Ол университеттен оқудан шығарылғасын, осыдан үш жыл бұрын оқуға түсерде тапсырған документтерiн алып, қабырғасы қалың, төбесi биiк, iшi салқын сұрқай үйден сыртқа шықанында, оңтүстiктегi күннiң желке жағынан төгiлiп тұрған ыссы сәулесiн бiрден сездi. Сосын желкесiне қопадай ғып өсiрiп жiберген дуда-дуда шашын қолымен жөндеп қойып, балағы тар шалбарының екi қалтасына қолын сұғып жбiерiп, жәйiмен ысқырып, Алматының ортасындағы кiшкене бақтың iшiне келдi. Ол жер — мұның осындай шаршаған не абыржыған кезiнде өзiнше демалатын жерi. Мұнда онша терең емес, әлдеқашан ауыстырылмаған суы көнерiп, бетiне төбеден төнiп тұрған теректерден үзілiп түскен жапырақтардың түсіп шiри бастаған исi шығатын, бетiнде үнемi екi аққу жүзіп жүретiн кiшкене һәуiз бар. Бұл қашан келсе де, соның айналасына орналастырылған, жiңiшке етiп, төртбұрыштап кесiлген, сырты көкпен сырланған, ұзыншалау тақтайшалардан соғылған, арқалығы сыртқа қарай шалқайған көнелеу орындықтарда газет, кiтап, журналдары қарап, өздерiнше оқымысты екендiктерiн көрсеткiсi кеп тұратын, жоғары қарай түрілiп кеткенде, ағараңдаған тiзелерiн жiгiттер қарасын дегендей боп, етегi қысқа юбкаларының етектерiн қолдарымен әлсiн тартқылай беретiн әйелдер отырады. Бұл олардың ешқандай да оқымысты еместерiн, олардың кiтаптар мен газет-жорналдарды ермек қып отырғандықтарын, жақындап барып, тiлдесе қалсаң, көкшiл көздерiн қуқылана қысып, ақылмыдсып сөйлеп, ретi келiп жатса, сенiмен ресторандарға еруге даяр екендiктерiн қасы мен қабақтарынан бiлдiретiн жеңiлтек әйелдер екендiктерiн жақсы бiледi, сол себептi де оларға жоламай, көбiне бақтың шеткi, кiсi көзi түсе қоймас түпкiрлеу жағына кеп оңаша отырады. Ол кәзiр де университет ректорының кабинетi бар басты ғимаратынан шығып, өзiнiң күнделiктi үйреншiктi орнына келдi. Сосын жан-жағына қарап қойып, шаң басқан орындыққа газет төсеп, күнделiктi орнына отырды. Бұл кезде күн тас төбеге жақындап, Алматының ысып кететiн уағы жақындап та қалған едi. Аспанда теңгедей де бұлт жоқ. Алтаудың төбесiнен қалаға қиғаштап қарап тұрған күнннiң ыссы сәулесi бақтың биiк дарақтарының жапырақтарына жеткенде бөгелiп, олардың жылтыраған беттерiне соғылып, тайғанақтап кеткендей, ортадағы һәуiздiң сасық суына дiр-дiр ете төгiлiп тұр. Екi аққу одан қашқандай боп, арғы жақтағы сырға талдың иiлген бұтақтарынан түскен көлеңкеге барып тығылып алыпты. Бұл соған қарап отырып, жаңа ғана сатып алған, Москвадан шығатын “Литературная газетаны” қарап шығуға асықпады. Мұның қашаннан берменгi дағдысы осы — орталықтан шығатын газет-журналдарды