
— Иә, кiтәб.
— О қандай кiтәб?
— Кiтәб болғанда, агроном ағайға керек сөздiк.
— Мынау ма? — деп, Мұсабай сөздiктi жоғары көтердi.
— Дәл өзi.
— Ау, оны… — Мұсабай Майнашқа қарады, — сенiң сатып алғаның қайда?
Майнаш ештеме демей, төмен қарады.
— Әй, сенiң тiл-жағың бар ма, жаңа ғана екi сомға, қарызға… ана дүкеннен сатып алдым дегенiң қайда?
— Ағай, мен оны… дүкеннен емес, агроном ағайдан…
— Ол не сонда… кiтәб сатып жүр ме?
— Ендi… былай… — деп, Майнаш мiңгiрледi.
Сол арада түкке де түсiнбеген Нұрсұлу:
— Агроном ағай кiтәб сатпайды. Кешелерi ол маған күрiш туралы бiр брошюраны оқуға шаққа дегенде… былай, распеска алып… әзер берген.
— Не дейд? — Мұсабай ендi айқайға басты. — Сен оңбаған мына кiтәбты ұрлап алған жоқсың ба осы?
— Жоға. — Майнаш шошып кеттi.
— Ендеше мына кiтәбты көрсетпейтiн кезде көрсетiп… неге сабақтың шырқын бұзасың, а? Осының үшiн саған бар ғой… “екi” емес, дөңгеленген “нөл” қоям, — деп, Мұсабай орнынан отыра сап, жорналға “нөлдi” жаза бастады.
Сөздiктi алған Нұрсұлу жырқ ете қалды да, сыртқа шығып кеттi. Есiк жабылғасын барып, бағанадан берi тақтаның алдында не iстерiн бiлмей сексиiп тұрған Кемал тертедей аяғын қаздаңдай басып, Дiнәлiге қолақпандай жұдырығын түйiп көрсеттi де, орнына кеп отырды. Оның мұнысы — ырза болғаны.
Сол арада Мұсабай орнынан тұрып, балаларға жағалай қарады:
— Сонымен, балалар, қамелөннiң не екенiн түсiндiңдер ғой.
— Түсi-i-iндiк! — дедi балалар қосыла шулап.
— Ендеше түсiнсеңдер, келесi сабаққа жақсылап дайындалып келiңдер. Дұрыстап оқыңдар. Осымен сабақ бiттi. — Мұсабай жорналдың бетiн жаба бергенде, коридордан кезекшi қолымен шайқаған қоңыраудың сыңғырлаған даусы шықты. — Сонымен, сабақ бiттi. Ал мен сендерге бар ғой … — ол Майнаш пен Дiнәлiге қарап, сұқ саусағын безедi, — қамелөн мен батбаттың не екенiн көрсетем! — дедi. Сүйттi де, қысқа аяғын тәлтеңдей басып, кластан шығып кеттi.
Балалар шу ете түстi:
— Майнаш — қамелөн!
— Дiнәлi — батбат!
Сол күннен бастап Дiнәлiнi балалар көпке дейiн “батбат” деп мазақтап жүрдi. Олар, неге екенi белгiсiз, әкесi совхоз директорының кеңсесiнде әлдеқандай бастық боп iстейтiн Майнашты “хамельон” деп мазақтамады. Соны бiлген Дiнәлi бiр күнi кешкiсiн, үйде жастыққа шынтақтап жатып, “Қобыландыны” оқып жатқан, разъезде кезекшi боп iстейтiн, дөң мұрынды, ақсұр, майданда оқ тиген бiр аяғын сылтып басатын әкесi Тәңiрбергенге қарап:
— Көке, сен неге бастық болмайсың, а? — дедi.
— Е, неге? — Ол көзiлдiрiгiнiң үстiнен бұған алара қарады.
— Сен бастық болсаң, балдар менi “батбат” деп мазақтамас едi.
— Сонда қалай?
Дiнәлi болған жайды айтып бердi. Соны ести сала, көкесi шалқасынан жата қап, қарқ-қарқ күлдi:
— Ойбай, iшегiм! О деген батбат та, хамельон да емес, қазақша құбыл деген сөз. Алдымен сенiң мұ-ғәл-ле-мiң құбыл! Барып тұрған құбыл! Құбыл! — Ол қатты айқайлап жiбердi. — Ал ана Қобыланды ол емес!
Дiнәлi сонда ғана бiрдеменi түсiнгендей боп, қолымен тақыр басын қасыды.
1961