Баяғыда бастықтардың кеуделерi аяқ қаптай боп, екпiнiнен жел есiп: “Курортқа барып, былай… бой жазып, демалып қайтпасам болатын емес”, — дегенiн көрiп: “Шiркiн, бiздiң де сүйтiп гөләйттайтын кезiмiз болар ма екен?” — деп армандаушы едiм. Құдай тiлегенiңдi жерден берейiн десе оп-оңай екен. Әшейiнде амандасып, қолыңды ұсынсаң, қолын берсе, жүз сомды ұстата салатындай көретiн ана кәсiподақтың шертиген бастығы бiр барғанымда құрақ ұшып, жалпылдады да қалды. Ол аман-саушылық сұрап, жалпылдаған сайын, менiң зәрем ұша бастады. “Мынау ит не пәленiң исiн сезiп қойды? Әлде менi өсiрейiн деп жатыр ма?” — деп дел-сал болдым. Былай қарағанда, оның орнына менi бастық қоятындай еш ретi жоқ. Мен бар болғаны ағаш ұстасымын. Кiсi басқармақ түгел, айбықа қатыныма еге болып алайын. Менiң қолымнан бар келетiнi үйлердiң опырық кемпiрдiң ауызындай үңiрейп тұрған терезелерiн жөндеп, әйнектерiн салу ғана. Сүйтiп тұрғанымда, әлгi қу:
— Қалай жеңгей аман ба? — дедi.
— Е, аман болмай, оны құдай алады дейсiң бе? Жаңа ғана үйден шыққанымда сау едi. Немене бiрдеңе естiген жоқсың ба? — деп, ендi өзiм бiр түрлi бола бастадым.
— Жоға, — дедi ол жампаңдап, — тек былай… сұрап атқаным ғой.
Сол арада кеулiме күдiк кiрiп: “Мынау ит қайныңмын деп…. былай, бiрдеңенi бүлдiрiп жүрмесiн”, — деп:
— Сен өзiң… бүгiн құйқылжып тұрсың ғой, — дедiм.
Ол да талай жүзiктiң көзiнен өткен қу емес пе, дереу жылп ете түсiп:
— Ойбай, көке, ояғынан күдiк алма. Менiң сұрап атқаным, бала-шағаңыз болса, баршылық, қысы-жазы жұмыс iстейсiз дегендей, — деп, базардағы делдалша лыпылдата бастады.
Мен одан сайын күдiктенiп:
— Әй, шырағым, әкесi өлгендi де естiртедi деген. Былай, жөндеп айтшы. Не боп қалды өзi? — дедiм. Түсiм бұзылып кетсе керек, анау ит дем арасында жым болды.
Бастық орнынан тұрды да, бiрден сабырлы тарта қалды. Бұ құданың құдiретi, қандай бастық та орнына барып отыра қалса болды, салмағы ауырлап, түрi манаурап шыға келедi. Ол да дереу керенау есiнеп қойып:
— Көке, сiздiң еңбегiңiз сапқозға әбден сiңдi. Сiңгенде бар ғой, атқа жапқан жабуға сiңген ащы тердей сiңдi. Соған қарамастан әлге дейiн тiзе бүкпестен жұмыс iстеп жүрсiз. Ендi сiздiң де былай… адам құсап демалатын кезiңiз келдi, — дедi.
Мен тез арада шақшиып:
— Немене мен бұрын адам құсап демалмай, ит құсап демалып жүр ме едiм? — дедiм. Мұным қайта құру кезеңiнде менi шауып алсаң, шауып ала ғой дегендiк едi. Баяғы заманда үйдесең, тiлiңдi кесiп ап, шәшлiк қып жер едi.
Бастық ыржиып, дәнеме де естiмегендей:
— Мен сiзге үйдеп жатқан жоқпын ғой. Былай… сөз ретi кеп қалғасын, — дедi жуып-шайғансып.
—Жо-о-оқ, сен сөзiңдi дұрыстап айт.
Бастық:
— Әй, осы қазақтың сөздерi-ай, ұйғырдың қамыры сықылды олай да бұралады, былай да бұралады, — дедi қынжылып. Сосын маған қарап: — Көке, айып етпеңiз, ондай-ондай болады. Сiзге айтайын дегенiм, мына Кавказ жаққа бiр пөтепкi келдi. Соны сiзге ұсынайын деп ем, — дедi.