жиi сатып алады. Жастайынан, әсiресе, алпысыншы жылдары желөкпелене эстрадаға шығып, өз заманына сын айта бастаған орыстың жас жазушыларының үрдiсiнiң, ыңғайында тәрбиеленгендiктен бе, алғашқы әңгiмелерi жарық көре бастағаннан-ақ мұның бойында елге деген бiр қарсылық пайда бола бастады. Соның iшiнде әлi де ескiлiктiң шырмауынан құтылып болмаған өз жұртына деген қарсылығы iштей күшейе бердi. Оған бәрi де — қарапайым халықтың қарны тоя бастағалы, той-думанға құмарлығы, бала-шағасының қабiлетiне қарамай, оларды институттарға түсіруге, iрi қызмет пен шен-шекпен алуға ықыластылығы, қыз-келiншектердiң қолтығына папка қысып, әр түрлi кеңселерге кiрiп-шығып жүретiн, сәндене киiнген, бiр езуiне сигаретiн қыстырып қойып, көк түтiндi сыздықтата шығаруға әуес, қалтасы бар шенеунектерге ынтазарлығы — жақпайды. Ол алғашқы жазған әңгiмелерiнде соны сынаған-ды, бiрақ оларды газеттердiң әдебиет бөлiмдерiнде отырған, шектен тыс сақ жiгiттер баспай қойды. Сосын бұл оларға: “Баспасаңдар, қойыңдар! Бәрiн өлгенде басады!” — деп, кейiнiнен өзiнiң жазғандарын басқа кiсiлер әулиедей көрiп жинап-терiп, кiтап етiп шығаратындай көрiп, соған сенiмдi боп, қолын бiр сiлтеген едi. Соның ақырысында бұның университеттiң үшiншi курсына өткенде сабақ беретiн профессорларға қарны ашып, олардың әдебиеттiң ережесiн емес, оның тарихын оқып, оны-мұны ермек етiп, диссертациялар қорғап, бiр бiрiн жағымпаздана мақтап, жоқ жерде дандайси қалатынын, қазақ филологиясында жүріп дым да терең бiлiм алмайтындығын бiлiп, Москвадағы бiр институтқа ауысқысы келген болатын. Соның сәтi жақында түстi, — бұған көптен берi өзi дәмеленiп Әдебиет институтынан мұның жiберген шығармалары конкурстан өттi деген хат келдi. Бұл бұған дейiн, 1965-iншi жылы да осындай талап еткен-дi. Содан бiр жыл бұрын бұл он бiр жылдықты бiтiрген кезде, жоғары жақта “жазушының ауылда тұруы, оның ауыл өмiрiн бiлуi керек” деген дабыра басталып, Әдебиет институтының күндiзгi бөлiмi жабылып қалған едi. Бұл оған сырттай оқуға түсіп оқуды ұнатпады. Сосын Алматыдағы университетке кеп документ тапсырған-ды. Со жолы сапары сәттi боп, бұл оқуға түсіп кеттi, бiрақ салған беттен-ақ оқытушылардың үстiрттiгi, дүмшелiгi мұны қатты назырқантқан болатын. Солардың бос сөздерiн тыңдаумен бiр-екi жылының қалай өтiп кеткендiгiн бұл аңдамай да қалды. Ақырында бұл биыл әңгiмелерiн бiр немiске аудартып, Әдебиет институтында жылда болатын конкурсқа жәй жiбере салған едi. Ендi мiне бұған сол сынақтан өткенi жәйлi хабар келдi. Сосын бұл құжаттарын алып, Москваға бармақшы болды.
