Пеш

1954 жылдың қысы қатты болды. Боран аспаннан борап, жерден суырып тұрды. Терiскейден соққан жынды жел жерге түскен жас қарды суырып, көкке шығарып, құйын қылып жiбередi. Соның кесiрiнен балалар оқуға бiр апта бойы бармай қалды. Жақсылық пен Темiртай қуанып жүр, олар сабақ оқымайды, шана тебедi, күшiкпен жүгiрiп жарысады. Толаш ондай емес. Бұл әлiппенi қарап, ондағы қысқа әңгiмелердiң бәрiн оқып шықты. Оны қайта оқыды. Ақыры одан жалықты. Бiр күнi Толаш кешкiсiн, жетiлiк май шамды жағып қойып, жерге етпетiнен жата қап, дәптерiне ойына келген сөздердi жазып жатыр едi, шәй iшiп отырған әкесi мұны көрiп:

— Сен немене тауысып қойдың ба? — деп сұрады.

— Иә, — дедi Толаш кеудесiн мақтаныш кернеп.

— Ендi не оқисың?

— Бiлмейiм.

— Мына бораны түспегiр де басылмай қөойды ғой, мектепке баратын, — дед сол арада шешесi әңгiмеге қыстырылып.

— Жуық арада басылатын шығар.

Шынында да, екi күннен кейiн боран басылып, аспан ашылып, балалар оқуға баратын болды. Олар қалың киiнiп, раъезден ұзап шыға бергенде, Жақсылық мұның жанына кеп:

— Осы боран да бiр… басылмайтын кезде басыла қалады екен, — дедi.

Оның есесiне бүгiн күн қатты аяз. Сәлден кейiн балалардың беттерi, құлақтары қызарып, алған демдерi айқайлаған кезiнде паровоздың екi жағына үлкен мұрт сияқты етiп шығаратын ақ буынша булана бастады. Толаштың да бетi тоңды. Ол сосын әкесiнен үйренген әдетiмен, қолымен бетiн уқалап-уқалап жiбердi. Басқа балалар да сүйттi.

Нестай, Несiбелi, Шалтау, Миуаш, Зияда деген қыздар бүгiн бастарына шарқаттарын салып, оның иектерiнiң астынан байлап алыпты. Аздан кейiн олардың шарқаттарының жиегiне жiңiшкелеп ақшыл қырау тұрып қалды. Шамалыдан соң олардың қастары да ақ қырауға шалынып, өздерi бiр түрлi әдемi көрiнiп кеттi. Толаш олардың беттерiне қарауға ұялып, боп баладан кейiндеп қала бердi де, осы кезде толып кеткен мұрынын бiр сiңбiрдi. Оны Жақсылық көрген жоқ. Көрсе, ол, сөзсiз, мұны “сiңбiреуiк” деп қыздардың көзiнше мазақтайды.

Разъезден мектепке келем дегенше балалар бiр сағаттай жүрдi. Өздерi қатты тоңды. Олар жаз күндерi осы екi араны қырық минутқа жетпейтiн уақытта жүрiп өтетiн едi, бұ жолы сiреу боп қата бастаған қарға табандары тайғанақтап, жүргенде итеңдеп, жүрiстерi өнiп болмады. Сүйтiп келе жатқандарында, темiржолды қар баспасын деп, жағалай тұтып қойған шыталардың бiр жерiнен сұр қоян қаша жөнелдi. Балалар шуылдап:

— Қоян!

— Сұр қоян!

— Әне?

— Әнеки! — десiп, оны қумақ боп жүгiре жөнелдi.

Толаш та жүгiрдi.

Бұларды көрген қоян бiр жерде кiдiрiп, серейген екi құлағын тiк тұрғызып, бұлар жаққа жалтақтап қарады да, кенет секiре жөнелдi.

— Қап, тазым болғанда ғой, — дедi Темiртай санын соғып.

— Өй, сенiң тазың оған жете алмайды, — дедi Жақсылық.

— Неге жетейдi? Жетедi.

— Жетпейдi.

— Жетедi.

— Жетпейдi.

— Мә, саған, жетпейдi, — деп Темiртай сол арада әлiмжеттiк жасап, Жақсылықты жығып, астына бүктедi де, “ендi не iстесем екен” дегендей боп, жан-жағына қодырая қарады. Сосын қолғабын тiсiмен тартып шеше сап, алақанымен жерде қиыршықтанып жатқан ақ қарды күреп алды да, астында тыпырлап жатқан Жақсылықтың өңiрiнен көйлегiнiң iшiне тығып жiбердi. Суық қар денесiн тiтiренткен Жақсылық:

—Өй, әкеңнiң аузын…, — дедi де, бақырып жылап жiбердi.

—Мә, саған боқтаған, — деп, Темiртай кiжiнiп, оның қойнына суық қарды тағы да тықты.

—Ойбай, суы-ы-ық, тоңдым! — дедi Жақсылық жан даусы шығып.

Сол арада балалардан жасы үлкен, мектепке кеш барған, тентек, бетi шұбарлау Шалтау деген қыз жетiп келiп, қырау басқан сөмкесiмен Темiртайды арқасынан бiр ұрды да, оны желкесiнен сүйреп, астына салды. Сосын ол да қолымен қарды уыстап алып, Темiртайдың қойны-қонышына тықты. Шалтаудан қатты қорқатын Темiртайдың жан даусы шықты.

Шалтаудан Толаш та сескенетiн. Ол қорқып, балалар тұрған жаққа ығыстай бердi.

Балалар бүгiн сабаққа кешiгiп келдi. Олар топырлаған бетiмен кластың алдына кеп, есiктi қағуға батпай тоқтай қалды.

— Сен қақ! — дедi Жақсылық Толашқа қарап.

— Өзiң қақ! — дедi Толаш бұртаңдап.

— Сен қақ, сен класкомсың.

— Класком болсам ше? Сен менен бiр ай үлкенсiң. Сен қақ!

Бұлар сүйтiп тұрғанда, кенет есiк ашылып, әр жақтан Әлиасқар ағайдың жылы жүзi көрiндi. Ол бұларды көрiп:

—Балалар, класқа кiрмей нағып тұрсыңдар? Кәне, үстi-бастарыңды сол арада қағыңдар да, iшке кiрiңдер, — дедi.

Балалар қар басқан үстi-бастарын қағынды. Толаш сол арада қарап тұрмай:

— Ағай, а, ағай,— дедi қолын көтерiп.

— Не болды?

— Жаңа Жақсылық пен Темiртайдың қойны-қоныштарына Шалтау қар толтырып жiбердi. Олар кәйтедi?

— А, солай ма? Қап, суық тиiп қалатын болды ғой. Кәне, көйлектерiңдi шешiңдер де, пешке жайып кептiрiп алыңдар. Ал өздерiң пешке қолдарыңды жылытыңдар, — дедi Әлиасқар ағай мейiрбандықпен.

Бұлар класқа кiрiп, iшiне көмiр салып жағылған, сыртындағы қара сырмен боялған қалың қаңылтыры жақсылап қызған дөңгелек пешке барып қолдарын, беттерiн жабыстырды. Аздан кейiн тоңып келген олардың бойлары жыли бастады. Шамалыдан соң қолдарын уқалап, бiр бiрлерiн түртiп, күле бастаған оларға темiр пеш Әлиасқар ағайдың өздерiнiң маңдайларын сипаған жылы алақанындай боп көрiнiп кеттi…

1965

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *