Антон Чехов. Құбыл

(Хамелеон)

Үстiне жаңа шинель киген, қолына түйiншек ұстаған полиция бақылаушысы Очумелов базарды аралап келе жатты. Оның соңынан қолында жұрттан кәмпескеленiп алынған қарылған аузы мұрнынан келтiре салған темiр торшасы бар, сары өңдi қала бастығы емпеңдеп келедi. Айнала тып-тиыш…

Базарда жан адам жоқ. Ашық тұрған лавкалар мен кабактардың есiктерi арандай ашылған ауыз сияқты боп үңiрейiп көрiнедi; олардың жандарында үнемi болатын қайыршыларды да жер жұтып жiбергендей.
Осы кезде Очумелов:
— Өй, хайуан, мен саған қапқанды көрсетейiн, — деген бiр дауысты естiдi. — Әй, балалар, ананы ұстаңдар! Кәзiр қабуға тиым салынған. Кәнеки, ұстаңдар! А… а!
Сол жерде иттiң шаңқ ете қалғаны естiлдi. Очумелов жан-жағына қарап едi, саудагер Пичугиннiң отын қоймасынан үш аяғымен шоқаңдап, артына қарай-қарай қашып келе жатқан бiр иттi көрдi. Оны үстiнде крахмалданған, шыт көйлегi бар, жилеткасының iлгектерi ашылып кеткен бiр кiсi қуып келедi. Ол итке жете бере бар денесiмен алға қарай еңкейiп, жерге құлап түстi де, иттiң артқы екi аяғынан шап етiп ұстап алды. Ит тағы да шаңқ ете қалды. Сосын: “Жiберме!” — деген дауыс шықты. Мұны көрiп, лавкалардан манаураған адамдар шыға бастады. Сәлден соң құдды жер астынан шыққан жiктi көргендей, отын қоймасынан адамдар сыртқа шығып, тез арада жиналып та қалды.
Соны көрген қала бастығы:
— Мынау өзi бүлiк емес пе, жоғары мәртебелi!? — дедi.
Очумелов сол жағына сәл бұрылып, жиналған топқа қарай беттедi. Ол отын қоймасының маңына жақындап келгенде, жилеткасының екi шалғайы далақтаған әлгi кiсi оң қолын жоғары көтерiп, жиналған жұртқа қан-қан саусағын көрсетiп тұр екен. Оның шала масаң түрiнен “жон терiңнен қайыс алам, хайуан” деп масаттанғаны, саусағын ту сияқты көтерiп тұрғаны байқалады. Келген бойда, Очумелов оның зергер Хрюкин екенiн бiрден тани кеттi. Топтың қақ ортасында алдыңғы екi аяғын екi жаққа тiреп, бүткiл денесi дiрiлдеп, сүйiр тұмсық, арқасында сары дағы бар, осы шатақтың шығуына себепкер ақ күшiк тазы шоңқиып отыр. Оның жасаураған көзiнен қорқыныш, үрей, мұң байқалады.
— Мұнда неге жинала қалдыңдар? — дедi Очумелов топты киiп-жарып келе берiп. — Неге жиналдыңдар деймiн? Сен неге саусағыңды көрсетiп тұрсың? Айқайлаған кiм?
— Жоғары мәртебелiм, ешкiмге тимей-соқпай келе жатыр ем… — дедi Хрюкин жұдырығын аузына жақындата жөтелiп. — Ана Митрий Митричпен отын жайлы сөйлесейiн деп… со кезде мына оңбаған хайуан бас-көз жоқ бiрден саусағымды қауып кеп алды… Сiз кешiрiңiз, мен деген жұмыс iстеп жүрген кiсiмiн… Жұмысым майда-шүйда дегендей. Ендi мынадай жаралы саусақпен мен бiр апта бойы жұмыс iстей алмаймын, сонымды төлесiн… Оның үстiне, жоғары мәртебелiм, хайуаннан азап тартсын деп заңда жазылмаған… Егер кез келген ит қаба берсе, өмiр сүрмегеннiң өзi артық…
—Ыһым!.. Жақсы… — дедi Очумелов түсiн суытып, қасын қозғап, бiр жөтелiп қойып. — Жақсы… Мынау кiмнiң итi? Мен мұны бұлайша жайына қалдырмаймын. Мен иттi бұлай бетiне жiбергеннiң қандай екендiгiн көрсетем! Қаулыға бағынбайтын ондай мырзаларға назар аудар қажет! Ондай оңбағанға айыппұл төлетсе, ол ит пен жануарды көшеге бос жiбергеннiң қандай болатынын көрер едi! Мен оның көкесiн көзiне көрсетем!.. Елдырин, — дедi бақылаушы сол арада қала бастығына бұрылап қарап. — Сен мынау иттiң егесiн тап та, протокол толтыр! Сосын мынау иттiң көзiн құрту керек! Тездет! Ол өзi құтырған ит болар… Әй, бұ кiмнiң итi деймiн?
— Бұл ма, бұл, шатаспасам, генерал Жигаловтың итi сияқты, — дедi бiр кiсi топ iшiнен.
— Генерал Жигалов дейсiң бе? Ыһым!.. Елдырин, кәне, пальтомды шеше қойшы… Қатты ысылап кеттiм! Өзi… жаңбыр жауамын дей ме… Сосын қайран қалып тұрғаным, мынау ит сенi қалай қапқан, а? — дедi Очумелов Хрюкинге қарап. — Оның аузы сенiң саусағыңа қалай жеткен? Ол деген мынадай… кiп-кiшкентай, ал сен болсаң өңкиген бiреусiң. Сен, шамасы, саусағыңды шегемен жаралап… сосын бiреуден жырмақ болған шығарсың? Сен деген… белгiлi бекбикесiң ғой. Мен сендейлердi жақсы бiлем!
— Жоғары мәртебелiм, ол күлкi үшiн… былай оның танауына саусағын апарып едi… ал ол… ақымақ ит емес пе, қауып кеп алды… Жоғары мәртебелiм, ол деген бәтуасыз адам ғой.
— Әй, қисықауыз! Көзiңмен көрмегесiн, өтiрiктi соғудың не керегi бар? Немене, тақсыр, кiмнiң өтiрiк айтып, кiмнiң шын айтып тұрғанын бiлмейдi дейсiң бе?.. Егер де мен өтiрiк айтсам, онда халық соты ѕкiм шығарсын. Заңда солай жазылған… Кәзiр жұрттың бәрi тең… Бiлгiң келсе айтайын, менiң iнiм… ана жандармерияда…
— Сөздi доғарыңдар!
— Жоқ, бұл генералдың итi емес, — дедi сол арада қала бастығы ойлана қарап тұрып. — Генералда мұндай ит болған емес. Оның иттерi шетiнен иісшіл…
— Рас па?
— Рас, рас, жоғары мәртебелiм…
— Оны мен де бiлем. Генералдың иттерi шетiнен бағасы қымбат, асыл тұқымды болатын. Ал мынау деген не, — осы да ит пе? Жүнi үрпиiп, көзi кiртиiп… ит сияғы жоқ. Осыны да бiреулер итiм бар дейдi-ау?! Әй, сендердiң ақылдарың өзi бар ма, жоқ па? Мынадай ит ана Петербург немесе Москвада кездесе қалса, не болатынын бiлесiңдер ме, а? Онда заңға қарап жатпайды, бiрден мұндайдың көзiн құрта салады! Сен бар ғой, Хрюкин, саусағыңды ит қапқан екен, ендi соны қуалай бер. Мұндай оңбағандардың көкесiн көзiне көрсету керек. Оның уақыты жеттi…
Осы кезде қала бастығы қозғалақтап қойып:
— Мүмкiн, бұл генералдың итi болса, болып қалар, — дедi. — Оның аты-жөнiн маңдайына жазып қойған ешкiм де жоқ қой… Мен осы… жақында осындай иттi соның ауласынан көрген сияқты едiм.
— Бұл, шыныда да, генералдiкi, — дедi осы кезде бiр кiсi топ iшiнен.
— Ыһым! Солай ма? Елдырин, жарқыным, пальтомды үстiме жаба қойшы. Өзi жел соғып тұр ма қалай… Дiрiлдеп кеттiм… Сен кәзiр мынау иттi генералға апар да, мән-жайды бiл. Сосын оған мынау иттi менiң тауып алғаным жайлы айт… Иттi көшеге шығармасын де… Шынында да, мынау қымбат ит сияқты, егер де мұндай дегдар хайуанның тұмсығына кез келген ит-шошқа сиар тыққылайтын болса, онда иттiң мiнез көрсетпеуi мүмкiн бе өзi?.. Ау, ит деген нәзiк хайуан ғой… Ал сен, есалаң, қолыңды жерге түсiр! Саусағыңды соншама көкке көтерiп, жұртқа көрсетiп тұрғаның не, а? Бәрiне кiнәлi өзiңсiң!..
— Әне, генералдың аспазы келе жатыр, содан сұрап көрейiк… Әй, Прохор, мында кел! Мынау итке қарашы… Бұл сендердiкi ме?
— Қойшы, қайдағыны соқпай! Мұндай ит бiзде өмiрi болып көрген емес.
— Онда бәрi де түсiнiктi, — дедi Очумелов. — Мынау егесiз жүрген, қаңғыбас ит болды. Ендi мылжыңдасып тұрудың түкке де керегi жоқ… Қаңғыбас ит — қашанда қаңғыбас ит! Оның көзiн құрту керек. Басқа сөздiң не керегi бар?
— Жоқ, бұл бiздiң ит емес, — дедi Прохор. — Бұл жақында қонаққа келген генералдың ағасының итi. Бiздiң қожайынымыз тазыны онша жақтыра бермейдi. Ал оның ағасы тазы ұстайды…
Мұны естiген Очумелов қалбалақтай қап, мүләйiмси күлiмсiреп:
— Не дейдi? Оның ағасы келдi ме? Владимир Иваныч келдi ме? — дедi. — Құдай-ау, не дейдi? Мен о жайында естiмеп ем! Сонда о кiсi қонаққа келдi ме?
— Иә, қонаққа…
— Не дейдi, құдай-ау… Шамасы, iнiсiн сағынған болар… Мен о жайында естiмеп едiм! Сонда мынау со кiсiнiң итi болды ғой? Өт-т-те қуаныштымын… Кәне, алып кет… Өзi… бiр түрлi жақсы ит, әй!.. Бiрден шап ете қалады… Кәне, мынау оңбағанның саусағын қауып ала қойшы! Ха-ха-ха… Өй, сен неменеге соншама дiр-дiр етiп тұрсың? Ыр-р-р, ыр-р-р… Өзi ырылдайды, ә? Күшiм, күшiм, өзi жақсы екен…
Осы кезде Прохор иттi көтерiп ап, отын қоймасынан ұзап шыға бердi. Жиналған жұрт Хрюкиндi мазақтап, қарқ-қарқ кѕлдi.
Очумелов оған қаһарлана қарап:
— Мен саған осының үшiн көкеңдi көзiңе көрсетем! — дедi де, шинелiн кие сап, базарды әрi қарай аралап кете барды.

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *