Сарғайған құба далада,
шағылда меңiреу, шөлдеген,
қарамай қайрат, шамаға,
тиыштық, тыным көрмеген
Қап-қара қоңыз келедi,
домалақ қиды итерiп.
Кедергi қандай көп едi,
қалатын түртiп, сүйкенiп.
Сонда да сорлы қажымай,
салады соңғы бар күшiн.
Шыжыған дала жазын-ай,
қатыгез ол да жарлы үшiн.
Болатын емес ол бiрақ,
соқса да сұмдық сұрапыл.
Қашқанша бойдан зор қуат,
тыншитын емес мына құл.
Барынша жұмсап мажалын,
аспақшы ол әрi шағылдан.
Қия алмас тiрлiк базарын
десеңшi қайсар нағылған!
Ақыры қоңыз тырмысып,
шағылдың шықты үстiне.
Сол сәтте соққан жын қысып,
қаһары желдiң түстi де,
Бастады ойран, дүлейдi,
ұшырды тозаң тау жаққа.
Шарасыз қоңыз сiлейдi,
қағылып қидан аулақта.
Амал не, тағы сiлкiнiп,
жайды да сарғыш қанатын,
биiкке шықты ұмтылып,
тауыспай төзiм, тағатын.
О тоба, өргек өмiрге
десеңшi не еткен iңкәрлiк!
Елемей дала желiн де,
жем үшiн қырда жүр қаңғып.
Бегiм-ау, бұ да бiр мысал,
жеңедi дағдыр бар жанды.
Қуатың барда тырмысар,
жабықпа, жина маржанды.
1963