Қарама маған телмiрiп…

Қарама маған телмiрiп,
қадама қара көзiңдi.
Көңiлмен жүрмiн мен бiлiп,
сендегi сырлы сезiмдi.
 
Қызқұмар, кербез күйеуiң
жақпайды мүлде жаныңа.
Саудырап қалды-ау сүйегiң,
қор болып қатал жадыға.
 
Оңаша ойға шомылып,
отыру саған — қасiрет.
Көзiңнен жасың төгiлiп,
жабығып жүрдiң қанша рет!
 
Талақ қып қуды кетуге
қимайсың үш-төрт сәбидi.
Қуарды-ау ақша бетiң де, —
көргендер әзер таниды.
 
Ол болса ойлап ойнасын,
жүредi саған сыр бермей.
Асырып амал-айласын,
сыртыңнан қорлап күлгендей.
 
Баяғы жылы сөздерi,
сезiмi мөлдiр — мүлде ұмыт.
Бiледi жау деп өзгенi,
кеудесi толы сұм күдiк.
 
Бiреудiң балғын баласын
қорладым деген жоқ ойда.
Қызықтап көздер қарасын,
қасқырдай жортқан тоғайда.
 
Кәйтесiң сонша қамығып,
түстi ме астық есiңе?
Жалғанда көп қой жадылық,
налыйсың оның несiне?
 
1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *