Антон Чехов. Аңғырттық

Полковниктiң әйелi Иванованың жиенi, өткен жылы жаңа колашын ұрлатып алған Петр Петрұлы Стрижин шiлдеханадан түнгi сағат екiде келдi. Ол ұйықтап жатқандарды оятпайын деп, кiреберiсте ақырын шешiнiп, аяғын ұшынан басып, демiн iшiне тартып, жататын бөлмесiне кiрдi де, шам жағып жатпай-ақ, бiрден ұйықтамақшы болды.

Жүзiнен иманы төгiлiп тұратын, тек өсиет-уағыз айтатын дiни кiтаптарды ғана оқитын Стрижин iшкiлiкке салынбай, белгiлi бiр тәртiппен өмiр сүретiн кiсi едi. Ол бүгiн аман-есен босанған Любовь Спиридоновнаның шiлдеханасында төрт рюмке арақ пен дәмi сiрке суы мен кастор майы татитын бiр стакан шарап қана iшкен болатын. Бiрақ арақ та бiр — теңiздiң суы да бiр, оны iшкен үстiне iшкiң келе бередi. Ендi шешiнiп жатып, Стрижиннiң кенеттен араққа аңсары ауып кеттi.

Ол сол арада: «Осы Дашеньканың шкапының оң жақ бұрышында арақ бар сияқты едi ғой, — деп ойлады, — Содан бiр рюмка тартып жiберсем, кiм бiлiп жатыр?»

Стрижин аздап екi ойлы боп тұрды да, ақыры батылданып, шкафқа барды. Оның есiгiн жәйiмен ашып,  оң жақ бұрышта тұрған бөтелке мен рюмкенi қолымен сипалап жүрiп тауып ап, бiр рюмке арақ құйды, сосын бөтелкенi орнына қойып, шоқынды да, iшiп кеп жiбердi. Iштi де, иманы қара таяқтай болды. Құдды ғаламат бомба жарылғандай сияқты, Стрижин шкафтан сандыққа қарай қалай ытқып кеткенiн де байқамады. Дем арасында оның көз алдында түрлi ұшқын жарқ-жұрқ етiп сала берiп, тынысы тарылып, құдды қара сүлiк қаптаған қара  батпаққа түсiп кеткендей, өне бойы жыбырлап қоя бердi. Ол аздай, арақ орнына, өз денесiн, үйдi, көшенi ендi кәзiр быт-шытын шығаратын динамиттiң бiр кесегiн жұтып қойғандай боп оның зәресi зәр түбiне кеттi… Оған осы кәзiр басы, қол-аяғы денесiнен жұлынып түсiп, жан-жаққа ұшып бара жататындай боп көрiндi.

Ол демiн ала алмай, сандықтың үстiнде үш минуттай қыбырсыз жатты, сосын орнынан тұрып, өзiнен өзi:

— Осы мен қайда жатырмын? — деп сұрады.

Оның сол арада есiн жиған бойда ең алғаш сезгенi жермайдың мүңкiген исi болды.

— Масқара-ай, арақ iшем деп жермай iшiп қойыппын ғой?! — дедi ол зәресi ұшып. — О әулие-әмбиелер, өздерiң жар болмасаңдар…

Оның басында уландым деген ой шапқан бойда,  тұлабойы бiр қызып, бiр суыды. Оның у iшкенi бөлме iшiндегi мүңкiген иiстен, аузының удай ашығанынан, көзiнiң алдында ұшқындардың жарқ-жұрқ еткенiнен, басының қоңырау соққандай зыңқылдағанынан,  асқазанының қыжылдағанынан бiрден-ақ белгiлi болды. Ол ендi өлем ғой деп ойлап, құр үмiтпен өзiн өзi алдарқатқысы келмей, жақын-жуығымен бақылдаспақшы боп, Дашенька жатқан бөлмеге барды. (Сұрбойдақ ол өзiнiң балдызы, кәрiқыз Дашеньканы аспаз ретiнде ұстайтын).

— Дашенька! — дедi ол жататын бөлмеге кiре берiп, жыламсыраған дауыспен. — Айналайын, Дашенька!

Қараңғыда бiреу төсегiнде аунап түсiп, қатты күрсiндi.

— Дашенька!

— А? Бұ кiм? — дедi шошып кеткен Даша дыбырлап. — Петр Петрович, бұл… сiзсiз бе?  Шiлдеханадан қашан кеп қалдыңыз? Не болды? Қыздың атын не деп қойды? Оның кiндiк шешесi кiм болды?

— Оның кiндiк шешесi Наталья Андреевна Великосветская, кiндiк әкесi Петр Иванович Бессонницын болды… Мен… мен… Дашенька, шамасы, өлем-ау. Жаңа туылған сәбидiң атын… оның қамқоршысының атымен… Олимпиада қойды. Мен… мен, Дашенька, жермай iшiп қойдым…

— Не дейдi? Сiзге оны кiм берiп жүр?

— Шынымды айтсам, мен сiзден рұқсат сұрамай, арақ iшем деп… шайтан түртiп, абайсызда, қараңғыда… байқамай жермай iшiп қойыппын… Мен ендi не iстесем екен?

Рұқсатсыз iштiм дегендi естiген бойда Дашенька жыны қозып, төсектен басын тез көтердi. … Ол шырағданды жағып жiберiп, төсегiнен  жерге секiрiп түстi де, ол жыны келiп, сүйектерi ыржаңдай қозғалып, шашын бұйралайтын папильоткалы, iшкөйлекшең, жалаңаяқ қалпы шкафқа дедектеп жетiп барды.

— Сiзге кiм iшсiн деп рұқсат бердi? — дедi ол шкафтың iшiн қарап жатып, дауысын қатайтып. — Немене мұнда  арақты сiз iшсiн деп қойған ба?

— Мен… мен… Дашенька, арақ емес, жермай iшiп қойыппын, — дедi Стрижин мiңгiрлеп, маңдайынан аққан мұздай тердi сүртiп тұрып.

— Сiз неге жермайға тиiстiңiз? Онда қандай ақыңыз бар едi? Немене оны сiз iшсiн деп сатып алған ба? Немене, сiздiң ойыңызша, жермай жерде тегiн жатыр ма, а? Сiз кәзiр оның қанша тұратынын бiлесiз бе? Мен сiзден сұрап тұрмын…

— Дашенька, қымбаттым! — дедi Стрижин ыңқылдап. — Кiсi өлейiн деп тұрғанда, сiз ақша туралы айтасыз!

— Соншама өлгенше iшiп неңiз бар едi? Шкапты ашып… ондағы шаруаңыз қанша? — деп Дашенька ашулана айқайлады да, шкаптың есiгiн тарс еткiзiп жапты. — Оңбағандар, қансорғыштар! Құдай менiң маңдайымды ашпай қойған, күнi-түнi бiр маза жоқ!  Құдай атқандар, жауыздар, құрып кетiңдер түге! Күнi ертең кетем! Сiз немене қыздың алдында дамбалшаң тұрсыз? Iшкөйлекшең маған маған қарауға ұялмайсыз ба?

Дашенька бат-бұттай жөнелдi… Дашеньканы осындай ашуланып, бат-бұттай бастағанында, әке-көкелеп те, ант iшiп те, тiпте зеңбiрiкпен гүрс-гүрс атып та тоқтатудың еш мүмкiн еместiгiн бiлетiн Стрижин қолын бiр сiлтеп, киiмiн киiп, докторға бармақ боп, бөлмеден шығып кеттi. Бiрақ iздеген кезде, емшi табыла қоя ма?  Ол үш көшенi айналып өтiп, доктор Чепархинның есiгiнiң қоңырауын үш рет, доктор Бултыхинның есiгiнiң қоңырауын бес рет басып, шырылдатты, ешкiм шықпағасын, бәлкiм, бiр емi табылып қалар деп ойлап, дәрiханаға жүгiрдi. Ол қоңырауды ұзақ соққаннан кейiн барып, бiр кезде iштен аласа бойлы, бұйра шашты, ұйқысынан көзiн шаққа ашып тұрған, байсалды, ақылды боп көрiнуге тырысатын түрiнен кiсi қорқарлықтай қара кiсi шықты.

— Сiзге не керек? — дедi ол өте ақылды, өте байсалды, тек қана Муса дiнiн ұстанатын дәрiгерлерлердiң даусымен.