Мен таңғалдым. Әшейiнде ояқ түгел, мына қол созым жердегi Сарағашқа келетiн жолдаманың шетi түгел, шекесiн де көрсетпейтiн. Келдi деген сөздi бiр бастықтың Сарағашқа кетiп бара жатқанында ғана еститiнбiз. Мынау ел естiмеген жаңалық болды. Таңғалғаным сонша, аузым аңқиып, қатыппын да қалыппын.
Бастық маған үрке қарап:
— Көке, немене былай… денiңiз сау ма? — дедi.
Мен есiмдi жиып:
— Сау болғанда қандай. Тек мынаны… бұрын-соңды көрмегесiн шөп сындырайын деп, — дедiм.
Бастық қарқылдай күлiп:
— Ойбай, көке, шөбi нес, әлi талай бақан сындыратын боласыз. Перестройка… Сонымен, келiстiк қой, — дедi.
Мен асып-сасып:
— Қарағым, келiскенде өзi… былай… ояққа баратындай менiң алып-жұлып бара жатқан iж ауруым жоқ қой, — де едiм, бастық қолын бiр сiлтедi:
— Ауру болмасаңыз, ауру қыла саламыз, — дедi.
— Сонда қалай?
— Өй, оның сiзге не қажетi бар? Көрертке барып демалып қайтсаңыз болмай ма?
— Ойбай, қарағым, болады ғой, — дедiм мен сасқалақтап.
— Ендеше жымыңыз iшiңiзде болсын.
Сонымен курортқа баратын болғасын, маған де жел бiте бастады. Ертеңiне сапқоздың жалпы жиналысын ашып кеп жiберiп, қортық директор өз бойына шақ емес ұзақ бiр баяндама жасады. Қайта құруды кәзiр бұйдасынан жетелеп, бiздiң сапқозға кiргiзiп жiберетiндей боп барып тоқтады. Содан кейiн кәсiподақтың бастығы ортаға талтаңадй шығып, қолындағы жолдамасын көрсетiп, маған әбден қолпашты қойып, сахнаға шығарды. Жұрт әкелерi базардан келгендей дуылдата қол соқты. Мен сол арада өз құнымды арттыра түсейiн деп, бастыққа қарап, ақырын ғана:
— Iнiм, бұларың алдыраз болсын. Бiрақ, — дедiм күмiлжiп.
— Не бiрақ? — дедi бастық түкке де түсiнбей.
— Ана үйдегi жеңгең… бес бала тапқан қатынды айтам, сол көксоққанды бiреу үкiттеген бе, кешеден берi ойранды салып жатыр бармайсың да, бармайсың деп, — деп, бiр өтiрiктi соғып кеп жiбердiм. Қатын үйдеп көрсiн, ала таяқтың астына алайын кеп!
Сол арада бастықтың түсi өлiктей қуарып кеттi. Қайраңда қалған балықтай екi желбезегi желпiлдеп, қинала дем алып тұрып:
— Көке, сiз бiздiң мероприятияны бұзбаңыз, — дедi.
— О не пәле? — дедiм мен түсiнбей.
— Мына жиналысты айтам, — дедi бастық сұрлана түсiп. Сосын қалтасынан орамалын алып, бетiн сүртiп едi, терiнiң сорғалағаны сонша, орамал су боп қалды.
Мен әлгi қасқаны аят кеттiм:
— Жарайды, оны бiрдеме етермiз. Бiрақ мына… пұл жағы аздау боп тұр.
Бастық сол арада қатыны ұл тапқандай қуанып кетiп:
— Оны қатырамыз. Пырапсойуздан көмек берем, — дедi де, жұртқа қарады. — Сонымен, жолдастар, мына пөтепкiнi салтанатты түрде тапсыруға лұхсат етiңiздер, — деп, дереу қолымды алып, әлгi шытырлаған қағазды ұстата салды.
Мен сасқанымнан не дерiмдi бiлмедiм. Жұртқа қарап басымды ие берiппiн.
Жиналыстан кейiн бастық кеңсесiне менi шақырып ап, аларып:
— Ақсақал, сiздiң бұ нағылғаныңыз? Сiзге үлкен сенiм артып, сонау Қап тауындағы көрертке барып қайтсын десек, сiз көткеншек болған түйедей… шегiне бересiз. Бұны қалай түсiнемiз? — дегенде бар ғой, жаным қара бақайымның ұшына барып, шығып кете жаздады.
Мен ұялып:
— Ендi, iнiм, пұлы түспегiр жетпей жатқасын, — деген болдым.
Бастық сазарған қалпы:
— Ояғын қатырамыз деген жоқпын ба? Мiне, мынаған қол қойыңыз. Тек бiр кiсiге тiс жаратын болмаңыз, — дедi.
— Ойбай, үйдеп, мен баламын ба? Сүт тiсiмдi жарғалы қашан? — деп, мен де қуақыланып, ол ұсынған қағазға қол қоя салдым. Қарасам, бес жүз сом жазыпты. “Е, мынау жақсы болды ғой”, — деп, iшiм жылып қалды.
Бастық қағазды темiр сандығына салды да, қызылаланы шытырлата санап, бiраз отырды. Сосын маған жүз сом бердi. Мен мүләйiмсiп:
— Iнiм, жаңағы бедiмiсте… басқаша едi ғой, — дедiм.
Бастық аларып:
— Ақсақал, мына пөтепкiнiң құны бес жүз сом тұрады. Мен соны сiзге сутегiн берiп отырған жоқпын ба? Оның үстiне жүз сом жәнә алып отсыз. Сонда үкiметтiң ақшасын шашып, менi сотталып кетсiн дейсiз бе? — дедi.
Мен иманым ұшып:
— Олай боп жатса, қарағым, өзiң бiл, — дедiм де, сыртқа ата жөнелдiм. Тысқа шыққасын: “Бұ пара дегендi ғой! Қайда барса да, оның ашпайтын есiгi жоқ! Тiпте анау темiр есiктердiң өзiн сықырлатпай ашады-ау!” — деп, сылқ-сылқ күлейiн. Сол қалпыммен үйге келсем, қатын аларып:
— Неменеңе жетiсiп ыржалақтап тұрсың? Ана көрерттегi қылмықындар есiңе түсiп тұр ма? — деп, ал кеп шаптықсын!
Бұрындары бiр-екi бала тапқан кезiнде бүйдесе, ала таяқтың астына алатын едiм. Ендi бес бала тапқаннан кейiн оны қалай сабарсың? Оның үстiне ол көксоққанның жамбасының астында қылмыстық iстер кодексi бар. Анада соның бiр тармағын көрсетiп: “Ендi қол жүгiртсең, бiр жылға соттатып, көзiңдi мөлитiп қоям”, — деп жағамнан алғаны бар едi. Қой құрсын, үйтiп бiр жылға сотталғанша, бiр ай курортқа барып қайтқаным жақсы емес пе? Мен неде болса да мойын сұнып, үндеген жоқпын. Әлгi жүз сомды қолына ұстата салып ем, о құданың құдiретi, махаббатты ақшаға сатылмайды деп былшылдап жүрген кiм екенiн бiлмейiм, кемпiрiмнiң жүзi тез арада жарқ ете қалды.
— Шал-ау, менi қой, кейде әрпiл-тәрпiл айта берем. Кәне, былай шықсайшы. Шәй қояйын. Ана көрөртi түспегiрде саған кiм шәй қайнатып бере қояр дейсiң? — деп, жалпылдады да қалды.
Мен: “О шәйдi қоятын қылмықынды тапқанда көре жатармыз”, — деп iшiмнен сылқ-сылқ күлдiм.
