“Адамзаттың Айтматовы”: аңыздың ақыры

Сонау алпысыншы жылдары өзiнiң әдебиеттегi жолын дүрiлдете бастаған жазушы Ш.Айтматовтың шығармаларын бүгiндерi бiлмейтiн кiсi кемде-кем. Оның алғашқы әңгiме, хикаяларында сол кезгi қырғыз халқының тұрмыс-тiршiлiгiне тән жағдай, шынайылық, табиғилық лиризм, аздаған асқақтау романтика бар болатын. Оның үстiне өз шығармаларын тiкелей орысша жазатын оның сол заманғы қырғыздың жазушыларына қарағанда мойны озықтау тұрғандығы айдан анық көрiнетiн. Әрi Ш.Айтматовтың алғашқы туындыларын сыншы Қ.Нұрмаханов қазақшалап бастырып, қазақ қауымына бiрден кеңiнен таныстырып та жiбердi. Содан да болар, оны сол кездегi жас әдебиетшiлер қазақ әдебиетiнiң бiр етене танысындай, жатырқамай қабыл алды. Сол себептi Ш.Айтматовтың қазақ әдебиетiне еткен ықпалы да аз болған жоқ. Мiне, ендi ол өзiнiң бүкiл жазған дүниелерiн екшеп, саралап, жетi том етiп шығарған шақта бiздiң аты аңызға айналған жазушының атақты шығармаларын қайтадан оқып, қайтадан ой түюге, тың көзбен сараптауға хақымыз бар. Ол үшiн өткен ғасырдың жойқын соғыстан кейiнгi кездерi әдебиеттiң мойнының қамыт құрсаудан босана бастаған шағына көз жүгiрткенiмiз абзал.
 
Сол кездерi күллi Кеңес әдебиетiнде бүгiнгi детектив сықылды оқиғаға бай, қиыр-шиыры көп, төңкерiстiң нәтижесiн уағыздайтын, схематизмi жетерлiк кiтаптар көбейiп кеткен едi. Осыған қарсы әрекет ретiнде өткен ғасырдың 50-60 жылдары социализм қоғамында конфликт, дау-дамай жоқ дейтiн жалған теория бой көрсеттi. Ылжыраған лиризм орын алды. Ш.Айтматовтың әдебиеттегi алғашқы қадамы мiне дәл осы тұсқа дәл келдi. Оның үстiне орысша жазатын оған негiзiнен орыс әдебиетi қатты әсер еттi. Сол кездегi әдебиеттегi негiзгi тақырып — соғыс кезiнде ауылды жерде құлақтары қалқиып, аға орнына жұмыс iстеген бозбаланың қиыншылығы жетерлiк тiршiлiкке араласуы, жесiр қалған жеңгелерiнiң тағдыры, майданнан оралған кiсiлердiң тұрмыс-тiршiлiгi, ауыл кiсiлерiнiң күнi-түнi iстеген жұмысы, т.б. едi. Мұндай жәйт орыс әдебиетiнде өте жиi бой көрсеттi. Мiне, осындай рухани атмосферада Ш.Айтматов өзiнiң алғашқы әңгiме, хикаяларын жаза бастады. Бұл жерде бiр айтарлығы, орысша жақсы бiлетiн оның дүниелерiнде қырғыз халқының өз топырағынан алынған материал орыс әдебиетiндегi негiзгi бағыт-бағдармен тексерiлiп, соған ыңғайластырылып, үйлестiрiлiп қарастырылды. Сөйтiп, ұлт әдебиетiнiң ерекшелiгi мен орыс әдебиетiндегi басты-басты тенденция араласып, онша терең синтез таппай, эклектизмi жетерлiк бiр жағдай пайда болды. Әрi мұны Кеңес үкiметiнiң саясаты, әсiресе, орысша жазатын жазушыларды барынша қолдады, оларға сый-сияпатты әбден төгiп-ақ бақты. Орысша жазатын Ғ.Сейдбейли, Ю.Рытхеу, И.Друцэ, Ф.Искандер, Ә.Әлiмжанов, С.Санбаев т.б. тәрiздi жазушылардың легi көбейдi. Соның нәтижесiнде өзiнiң ана тiлiнде жазатын жазушылар шетқақпай қалды, сөйтiп ұлт әдебиеттерiнiң өсiп-өркендеуiне аса зор зиян келдi. Мiне, осындай дүдәмалы көп, қатерлi керуеннiң ең алдыңғы жағында көшбастаушысы боп Ш.Айтматов жүрдi. Ол 1963 жылы март айында сол кездегi Кеңес үкiметiнiң “көсемi” Н.Хрущев жастармен кездесiп, Е.Евтушенко, В.Аксенов, А.Вознесенскийлердi iрейтiн атақты жиналыста, Ш.Айтматов комсомолшылап, “жалынды” сөз сөйлеп, Бас хатшының көзiне түсе қалды. Соның соңы “көсемнiң” сiлтеуiмен, орысша жазатын басқа ұлт өкiлi Ш.Айтматовқа сол жылы “Тау мен дала хикаялары” дейтiн жинағы үшiн (оған бар-жоғы “Жәмилә”, “Бiрiншi мұғалiм”, “Ботагөз”, “Қызыл орамалды шынарым менiң” ендi) ең беделдi Ленин сыйлығы берiлдi. Бұған дейiн оны Л.Леонов “Орыс орманы”, М.Әуезов “Абай жолы”, “М.Шолохов “Түлеген тың” атты романдары үшiн алған-ды. Бұл екi арадағы салмақтың тең еместiгi бiрден-бiр көзге ұрады. Осылайша, саясат үшiн, кейiнiнен ақтар деп (аванс!) алдын ала берiлген үлкен сыйлық 35-ке жаңа толған жас жазушының атын аңызға айналдырды да жiбердi. Ендi оның жазған әр шығармасы әдебиеттегi ұстанар негiзгi бағыт ретiнде саналып, басқалардың тек қана сол жолмен жүруiне қатты ықпал еттi. Сөйтiп, Қырғыздың бiр түкпiрiнде жатқан Шекер аулынан шыққан оның аты, шын мағынасында, орасан территорияда аңызға айналды да кеттi. Ендi әр елдегi жазушылар соған елiктей бастады. Бұл нәрсе қазақ әдебиетiнде де қатты бой көрсеттi. Мiне, сол себептi бiздiң Ш.Айтматовтың шығармалары туралы пiкiр айтуға әбден хақымыз бар.
 
Оның үлкен сыйлық алған жинағына енген шығармаларында, негiзiнен, қырғыз халқының тұрмыс-тiршiлiгi, наным-сенiмi, күресi, т.б. ұлт әдебиетiнiң ерекшелiктерi мен орыс әдебиетiндегi басты тенденциялармен ию-қию араласып жатты. Осы қадамның ең алғашқы бастауында оның “Бетпе-бет” дейтiн хикаясы тұрды. Сөз жоқ, сол дәуiрде соғыстан қашқан кiсi туралы жазу батылдық та болатын. Әрi бұл қырғыз топырағына сай етiлiп алынған мәселе едi. Хикаяның алғашқы беттерiнен-ақ бiр стансаға кеп тоқтаған пойыздан ұрланып түсiп қалған Исмаилдың жайы, қап-қара түн, ызғырған жел қатты әсер етедi. Бiрақ бұл жерде автордың өзi жазып отырған жағдаятты жерiне жеткiзе толық зерттемегенi, ыссылай кiрiсiп кеткенi бiрден оқушыны кiп алдырады. Сол соғыс кезiнде майданға алынған солдаттар ұрысқа түспейiнше, винтовка берiлмейтiн. Екiншiден, әскери эшелонды қарулы шолушылар (патрульдер) күнi-түнi күзететiн. Олар жаңағыдай қашып бара жатқандарды көрсе, бiр-екi рет ескертедi, егер қашқын ол бұйрыққа құлақ аспаса, онда оны атып тастайды. Мiне, жазушы сол алғашқы қадамынан-ақ осындай кiшкене нәрседен (әдебиетте майда-шүйде болмайды!) бел алдырып алады. Егер Исмаил жүрiп бара жатқан пойыздан қарғып түссе, патрульдер оны атқыласа, ол не жараланса, не аман-есен қалса, — онда хикаяның шыншылдығы мүлдем арта түсер едi. Болмаса, Исмаилды аудандағы әскери комиссариатқа алып бара жатқан жолда-ақ Алатооның бiр шатқалында қашырып жiберсе де, әсер мүлдем басқаша болар едi. Бұл жерде қалай жазам десе, жазушының өз еркi. Бұл хикаядағы ең нанымды, қаз-қалпында алынған, қырғыз халқының исi аңқып тұрғаны — Сейденнiң бейнесi. Күйеуi түнде жасырын қашып келген кездегi оның iс-әрекетi, ерiм аман-есен болса жарайды, қайдағы соғысқа барып оның не шаруасы бар деуi, енесiн өз анасынан бетер күтуi, т.б. жақсы жазылған. Оқиғаның одан әрмен қарай өрбуi де кейiпкерлердiң өз бойларына, табиғаттарына шақталып, еш артық бояу қосылмай, шынайы қалпында көрсетiлген. Тек ара-тұра тағы да жалған штрихтар жылт етiп көрiнiп қалады. Мәселен, Исмаилдың өзi хал-жағдайын жақсы бiлетiн құдайы көршiсiнiң сиырын ұрлап кетуi, оны союы сендiрмейдi. Бiрiншiден, бiр кiсiнiң жетекке ере қоюы қиын сиырды түнде бiлдiрмей алып кетуi шәк келтiредi. Екiншiден, жалғыз адам сиырды түн iшiнде қалай жығып, қалай сояды? Оның орнына ол көршiсiнiң қойын не ешкiсiн, болмаса тауығын ұрлап кетсе, оны Сейде сезiп қалса, сюжет басқа бiр қырынан өрбiп, Исмаилдың қалайша азып-тоза бастаған жайы ашыла түсер едi. Бұдан тыс өзiн ауылсәбеттiң кеңсесiне шақырып ап тергеген НКВД-ның кiсiлерiне ештеме де айтпаған Сейденiң бiр ғана ұрлық үстiнде бар дүниеден безiнiп шығып кеп, баласын ап төркiнiне кетем деуi де аса тездетiлiп жiберiлген. Жаратылысы қарапайым, жаны кең, ағедан оның ауру-сырқау енесiне қайрылмауы да әйелдiң алғашқы беттердегi бүкiл болмысына қайшылау келедi. Жарайды, солай-ақ болсын делiк. Қырғын соғыс жүрiп жатқан кезде дап-дардай азаматтың қарақан қара басын сауғалап қашып-пысып жүргенiне намысы келген әйелдiң өз төркiнiне кетем деуi орынды да. Бiрақ осы жерде кенеттен еш себепсiз Сейде күйеуi жатқан жерге әскерлердi ертiп келедi. Бұл тағы да хикаяның алғашқы беттерiнен көрiнген, ой-өрiсi аздап өрбiп, дамып келе жатқан қырғыз әйелiнiң бойына еш сыя бермейтiн әрекет ретiнде, басқа ұлт әдебиеттерiнде кездесетiн жағдайдай боп көрiнедi. Оның үстiне, алдында ғана НКВД-ның өкiлдерiне ештеме айтпаған оның өзiнiң жауапқа тартылатынын бiлмеуi қиын. Мұның барлығы хикаяның тақырыбында тұрған “ой-пiкiрдей” қашқын күйеуiмен бетпе-бет келуi, қарапайым келiншек қана емес, үлкен анаға айнала бастағанын көрсету үшiн керек болған. Бiрақ тағы да Сейденiң сондай әрекетке қарай қадам басуы тым тездетiлiп жiберiлген. Тым құрымаса, оның Исмаил құдайы көршiсiнiң малын ұрлап кетiп ет әкелген түнi ойланып-толғануы, әрi-сәрi болуы, не iстерiн бiлмей дағдаруы, ақыры бiр шешiмге келуi шынайы түрде кеңiнен берiлуi қажет едi. Өкiнiшке орай, келiншектiң жанында болар ондай үлкен бiр күйзелiс көрсетiлмеген. Оның үстiне, орыс әдебиетiндегi үлгiлердiң әсерi хикаяның аяқ жағында алға шығып кеткен. Мiне, осындай ұлт топырағы мен басқа әдебиеттердегi тенденциялар алғашқы кезде шым-шымдап бой көрсете бастайды да, кейiнiнен алдыңғы орынға қарай қадам басады. Бұл қасиет Ш.Айтматовтың атын күллi әлемге паш еткен “Жәмилә” атты хикаясында да баршылық.
 
Сөз жоқ, сол кезгi қара сөзде кiсiнiң iшкi жан дүниесiне үңiлiп, оның өрбу, даму процесiне назар аудармай, қым-қуыт қызғылықты оқиғаның жетегiнде кетiп, психологиядан гөрi сыртқы iс-әрекетке көбiрек ден қойылып жүрген заманда бұл хикаяның әдеби жұртшылықтың құлағын елең еткiзуi орынды да едi. Оның үстiне, қаламын жаңа ғана ұштаған жас жазушыны М.Әуезов қолдаған соң, “Новый мир” журналында жарық көрген кiшкене ғана туындыны сонау жер түбiнде жатқан Париждегi Л.Арагон тамсана мақтағасын, Ш.Айтматов бiр түннiң iшiнде, таң азанда… бүкiл Кеңестер одағына аты мәшһүр қаламгер боп шыға келдi! Содан оның әдебиеттегi ұлы шеруi басталды да кеттi! Даниярдың әнi, Жәмиланың махаббаты талайлардың ауыздарының суын құрытты. Бұл бiздiң қазақ әдебиетiне де қатты әсер еттi. Бiзде соған елiктеген, көп жағдайда сюжетiн әрi түрлi қырға салғанменен қайталайтын, кейiпкерiнiң аттары Жәния, Жадыра, т.б. боп келетiн эпигон шығармалар қаптады да кеттi. Әрине, бұнда Ш.Айтматовтың еш кiнәсi де, қатысы да жоқ. Мәселе бұл жерде бiр тосын қырымен жарқ ете қалған шағын хикаяның не қасиетiмен осыншама қатты әсер еткенiнде жатыр. Бiрақ та кезiнде сол жөнiнде асырмай да, жасырмай да сараптаған, қатаң әдеби талаппен қараған сыншы бола қойған жоқ. Болған күннiң өзiнде, у-шу мадақтаудың кезiнде оның үнi шықпайтын да едi. Ал мұның әдеби процеске тигiзетiн неше түрлi ықпалы зор. Одан тыс дәл кезiнде айтылған байсалды пiкiр жазушының өз басына да пайдалы болатын.
 
Көлемi онша емес хикаяның алғашқы беттерiнен-ақ Алатооның бiр түкпiрiнде жатқан қырғыз аулының тұрмыс-тiршiлiгi, күнделiктi өмiрi, соғыс тұсындағы қарабалас кезең бiрден-ақ шынайы түрде көрiнедi. Мұнда да алып бара жатқан эпизм атымен жоқ. Кейiпкерлерiнiң бәрi де сол елге, сол топыраққа тән боп кестеленген. Жәмилә жұмысқа шықсын деп келген қалқоз басшысына енесiнiң көнбеуi, алғашқы кезде қайнысының жеңгесiн кiм көрiнгеннен қызғанып қыр соңынан қалмауы, өзiне қырындаған бiр дөрекiнiң бетiн Жәмиләның қайтарып тастауы, арбамен стансаға қатынап жүрген кезiнде бiр тоға, артық ауыз сөзi жоқ, соғыстан оралған Даниярды жас келiншектiң мазақ етуi, келемеждеуi — бәрi-бәрi де шынайы, табиғи қалпында көрiнiс тапқан. Бiрден есейген қарасөздiң машығы аңғарылады. Хикаяда аздап романтикасы бар лиризм басты орынға шыққан. Бұл қасиет, әсiресе, олардың түн iшiнде стансадан қайтқан кезiнде, ай нұрына шомылған Алатооның әсем көрiнiсiнен алынған әсер үстiнде, Даниярдың ән айтып келе жатқан сәтiнде айқын көрiнедi. Сол әнге елiккен жас келiншектiң жан түкпiрiнде оянып келе жатқан бөлекше бiр сезiмнiң бас көтеруi, өрбуi, ақырында таудан құлаған сел тасқынша бұрқырай кеп ағуы соншалықты ұсталықпен жеткiзiлген. Сол әннiң әсерiне орай хикаяны баяндаушы бозбаланың жанындағы әр түрлi иiрiм де, қалтыл-дiрiл де соншалықты нанымды етiп берiлген. Мұның ақыры… түн iшiнде шөмеледе жатқанда Жәмиләның өзiнiң Даниярға келуiмен аяқталады. Мұны сол жерде жатқан қайнысы көрiп жатады. Мiне, осы жерде оқушыны керi қарай серпетiн, сендiрмейтiн тұстар жетерлiк. Ең әуелi, бұл жерде Жәмиләның қарапайым ғана қырғыз әйелi екендiгiн жақсы көрген жiгiтiмен қашып келгенiн, күйеуiнiң майданда жүргендiгiн, ата-енесi бар оның ертең мынадай суық сөзге iлiне қалса, азғантай ауылда абыройының айрандай төгiлетiнiн бiлетiнiн ескеру қажет. Жарайды, жастықтың салдарынан Даниярды ұнатып-ақ қалсын. Бiрақ та оның туған қайнысының көзiнше өзге бiр жiгiттiң қойнына кiре қалуы ар-ұят, әдеп жағынан… қарапайым қырғыз әйелiнiң бойына сыя бермейтiн әрекет ретiнде көрiнедi. Сонау соғыс жылдары мұндай нәрсе етек-жеңi тыюсыз-жыюсыз кеткен басқа ұлттың әйелдерiнде де бола бермейтiн. Оның үстiне Жәмиланы күйеуi зорлап алып қашқан жоқ, ол одан жақында ғана госпитальден шығып келетiнi туралы хат алған. Мұндай жағдайда Жәмиланың бұл әрекетi тек қана әуейiлiк, жеңiлтектiк, көрсеқызарлық деп бағаланады. Бұл жерде Л.Арагон тамсанғандай асқақ махаббаттың iзi де жоқ. Керiсiнше, келiншектiң бұл әрекетi Батыс Еуропаның ерсi мiнездi әйелдерiне тән қолайсыз қылық боп сезiледi. Ал бұл бұрын-соңды қырғыз дейтiн халықтың бар-жоғын да бiле қоймаған еуропалық Л.Арагон үшiн тың, өзгеше нәрсе. Оның қайдағы бiр азиялық келiншектiң осыншама сүйiспеншiлiкке берiлiп, сол үшiн от басын талақ етiп, қайдағы бiр Даниярмен түн iшiнде қашып кетуiн әлдеқашан феминизацияға ұшыраған француз әйелдерiнiң тұрғысынан бағалуы да, таңдануы да заңды. Ал бұл әрекет мұсылман үрдiсiнде тәрбиеленген қырғыздар үшiн мүлдем басқаша бағаланады. Жәлепшiлiк демесе де, әйелдiң опасыздығы, көрсеқызарлығы, жеңiлтектiгi деп түсiнiледi. Оның үстiне, өз жеңгесiнiң басқа бiреумен жатқанын, олардың түн iшiнде бiрге қашып бара жатқанын көре-тұра туған қайнысының қызғанбай, оларға ақ жол тiлеп қала беруi мүлдем сендiрмейдi. Бұл тағы да Ш.Айтматовтың басқа елдердiң әдебиетiнен жұқтырған қасиетi. Егер жазушы ситуацияны осылайша қолдан иiп жiбермей, әрi кеткенде, Даниярдың әнiне арбалған Жәмилаға күнә жасатып қана қойса, онда оған еуропалық Л.Арагон Азия әйелiнiң ескi әдет-ғұрыптың құрсауынан құтыла алмай жүргенi деп бiлiп, таңданбауы да мүмкiн едi. Бұл, керiсiнше қисындасақ, етек-жеңi жию-тиюсыз кеткен француз келiншегiнiң қырғыз әйелiнше ызылып-сызылып, басына ақ жаулық салып, қымыз сапырып отырса, қырғыздардың аузын аша таңғалғаны сықылды нәрсе. Ал оны сол қаз-қалпында француз етiп көрсетсе, кез келген қырғыз таңғалмайды. Мiне, кейiпкердiң iс-әрекетiнiң iшкi қисынына жүгiнбей, оны қолдан иiп жiберу, ең бастысы, ақиқатшылық дейтiн ұлы әдiстiң ең бiр басты шарты — тәндестiрудi бұзу кiшкене хикаяның ақырғы жағын басқа арнаға қарай бұрып кеп жiберген. Осы нәрсе “Алғашқы мұғалiм” дейтiн хикаяда да бар.
 
Бұл шығарманың құрылысы “Жәмиламен” ұқсас. Екеуiнде де суретшi кейiпкер әңгiмелеумен бастап, сурет салуымен аяқтайды. “Алғашқы мұғалiмде” алтынай Сүлейменова мен суретшi өздерi туып-өскен ауылдарына келедi. Той үстiнде пошташы Дүйсен дейтiн қыңыр мiнездi шал газет-жорналдарды әкеп тастайды да кетедi. Жұрт оның бiр кездерi шала сауаттылығына қарамастан, осы ауылда оқытушы болғандығын айтып сықақ қылып отырады. Үлкен кiсi ғой деп оны дастарханға шақыру атымен жоқ. Сол екен, академик Алтынай Сүлейменова кенеттен жұртпен қоштасып, Мәскеуге тартып отырады. Сүйтсе, оның сыры бар екен. Кейiнiнен ол Мәскеуден әлгi суретшi ауылдасына ұбақ-шұбақ хат жазды, өмiр тарихын баяндайды, Дүйсеннiң өзiне алғаш рет ұстаздық еткенiн, ауылда мектеп салғанын (1924 жылы), екеуiнiң екi терек еккенiн, сүйтiп жүргенде мұны өгей шешесiнiң басқа бiреуге тоқалдыққа берiп жiбергенiн, өзiнiң он төртке толмай жатып әйел болғанын, одан Дүйсеннiң құтқарып ап, интернатқа орналастырғанын, өзiнiң алғашқы мұғалiмiн сүйгенiн, ендi сондай кiсiнiң пошташы халында жүргенiн айтып баяндайды. Мiне, осы жерде туындайтын сұрақ көп. Бiрiншiден, академик дәрежесiне дейiн жеткенше өзiнiң ұстазын бiр де бiр рет есiне алмаған, оған тым құрымаса хат жазып алғыс та айтпаған Алтынайдың өз басы, адамгершiлiгi туралы оқушының көзқарасы өзгердi. Оның сүйтуiне не себеп? Мына хатында өкiнiп жатқан және ол жоқ. Екiншiден, сонау төңкерiстен кейiнгi жылдары курс бiтiре сап, кiмдер ұстаздық етпедi? Ендiгi жерде жоғарғы бiлiмi болмаса, оны кiм мұғалiмдiкке қояды? Ең бастысы, академик Алтынайдың өзi бұрын-соңды сырлас емес суретшiге хат жазып, өмiр тарихын баяндауы сенiмсiздiк тудырады. Әсiресе, өзiнiң әйел боп қалған жағдайын ер кiсiге айтуы әрi нанымсыз, әрi ыңғайсыз. Бұл әйелдiң әйелге де айта қоймайтын сыры. Оның үстiне әйелдiң мекерлiгi, өзiне тән менталитетi мұндай қадамға ұрындырмайды. Ал, жарайды, суретшiге сенiп, айтты делiк. Ау, ол сыры ертең Алтынайдың күйеуiнiң (ол бар болса) құлағына тимей ме? Басқа қызметтестерi, жалпы ел-жұрт естiмей ме? Мұны балалары бiлсе, қалай болады? Және де ол ұрлық сырын ер кiсiге айтқаны қалай? Мiне, келiспейтiн тұстары осы. Соның бәрiн сараптай келгенде, оқушы Алтынайдың өзiн өзi әшкере ғып, өз сырын бүткiл жұртшылықтың алдында жайып салуы еш мүмкiн емес дейдi. Егер ол өзiнiң алғашқы ұстазын ұмытып кеткенiне өкiнiп, iштей өзiн өзi жеп, кемiрiп жатса бiр сәрi. Керiсiнше, ол Дүйсеннiң пошташы боп, елеусiз жүргенiне басқалар кiнәлi деп бiледi. Және де осы алғашқы кездегi шығармаларындағы бiрiншi жақтан баяндау, сыр шерту тәсiлi басқа кейiпкерлерге тек сырттай ғана қараумен шектелiп, оның iшкi жан дүниесiнде не болып, не қойып жатқанынан еш хабар бермейдi.
 
Мұндай кемшiлiк “Шынарым менiң…” хикаясында да баршылық. Романтикасы басымдау бұл хикаядағы Iлиястың Долон асуынан асам деп бүкiл от басынан ажырауы, азып-тозуы онша сендiре қоймайды. Бiрiншiден, оған сол асудан машинамен өтiп шық деп тапсырма берiп жатқан ешкiм де жоқ. Қар жауып тұрғанда өз бетiнше өтем деп барып апатқа ұшырауы тек қана жеңiлтектiк дәрежесiндегi әрекет қана. Ол егер рационализатор боп, оның жаңа ұсынысын автобаза басшылары қолдамаса, соны өзi iс жүзiнде көрсетем десе, – онда шаруа басқа. Және де осындай кiшкентай апат үшiн (бұлiнген ештеме де жоқ!) оның от басынан, бала-шағасынан айрылуы, өзi ұнатпайтын Қадишамен байланысуы мүлдем жасанды. Бұған керiсiнше Әсел де бiр жақты. Ол мәселенiң ақ-қарасына көз жеткiзiп жатпастан, шығына кеп қашады. Оқиғаның осылай болатыны Iлиястың алғаш рет жол мәстiрi Байтемiрмен кездескен кезiнде-ақ сезiле бастайды. Бәйтемiрдiң өмiрi М.Шолоховтың “Адам тағдыры” әңгiмесiндегi А.Соколовты еске салады. Соколовтың үйiне бомба түсiп, әйелi, бала-шағасы опат болса, Бәйтемiрдiң үйiн қар көшкiнi басып, әйелi, бала-шағасы мерт болады. Және Соколов та, Бәйтемiр де Отан соғысынан оралғанда осындай жағдайға кез болады. Шопыр Соколов пен жетiм баланың кабинадағы жайы және шопыр Iлияс пен өз баласы Саматтың кабинадағы жайы, аздаған өзгерiстерiне қарамағанда, ұқсас, төркiнi бiр. Iлияс – Әсел – Бәйтемiрдiң бiр бөлмеде кездесуi мен “Қан мен тердегi” Еламан – Ақбала – Әнуарлардың бiр бөлмеде кездесуi бiрдей. Бiз бұл жерде ұрлық туралы айтып отырған жоқпыз. Мәселе ұқсастық, әдебиетте бұрыннан бар желiнi басқа бiр қырынан ап, өзгеше тұрғыда қарастыру, сол мотивтi өзiнше құлпырту, соны басқаша түрде жазсам деген талапта жатыр. Бұл кейiнiнен Ш.Айтматовтың қаламына тұсау салатын жағдайға дейiн ұласып кеттi.
 