Осы кезде һәуiздiң ары жағынан сөйлесiп отырған екi орыс әйелiнiң күлген дауыстары естiлдi. Бұл оларға қарап едi, бiрден мұның көзiне әлгiлердiң күн сәулесiне шағылысып тұрған тоқ балтырлы аяқтары түстi. Әйелдер де жiгiттерге өздерiнiң қай жерлерiне қарайтындығын бiлетiн болса керек, тырнағын өсiрiп жiберiп, оны лактап, қызылмен бояп тастаған саусақтарын көрсете, борықтай қолдарымен сирағын тiзесiне дейiн сипап қояды да, әлдене жайлы айтып күледi. Соларға қарап отырып, бұл iшiнен: “Адам баласы қалай тез өзгередi?” — деп ойлады. Шынында да, солай. Бұл мектепке барып, хат танып, оқып жүрген сонау елуiншi жылдары қазақтың қыз-келiншектерi үстерiне төгiлген етектерiне бiр не екi қатар етiп бүрме салынған, жеңдерi ұзын, омырауы жабық, түймеленiп қойылатын, жағалы көйлек киiп, шаштарын екi бұрым етiп өрiп, күмiс тиынннан жасалған ұшына шолпы тағып, аяқтарына жайпақ тақалы былғары етiк киiп жүретiн едi. Содан аз ғана өтiсiмен, алпысыншы жылдардың басында, қыз-келiншектер көйлектерiнiң жеңдері мен етектерiн қысқартып алатынды шығарды. Әуелгiде оған шалдар күңкiлдеп жүрдi, келе-келе оған да үйрендi. Ендi бес-алты жыл өтiсiмен қыздардың шаштарын қиюы бұрынғыдай ерсi көрiнуден қалды. Содан кейiн бойжеткендердiң бұрынғыша құда түсіспей, ата-ананың батасын алмай, таңдаған жiгiттерiмен қашып кете салуы үйреншiктi жағдай болып алды. Мұның бәрi бұның көз алдында өттi. Дәл сол сияқты өзгерiс елдiң Сыр бойының жыр-термесiнсiз өтпейтiн шiлдехана, бастаңғы, той дегендерiнде де болып жатты. Ел ендi жырауды тыңдаудан қойып, патефон сатып ап, оған пластинканы қойып, Роза Бағланова айтатын “Ах, Самара, городокты” тыңдайтын болды. Мұнымен қатар сол жылдары қазақша шығатын кiтаптар көбейе бастады. Бұрын қалың дәптерге көшiрiлiп жазылған қиссаларды оқитын ел ендi кiтап көбейген сайын, оны оқуды сиреттi. Содан телевизор шыққалы бермен, ауыл жұрты клубта күнде болатын киноға баруды қойып, телевизоры бар ауқатты үйлердi жағалап, кiшкене экранға үңiлiп, үйден шықпауға айналды. Ендi ауыл ортасындағы биiк бағананың басына орнатылған қалқан құлақ радионың да құны түсе бастады. Бiр қызығы, мұның бәрi бұның көз алдында өттi. Ендi сол жайында ойланып отырып, бұл жазба әдебиеттiң мақсат-мүддесi де, солар сияқты, қатты өзгеруге тиiс деп шештi. Бiздерде бұрынғы кездерi жыраулар жиын-тойларда батырлар туралы қиссаларды, арасында елге үгiт-насихат айтатын термелердi жырлап, жамиғаттың кеуiлiн көтерудi ғана ойлайтын. Соны совет заманында пайда болған жазушылар өзгерте алмады, бұлар мектепте осы заманғы жазушылардың романдарымен қатар, Жамбыл мен Нұрпейiстi, Ленин мен Сталиндi мадақтаған жырларын оқыды. Орыс әдебиетiн оқыған бұған осы жағдай мүлдем ерсi боп көрiнетiн. Кәзiр одан арылып келемiз. Бiрақ та жазып шығару әдiсi ендi ғана үрдiс бола бастаған бiздiң әдебиетiмiз әлi де болса жас, ал жазушыларымыздың бiлiмi, ой өресi, түсінiгi терең емес. Сондықтан да болар, олар елдi бұрыннан белгiлi, жалпыға түсініктi нәрселерге «бағыттап», «олай болу, былай болу керектен», құрғақ үгiттеуден әрiге бара алмай жүр. Ең тамашасы, өздерi айтып отырған үгiт-насихатқа өздерiнiң сене бермейтiндiгi, олардың күнделiктi тiршiлiкте таққа, баққа, дүния-мүлiкке бет жыртысып, таласа беретiндiктерi, сапасына қармай, ретi келсе, жыл сайын қалың-қалың кiтап шығаруға тырысатындықтары. Бұл ол кiтаптарды бiразын оып шығып, қанағаттанбай, қоқыс салатын жәшiкке лақтырып тастаған болатын. Ендi өзi кейде: «Жұрт менiң жазғандарымды да сүйтiп лақтырып тастамай ма?» — деп ойлап қоятын болып алды.