Қойшы, сонымен не керек, сәттi күнi соғысқа кетiп бара жатқандай боп, қатын, бала-шағаммен қоштасып, курортқа тайып тұрдым. Келген бетте, жан-жағыма жалтақтап қарап, қылмықындарға көзiмдi сүзiп дегендей, бiраз жүрiп қалдым. Сосын ана қабылдайтын жерiне бардым. Бiр қасқа бас, көзiнде қолақпандай көзiлдiрiгi бар бас дәрiгер менiң кiтапшама қарап: “Мына кiсiнiң ауруы өте қатты екен. Асқынып кетiптi. Мына түрiмен… шәйт кетуi мүмкiн. Ударный укол берiңдер”, — дедi. Мен зәрем зәр түбiне кетiп: “Сiз не деп тұрсыз осы? Менiң iжқандай да ауруым жоқ”, — дедiм. “Онда мұнда неге келдiңiз?” “Жәй, демалайын деп”. “Демалғаны несi? Бұ жерге жұрт демалуға емес, емделуге келедi. Бұ деген ескiше ойлау ғой”. Мен дызақтап: “Бұрын пәлендей ауруы жоқтар келе бермейтiн бе едi. О деген…” — дедiм. Ол басын шайқап: “ Ол ана… бұрынғы заманда болған. Кәзiр перестройка, жаңаша ойлау керек”, — дедi. “Сонда қалай?”— дедiм түкке де түсiнбей. “Ол… ендi курортқа емдеймiз деген сөз”, — дедi ол. Мен оның бетiне бақырая қарап: “Сонда сiздер… бұрын курортта емдемейптiн бе едiңiздер?” — дедiм. Ол шарт ете түстi: “Сiз немене менi тергеуге келдiңiз бе? Жататын болсаңыз, жатыңыз. Болмаса, әне!” — деп, ашық тұрған есiктi көрсеттi. Мен зәрем ұшып: “Тергеуi құрсын. Жатам ғой”, — дедiм. “Емделесiз ғой?” “Оған не сөз бар. Бiрақ… дегенмен… онша алып жұлып бара жатқан ауруым жоқ едi”. “Ауруыңыз болмаса, ауру қыла саламыз”. “Сонда… қалай?” “Ол былай. Бiздер сау адамды қабылдамаймыз. Сiздiң ауруыңыз жоқ қой?” “Жоқ”. “Онда… сiздiң жалған документ жасады деп сотқа беремiз. Аулыңызға қолыңызға кiсен түсiп, этаппен қайтасыз”, — дедi емшi әкесiн мен өлтiргендей түнерiп. Соны естiгенде, иманым қара таяқтай болды. Оған жалына-жалбарына қарап: “Жарайды, айтқаныңызға көндiм. Жатайын, менi-ақ ауру қыла салыңыздар. Сонда… не iстейсiздер?” — дедiм. Ол маңыздана даусы созып: “Ол былай. Бiздi тексеретiндер көп. Ауру емес кiсiнi жатқызсақ, бас пәлеге қалады. Комиссия келе қалса… оның бетi әрмен. Одан кейiн… қиын. Сол себептi де сiздi бiз қолдан ауру қыламыз”, — дедi. “Сонда… көксау болам ба?” — дедiм үрпиiп. “Жоға, — деп ол қарқылдай күлдi. — Бәрi де уақытша ғой. Ауру қыламыз да, өзiмiз жазып аламыз. Осы екi арада сiздiң уақытыңыз да бiтедi”. Мен қуанып кетiп: “Жарайды, ыладны қазынаш”, — дедiм. “Ендеше… кейiнiнен арыз жазбаймын деп мынаған… қол қойыңыз”. Мен алақандай қағазға қол қойдым. Ол қағазды темiрсандықққа салды да, бiр түймешенi басып қалды. Сол екен, iшке бойлары үлектей жалаңдап екi жiгiт кiрiп келдi. Келе екеуi менi соятын лақша бақыртып, етпетiмнен жығып сап, аяқ-қолымды тырп еткiзбей ұстап тұрды. Бiр жуандығы екi құлаштай келетiн сары әйел бiлектей иненi әкелiп, ал кеп шанышсын! Дем арасында көзiмнiң алды тұманданып сала бердi. Бiр уақытта барып көзiмдi ашсам, — емшi шапалағымен екi жағымнан ақырын ұрып отыр. Ол қуанып кетiп: “Тiрiсiз бе?” — дедi. “Тiрiмiн”. “Қап, сiздi бiз шынымен ауру қылдық десек, әлi сау екенсiз ғой. Сестра, двойная доза!” — дедi. Сода кейiн не болғанын бiлмеймiм. Бірде көзiмдi ашсам, емшi қуанып: “Жаңа дұрыс болды. Ендi сiз бiр айға дейiн аурусыз. Қандай комиссия келсе де, сiздi сау демейдi. Ал ендi еркiн демала берiңiз”, — дедi де, менi бөлмеме қоя бердi.