Бiз оның осы тақылеттес басқа шығармаларына тоқталмаймыз. Жазушының стилi күрт өзгере бастардың алдындағы “Ақ кеме” туралы сөз етемiз. Бұл туынды кезiнде баспасөзде өте қатты дау-талас тудырды. Ең қиыны, Мәскеудегi марғасқа сыншылар қырғыз халқының тұрмыс-тiршiлiгiн, тарихын, наным-сенiмiн, т.б. бiлмей жатып-ақ шығарманы талқылай жөнелдi. Ондай пiкiрдiң үстiрт болатынына, қандай да көркемделген шығарманы сол әдеби материал жаратылған топырақта, сол жердiң жалпы рухани климатына қарай, сонымен салыстыра өлшеп тексерiп қарастырудың қажеттiгiне ешкiм де назар аудармады. Сол кездегi сәбет адамын жасаймыз деген өрескел талаптың шамасынан қарастырылды. Мұның соңы дүмбiлез ой-пiкiр түюге соқты. Ал, шындығына келгенде, осы хикаяда Ш.Айтматовтың жалпы стилiндегi бұрыннан қылаң берiп келе жатқан екi бағыт, екi қасиет анық көрiнген едi. Оның бiрiншiсi – ұлт топырағынан алынған материал, екiншiсi – сол материалды игерерде, жазарда басқа әдебиеттегi үлгiлерге жалтақтау, соны басты бағыт етiп ұстап, қалайда тар шеңберде қалмайын деп, бүткiл шығарманың желiсiн, кейiпкерлердi, т.б. қолдан ию, “жөндеу”, “орысқолдандыру”. Және де бұған оның орыс тiлiнде жазатындығы қатты әсер еттi. Оның үстiне бұл хикая сонау “Жәмиләдан” басталған екi аралықтағы шығармаларының басын қосқан, ортасына ұзын қыл арқан тартылған екi темiр қазықтай боп көрiндi.
 
“Ақ кеменiң” бұрынғы аты “Ертектен соң” болатын. Кейiнiнен “ақ“ деген сөз символ ретiнде (Н.Думбадзенiң “Ақ жалауын” еске алыңыз!) алынды. Оның үстiне Ф.Достоевский үнемi қайталап отыратын күнәдан пәк “бала” деген түсiнiк (исламдағы перiште деген халық ұғымында емес!) тазалықтың нышаны ретiнде қолданылды. Сөйтiп “ақ“ пен “ертегi” тақырыпқа шығып, күнәдан пәк, әлi өмiрдiң ащы-тұщысын татып көрмеген “бала“ кейiпкер ретiнде алынып, ересектердiң анайылау, дөрекi, кiр-ласы жетерлiк ортасына (бұл Ф.Достаевскийдiң тәсiлi – князь Мышкин “үлкен бала”) салынды. Сонда қырғыз халқының арғы ата-тегiмiз бұғыдан таралған дейтiн ежелгi аңызы негiзгi өзек етiлдi де, соның бүгiнгi хал-жайы Оразқұлдардың арасында тексерiлiп, Ыстықкөлде әрлi-берлi жүзiп жүрген (оны хикаяда ешкiм де көрмейдi!) ақ кемеге қарай бағышталды. Ал кеме, теңiз қырғыз халқының топырағына, негiзгi наным-сенiмiне тән емес. Бұл жердегi басты трагедия – ежелгi аңызға сенген баланың ащы-тұщысы жетерлiк қатал шындықпен бетпе бет кездесiп, тәттi қиялының тас-талқан болуы. Мәселе мұның соңының мына хикаяда қырғыз топырағына тәндестiрiлiп шешiлген бе жоқ әлде “ақ кемеге” қарай ойысып, “орысқолданып” кеткен бе, – мiне, осында жатыр.
 
Бұл ең басты хикаясында Ш.Айтматовтың суреткерлiгi сонау “Жәмиладағыдай” тосын бiр қырынан ашылған. Қарағайлы Алатооның тамылжыған суретi, сарқырап аққан тау өзенiнiң у-шуы, орманшылардың қарапайым тұрмыс-тiршiлiгi, т.б. шынайы жазылған. Әсiресе, баланың дүрбi арқылы Ыстықкөлге қарауы, бұғыларды көрiп таңғалған сәтi (ертектен соң!), атасы сөмке сатып алып берген кездегi қуанышы, “Ақ кемеге“ қарап қиялдауы оқушыға қатты әсер етедi. Бiрақ… осы жерде кейiпкерлердiң арасындағы пропорция компьютердiң программасынша қатты есептелiнiп жасалынғандықтан, туындайтын сұрақ жетерлiк. Қарап отырсаңыз, баласы тастап кеткен Момын – жетiм шал, оның тоқалы – бес баласынан айрылған жетiм кемпiр. Неге екенi белгiсiз, жазушының хикаяларындағы әйелдердiң бәрi (“Шынарым менiң…”, “Алғашқы мұғалiм”, т.б.) ұрысқақ боп келедi. Соларға сәйкес Оразқұл – дөрекi, надан, тұрпайы. Оның әйелi – бедеу. Қасындағы көмекшiсi Сейдахмет араққұмар жеңiлтек бiреу. Және бiр ескерерi, кейiпкерлердiң барлығы да ақ, қара дейтiн бiр ғана шартпен кескiнделген. Мұнда жаман – жаман, жақсы – жақсы. Оның үстiне хикаяға өзек болған – баланың жағдайы жөнiнде туындайтын сұрақ баршылық. Мәселен, өз перзентiне тым құрымағанда сөмке сатып әкеп (киiм-кешектi айтпай-ақ қоялық!) берiп, маңдайынан бiр иiскемеген, мұның хал-жайын бiр рет болса да бiлiп кетпеген “ақ кеме” – символ “әке” ешқандай да идеал емес. Ондай қатыгез жанды баланың аңсауы, “балық” боп (бұл да қырғыз халқының наным-сенiмiне жат! ) барам деуi иландырмайды. Бұдан тыс – Оразқұл арақ iшiп алса болды, әйелiн бала таппадың деп көкала торғайдай қылады. Қайын атасын жағадан алады, тiпте сабауға да дайын. Неге? Әйелi бала көтермейтiн болса, ондай дөкiр жан баяғыда-ақ айрылып, басқа бiреудi ала салады. Ол қызыл билеттен айрылсам, үлкен қызметтен қағылсам дейтiн бiреу емес, – бар-жоғы орманды шолушы ғана! Бұған керiсiнше, Сейдахмет жүрген бiр делқұлы. Мiне, осындай кейiпкерлердiң ортасына түскен, күнәдан пәк баланың содан қалай құтылуы керек? Суға кету ме? Оған еш себеп жоқ. Өйткенi өмiрi өзi әлi түрiн көрмеген, ақ кемеде жүзiп жүрген әкесiн де, қалада басқа бiреумен тұратын шешесiн де баланың соншалықты сағынуы, елжiреуi мүмкiн емес. Керiсiнше, оның сәби жаны қатыгез екеуiн де бүткiл ақ жанымен жек көредi. Ол ақ кемеге қарай емес, аңыздағы бұғылардың iзiнен жүгiредi. Оларды Оразқұлдарға аттырмаймын деп бұғыларды шошытып, жүгiрiп келе жатып, шыңнан не құздан құлап өлсе, – мүлдем бiр басқа. Немесе бұған керiсiнше бұғының етiн жеп (өз аңызын өзi сатып!) мас боп жатқан атасын, дөрекi Оразқұлды көрiп, бала өлмейдi, қайта жаны доғалданып, берiштенiп, болашақта кiсiге емiренiп көрмейтiн қатыгез, қатты бiреу боп өседi. Ал хикаяда ауырып жатқан бала балық болам деп суға кетедi. Және осы арада жазушының шығарманың тiнiне өзi тiкелей араласып, бiрнеше абзац сақтандыратын (басқа балалар да сөйтпесiн деп!) сөз қосады. Бұл жаңағы трагедияның тұзын жеңiлдетумен қатар, оның жасандылығын көрсетедi. Бұған кiнәлi – хикаяны бастамас бұрын кейiпкерлердiң ара қатынасы дұрыс есептелiнбей, компьютердың программасындай қисық жасалынуы. Соның салдарынан Момын шал жүрген бiр бишара, Сейдахмет бiр шаруаның басын қайырмайтын берекесiз, өгей әже бет алдына аузына келгенiн аталай беретiн ұрысқақ, екi келiншек iшкен-жегенiне мәз тоғышар, т.б. боп шыға келген. Осы жерде Кеңестiң кең заманында өз хақыларын бiлмейтiн олар қандай жандар, Момын шал да, кемпiр де тым құрымаса пенсия алмай ма, Оразқұл жеке-дара “патшалық” құратындай о нағылған сыртқы дүниеден тыс жатқан жер, т.б. деген заңды сұрақтар туындайды. Мұның барлығы тәндестiру дейтiн үлкен шарттың әлi де болса үстiрт түрде көрiнiс тауып жатқанынан хабар бередi.
 
Ш.Айтматовтың сонау “Жәмиләдан“ бастап аңызға айналып басталған үлкен сүрлеуiнiң соңы осы “Ақ кемемен“ (арадағы “Ерте келген тырналарды” айтпағанда) бiр түйiнделедi. Осы екi арадағы шығармаларына қырғыз топырағына табан тiреу, әсiресе, соғыс жылдары өзi көзiмен көрген шындық туралы жазсам деу, Күркiреу маңындағы қарапайым кiсiлердiң тұрмыс-тiршiлiгiне, бастан өткен жағдаяттарына үңiлу, соны аздап көркемдеп сол қалпында суреттесем деу тән. Бұл хикаялардың барлығында да, кейбiр кемшiлiктерiне, өзара iштей бiр бiрiн қайталап жатқандықтарына қарамастан, қарапайым қырғыз адамдарының жай-күйi, ой-пiкiрi, күнделiктi тiршiлiгi белгiлi бiр дәрежеде суреттелген. Мұндағы ең басты талап – жазушының шығармаларына өзек ететiн материалды саусақтан сормай, сол өзi туып-өскен ортадан, аулынан, қырғыз топырағынан тапсам деуi. Бұл нағыз шынайы суреткерге қойылатын басты талап. Қалай десең де жазушы әр бiр шығармасында өмiрдiң жаңа бiр қырын ашып, тың, тосын, бұрын әдебиетте көрiнбеген, көрiнсе де жерiне жеткiзiле қарастырылмаған, зерттелмеген таныс та бейтаныс кейiпкерлердi (оның әр жағында бәрi тұр! – Б.А.) тауып, соны суреттеп, көркемдеп, қорытып қағаз бетiне түсiруге тиiс. Онсыз iрi-iрi мәселелердi көтерген шынайы көркемделген әдебиет жоқ. Жазушы бұл талаптан бас тартса, қоғамда болып жатқан түрлi өзгерiстерге орай адамдардың қалай өзгерiп, не өзгермей, т.б. жатқанын зерттемесе, соны тұрпатты жаңа кейiпкерлердi көре алмаса, сөз жоқ, өзiн өзi қайталайды немесе әдебиетте бұрыннан бар нәрселердi әр түрлi қырынан алып қарастырады, олай-бұлай құбылтады. Түптеп келгенде, мұның бәрi тың, тосын, алғаш табылған нәрсе болмайды, керiсiнше қайталау (вторичность), бұрыннан оқушыға таныс тақырыпты, кейiпкердi, ситуацияны, т.б. әр қырынан алып қарастырып, сыртқы этикеткасын өзгертiп, құдды “жаңа“ дүние сықылды етiп ұсыну болады. Мұндай жағдай ортағасырлардағы фарсы әдебиетiнде баршылық едi. Мәселен, бiр ғана Жүсiп-Зылиқа, т.б. туралы сюжеттi сонау Фирдоусидан бастап бертiнге дейiн қай шайыр жазбады? Олар тiршiлiкте басқа оқиға жоқтай, әлгi таныс сюжеттi қайсысымыз артық етiп, асыра жазамыз деп жарысты. Соның нәтижесiнде көркемделген әдебиет дамыдай, бiр орнында тұрып қалды. Мiне, осы жағдай Ш.Айтматовтың кейiнгi шығармаларында қылаң бердi.
 