Ол тағы да әлденеге күлiсiп, жырқылдап отырған екi орыс келiншегiне қарады. Олардың бұл күлкiлерiнiң жасанды екендiгiн сезiп, сол сияқты бүгiнгi әдебиеттiң де қолында билiгi бар кiсiлердiң шашпауын көтерудi, сүйтiп атақ-даңқ алып қалуды көздейтiн таяз, жасанды, болашағы жоқ бiр нәрсе екенiн аңдап, оны қалай да жақсарту керек деп бiлдi. Ол үшiн, ең алдымен, жазушының өз жолы басқаларға ұқсамауға тиiстi. Мына қарапайым тiрiлiктегi адамдардың өмiрi де, жүретiн жолдары да, өзара жалпы ұқсас белгiлерi барына қарамастан, мүлдем бөлек болып келедi. Әркiм өз бетiнше өмiр сүредi. Сәби болу, кәмәләтқа толу, ер жету, әйел алу, бала сүю, жұмыс iстеу, там соғу дегендер барша бәндәның маңдайына жазылғанмен, жүзеге асар кезде, олар әр түрлi боп келедi: бiреудiң әйелi болса, баласы не тамы болмайды; ендi бiреулердiң жұмысы болса, қосағы дұрыс боп келмейдi; ал басқа бiреудiң қолы бұлардың бiрiне де жете қоймайды. Мұның басқа да түрлерi кездеседi. Жазушының мiндетi — соларды байқап, бiлiп, түсінiп барып, оны бұрмаламай, сыртын жылтыратып боямай, мүмкiндiгiнше, рас қалпында қағазға түсіру. Бұл, былайша айтқанда, оп-оңай нәрсе сияқты. Бiрақ оның қиындығы жетерлiк. Қарапайым кiсiлердiң басында болатын әлгi жағдайлар сықылды, жазушылардың бәрiнде бiрдей байқампаздық, бiлiм, қабiлет бола бермейдi. Оларға да бұлардың бiрi жетiссе, екiншiсi жетiспейдi. Мұның басқа да түрлерi болады. Осындай жан-жақты қабiлетi жоқтар пысық тартып, бақ пен тақты алып қалуға құмартады, оларға қолы жеткесiн, өзгелердiң жолынра кесе-көлденең жатып алады. Ең қиыны, ондайлардың өз жүрген жолы басқалардың жолдарына ұқсас боп келедi. Сондықтан да оларды ел шошымай қабыл алады.
Ал шын дарындылардың жолы бөлек әрi қиын боп келдi, дедi ол iшiнен өзiне өзi. Ол бiреулерге ұқсамау үшiн ұқсамайды, оның жаратылысы сондай, басқалардан бөлек, ерекше. Дарынды адамдар өздерiнiң осы табиғи қалпынан айнып, өз жолын өзгелердiң таптаурын жолдарына ұқсатып алса, онда оның бiткенi, — ондайлар маңызды нәрсе жаза алмайды. Соның салдарынан әдебиетте қоқыс шығармалар көбейедi. Оларды жұрт оқымайды. Оның есесiне ондайлар атақ-абыройды, сый, марапатты алғыш, шен-шекпендi таққыш, ағаш бедел жинағыш боп келедi. Оларға, ертең өзiнiң көзi тiрiсiнде-ақ, елдiң кiтаптарын оқымай қоюы уайым емес, — олаырға кiтабы шықса, ақшасын алса, болды; қалған дүния бiр қадам. Сонда осындай күн көру үшiн жазылған кiтаптарды күн көру үшiн күнi бойы қара жұмыс iстеп, шаршап келген кiсi уақытын қиып, көз шырымын алмай, неге оқуға тиiстi? Оқу, оқымау оның өз шаруасы емес пе? Бiрақ бiзде олардың «мынаны оқыңдар, ананы оқымаңдар» деп, неге желкесiнен нұқығандай боп, қинап итермелейдi? Өз ықыласымен қызығып оқымаған да оқу бола ма?