Сүйтiп, демалам деп демiкпе ауруға шалдықтым. Олар менi бiр ай бойы емдеген болды, мен емделген болдым. Бұрын лақша секiрiп жүрген жазған басым, бiр аяғымның сiңiрi тартылып, ақсақ болдым да қалдым. Демалысым бiткесiн мен емшiге барып: “Жолдас, уәдеде тұру керек. Мен тұрдым, сiз тұрған жоқсыз”, — дедiм. “Сонда қалай?” — дедi ол адырайып. “Сiз анада ауру қыламыз да, кеткенiңiзше жазып жiбермiз дегенсiз. Ертең кетем, бiрақ аурудан жазылған жоқпын. Бiр аяғым ақсақ”. Емшi қарылдап күлдi: “Өй, о деген жақсы ғой! Сiз өзiңiз жақсылықты бiлмейтiн кiсi екенсiз”. “Сонда… қалай?” “Ол былай. Мен кәзiр сiздiң құлан-таза жазып жiберсем, мұнда қайтып келмейсiз. Сiз келмесеңiз, бiзге ақша түспейдi. Басқа клиенттер де сондай. Сондықтан да бiз мұнда ауруларды аяғына дейiн жазбай, жарым-жартылай емдеген боламыз”. “Өй, бұл қылмыс қой?!” “Қайдағы қылмыс? Бұл перестройканың заңы. Өз ақшаңды өзiң тап деген нақ осы. Егерде мен сiздi жазып жiберсем, сiз мұнда қайтып келмейсiз. Егерде осы бойыңызбен кетсеңiз, келесi жылы қайтып келесiз, жер көресiз, қыдырасыз, ал бұл менiң сiзге еткен жақсылығым болады”. “Апырмай, ә,” — дедiм сасқанымнан. Содан олардың кiтапшаларына алғысзымды айтып жазып, елге тайып отырдым. Содан берi ақсаңдап жүрмiн. Келген соң, кәсiподақтың бастығына барып, жолдама бер десем, ол тiкiрейiп:
— Көке, бiр тойда екi жар жоқ деген. Былтыр барып қайттыңыз. Биыл басқалар барады, — дедi.
Мен оған ақсақ аяғымды көрсетiп:
— Сонда мынаны кәйтем? — дедiм.
Ол екi иығын қиқаң еткiздi:
— Ол өз шаруаңыз. Аяқ өзiңiздiкi, менiкi емес.
— Әй, сен деп отсың, а? Анада менi көрертке зорлап жiберген өзiң емес пе едiң?
— Қайдағы зорлаған? Мен сiздiң демалып қайтсын дедiм. Осы кiсiге жақсылық жасасаң, басың пәлеге қалады. Ендi маған кәйт дейсiз?
— Пөтепкi тауып бер! Болмаса… жоғарыға жазам…
— Жаза берiңiз. Кәзiр бәрi хозрасчет. Әшейiн пөтепкi жоқ. Бәрi де сатулы.
— Сонда қалай?
— Ол солай… перестройка! Кәзiр әр мекеменiң өз ықтияры өзiнде. Оған сырттан iжкiм де өйт-бүйт дей алмайды. Сiз де сондай, — дедi де, ол кеңседен шығып жүре бердi.
Амал жоқ, шоқаңдап мен де сыртқа шықтым. Үйге келе жатып: “Бәсе-ау, олар маған пөтепкiнi неге тегiн бере салған? Сондай ақсақ қылатын пәлесi бар болғасын екен ғой… Демалдыратын нәсте… өздерiнен ауыса қоя ма?”— деп ойладым. Сонымен, сау басыма сақина тiлеп алған жағдайым бар. Бүйткен курортың бар болсын! Дегенмен де, ағайындар, со жаққа тағы да бiр барып қайтпасам болатын емес. Жолдама керек боп тұр. Соны таба қалсаңдар, хабарласыңдар. Қара орманымды сатсам да, соны сатып алам. Осы жолы барсам, шоңқаңдаған аяғымды қоқаңдатып қайтармын. Мүмкiн, осы жолы аяғым жазылғасын, басқа бiр дертке шалдығып дегендей… елге келермiн. Көмектесiңдер, ағайын!
31.01.1990 жыл.