Бұл жердегi айтарлық басты нәрсе – көбiне көп әдебиетте белгiлi бiр тақырып жан-жақты қарастырылып, көркемдiк тұрғыдан өз шешiмiн тапқаннан соң, белгiлi бiр дәрежеде тоқырау басталады. Жазушы ендi жаңа бiр мәселенi, тақырыпты таппаса, өзiн өзi қайталайды, бұрынғы көтерген мәселелерiн басқа бiр қырынан алып сөз етедi, басқа әдебиеттерде бар дүниелердi алып, “өзiнше” қарастырған болады. Мұның шын аты “кiтәбилық“. Оның түп негiзiнде жатқан басты кемшiлiк – жазушының өз заманына тән жаңа мәселелердi таба алмауы, жаңа кейiпкерлердi тап басып ұстап, соның басына тән неше түрлi шаруаны жинақтап, қорытып, тосын бiр көркемделген мақсатқа қарай жеге бiлмеуi. Мiне, осы жағдай Ш.Айтматовтың өзi соғыс тұсында көрген балалық кезеңi туралы жазып болғаннан соң басталды. Кейiнiректе жазған “Ерте келген тырналар” дейтiн хикаясы бұрынғы дүниелерiн қайталаудан онша асып кете алмады. Тың туралы жазған “Ботагөзi” сәтсiз шықты. Оның үстiне, жазушы өз кейiпкерлерiн Мольер заманындағыдай ақ пен қара дейтiн принциппен қарастырудан қол үзiп кете алмады. Жаңа замандағы жаңа кейiпкерлердiң мiнез-құлқы, iс-әрекетi, жан дүниесi мүлдем күрделiленiп кеттi. Оны ескi әдiспен қарастырса, сонау 30-50-iншы жылдары әдебиетте бел алған схематизмге толы дүниелерден бой асып кету мүмкiн емес едi. Мiне, осындай қолайсыздау толас тұста көзi қырағы бiр жазушының жаңа мәселенi көрiп, жаңа бiр дүниелердiң бет көмбесiн ашуы қажет болатын. Ол Т.Ахтановтың сыбағасына тидi. Бұл жөнiнде Ә.Кекiлбаев: “Боранның” алғашқы нұсқасы өзi тектес Ш.Айтматовтың “Қош бол, Гүлсары”, Залыгин, Липатов, Абрамов шығармаларының қай-қайсысынан да бұрын шықты“, – деп жазған-ды. (Уақытпен бетпе-бет, 1972 ж, 57 б.), Шынында да, алғашында “Дала сыры” деген атпен жарық көрген хикаяда соғысқа барып келiп, қойшының ақ таяғын ұстаған Қоспанның боранда малменен бiрге ығып кетiп, бiр күн iшiнде өзiнiң жүрiп өткен жолын еске алуы, экспрессиясы, бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiне қабырғасының қайысуы, т.б. тың көзбен қаралып, тосын тұрғыдан өз шешiмiн тапқан-ды. Ш.Айтматов өзiнiң одан кейiндеу шыққан “Қош бол, Гүлсарысында” осы шығармада сөз болған жәйттердi қырғыз топырағына көшiрiп апарып қарастырды, бiрақ негiзгi желi, кейiпкерлердiң ара қатынасы онша өзгере қойған жоқ. Оның осы хикаясындағы Танабай – Қоспанды, Чоро – Қасболатты, көмекшi шопандар – Қаламұш бастаған бригаданы ерiксiз еске салады. Екi шығармада да оқиға бiр күннiң iшiнде өтедi. Екеуiнде де еске алу басым. Т.Ахтановта бастық Қасболат шопан Қоспанға сөйлер сөзiн жазып берiп, мiндеттеме алдырса, Ш.Айтматовта бастық Чоро Танабайға да соны iстетедi. “Боранда” Қасболат Қоспанмен бiрде дос, бiрде қас болса, “Қош бол, Гүлсарыда” да Чоро Танабаймен сондай қарым-қатынаста болады. Қой шаруашылығына байланысты тiлге тиек болған мәселелер де бiрдей. Тек бұл жердегi айырмашылық – Ш.Айтматов Гүлсарының желiсiн бөлекше етiп енгiзедi. Кей нәрсенi аттың инстинктi арқылы қарастырып көредi. Бұл көп жағдайда Л.Н.Толстойдың “Холстомерiн“ еске түсiредi. Ш.Айтматов қалайда да алдыңғы нұсқадан қара үздiрiп кету үшiн хикаяға неше түрлi эпизодттар, бөтен желiлер қосып бағады. Дегенмен оның бұл тақырыпты әлi де дұрыс, терең зерттемегенi, көбiне, малдың жайын бiле бермейтiнi көзге түседi.Мәселен, жорға ат Гүлсарыны ол төрт дөңгелектi арбаға жегедi, оны аламан бәйгеге қатыстырады, көкпар тартқызады. Ал шындығында, жорға тек қана мiнiстiң аты, ол өмiрi аламан бәйгеге қатыса алмайды, көкпар тартуға да, арбаға жегуге де жарамайды, Арбаға да, көкпарға да шыдамды, сiңiрлi мықты мал керек. Аламан бәйгенiң жүйрiгi мүлдем бөлек болады. Одан тыс көктемде төлдеп жатқан қойдың қандай қой екенiн жазушы анықтап жазбайды, тек қозы қырылып жатыр дейдi. Мұнда да үлкен мән бар. Мiне, осы жерде өзiне өкiл боп келген ауданның бас прокурорына (ол ешуақытта ауылға өкiл боп келмейдi, – Б.А.) Танабай айыр алып ұмтылады. Осы қылығы үшiн оның мәселесi аупарткомда қаралып, партия қатарынан шығарылады. Бiр таңғаларлығы, Танабай содан соң да қойын бағып жүре бередi. Ал шындығына келсек, оны партиядан шығарған соң, сөз жоқ, бас прокурор оны соттатып жiбередi. Өйтпеген жағдайда оны партиядан шығарудың мәнi жоқ. Танабай болса, ара түспедiң деп (iстiң тәртiбi бойынша, оны партиядан әуелi бастауыш партия ұйымы шығарды, – Б.А.) бастауыш партия ұйымының хатшысы Чороға өкпелеп, ол жан тәсiлiм қылып жатқанда да бармайды. Бар-жоғы жолдасының өтiнiшi бойынша Чороның партбилетiн аупарткомға апарып тапсырады. Мiне, осылайша бiр ғана бояумен, бiр жақты етiп сомдалған Танабай ауданнан қайтып келе жатып өмiр жолын (Қоспан сықылды) еске алады, бiрақ өкiнуi, толғануы, өмiрден түйген сабағы доқ. Соғыстан кейiнгi жылдары болса да “дүние жүзi бойынша жосалатын революция“, “тап жауларына деген қырағылық“ деп (М.Шолоховтың Нагульновы!) айқайлап жүредi. Оны кеше ғана от пен оқтың арасынан шыққан, ащы-тұщының дәмiн татқан кiсi деп ойламайсың. Ал шындығына келгенде, жiгiт ағасы боп қалған кiсiнiң баяғы жас кезiндегiше лепiлдеп жүруi, жағдайға қарай икемделмеуi, солай ет деген Чороның сөзiн тыңдамауы, тым құрымаса өзiн партиядан шығарайын деп жатқанда өз сөзiн айтып, ақтала алмауы мүлдем сендiрмейдi. Ол ақырында арбаны да, өлген Гүлсарыны да тастап, мойынына бұршақ тағып кетедi. Бұған жазушының қандай мағына жүктегiсi келгенi хикаяның басынан-ақ белгiлi болады. Шығармада кейiпкердiң алдын ала программаланған арнадан тосыннан шығып кетуi, оқыс әрекет етуi жоқ, бар-жоғы ол автордың сiлтеген бағытымен ғана жүредi де отырады. Рационализм басым. Психологизм тереңдетiлмеген, үстiрт қана. Осы олқылықтың орнын жазушы аздаған лиризммен толтырғысы келедi, бiрақ онысы соғысты, өлiмдi көрiп, жаны қасаңдана бастаған кiсi үшiн онша жарасымды боп шыға бермейдi. Ең бастысы, жалпы көтерiлген мәселелерге жазушының алғашқы шығармаларында “мен” деп бiрiншi жақтан баяндайтыны сықылды, тек қана бiр кiсiнiң, Танабайдың көзiмен қарағасын, қатпары қалың шындық тек қана бiр қырынан ғана көрiнедi, сөйтiп жарқ-жұрқ еткен жарықты алуан түрлi етiп сындыра алар оптиканың негiзгi заңы бұзылады. Соның салдарынан бiз сан-салалы, қыртысы қалың, неше түрлi бояуы бар өмiр шындығын көре алмаймыз. Ол жайында естимiз, хабардар боламыз, ақырында “иә, дұрыс екен“ деп қоя саламыз. Мұның барлығы көркемдiк категорияға қарай өте алмай қалған. Шығарманың әсерi, қуаты кем, салқын. Соған қарамастан, Мәскеудегi сыншылар осы туындыны жерден жетi қоян тауып алғандай боп тасырта кеп мақтады. Коммунашылдар партиясы коммунашыл Ш.Айтматовқа тағы да үлкен сыйлықтың қоржынын ерiнiн қасына iлiп бердi.
 
Осы хикаядан кейiн (1966 ж.) араға 14 жыл салып 1980 жылы оның “Ғасырдан да ұзақ күн” дейтiн романы жарық көрдi. Ш.Айтматов осыған дейiн қандай дәрежеде болса да қырғыз топырағындағы мәселелердi сөз етiп келсе, ендi қазақ сахарасына қарай ойысты. Шындығына келгенде, бұл роман мен “Қош бол, Гүлсары” екеуi бiр шығарма. Мұнда Танабай мен Чороның орнын Едiге мен Қазанғап басқан. Айырмасы – Едiге қайтыс болған жолдасы Қазанғапты машинамен жерлеуге алып келе жатуы. Егер оның мүрдесiн Танабайдың Гүлсарасы ат жегiлген арбасына салып жiберсе, ешқандай да айырмашылығы болмай шығады. Содан соң басыңды қатырып ойлана бер, еске ала бер! Екi шығармада да оқиға бiр күннiң iшiнде өтедi. Бұл “әдеби“ уақыт алдыңғы шағындау хикаяға қарағанда, қалың романға келгенде өте сығымдалып, аса қатты престелгендiктен, өте жасанды боп сезiледi. Сөйтiп рас, ақиқат уақыт пен “көркемделген, әдеби уақыттың” арасындағы алшақтық қатты аңғарылады. Бұл көбiне көп атам заманғы классицизмнiң үш бiрлiк дейтiн шартын еске түсiредi. Одан тыс кейiпкерлердiң романда орналасуы да “Қош бол, Гүлсарымен” бiрдей. Онда Танабай мен Чороның арасында Гүлсары жүрсе, мына дүниеде Қазанғап пен Едiгенiң арасында қасқа қара нар жүредi. Алдыңғы хикаяда “Боранның” әсерi сезiлсе, мына романда “Қан мен тердiң” табы айқын байқалады. Мұндағы балықшы Едiге – Еламанды, әйелi Үкiбала – Ақбаланы, Қазанғап – Мөңкенi еске түсiредi. Тiпте олар тұратын балықшылар аулы да “Қан мен тердегi” ауылға ұқсас. Тек бiр ерекшелiгi – Едiге Аралда қалып қоймай жерлесi Қазанғаптың соңына ерiп, темiржолшы болады. Бұл жерде де баса айтарлық жәйт жетерлiк. Қалай деген күнде де жазушы өзi алып отырған материалды толық, жан-жақты, терең етiп меңгеру, игеру үшiн сол елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн, менталитетiн, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ең аяғында, iстеп жүрген кәсiбiнiң, т.б. қыр-сырын жақсы бiлуге тиiс. Көркемделген шығарма түгел қарапайым очерк жазу үшiн де солай етiледi. Осы жерде “Великошумскi шабуылы“ дейтiн хикаясын жазбас бұрын Л.Леоновтың танкiнi бүге-шiгесiне дейiн бiлiп, зерттеп, маман әскери кiсiлердiң өздерiн таңғалдырған бiр қасиетi еске түседi. Өкiнiшке орай, Ш.Айтматов темiржолшылардың тұрмыс-тiршiлiгiн мүлдем бiлмейдi. Кеңес заманында темiржол бойы жартылай әскериленген, қатаң бiр тәртiпке бағынған, бар жерде де Мәскеу уақыты қолданылатын иерархиясы қатты жүйе болатын. Денсаулығы кем түгел көз жанарында аздап мүкiсi барлардың өзi жұмысқа алынбайтын. Кiшкене разьездiң өзiнде жол бөлiмi мен қозғалыс бөлiмi бiрiнiң жұмысына бiрi араласпайтын. Жол бөлiмiнiң мiндетi – темiржолды жөндеу, ал қозғалыс бөлiмiнiң мiндетi – әрлi-берлi өтiп жатқан пойыздарды жорналға тiркеп, үлкен стансаға селектормен дер уағында хабарлап отыру. Романдағы стрелкашылар осы соңғы бөлiмге қарайды. Бiр қызығы осы екi бөлiм бiр бiрiнiң жұмысын бiрi атқара бередi. Ал денсаулығы кем, басы айналып жүрген Едiгенi ол кезде ешкiм де темiржолға жұмысқа алмайды, оған үлкен стансадағы медкомиссия еш уақта рұқсат бермейдi. Сосын бiр қызығы, Қазанғап келесi стансаға бару үшiн қара нарды қинайды. Ал шындығына келгенде (осы кезге дейiн!) темiржолшылар ешқандай да ақы-пұлсыз сол стансаға жолаушылар пойызымен бара салады. Шағын разьезде сутартқыш (водокачка) болмайды, ауыз су үшiн запастағы айналдырған екi жолдың бiрiнде арнаулы цистерна тұрмайды. Ауыз суды разьездегi екi құдыққа сутартқыштан келген цистерна құйып кетедi. Сосын шағын разьезд түгел, орташа стансалардың өзiнде тұйықжол (тупик) деген атымен жоқ. Романдағыдай жолаушылар пойызын бұрынғы қою түтiнi бұрқыраған қара паровоз (бұл жүк пойызына арналған!) тартпайды, “Дзержинский” дейтiн көк шегiртке паровоз жегiледi. Соғыстан соңғы жылдары стрелкашының мiндетi жолды бұрып-ажыратып тұрумен қатар, семафорды (кейiнiнен – светофор!) ашу болатын. Мiне, осыдан жазушы мүлдем беймағлұм. Және бiр қызығы, оқиға болған тұста паровоздар жүр, стрелкашылар бар. Тағы да анахронизм. Гагарин ғарышқа 1961 жылы ұшты. Космонавтардың космоста ұзақ уақыт бойы жүруi 1970 жылдардан басталды. Ал бұл кезде темiржолдың бойы автоматтандырылған-ды. Паровоздардың орнын елуiншi жылдары-ақ тепловоздар басқан, стрелкашылар қысқартылып кеткен. Разьезде тек қана (әлге дейiн!) кезекшiлер болады. Сонда Едiге қайдан стрелкашының жұмысын iстеп жүр? Шағын разьездегi қайдағы сутартқыш (водокачка)? Және де темiр жолдың бойында бульдозер де, “Беларусь” та бола бермейдi, олардың жөндеу жұмысына еш керегi жоқ. Сонда оларды Ш.Айтматов қайдан алып жүр?
 