Ендiгi бiр келеңсiздiк — кiтаптағы өтiрiк. Бiзде ол қаптап жүр. Ең қиыны, жазушы өмiрде өзi iстемейтiндерiн романдарындағы кейiпкерлерiне қинап iстетедi. Содан кейiн жұрт оған сенбейдi. Шындығына келгенде, жазушының жазғандары мен жеке тiршiлiгiнiң арасында айрыма болмауға тиiстi. Әрине, бұл жазушыны ана белсендiлер құсап, тiрлiктегi дау-дамайға, саясатқа, айтыс-тартысқа араласып, бiреудiң жағына шық, соның мақсат-мүддесiн көзде дегендiк емес. Ондайлар бiзде бұрындары болған. Ендi жағдай мен саясат өзгергендiктен, кәзiр олардың сол заманның ыңғайында жазылған кiтаптары ескiрiп қалды. Ал шынайы әдебиет ескiрмеуге тиiс. Ол үшiн шындықтан қашпау, оны бүркемелемеу, оның сыртын жылтыратып боямау керек. Ең жаманы, өзiң өтiрiк айтып тұрып, соныңа жұртты сендiрге тырысудың, алдағаныма көне сал, сене сал деудiң қылмыс екендiгiн бiлмеу. Сонда өзiң қылмыс жасап отырып, өзгелерге жақсы бол деп, қалай уағыз айта аласың? Жалпы, үлкен әдебиеттiң басты, негiзгi мiндетi уағыз, ақыл айту емес қой. Ендiгi әдебиет мүлдем басқаша болуға тиiстi. Бұл талапқа соңғы кездерi түсірiлген кинофильмдер бiраз жақындап қалды. Ал бiз ескi сүрлеумен жүріп келемiз. Содан қашан шығамыз? Бiзде соны көздеген, баяндай беруден суреттеуге, жалаң сыпаттаудан, тiзбелей беруден көрiнiс жасауға көшiп, адамның мiнез-құлқын, кескiн-келбетiн, әдетiн, киген киiмiн, қылығын, iстейтiн iс-әрекетiн, еш жаққа бұра тартпай, еш жақты қоштамай не айыптамай, оқиғаның расына жетiп, шындығынн айтып, қалың жұртшылық түсінетiндей, қызығып оқитындай етiп жазылған бiр кiтап бар ма? Бұл ондайды бiлмейдi.
Сосын жазушының тiл-әдебиет факультеттерiне түсіп, оқымауы керек. Үйте қалса, ондағы әдебиеттi күнкөрiсiне айналдырып жүргендер көпiре сөйлеп, руы мен тайпасының мүддесiн көздеп, дарынды кiсiнi бұзады, оның жұмыс iстеуiне кедергi жасайды. Ондай жағдай мұның да басында болған. Өткен жылы бiр редакцияға барғанында, мұның қай облыстан екенiн бiлiп алған жасы елулерге тақап қалған, шен-атақтың бәрiн де алып болған, шашы сиреп түсе бастаған бiр жазушы өтiрiк ырқылдай күлiп, жұмбақтап сөйлеп, одан-бұдан сыр тартып байқаған едi. Егер бұл қолп етiп түсе қалса, онда мұның жазғандары газет-журнал беттерiнде еш қиындықсыз басылады; ал егер сыр бермесе, онда мұның жолына құрылатын дұзақтың санына ми жетпейдi. Бұл осының бәрiн бiлiп тұрса да, екiншiсiн таңдаған едi. Әрине, мұның күштiлердiң ығын есiп, екi жеп, биге шыға беруiне болатын да едi, бiрақ бұл ар-ұят жағын ойлады. Өзiнше iштей, өз жолым басқалардан бөлке болуға тиiс деп түйдi. Ендi сол жолдың тағы да бiр бұрылып кететiн тұсына келiп тұр. Оған себеп болған — тағы да бiздiң жазушыларымыздың бүгiнгi қарапайым адамдардың тұрмыс-тiршiлiгiн, олардың мамандықтарының қыры-сырын, олардың не жайлы, қалай ойлайтындықтарын, ненi көксейтiндiктерiн, қалай сөйлеп, қалай iс-әрекет ететiндiктерiн бiлмеуi, соны дұрыстап жаза алмауы едi. Осыған кеп тiрелгенде бұл өзi әлденше рет, тiпте қанша рет қайталап оқығаны есiнде жоқ орыс жазушыларының таңдаулы кiтаптарын есiне ала бередi. Ең бастысы, оларда шындық бар. Ал бiзде ше? Бiздiң жазушылар өткен замандарда далада ұжмақ орнай қалғандай көрiп, арғымақ, сәйгүлiк, көкпар, қымыз, шұбат, көшi-қон жайлы тамсана жазып, өткендi бүгiнгi тiрлiктен артық деп есептеп, оқушының назарын бүгiнгi күннiң шаруаларынан аулақтатып әкетуге тырысады. Олардың ойларынша, әдебиеттiң тiлiне тиек болатын нәрселер өткен замандарда ғана болған сияқты. Олар үшiн бүгiнгi күнннiң шаруасы, тiршiлiгi, қам-харекетi, уайым-қайғысы, қуаныш-күлкiсi әдебиеттiң сөз етуiне жiлiгi татымайтын жәй нәстелер. Сондықтан да олар “тарихи” деген сөздi қосып, қарын қампайған романдарды бiрiнен соң бiрiн тоғытып жаза бередi. Олар тасқа басылып шыққан сайын, баспалар берiп жатқан ақшаны ала бередi. Олар ақырында байлық қуып, көзi тоймайтын сырқатқа шалдығып, дүнияны қуып кетедi. Ондайлар пұлы көбейген сайын, қалтырауық тартып, алған үстiне ала берсем, елуге, алпысқа толған кезiнде, құдды олардың бұ тiршiлiкке келгенi жамиғатқа соншалықты керек боп жатқандай-ақ, оны ел-жұрт шашылып, дуылдата тойласа, ертеңдерi аты-жөнiм көшелерге берiлсе, сарғайып кеткен, ешкiмге қажетi жоқ қолжазбалары мен шыққан кiтаптары, алған шапандары қойылатын музейлер ашылса екен, деп ойлайды. Сол үшiн жоғары жаққа барып, бар беделiн салып, алдына ала қам-харекет те жасап бағады. Бiде кәзiр ондайлардың қолтықтарына су бүркетiндер де жоқ емес. Бiрақ олар кейiнiнен келетiн ұрпақтың қолтықтарына су бүрке алмайды, — жаңаның талабы, әр уақта, жаңа. Олар сенiң өткенiңдi дәрiптеп, уағыз айтқаныңды басқаша түсінедi. Кешелерi бiз де сүйттiк. Бүгiнгiлер бiзге сүйтпек. Ертеңдерi, олардан кейiн келетiндер де, оларға сонадй етпекшi. Шамасы, замана өзгерген сайын адам да өзгерiп, олардың талап-тiлектерi де өзгерiп, жаңарып отырады. Әрине, мұның жақсаратын да, керi кететiн де тұстары баршылық. Демек, жазушы соларды есепке ап, өз жолы жайлы ойлап, ең дұрыс деген бағытта жүруге тиiстi. Ал бiзде қаншама қиғаш, қисық тартып кеткен жол бар десеңшi?!
Жазушының басқа мамандықтарды, мүмкiндiгiнше, әрі көп, әрi жақсы бiлгенiне ештеме де жетпейдi. Бұл кейiнiнен оның кiтап жазған кезiнде, алған кейiпкерiне орай, бiрде шопырға, бiрде қойшыға, бiрде мұғалiмге, бiрде ғалымға, бiрде әйелге, бiрде еркекке уақытша айналып кетiп, солардай боп сөйлеп, солардай боп iс-әрекет етiп, әркiмдердiң қылығын, даусын, жүрісiн, әдетiн айнытпай сала алатын өнерлi кiсiге айналып кетуi, соларды дер кезiнде қағазға түсіре алуы үшiн керек. Одан кейiн жазғаныңды қайтадан оқу, жөндеу, сызу, қосымша қосу, әр сөздiң мағынасына үңiлу, сөйлем мен абзацтардың ырғағына, үйлесiмiне, жалпы сазына кеуiл бөлу, олардың бiрден оқыған кiсiге түсінектi болуына, оның «бұ не дегенi» деп ойланып қап, негiзгi желiнiң жiбiнен адасып қалмауына, оқиғаның қызғылықты боп көрiнуiне, iш пыстырмауына, оны жалықтырмауына назар аудару үшiн көп пайдасын тигiзедi. Бұл жерде оқушының жанында қызығуды тудыруды көздейтiн қызғылықты ету мен құр қызық қуалауды бiр нәрсе деп түсінбеу қажет. Тiпте жаратылысты зерттейтiн ғылымдарды үйрену үшiн де осы қызығу қажет болады, онсыз iлiм де, бiлiм де, өнер де кiсiнi тез жалықтыратын бiрдеме сияқтанып кетедi. Бұл бiр. Екiншiден, жазушының өзi көп нәрсенi көруге, атап айтқанда, күнделiктi тiршiлiкте кездесетiн мың алуан оқиғалардың бiразын өз басынан өткеруге, сондай хал басына түскенде, өзiнiң не iстеп, не қойғандығы, не сезiп, не ойлағандығы ертеңдерi кiтап жазғанында керек болады. Онсыз, ондай жағдайға тап болғанда кейiпкерiнiң өзiн қалай сезетiндiгiн, қала әрекет ететiнiн iштей, әлдеқандай құпия сезiкпен, жан-тәнiмен бiлмей тұрып, жазушы қалай жаза алады? Оның басқалардан бар ерекшелiгi де дәл осында, басқалардың басынан кешкендерiн сол қалпында тiрiлтiп, суреттеп, көзбен көргендей етiп, оқып отырған кiсiнi шүбәландырмай, осы жағдай дәл осылай болды, ол солай болады, солай болуға тиiс деп, оны иландырып, сол оқиғаны оның көз алдына елестетiп, жанды сөздермен жаза алуында жатыр емес пе?
Бұл жерде жазушының әрi режиссер, әрi актер, әрi суретшi, әрi көрiнiстердi камерамен лентаға түсіретiн оператор, әрi музыкант, әрi әдебиетшi, әрi ғалым, әрi тарихшы, философ, бiлiмдар болуы, ана тiлiнiң бай сөзiн, олардың бiр бiрiне тiркесуiнiң құпиясын, жалпы, ана кемпiрқосақтың жетi түстi бояуы сияқты, өмiрдiң барлық қырын жақсы бiлетiн, сегiз қырлы, бiр сырлы, өнерлi кiсi болуы шарт. Бұл талап кiм көрiнгеннiң қолынан келе бермейдi. Ол қасиеттер өнердiң басқа салаларында бөлiнiп кеткен. Мәселен, кино режиссерi киноның жалпы нобайын, оның қалай болуын ғана жасайды; актерлар өз бетiнше ойнайды, операторлар түсіредi, суретшiлер көрiнiстерге керек жабдықтарды дайындайды, сазшылар әуенiн жазады, жарық түсірушiлер әр жақтан сәуле түсіредi, актерлардың бет-аузын бояп, олардың киетiн киiмдерiн басқа кiсiлер дайындайды. Жазушының қолында ондай мүмкiндiк жоқ, ол мұның бәрiн оңаша бөлмеде отырып, жаңғыз өзi жасайды. Мұндай кезде оған әйелi де, туған-туысқаны да, дос-жараны да, бала-шағасы да еш көмек бере алмайды. Ол бәрiн жаңғыз өзi бiледi, жаңғыз өзi жазады. Оның бағы да, соры да осы жаңғыздық. Демек, шын жазушының жападан жаңғыз отырып, осылайша шығарма жазғандағы бiлген, түйген сыры, ұсталығы, әдiс-тәсiлi, қалай, кәйтiп, қандай жағдайда жұмыс iстегенi құпия болуға, оны ешкiм де бiлмеуге тиiстi. Ол жайында оқушы хабардар болса, онда оның шығармасын ешкiм де қызығып оқымайды. Содан кейiн, бұл жазушының шығарманы жазғанда қанша рет жөндегенiнiң, жазып-сызғанының, жалпы қолжазбасының басқаларға, соның iшiнде оқушыға, мәлiм болғандығын жөн деп санамайды. Оқушы дайын нәрсенi бiлуге ғана тиiстi деп ойлайды. Мысалы, дүкенге барып, бiр көмеш нан сатып алғанда, сен саудагерден оны қай зауыт пiсiрдi, ұнды қалай илеп, қалай ашытып, қалай пiсiрдi, оны дүкенге қандай машинаға тиеп әкелдi, мұндап нанды қаншама адам сүйсiнiп не сүйсiнбей жейдi деп сұрап жатпайсың, тек оны пұлын берiп, ала саласың. Егерде қарапайым кiсi осының бәрiн бiлсе, ол онда әлгi көмеш нанды онша сүйсiнiп жемейдi, ол iшiнен ол қандай ұн, оны қандай қолымен иледi, қалай ашытты, қалай пiсiрдi, олардың тазалығы қандай екен деп ойлап отырса, ол кiсi, сөз жоқ, сырқатқа ұшырайды. Бiздiң бүгiнгi кiтап оқитындарымыз да сондай. Оны болдырмау үшiн, нан зауытының бәрiн де құпиялап ұстауы, оны ешкiмге бiлдiрмеуi керек. Жазушының кiтабын қалай, кәйтiп, қандай жағдайда, қай кезде жазған да сондай құпия болуға тиiстi. Ол үшiн бұл жазушының кiтабы жарық көргеннен кейiн, құпия сырын бiлдiрмеуi үшiн, өз қолжазбасын өртеп жiберуi керек деп бiледi. Бұл осы жерде Л.Толстойдың ашық-шашықтығымен келiсе бермейдi. Шынында да, оның жүрген жолы, қалай жазғаны, не ойлағаны, қанша рет жөндегенi жұртқа мәлiм. Мұның ойынша, мұның бәрi керексiз. Жалпы өзiңнiң еңбекқорлығыңды, тыным алмайтыныңды, ағеден екендiгiңдi бiлдiру, басыңнан не өткенiн тiзiп күнделiк жазу кiмге қажет? Ол оқушыны өңменiнен керi итермей ме? Мұндай жағдай өз басында да болған. Ертеректе, мектепте оқып жүрген кезiнде, бұл Есениннiң бес томдығын түгел оқып шыққан едi. Кейiнiнен оның арақты көп iшкендiгiн, маскүнемдiкке салынғанын бiлiп, оны: “Мынаның бәрiн сау кезiнде жазған ба?” — деп, бiр түрлi боп қалған-ды. Содан бастап бұл оқушының жазушының жеке басы туралы мүмкiндiгiнше аз бiлгенiн, тiптен бiлмегенiн қалайды. Бұл алғашқы кезде Толстойға елiктеп, күнделiк жазып жүрген едi. Кейiнiнен олардың бәрiн өртеп жiбердi. Ендi кiтаптары шыққан соң, қолжазбаларын түгелдей отқа атпақшы. Бұл да жазушының — өз жолы.
Аздан кейiн ол әлгi екi орыс келiншегiнiң орындарынан тұрып, құдды бiреу бiрдеме жағып қойғандай, қолдарымен юбкаларының бөксе жағын сипап, аздап жөндеп қойып, шоңқайма туфли киген аяқтарын дiк-дiк етiп басып, екi бөкселерi екi жағына кезек-кезек қисаңдай бұлтылдап, өз жөндерiне кетiп бара жатқандарын көрдi. Сол арада iшiнен: “Олардың өз жолдары бар”, — деп ойлаған ол, зауал ауа бастағанын байқап, жатақханасына бармақ боп орнынан тұрды. Сосын троллейбусқа мiнiп, Никольск базарының жанындағы жатақханасына келдi де, заттарын шамаданына салып, қолына портфелiн алып, Екiншi Алматының вокзалына келдi. Ол Алматы—Москва жүйрiк пойызына билеттi бiр апта бұрын алып қойған едi, сонысы жақсы боп, жолаушы көп екен, бұл топырласқан кiсiлердiң арасымен жүріп отырып, составтың орта жерiндегi вагонға мiнiп, купесiне кеп орналасты. Сосын ол сыртқа шығып, темекi шегiп, перронда бiраз тұрды, өзiнiң осы iстеген шаруасы, оның дұрыс-бұрыстығы жайында ойлады. Содан соң өз өмiр жолының жаңа бiр қалтарысын көрмек боп, осы кезде тұрған орнынан ақырын жылжып бара жатқан составты көрiп, қадамын берiк басып, темiр тұтқаға жармасты да, вагонға қарғып мiндi…
1969 жыл