— Сiз… құдай үшiн, айыпқа бұйыра көрмеңiз! — дедi Стрижин аптыға сөйлеп. — Маған бiр дәрi берiңiзшi… Мен жаңа бiр әзiрде, абайсызда жермай iшiп қойдым. Өлiп барам!

— Сiз саспаңыз, әуелi сұрағыма тура жауап берiңiз. Сiз абыржыған сайын, түсiнудiң өзi қиын. Сiз сонымен жермай iшiп қойдыңыз ба? Солай ма?

— Иә, иә, солай, жермай! Өтiнем, дәрi бере көрiңiз!

Фермацевт қатаң да байсалды түрмен, үстелiне барып отырып, әлдеқандай кiтапты алып, оқи бастады. Ол екi беттi оқып болғасын, бiр иығын көтердi, содан кейiн екiншi иығын қиқаң еткiздi, сосын жеркене қарап, аз ойланып тұрып, келесi қума бөлмеге кiрiп кеттi.  Сол екi арада сағат төрт болды. Содан, сағат төрттен он минут кеткенде, фармацевт iштен басқа бiр кiтапты алып шығып, оқи бастады.

— Ым! — дедi ол түкке де түсiнбегендей түрмен. — Осы кәзiр ғой сiздiң жағдайыңыз болмай тұр. Сiз сонда неге бiрден докторға бармай, мұнда келдiңiз?

— Мен докторларға барғанмын, олар есiгiн ашпай қойды.

— Ы-ым… Сонда сiздер дәрiгерлердi адамға есептемейсiздер ме? Тiпте түнгi сағат төртте оята бересiздер… Бұ кезде адам түгел, ит те, құс та демалып жатпай ма?.. Ал сiздер оған қарамайсыздар. Сонда бiз не адам емеспiз бе? Әлде бiздiң нервiмiз нерв емес, темiр арқан ба?

Стрижин оның сөзiн тыңдап болып, күрсiндi де, үйiне қайтты.

Жолшыбай ол: «Шамасы, бұл тура келген ажал болды», — деп ойлады.

Оның аузы күйiп, жермай сасыды, асқазаны қыжылдап, құлағында бiрдеме дүңк-дүңк ұрып жатты. Ол ендi өзiн шамалыдан соң өлетiндей көрдi…

Ол үйiне келгесiн: «Менiң ажалыма ешкiм де кiнәлi емес», — дегендi қағазға асыға жазды, сосын дұға оқып, төсегiне кеп, жамылғы көрпесiн басына дейiн жамылып жатты. Оның көз алдына өз қабiрiнiң үстiне шыққан шөп, оған қонып ап шырылдаған торғайлар елестеп, таңға дейiн кiрпiгi iлiнбедi…

Таңертең ол керуетiнiң үстiнде отырып, Дашенькаға қарап, күле сөйледi:

— Қымбатты қарындасым, бiр тәртiппен, дұрыс өмiр сүретiн кiсiнiң бойына ешқандай да у тарамайды.  Оған мысал мына өзiм. Өзiң көрдiң, мен кеше ғана азап шегiп, о дүниеге барып да қайтқандай болып едiм ғой. Содан аман қалдым. Удың қолынан бар келгенi — аузымды ашытты, өңешiмдi өртедi. Құдайға шүкiр, басқа денем аман-сау… Сонда бұны ненi арқасы дейсiң ғой? Сөз жоқ, ол тәртiптiң, дұрыс өмiр сүргеннiң арқасы.

— Жоқ, олай емес, — дедi шыққан шығынды ғана ойлап қайғырып, бiр жерге қадала қарап тұрған Душенька ауыр күрсiнiп, — Ол жермайдың таза емес, нашар болғандығынан. Демек, ләпкешi маған жермайдың жақсысын емес, фунты бiр жарым тиын тұратын жаманын алдап сатқан болды. (Егерде ол маған таза жермай сатқан болса, сiз, сөз жоқ, өлетiн едiңiз. Бiрақ сiз өлмей қалдыңыз. Сонда… екi ортада алданған да, шығынға батқан да мен боп отырмын.) О бағы ашылмаған маңдайым, азаптаушы айуандар, қарғыс атқандар, о дүниеде дозақта өртенгiрлер…

Ол тағы да бат-бұттай жөнелдi…

1963 жылы аударылды.

Көне дәптерден көшiрiлдi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *