Қош болғын, қабақ түйме долысынып,
мәңгiлiк қоштасалық қол ұсынып.
Елемей менiң адал көңiлiмдi,
тастадың көңiлiңнен сен ысырып.
Езiлдi жаным қатты тас жаралған,
көңiлiмде кете барды жас қамалған.
Әуенiн арманымның ести алмай,
арманды сен iздедiң басқа адамнан.
Қош болғын, жасый қалар мен емеспiн,
ерлiкке көкiрегiмдi бөлеп өстiм.
Өзiңнен үнсiз кетiп, үнсiз ғана
ойлармен пышақтасқан төбелестiм.
Алдыңа бар сырымды төккен едiм,
жоғалды сол сөздерiм текке менiң.
Кiсiге ешбiр қастық ойламастан,
кiсiге келмейдi ешбiр өкпелегiм.
Қош болғын, менi ақымақ жан санадың,
сонда да өкпем жоқ деп жар саламын.
Мен саған кектенбестен ренжiдiм,
үйткенi жан сырымды пәршаладың.
Теңiздiң толқынындай өр көңiлiң,
жақұты — екi көзiң — ертегiнiң.
Кездейсоқ, ендi ол маған, жәй бiр нәрсе,
жәй нәрсе назданғаның, еркелiгiң.
Қош болғын, ұмытқайсың бүгiнгiнi,
қос көңiл ендi таппас бiрiн бiрi.
Алаулап қайғы, мұңмен кеттi өртенiп,
алғашқы махаббаттың шымылдығы…
25.02.1963