Болушы едiң өспестей,
кезiңде сен нәресте.
Шал болсаң да, өшпестей
сол күндердiң бәрi есте.
Телеграф сымында
тұрса қырау тiзiлiп,
сен балалық жылыңа
көз саларсың қызығып.
Ақ жiп болып созылған
соған қарап тұрарсың.
Алып бер деп апаңа,
мүмкiн, тiпте жыларсың.
Алмадым деп ондайды,
о балақай, жасыма.
Асықпасаң, орнайды
сол қырау ертең басыңа.
Жұбатар солай апаң да,
сұраса жас балалар.
Шынымен, мұрт та, сақал да,
шашың-дағы ағарар.
Жыл өтер көп арада,
шашқа ақ қалай енгендi
отырарсың балаңа,
әңгiмелеп сен де ендi.
Бiл, адамның бастағы
өзгермейдi сенiмi.
Ағарса да шаштары,
ағармайды көңiлi.
1963