Бұларды айтпағанда, жазушы қазақтардың әдет-ғұрпын, тұрмыс-тiршiлiгiн жете бiле бермейдi. Мәселен, кiсiсi қайтыс болғанда, қазақтар кейбiр түркi халықтарынша оны кешкiсiн қоймайды. Одан тыс, қайтыс болған кiсiнi жақын-жуығы, бала-шағасы, ағайындары, т.б. толық келмейiнше жерлемейдi, оң жаққа шығарып күттiрiп қояды. Молда оның иманын үйiрiп, жаназасын шығарады. Қазақтар өлiктi киiзге емес, кiлемге орап, таңертең жаназасын шығарған соң, түске дейiн жерлейдi. Сосын өлiктi жуып, кебiнге орау үшiн ет жақынынан жетi кiсi сүйекке кiредi. Сүйекке кiрген кiсiлер марқұмның тұтынған затын, киiм-кешегiн, т.б. ырымдап бөлiп алады. Қабiр басына жерлеуге тек қана еркектер барады, әйелдер үйде дауыс шығарып қала бередi. Өлiктi жерлемей тұрғанда келген ағайынға мал сойып, қонығын жасайды. Молда түнiмен құран шығарады. Мұндайда арақ iшу, әдепсiз қылық, т.б. деген мүлдем болмайды.
 
Өкiнiшке орай, Ш.Айтматов мұның бiрiн де бiлмейдi. Иман үйiру, жаназа деген атымен жоқ. Едiге түнiмен бiр өзi өлiктi жуып, кебiнге орайды. Ертеңiне оны киiзге орап, кешкi еске алатын асқа (поминки, – құлды орыстардың ғүрпы сықылды?) үлгерейiк деп оны машинаға сала сап, қорымға қарай тарта жөнеледi. Бiр қызығы, қазақтың ата-баба қорымы дейтiндi жазушы Ана-бейiт дейдi. Қазақта ешуақытта қорым әйелдiң атымен аталмайды. Сөйтiп, “мұсылманша парызын” атқарып келе жатқан Едiге ал кеп ойланды, ал кеп бар жайды еске алады! Бұл тағы да “Қош бол, Гүлсарыны” еске түсiредi. Тек романның атын “Қош бол, Қазанғап” деу ғана қалып тұр. Арада еш айырма жоқ. Ең қиыны – өзiнiң туған әкесiнiң азасында Қызылордада бiр мекемеде дырдай бастық боп iстейтiн Сәбитжанның түнiмен арақ iшiп, аузына келгенiн аталап, биоток, робот, т.б. туралы мылжыңдайтыны. Қазақ үрдiсiнде көзi тiрiсiнде сыйламаса да, өлгенде атақ-абырой үшiн ит те болса ашылып-шашылады. Сәбитжанда оның бiрi жоқ. Таңертеңгiлiк жаназа шығарған молда және жоқ. Қазанғаптың қыздары да, келiнi де азаға келмейдi. Бұл жерде Ш.Айтматов орыс жазушысы В.Распутиннiң “Өмiр сүр де, еске тұт” дейтiн хикаясындағы жәйттi Сыр бойына қарай қалай болса солай көшiре салған. Онда да кемпiр жаңғыз басты, мұнда да Қазанғап жаңғыз өзi тұрады. Онда да қыздары кешiгедi, мұнда да дәл сондай. Онда да кемпiр жаңғыз өзi көз жұмады, мұнда да Қазанғап бiр өзi арам өледi. Қазақта еш уақытта үлкен кiсi ауырса, жаңғыз тастамайды, қасында күзететiн бiреу болады. Ш.Айтматов тағы да “кiтабилыққа” басқан да кеткен.
 
Едiге жолшыбай ойланады, толғанады, көп жәйттi еске алады. Бiз одан Қазанғаптың қандай азамат болғанын, делқұлы баласы Сәбитжанның әкесiн алдап, малын саттырғанын, Қазанғаптың Қызылордадан разьезге қалай қайтып келгенiн, т.б. егжей-тегжейлi бiлемiз. Бұл жердегi шығарманың негiзгi өзегi – осы екi кiсiнiң ара қатынасы, бастан кешкен жәйттерi, өмiрден түйген сабақтары. Егер мұны осы күйiнде қалдырса, мына туынды аумаған “Қош бол, Гүлсары” боп шыға келер едi. Жазушы содан қашу үшiн осы тартылған желiге жан-жақтан әкеп неше түрлi линияны, аңыз-притчаны, космостағы жағдайды, т.б. аямай қоса берген. Соның нәтижесiнде романның жүгi шамадан тыс ауырлап кеткен, ортақ, бiр мақсатқа қарай бағыттайтын жүйе жоқ. Мәселен, космос желiсi жадағай публицистика ғана. Ол шығарманың тiнiне етене кiрiсiп тұрған жоқ, өз алдына бөлектенiп тұрған бiр шақа. Егер ғарыштағы ғаламат жағдайды жердегi майда бенделердiң iс-әрекетiне, тұрмыс-тiршiлiгiне, т.б. қарсы планда қарастырып алып, үлкен бiр ой түйсе, сол екi планды бiр бiрiмен есебiн тауып жалғастырып, түйiстiрiп жатса, бiр сәрi. Туындыда ол атымен жоқ. Ол ол ма, осы разьезге қуғындалып келетiн Құттыбаевтың линиясы да негiзгi өзекпен етене, табиғи түрде қабысып жатқан жоқ, бар-жоғы ол осында кеп тұрды. Және бiр айтары, ондай саяси жағынан сенiмсiз кiсiнi Сталин заманында жартылай әскери жүйедегi темiржолдың маңайына жолатпайды! Ол егер пойызды апатқа ұшыратса ше? Оған кiм жауап бередi? Қайта ондай кiсiнi Қызылқұмның адам аяғы жете бермейтiн бiр жықпылына апарып тастайды!
 
Романдағы аңыз-притчалардың да жағдайы осындай. Әсiресе, Шыңғысхан туралы аңыздың негiзгi желiге ешқандай қатысы жоқ. Бұл жерде де жазушы тағы да “кiтәбилыққа” ұрынған. Шыңғысхан жорық кезiнде әйелдер екiқабат болмасын, өйткен жағдайда аямай жазалаймын дейдi. Бiрiншiден, маңғұлдар жорыққа қатын-қалашты алып жүрмеген. Жарайды, оған да көндiк. Догумане дейтiн әйел Эрденэ деген жүзбасымен ойнап қойып, аяғы ауырлап қалады. Соны сезген Шыңғысхан екеуiн жазалайды. Сондай қалай дейсiз ғой? Екеуiнiң қолдарын арттарына қайыра байлатып, мойындарына дұзақ салдырып, шөгiп жатқан айыр өркеш түйенiң екi жағына қойдырады да, түйенi… тұрғызады. Сонда екеуi де жан тәсiлiм қылады. Мұның М.Әуезовтың “Абай жолындағы” Қодар мен Қамқаның жазасынан аумайтыны көзi соқырға да айдан анық!
 
Мәңгүрт туралы аңыз жайында да ойланарлық жәйт жетерлiк. Ш.Айтматов оны жужандар заманына (неге екенi белгiсiз, оны жуань-жуань деп алады, – Б.А.) телидi. Бiрақ… бiрде бiр сұхбатында осы турасында сұраған кiсiге Ш.Айтматов: ”Народного, передающегося из уст в уста предания о манкурте именно в том виде, в котором я его изложил, не существует. Но прототип такой легенды в казахском народе есть”, – дейдi (372 б., 7 том). Сөйтедi де, Ш.Айтматов жақында ғана “Жас Алаш“ газетiне берген сұхбатында (15 наурыз, 2003 жыл) әлгi сөзiнен, яғни, мұндай аңыз-әпсананың тек қана қазақта бар екендiгi туралы айтқанынан танып шыға кеп, өзiнiң сонау 1960-70 жылдары “Манасқа“ редактор болғанын айтып: “Мәңгүрт проблемасы осы тұстан бастап көкiрегiмде тамыр жая бастаған едi“, – дейдi. Сөйтiп “Манастан“:
 
Баланы ұстап алайық,

басына шiре салайық, –
 
деп басталатын 5 жол өлеңдi келтiредi. Бұл жерде Ш.Айтматов көпе-көрiнеу оқушы жұртшылықты алдап отыр. Ол бұл бес жол өлеңдi өзiне қарсы мақала жазған ғалым Ж.Дүйсенбаеваның материалынан (Алтын Орда, 21-27 ақпан, 2003 жыл) тура көшiрiп алған. Ш.Айтматов егерде шынымен осы жолдарды “Манаста“ кездестiрсе, онда неге оны қырғыз тiлiнде келтiрмейдi? Неге оны қазақша келтiредi? Сосын осының алдында ғана мәңгүрт туралы аңызды тек қана қазақтарда бар деп отырып, ендi онысынан айнып шыға келгенi қалай? Сонда жетпiстен асқан ақсақал кiсiнiң қай сөзiне сенуге болады?
 
Ш.Айтматов өзiн өзi ақтау үшiн неше түрлi айла-амалдың шылауына жармасудан да танбайды. Жаңағы сұхбатында ол Ә.Кекiлбаевтың орысша шыққан жинағынан (Москва, “Мартовский снег“, 1988 г.) үш үзiндi келтiредi де, бар-жоғы 25 жолға жетпейтiн“, “газет информациясының деңгейiнен аспайтын“ нәрсе дейдi. Ол бұл жерде қулық iстеп отыр. Ә.Кекiлбаевтың “Күй” атты хикаясы орыс тiлiнде 1969 жылы ортақ жинақта, 1983 жылы өзiнiң “Степные баллады” деген жинағында жарық көрген-дi. Бұл кезде (Ш.Айтматовтың романы 1981 жылы жарық көрген) “манкуртизм” дегендi Ш.Айтматовқа таңып, Одақ бойынша шуылдап жатқандықтан, сөз жоқ, ол сөздi Ә.Кекiлбаевтың хикаясынан алып тастаған. Оның үстiне, Ш.Айтматов өз сұхбатында “Күйдiң” орысша жарық көрген кезiн 1969 не 1983 жылдары деп көрсетсе, онда мәселенiң бетi ашыла қалар едi. Ол сол себептi 1988 жылға қарай сiлтеп отыр. Оған қоса, ол көре көзге әлгi 25 жолдан басқа, соның алдындағы шаш алу, т.б. туралы жазылатын толық бiр беттi әдейi еске алмайды. Ш.Айтматовтың романында да осы процедура әлгi 25 жолдан аса қоймайды. Қалған жағында ол мәңгүрттiк туралы бiр-екi бет бойы тәптiштеп түсiндiрiп кетедi. Осы процедураның қалай өткенi Ш.Айтматовта Ә.Кекiлбаевтан тiкелей аударылған сияқты боп көрiнедi. Оған қоса оның “Манастан“ келтiрген жолдарында “шiре“ деген сөзден басқа “мәңгүрт“ деген бiр де бiр сөз жоқ. Сонда ол мұны қайдан алып отыр? Ол жайлы ұлы манасшы С.Қаралаевтан естiдiм деп неге көпе-көрiнеу жалған айтады? Оған куәсi қайда? Оның үстiне, “мәңгүрт“ деген сөз лингвистика жағынан қазақтың да, қырғыздың да тiлдерiнiң заңына бағына қоймайды. Қазақтың мәңгiру-мәңгүрту деген сөздегi “i“ дыбысының “мәңгүртте“ “ү“ дыбысына өзгерiп, айналып кетуi оғыз тобына жататын түркмен тiлiнiң iшкi заңдылығына сай келедi. Бұл нағыз түркмен сөзi. Оны жаугершiлiк заманында талай “мәңгүрттенудiң“ не екенiн көрген, олармен қанаттас жатқан Адай елi түркмендерден сол күйiнде алған. Мұндай сөз Қазақстанның басқа жерлерiнде кездеспейдi. Бұл арада дау-таластың бола қоюы қиын. Және де Ә.Кекiлбаевтың 1983 жылы шыққан кiтабына жазған алғысөзiнде атақты сыншы З.Кедрина: “Легенда о “манкурте“ в романе Ч.Айтматова “И дольше века длится день” именно здесь берет свое начало“, – деп ашық айтқан-ды. Сол кезде құдiреттi КПСС-қа арқа сүйеп, күдiрейiп тұрған Ш.Айтматов З.Кедринаға қарсы шығып, неге өзiнiң дәлелдерiн келтiрмеген? Ендi кеп пәленбай жыл өткеннен кейiн осы болған қиянат жайлы ашық айтқан адал азаматтарды басыбұзық, қызылкөз, “ши жүгiрткiштер“ деп, өзiнiң осыншама зор атақ-даңқымен, беделiмен қорқытуға, үркiтуге тырысқаны қалай? Әсiресе оның: “Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қоғамдық баспасөз құралдарын өз терiс әрекеттерiнiң қолшоқпарына айналдырғандарды бүйтiп тайраңдатып қоймайтын шығар деп сенемiн“, – деген сөзiн қалай түсiнуге болады? Бұл таза 1937 жылғы жағдайды қайтала дегендiк емес пе? Сонда демократия, сөз бостандығы дегенiмiз қайда қалды? Оның үстiне, Ш.Айтматовтың қазақ әдебиетiнен ала сап, “өз терiс әрекетiне“ қарай пайдаланып кеткен нәрселерi жөнiнде ашық айту неге “терiс әрекет” болмақшы? Оған қоса Қырғызстанның Бельгиядағы өкiлеттi елшiсi Ш.Айтматовтың өзiнiң бұл жерде жазушылығынан гөрi саяси кiсi екендiгiн ұмытып, халықаралық дипломатияның нормалары мен этикеттерiн қалай болса солай аттап өтiп, тәуелсiз дербес Қазақстан Республикасының, соның iшiнде қазақ әдебиетiнiң iшкi iсiне қол сұққанын не деп бағалаймыз? Ол неге бүкiл Қазақстан халқы боп сайлаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолымен от көсеуге тырысады? Оның үстiне кезiнде “Қазақ әдебиетi” газетiн қабырға газетiнiң дәрежесiне дейiн түсiрген, жазушылардың арасына от тастап, iрiткi салған, тағы да сол арамза әрекетiнен тиылмай жүрген, өзi сұхбат берiп отырған “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы Ж.Қорғасбековтың ақсақал басымен жеке қолшоқпарына айналып кеткенiн Ш.Айтматовтың түсiнбегенi несi? Бiз неге қазақ әдебиетiнiң iшкi мәселесi жөнiнде, атақты әдеби шығармаларымызды талдап-талқылау, т.б. туралы Ш.Айтматовтан ақыл-кеңес сұрауға тиiспiз? Қазақша қандай дәрежеде жазатынын жақсы бiлетiн бiзге жасы алпыстан асса да, қазақ өлеңiнiң техникасын толық меңгере алмай жүрген шалағай М.Шахановты ол неге алтынмен аптап, күмiспен күптеп, базарға салғандай, “мата даңқымен бөз өтедiнiң” керiн келтiргiсi келедi? Бұ да бiздiң iшкi шаруамыз емес пе?
 
Ш.Айтматов әлгi сұхбатында Ә.Кекiлбаевтың астына көпшiк қойып, “менi қолдар деп бiлемiн“ деп бiрнеше жерде сыр алдырып қояды. Ол мұнысын ертеректе де бiр сөзiнде: “…хотел бы обратить внимание на книгу талантливого казахского прозаика Абиша Кекильбаева “Баллады степей”, где автору с помощью мифологических систем…“ – деп қайталаған. (284 б. 7 том). Мiне, мәселе осында жатыр. Бiрақ Әбiште миф те, аңыз да жоқ. Оның “Дала балладалары” деген кiтабы сонау 1968 жылы жарық көрген-дi. Сондағы “Күй“ дейтiн хикаясында түркмендердiң қолына түскен күйшiнiң (прототипi – атақты Абыл күйшi!) бастан кешкендерiн баяндайтын. Осы құнарлы хикаяда Ә.Кекiлбаев түркмендердiң тұтқын болған қазақ балаларының басына шаштарын алып, түйенiң жас терiсiн аузын бүрмелей жапсырғанын, күнге күйген терi тырысып, олардың бастарын сығып, зар қақсатқанын, аздан соң олардың: “…бастарына шаш шықты, ол түйенiң көнiнен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесiп керi өстi. Алты тұтқын елi қайда, жерi қайда екенiн бiлмейтiн мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тiлден де айрылды. Түйемен бiрге өредi, түйемен бiрге келедi“, – деп жазған едi (30 б.). Бұл ешқандай да аңыз емес, жаугершiлiк кезде түркмендердiң дұшпандарына қолданылатын жазасы ғана. Ш.Айтматов осы эпизодты романына қалай болса солай көшiре салған. Терiнi басқа жапсыру жағдайы да, мәңгүрт болу қалпы да мүлдем Әбiштiң хикаясындағыдай аумайды (130 б. 3 том). Ш.Айтматовтың бар енгiзген “жаңалығы“ – мәңгүрттiң өз шешесiн атып өлтiретiнi. Содан Ана-бейiт қалыпты-мыс. Бiрiншiден, өз баласының қолынан қаза тапқан ана жатқан жер қазақ ұғымында қасиеттi боп есептелмейдi, ондай жерге ешкiм де жерленуге қайыл болмайды. Екiншiден, ақыл-есi кем, мал баққаннан басқаны бiлмейтiн кiсi адам өлтiре алмайды. Өлтiрген жағдайда, ол ата-бабасын, тарихын, елiнiң өткенiн, т.б. бiлмейтiн әлдекiм емес, нағыз жауыз, қанiшер боп есептеледi. Мұны сондай категорияға айналдыратын еш қисын жоқ. Қазақтар, керiсiнше, елi-жұртының тарихын, өткенiн, тiлiн, т.б. бiлмейтiндердi “жетi атасын бiлмеген – жетесiз” деп атайды. Жете, бүгiнгi түсiнiк бойынша, ақыл-ес, интеллект. Өкiнiшке орай, осындай жағдайларды бiлмейтiн Мәскеудегi марапатшылар мәңгүрт дегендi (оның түбiрi – мәңгүру, естен адасу) манкуртизм деп кереметтей мағынаға ие ғып, аспандатып жiбередi. Жарайды, оған да көнелiк. Сонда бұл “причта” Қазанғаптың өлiмi үстiнде не үшiн қажет? Оған тiкелей қатысы бар ма? Ш.Айтматовтың жазуына сенсек, ол қаншама қисындаса да Сәбитжан жетесiз де, мәңгүрт те емес, қайырымсыз ақымақ! Бiр қызығы, осы мәңгүрт жайын айта келе, Ш.Айтматов: “Куттыбаев записывал историю манкурта“, – дейдi (229 б. 3 том). Мұндағы Құттыбаев дегендi Кекiлбаев деген сөзбен ауыстыра қойса, барлық гәптiң сыры… айдан анық ашыла қояды.
 
Романдағы Райымәлi туралы “аңыз“ да атақты Бiржан салды еске түсiредi. Райымәлi өзi ғашық Бегiмай деген әншi қызбен (жасы 19-дағы кәрi қыз?) жәрменкеге (379 б. 3 том) келедi. Мұны масқара деп түсiнген Райымәлiнiң болыс iнiсi Әдiлхан былай дейдi:
 
“–Ни на какую ярмарку тебе нет хода. Тебя лечить мы будем, пока твой разум не найдет тебя.

И с этими словами брат выхватил домбру из рук акына.” (382 б. 3 том)

 

Мұның ақыры: “А он стоял, привязанный к березе, с руками, туго стянутыми за спиной,” – боп бiтедi (384 б.). Ол қасқа сөйтiп, қарап тұрмай:

 
“- Развяжи мне руки, брат мой Абдильхан, я по доброй воле в небеса уйду”, –

деп “қақсап”, “қоғам тәртiбiн бұзып“ болады. (385 б.)

 

Осыны оқығаннан кейiн атақты Бiржан салдың:
 
Өзiңдей Азынабайдың поштабайы

қолымнан домбырамды алды тартып…

Темiртас, Асыл, Ақық қарақтарым,

байлаулы арқандағы қолымды шеш, –

 
деген атақты жолдарын есiне түсiре алмаған, жадынан шығарып жiберген қалың қазақты, шынында да Ш.Айтматов айтқандай, нағыз мәңгүрт, жетi атасын бiлмейтiн жетесiз деп бiлесiң. Ол бұл жөнiнде ана бiр жылдары “Ақ кемеде-ақ” айтқан болатын. Бала бiз бұғыдан тарағанбыз дегенде, дымға түсiнбеген солдатқа бала:
 
“– А кто ты? – дейдi.

– Я из Караганды, казах. В школе шахтерской учился.

– Нет, чей ты?

– Отца, матери.

– А они чьи?

– Тоже отца, матери.

– А они?.. ”– деп қазымырланады да ақырында:

“– Разве тебя не учили запоминать имена семерых предков? – спросил мальчик.

– Не учили. А зачем это? Я вот не знаю, и ничего. Живу нормально”. (263-264 б. 3 том).
 

Бұған не алып, не қосуға болды? Сонда әліге дейiн алты бақан ала ауыз боп жүрген қазақтардың рушылдығы жетi атасын бiлмейтiн “космополиттiгiнен” боп шыға келедi!
 

Ш.Айтматов қыза келе А.Пушкинге де ауыз салады. Оның алтын балық ұстап ап, тойымсыздыққа салынған шал мен кемпiр туралы ертегiсiн бүгiнде кiм бiлмейдi? Жазушы ендi кемпiрдiң тойымсыздығына Үкiбаланың қанағатшылығын қарсы қояды. Үкiбала аяғы ауырлап, алтын бекiре балыққа жерiк болады. Едiге қасқа қолына қармақ (?) алып, Аралдың бiр қолтығында күнi бойы алтын бекiре түсе гөр деп тiлеп отырады. Ақыры ол да жүзеге асады. Қуанып кеткен ол бекiренi су толы меске (бекiренiң оған сыймайтынында iсi жоқ!) салып, өлтiрмей, тiрiдей Үкiбалаға әкеледi.
 

“– Как, ты ходил за золотым мекре?

– Да, я его упросил. Ты можешь посмотреть на него…

То была большая рыба. Могучая и красивая рыба…

– Какая она упругая! – воскликнула Укибала… – На, Едиге, я довольна, очень довольна. Исполнилось мое желание. Отпусти ее в воду поскорей…

Едигей понес золотого мекре к морю… ” (340 б. 3-том)
 

Қарапайым қазақ әйелi осылайша Пушкиндi “зерттеп“, қанағат пен мейiрбандық көрсетiп жатса, қалайша таңғалмайсың? Ерiксiз: “Ай, да, Пушкин, сукин сын!” – дейсiң.
 

Ендi осы ұзаққа созылған экспрессияның аяғы Байқоңыр-Төретамдағы қоршалған жердiң iшiнде жатқан қорымға барамыз деп күзететiн постқа кеп тiреледi. Мұндағылардың бәрi адам айтқысыз қатыгез, бұларды ”халық жауларынан” бетер көрiп, өлiктi жерлеуге де рұқсат бермейдi. Сөйтiп, Кеңес үкiметiнiң “жыртқыш, хайуан, озбыр” бет-бейнесi ашылады. Соған шыдамаған Едiге ендi өлiктi анадай жерде тұрған дөңге қарай ала жөнеледi. Күн батып бара жатқан соң, кешкiсiнгi “поминкиге” үлгерейiн деп, тездетiп, көрдi күрекпен қазбай-ақ быланша тездетедi. “Экскаватор уже нарыл большую кучу земли. Теперь он запускал ковш глобоко в яму, выскребая последние порции грунта. Вскоре он перестал дергаться и отошел в сторону, а люди принялись что-то докапывать на дне ямы“. (417 б. 3 том).
 

“Едигей хмуро склонился над краем могилы.

– … Ну что же, вроде бы глубина достаточная… (418 б.)
 

Потом они кинули вниз по пригоршне земли и принялись засыпать могилу с подветренней стороны. Вначале лопатами, а потом Жумагали сел за руль, сталкивая грунт бульдозером. Потом снова укладывали кучу над могилой”. (423 б. 3 том).
 

Мiне, Сыр бойы қазақтарының осындай жерлеу рәсiмiн көрсе, сол үрдiс туралы кезiнде керемет очерк жазған Ы.Алтынсарин жағасын ұстар едi! Сөйтiп, олар адамзат баласының түбiне техника жетедi дегендi аңғартып, өздерi “қимайтын” Қазанғапты бульдозермен көме сап, разъезге қарай сызып бередi. Жол бойы Едiге тағы неше түрлi ойға батады, шерiн шығарады, замананы айыптап бағады. Жаңағыдай “керемет” эпизодтан кейiн… еш сену мүмкiн емес. Iштей кезiнде Ш.Айтматовпен бiрiгiп пьеса жазған марқұм Қ.Мұхамеджановты Қызылордаға, оның iшiнде өз ауылы Тереңөзекке (кiтапта ол – Сарыөзек!) оны бекер апарған жоқ па екен, сонда өз әкесiнiң көрiн экскаватормен қазып жатқан бiреулермен кездесiп қалған жоқ па екен деп қалың ойға батасың. Одан тыс Ш.Айтматовтың атам заманнан берi исламның жерлеу жоралғысын ұстанып келе жатқан Сыр бойы қазақтарының үрдiсiн соншалықты дөрекi түрде бұрмалап, қара бояу жағып, ұсқынсыз етiп көрсеткенi қалай? Алты сан алаштың намысына тиiп, осындай қаракүйе, жала жапқаны үшiн Ш.Айтматовты бiр ғана Сыр бойының елi емес, исi қазақ халқының айыптауға хақысы бар.
 

Осындай “керемет эпизодтарға толы” кiтабын Ш.Айтматов: ”Сегодня этот роман пока мое самое большое достижение”, – деп бағалайды (372 б., 7 том). Ал бiз басқаша ойлаймыз. Құрылысы жағынан “Қош бол, Гүлсарымен” (онан әрi – Т.Ахтановтың “Бораны!”) өте ұқсас, кейiпкерлерi дараланбаған, тiпте олардың өздерiне тән кескiн-келбеттерi де, мiнез-құлықтары да, сөйлер сөздерi де, iс-әрекеттерi де т.б. жоқ, керексiз аңыз-әпсана, притчалар қанар қапқа салынған көң-қоқыс сықылды тықпалана берген, публицистика тiлiмен жазылған ғарыш туралы желiсi ашықауыз оқушының аузын аңқайту үшiн әдейi тықпаланған, өз ара берiк етiп байланыстырылмаған, олардың әрқайсысы әр түрлi тақырыпқа арналғандықтан жеке-дара тұруға хақысы бар тараулар ретiнде көрiнетiн, сiлкiп қалсаң, бет-бетiне саудырап шашылып түскелi тұрған мына шығарма ешқандай де жетiстiк емес, керiсiнше, бұрыннан бар нәрсенi қайтадан басқа бiр қырынан қарастырып көрсем деген нағыз “кiтәбилық“, бұрынғыны қайталау! Ең бастысы, мына туынды шын мағынасындағы роман емес! Жалпы Ш.Айтматовта романдандырып ойлай бiлу (романное мышление) атымен жоқ! Оған қоса, исламға атам заманда енген қазақ халқының мына тiршiлiкте ең бiр қасиеттi, ең бiр киелi деп бiлетiн – өз әкесiн жерлеу үрдiсiн соншалықты бұрмалап (мың жерiнен символ болсын!) , соншалықты тұрпайы, анайы, жабайы етiп көрсеткенiн қалай түсiнуге болады? Соны неге қырғыз топырағына көшiрiп апарып, әбден техницизм туралы “рахаттанып” жазбайды? М.Шахановпен қосылып, неге шың басынан жер-жаһанды жаңғырта күңiренбейдi? Iргелi ел қазақта оның қандай шаруасы бар?
 

Жалпы Ш.Айтматовтың жазу жағынан тоқырауы сонау жетпiсiншi жылдары-ақ басталған едi. Өзiнiң бозбала кезiнде ауылда көрген, бiлген жағдайлары туралы жаза-жаза тақырып таусыла бастағасын, ол ендi бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiктi, оның әр түрлi қалың қатпарларын, соғыстан соңғы дәуiрдегi адамдардың ой-пiкiрiнде, жан дүниесiнде, мiнез-құлықтары мен iс-әрекеттерiнде болып жатқан ересген өзгерiстердi тереңiне, байыбына барып зерттеп, қорытып, көркемдеп жеткiзудiң орнына, баяғы Шығыс шайырларының шатысқан үлгiсiмен, әлем әдебиетiнде бұрыннан бар, белгiлi бiр дәрежеде зерттелген тақырыптарды “қайтадан игеруге”, яғни, “кiтаби” жолға түстi де кеттi. Сол кезеңдегi “Боран” – “Қош бол, Гүлсарыны” айтпағанның өзiнде, Э.Хемингуэйдiң “Шал мен теңiзiнiң” әсерi “Тарғыл төбетте…”, “Холстомер”, “Мәстiр және Маргарита”, т.б. дейтiн атақты шығармалардың тiкелей ықпалы кейiннен жазған туындыларында көрiне бастады. Әсiресе, бұл “Бас кеспек” (“Плаха”) атты романда бiрден көзге түстi. Оған дейiн М.Булгаковтың аталмыш романы жарыққа шығып, қалың оқушы қауымға онша белгiлi бола қоймаған едi. Сол роман жарық көргеннен соң, сол кезгi Кеңес одағы бойынша әдебиетте үлкен бiр серпiлiс басталды да кеттi. Әсiресе, оның “роман iшiндегi романы” Иешуа-Иса пайғамбарды Рим прокураторы Понтий Пилаттың жазалап, төртпақтайтын эпизоды қарапайым очерк тәрiздi қарадүрсiн дүниелерге етi үйренiп қалған оқушы жұртшылыққа бөлекше әсер еттi. Сол тұста Ф.Достоевскийдiң “Ағайынды Карамазовтары“, “Жын-перiсi” (Бесы”) басқаша баға ала бастады. Олардағы өмiрдiң өзiнше, бөлек түрде көрiнiс табуы, ол “қиял-ғажайып реализмнiң” бастауының Н.Гогольдiң “Танау” т.б. шығармаларында жатқандығы, ақиқатшылдықтың мұндай да түрiнiң әдебиетте өмiр сүруiне хақысы барлығы, т.б. одақ көлемiнде дуылдаған шуға айналды да кеттi. Қашаннан әлеуметтiң осындай зәру талап-тiлегiн тап басып үйренiп қалған Ш.Айтматов мiне осы тұста “Бас кеспек” романын жарыққа жылт еткiзiп шығара қойды. Ол жөнiнде одақ көлемiнде қомпиып жүрген сыншылар неше түрлi пiкiр айтты. Солардың барлығын жинақтап, қорыта айтқанда – қырғыз жазушысының “Iнжiлдегi” ескi аңызды М.Булгаковтан көшiрiп ала салғаны “осы қалайға” сайды. Ол кезде беделi КПСС-тiң кремiлiндей керемет берiк Ш.Айтматовқа пәлен деп ашық айтуға ешкiмнiң де батылы жетпедi. Осы артының шуы көп романын шығарып, Ш.Айтматов, шын мәнiнде, қазақ әдебиетiне “көп пайда” тигiздi: мынадай түрi бөтен, христ дiнiнiң негiзiнде жазылған шығарманы көрген соң, бiздегi елiктегiш эпигондар бiрден аяғын тартып ала қойды. Олар бұрын жазушының бiрдемесi шықса болды, соны сан-саққа жүгiртiп, құбылтып, (Ш.Айтматовтың басқа әдебиеттен тақырып алғаны сықылды!) соған ұқсас, бiрақ ұрлық деуге аузың бармайтын, тың, соны дүние деуге және болмайтын, бұрынғыны қайталайтын бозөкпе шығармасымақтарды қаптатып, соларына кейде үлкен сыйлықты да қанжығасына бөктерiп жүрген-дi. Ендi мынадай “ерсi” туындыдан кейiн, оқушының эпигон дүниесымақтардан көзi ашылды.
 

Бұл романда жазушы тағы да көнiгi жорналшының қалт жiбермес сол кезде елдi толғанта бастаған апиыншылық (“Литгазетада” ол туралы мақала шыққан, Ш.Айтматов өзiне содан ой түскенiн, Шуға барғанын айтады, – Б.А.) дейтiн мәселенi көтерiп, тағы да жарқ ете түстi. Аты тағы да аңызға айналды да кеттi. Мәселе бұл жерде сол тамырын тереңге жiбеген тақырыпты жазушының қалай көркемдеп игергенi-игермегенiнде жатыр. Бұл жағынан келгенде Ш.Айтматов үлкен тақырыпты оң жамбасына ала алмады. Шын мәнiнде, “Бес кеспек“ бiртұтас өзегi, желiсi, көтерген мәселесi бар шығарма емес. Ол екi үлкен хикаяның олақ құрастырылған қосындысы ғана. Жаңадан құдай iздеп жүрген Авдий Каллистратов пен Бостон Үркiнчиев туралы екi бөлiк ағылшындардың туындағы екi басты бүркiтше екi жаққа қарап тұр. Осы екi араны қосатын екi қасқырдың желiсi “МАЗ” бен КАМАЗ”-дың арасында байланған кендiр арқан сықылды, сәл қоғалса бiрден бытыр-бытыр етiп үзiле бередi. Бұл жерде де Ш.Айтматовтың шын мәнiндегi романшы еместiгi, романдандырып ойлай алмайтындығы (романное мышление жоқ!), бар-жоғы әңгiмешi, хикаяшы ғана екендiгi тағы да анық көзге түседi. Мұндай жағдай басқа әдебиеттерде де болған. Мәселен, А.Чехов роман жазам деп қаншама рет талап қылды, бiрақ жаза алмады. Одан ол еш ұтылған жоқ. Ал Ш.Айтматов өзiндегi қабiлеттiң табиғатын ескермей, таудан құлаған сан-салалы жылғалардың басын бiр жерге қосып, кейiнiнен үлкен бiр өзенге айналдырып жiбере алар мүмкiндiгiнiң жоқтығына қарамастан, өзiн қолдан жасалған бөгет-плотина сезiне бердi. Бiрақ екпiнi қатты ағынды су әлгi бөгеттiң быт-шытын шығарып, бет-бетiне бытырай ақты. Оның ақыры… “Бас кеспекке”, “Кассандраға” алып келдi.
 

Бұл жерде айта кетерлiк жәйт, осы романдағы екi бөлектiң стилi, жазу мәнерi, интонациясы екi бөлек, бiр-бiрiнен мүлдем алшақ тұр. Алғашқы бөлiмнен Ф.Достоевский мен М.Булгаковтың әсерi қатты сезiлсе, екiншi бөлiмнен Ш.Айтматовтың өзiнiң тұрмыс-тiршiлiк жөнiнде егжей-тегжейлi, нақтылап жазатын машығы аңғарылады. Бiрiншi бөлiмде публицистика, жалпылама түрде жазу басым. Екiншi бөлiм жазушының кәнiгi жазу мәнерiнен хабар бередi. Мiне, осындай стилi жағынан ала-құла екi бөлiмдi өзара қосам деп жазушы шығарманың алғашқы жағында қос қасқырың жайын баяндайтын тұста кейiпкердiң еске алуын, экспрессиясын жүйесiз түрде әңгiмелеп, жағдайды қолдан “күрделiлендiрiп“, “қиындатып” жiберген. Алғашқы кезде оқушының шығарманың атмосферасына бiрден енiп кете қоюы қиын. Дегенмен бұ жерде де хикаяның кiлтiн (расшифровка) табуға болады. Бұл тағы да баяғы ескi тәсiл. Жүк мәшинесiнiң үстiнде, өлген киiктердiң арасында аяқ-қолы байлаулы жатқан “жаңа Христос” – Авдий Каллистратовтың Мойынқұмда келе жатып, өткен-кеткендi еске алуы, Инга Федоровнамен қалай танысқан жайы, сонау Мәскеуден қара сора конопля iздеп қалайша Шуға келгенi, т.б. тағы да баяғы ескi мәнермен баяндалады. Бiрақ…
 

Бұл жердегi басты айтарлық гәп — бiр ұлт жазушысының тарихы, мәдениетi, жалпы менталитетi, үрдiсi, мiнез-құлқы, өскен жерi мүлдем басқа ұлт өкiлi туралы оның жан дүниесiне бойлап, шынайы түрде жаза ала ма, алмай ма дегенде жатыр. Шындығына келгенде, Ш.Айтматов қаншама орысша жазғанымен, орысша ойлап, iс-әрекет еткенiмен… тап-таза орысқа айналып кете алған жоқ. Бар-жоғы “орысқолданды” да қойды. Оның шептiң екiншi жағына шығып кетуiне тiлiнiң қырғызша шығуы, қырғыз аулында туып-өсуi, тәрбие алуы, сол елге тән мiнез-құлық, үрдiс, жалпы мәдениет тiпте адамдардың биология жағынан ерекшелiгi қарсылық етедi. Бiрақ өзiн құдайға сенбейтiн санайтын (434 б. 7 том) орыс үлгiсiнде тәрбиеленген Ш.Айтматовтың (жалпы қырғыздар исламға кеш енген, 17 ғ.) христшiлдiктiң православие тармағына онша жатырқамай қарайтыны түсiнiктi. Дегенмен де оның христ дiнiн мың жылдан астам уақыт бойы тұтынатын, орыс халқы, оның iшiнде дьяконның баласы туралы оның жан дүниесiне бойлай жаза алуы үстiрттiктен хабар бередi. Егер ол христ дiнiне жаңадан кiрген қырғыз не басқа халық өкiлi туралы сөз етсе, онда әңгiме басқа. Жалпы ұлттың сана-сезiмi, оның ерекшелiгi қалай десеңiз де өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Мұны Ш.Айтматовтың өзi де бiледi. Ол: “…Вне определенной национальной стихии литература не живет. Каким-то образом она связана с определенным языком, его развитием, некоей этнической средой и культурой. “Высочить” из них волевым условием невозможно, даже если очень захочется”,– дейдi (463 б. 7 том). Мiне, мәселе осы “захочетсяда” жатыр. Сөйтiп, ол өзi айтқандай, “волевым усилием“ – “өзiн өзi зорлап”, қинап, Iнжiлдегi ескi аңыз туралы қайтадан бiр жазып көруге талап қылған. Оның да себебi бар. “Христианская религия дает очень сильный посыл фигурой Иисуса Христа. Исламская религия, в которую я включен своим происхождением, подобной фигуры не имеет, Мухаммед – не мученик. Случались у него тяжкие мучительные дни, но чтобы за идею распяли и чтобы он это простил людям навсегда – такого нет. Иисус Христос дает мне повод сказать современному человеку нечто сокровенное. Поэтому я, атеист, столкнулся с ним на своем творческом пути” (434 б. 7 том).
 

Бiз бұдан жазушының романды жазбас бұрын өз мiндетiн әбден анықтап алғанын көремiз. Мәселен, оның кiтабына Мұхаммед пайғамбар азап тартып төртпақталып өлмегенi үшiн негiзгi кейiпкер бола алмайды екен. Оған қарағанда, Иса пайғамбардың тарихы арқылы жазушы бүгiнгi кiсi-қараларға үлгi-өнеге бола аларлық, нұсқалы сөз айта алады-мыс. Бұған Мұхаммед пайғамбардың өмiрi де, өнегесi де жарамайды-мыс. Оның үстiне, Ш.Айтматов өзiнiң наным-сенiмi тұрғысынан емес, тек қана шығу тегi, қырғыз екендiгi жағынан ғана мұсылман үмбетiне жатады, ал шын мәнiнде ол құдайға сенбейтiн атеист кiсi. Қазақша айтқанда, ол екi дiнге де жатпайтын бейтарап жан, бiрақ оған исламнан гөрi христшiлдiк (Иса төртпақталып өлгендiктен!) өте жақын. Бұл жерде де жазушыны бар шынын айтып отыр деуге болмайды. Егер М.Булгаков Иса-Иешуа емес, Мұхаммед туралы жазса немесе С.Рушдидiң “Әзәзiлдiң ән-жыры” дейтiн романы орыс тiлiнде жарық көре қалса, сөз жоқ, Ш.Айтматов 180º-қа айналып шыға келер едi. Бұл жердегi гәп жазушының әлдеқашан-ақ “кiтабилыққа” ұрынып, тың, тосын тақырып таба алмай, бұрыннан бар жәйттi “шаң-тозаңын” қағып, тағы да бiр “жаңалап” алсам, көрсетсем деген талабында ғана. Егер де ол бүгiндерi жаппай христ дiнiне кiрiп, шiркеуде қосылып ән салып жатқан қырғыз халқы туралы жазса, бұлайша күдiк келтiрмеуге де болар едi. Бiрақ ол дьяконның баласы туралы кiтап жазып отыр. Және де оны көптен берi “ұлттар мен ұлыстардың” мекен-жайына, бақ-талайын сынарлық “лабораториясына” айналған қасқа қазақтың кең даласына әкеп “сынап байқайды”.
 

Авдий Каллистратов Псковтың бiр түкпiрiнде туылып-өскен, дьяконның баласы, кезiнде дiни семинарияға түсiп оқыған (Сталин де сондай!), бiрақ атам заманнан берi қалыптасқан христiң iлiмiне қарны ашып (Л.Толстой да сондай, сол үшiн оған шiркеу қарғыс-анафема айтқан!), бiзге жаңа Христос керек деп “бұлiк-бунт” шығарғаны үшiн оқудан қуылған, содан соң облыста шығатын комсомолдың газетiнде (?) жұмыс iстеген. Оның рухани iзденiсi орыс жазушысы В.Беловтың “Бәрi де әлi алда” атты романындағы ғылым кандидаты Медведевтiң тар жол тайғақ кешуiне қатты ұқсайды. Олар iшкi рухы жағынан бiр бiрiне өте жақын және екеуiнiң де басына түскен жағдай, ортасы өте ұқсас. Оның үстiне екеуi де қаны, жаны бар кейiпкер емес, әсiресе, Авдий Каллистратов әдеби дүниелерден алына салынған, князь Мышкин, А.Карамазов сықылды “кiтәби” кейiпкер. Оның бойына сол сексенiншi жылардағы жас адамның ой-пiкiр, рухани жақтан iзденiсi, Кеңес мектебiнен қалай жерiгенi, ортасының әсерi, т.б. жинақталмаған. Жазушыға Авдий осы замана туралы өз ой-пiкiрiн айту үшiн ғана керек. Ол бар-жоғы Айтматовтың қолындағы әр түрлi жiптiң әсерiнен қозғалып, қимыл жасайтын қуыршақ-марионетка ғана. Әрi рупор. Мiне осындай “қызмет” атқаруға “тағайындалған” ол бүгiгi жастардың басын мәңгiрте бастаған апиыншылық туралы мақала жазбақ боп, соның себебiн бiлмек боп, “жансыз-шпион” ретiнде Шу өңiрiнде өсетiн қарасораны-конопляны термек боп, кiлең онан қашқан, мұнан қашқан бұзақылармен бiрге қасқа қазақтың жерiне, соның iшiнде Мойынқұмға кеп бiр-ақ түседi! Оның қасындағы Петруха да, Ленька да, “көсем”, “бастық” Гришан да шеттерiнен тiрлiкте жолы болмағандар. Жiбi түзу бiреуi жоқ. Авдий қарасораны қап-қап қып терiп ап, пойызда келе жатып, олармен пiкiр таластырады, Гришанға жастарды бұзба, райыңнан қайт, жаңа дiнге кiр дейдi. Сөйтiп, ол әлгiлердiң көзiнше өзi жинаған қара сораны-кнопляны вагонның ашық тұрған есiгiнен… қодырайған түрде (демонстративно!) төге бастайды. Бұл жерде ерiксiз өздiгiнен Ф.Достоевскийдiң “Делқұлысындағы” (Идиот”) князь Мышкин, отқа атылған мың сом еске орала бередi. Бiрақ бұлар Петерборда емес, вагон iшiнде келе жатыр. Кавказдық Махач (аумаған Рогожин), шикiл сары Коля, Петруха, Ленька бәрi оған тарпа бас салады. Понтий Пилат – Гришан әлгi бұзақылардың Авдий қасқаны тепкiлеп жатқанына сонау жетi қат көктiң әр жағынан рахаттана көз тастап отырады. Ақыры олар “жаңа Христосты” айтқан “тың уағызы” үшiн пойыздан лақтырып жiбередi. Содан әупiрiмдеп аман-есене қалған Авдийдiң есiне баяғы М.Булгаковтың романындағы Понтий Пилат, төртпақталған Христос, т.б. түседi. Бұл жерде сол қайғылы оқиғаны М.Булгаков үлкен түйiн жасап, асқақтата, көтере жазса, Ш.Айтматов оның аяғын жерге тигiзедi. Мұнда Иисус құдай емес, жәй ғана кiсi осы жерде оның шешесi Мәрия, әкесi ағаш ұстасы Иосиф (Жүсiп), Нiл дариясы кәдiмгi жер бауырлаған прозаның тiлiмен баяндалады. Иисусты пайғамбар дәрежесiне дейiн көтеретiн асқақ стиль мен мына қарапайым мәнердiң арасындағы айырмашылық, Иисустың сыры мен Понтий Пилаттың әйелiмен ойша сөйледi, т.б. аңызға айналған хикаяны аса қарадүрсiндiрiп жiбередi. Өзiнiң ой-пiкiр, ұстаған жолы, уағызы үшiн басын бәйгiге тiккен Иисус Ш.Айтматовтың нұсқасында бар-жоғы Рим императорына қарсы шыққан “бұлiкшiнiң” дәрежесiнде ғана қалады. Оны бұдан кейiн пайғамбар деу қиындау. Осы арада бiр айта кететiн жәй – мұсылман және христ мәдениетiнiң арасындағы айырмашылықтың қалайда ерiксiз бой көрсетуi. М.Булгаковтың романында, автордың өзi сол мәдениетке жататындықтан, соның аясында өсiп, тәрбиеленгендiктен, ескi аңыз шығарманың тiнiне табиғи түрде кiрiп кеткен. Ал атеист Ш.Айтматовта мұның бәрi табиғи емес, жасанды түрде көрiнедi. Ол “Iнжiлдегi” дайын нәрселердi ала салған.
 

Сол себептi Авдий мен Гришанның пiкiрталасы (138-141 б.б., 4 том) әркiмнiң өз бастарынан кешiп, тiрлiкте көрiп, бар тауқыметтi тарта кеп түйген ой-пiкiрi емес, кәдiмгi күнделiктi газет-жорнал беттерiнде жарияланып жатқан сырдаң сөз, жадағай публицистиканың деңгейiнде шыққан. Бұдан кейiн Авдийдiң Гришанға iстеген қылмысына “өкiн“, “құдайдан кешiрiм сұра“, “мiнәжат қыл” дегенi коммунашылдардың партия жиналыстарындағы жағдайды еске түсiредi. Және бiр айтары Авдий Ф.Достоевскийдiң “Делқұлы” романындағы “үлкен бала” Мышкиннен аумайды. Портретiне дейiн ұқсас (43 б. 4 том). Оның темiржолдың бойында, көпiр астында талықсып жатып Құддыстағы (Иерусалим) жағдайды еске алуы, өзi мен Иисустың арасындағы байланыс, ұқсастық, ассоциацияның барлығын емексiтуi, Жалпақсаз стансасында баяғы ұсталған қарасорашыл “жолдастарымен” бiрге менi де қамаңдар деуi, т.б. тым жасанды, сендiрмейдi. Сол жерде өмiрде жолы болмай жүрген бұл “жаңа пайғамбарға” тағы да өмiрде жолы болмай жүрген, қарасораны құрту жайын зерттейтiн “ғалым“, ұшқыш күйеуiнен ендi ғана ажырасып жатқан Инга Федоровна кездесе кетедi. Тiл табысулары оп-оңай. Сол жерде Авдийдiң “материализмi” жеңiп, дiннен бас тартқандай боп, Ресейiне қайтады. Содан қайтадан Инганы iздеп Жалпақсаз-Шу стансасына келген кезде (Инга Жамбылға кеткен!), бұл сорлы тағы да вокзал маңында Обер-Кандаловтың (Хандалов та болар дейдi, – Б.А.) “хунтасына” кездеседi. Олар “ет жоспарын орындау” үшiн киiк атпақ боп жүр екен, соған көмектесетiн кiсi-қара iздеп бiраз күн әуреленiптi. Оған мына үйi-күйi жоқ, қаңғыбас “құдай-Христос” Авдий бiрден ұнай кетедi. Соның соңы… “жаңа пайғамбар” жүк машинасының үстiнде өлген киiктердiң арасында, қол-аяғы байлаулы келе жатыр!
 

Бұл “хунтада” да денi дұрыс кiсi жоқ. Облыстағы театрдың бұрынғы актерi Гамлет-Галкин де, Кепа да, Мишаш та, бұрынғы тiрәктiршi Үзiкбай-Абориген де шетiнен “алқаш“, қатын, бала-шағадан безген бiреулер. “Хунтаның” көсемi Обер-Кандалов әскерде жүрiп қылмыс жасап, иығындағы пагонынан айрылған кiсi. Бар-жоғы ол ет комбинатының бастығымен таныс, соның “абыройы” үшiн, “ет жоспарын“ орындау мақсатымен Мойынқұмда киiк бiткендi қырып салып жүр. Олар ендi өздерiн жазықсыз жануарларды өлтiрмеңдер, өкiнiңдер деп уағыз айтқаны үшiн Авдийдi соттап, тергемекшi. Мұндағы Понтий Пилат – Обер-Кандалов, қалғандары – үкiмдi орындаушы жендеттер. Соның қатарында Үзiкбай-Абориген дейтiн бұрынғы “тiрәктiршi” қасқа қазақ та жүр. Оның Иса пайғамбарға не қатынасы бар екенiн бiр пенде бiлмейдi. Бұл жердегi дау-дамай да барып тұрған жадағай публицистика. Оның бәрiн қорыта келгенде, “қорқатын құдай жоқ, сондықтан да не iстесек те болады” дегенге саяды. Бұл баяғы “Ағайынды Карамазовтардағы” ескi желi! Содан олар Авдийдi сексеуiлге (төртпақтайтын арнайы ағаш-дар жақтықтан! Рим Мойынқұмнан алыста ғой!) төртпақтап керiп, айдалада тастап кетедi. Мiне, осы жерде қасқырлар “пайғамбарға” келедi. Авдий “әулие” ендi Христосты ұмытып, қасқырларға құтқара гөр деп жалынады. Сөйтiп, екi ұдай пiкiрмен (дуализм!), бiр құдайға да сене алмай, әлгi қасқа… “Мойынқұмдағы ауылымда” жан тәсiлiм қылады. Сөйтсе… “хунта” мұны “жәй әшейiн қорқытайық” деп “төртпақтаған” екен! Ертесiне әлгi жүк машинасы қайтып келе жатады! Егер Понтий Пилат заманында осындай төрт дөңгелек болса, ол мықтың да “ойнадым” деп, дар ағашқа қол-аяғы шегелеулi тұрған Иисусты iздеп, қайтып келер ме едi?! Әй, қайдам! Сөйтiп, Мойынқұмдағы “төртпақтау” тұзы жеңiлейiп, “Жаңа Христосты” ой-пiкiрi, ұстанған жолы, уағызы үшiн жазалау емес… жәй ғана аңдаусызда, оқыстан өлтiрiп алған кәдiмгi қылмыс боп шыққан! Мұнда Обер-Кандаловтардың Авдийдi сол талас пiкiрi үшiн өлтiре қоюы мүлдем сенiмсiз, олар әрi кеткенде оның жағын сындырып, тепкiлеп қана тастайды. Оның үстiне өздерi жасырынып аң аулап жүрген қулар қылмыс жасап, артын шулатпайды. Өйтетiндей Обер-Кандалов ақымақ емес. Мiне, пайғамбаршылық пен жәй ғана пендешiлiктiң ажыратылатын тұсы осы. Оқиғаның осындай iшкi желiсi, тымырсыған ағысы қолдан бұрмаланғандықтан, қайғылы жағдай кiсiнi еш толғантпайды. Әрi жазушының адамзаттан қос қасқырды инстинктке берiлмейтiн, “адамгершiлiгi” зор етiп көрсетуi және артық. Ақыл-есi бар, табиғат жаратқан тiрi организмдердiң iшiндегi ең күрделiсi, ең кемелi Адам Сәпи (һомо сапиенс!) қаншама жауыз, қанiшер, малғұн боп кетсе де, төрт аяқты емес, әр уақытта екi аяқты пенде ретiнде көрiнедi. Мәселе оның қоғам дейтiн, ар-ұят дейтiн сатының қай баспалдағында қалғанында жатыр! Адамзат тiрi тұратын болса, қай заманда да “Iнжiлдегi” “Кiсi өлтiр көрме!”, т.б. деген уағыз, Әбiл мен Кәбiлдiң басындағы жағдай әр түрлi қырымен көрiнiп, мәңгi бола бермекшi. Осындай диалектиканың дал-далын шығарып, қазақ даласына “жаңа Христосты” әкеп, төртпақтаудың қажетi шамалы. Жазушы бұл жерде қарасора-конопляның зияны, т.б. туралы публицистика тiлiмен айтады, кейiпкерлердi бiр бiрiмен кiжiңдестiредi, оларға делқұлыша еш қисынсыз әрекет еткiзедi. Есесiне оқушы ештеңенiң суретiн көрмейдi, ештеңенi сезбейдi, үнемi ақыл мен сананың ауқымынан шыға алмай, қапас торға қамалады да отырады. Тым құрымаса романда анаша шеккен бiр кейiпкердiң хал-жайы, тартқан азабы, одан құтыла алмай (наркозависимость!) не iстерiн бiлмей мәңгiргенi де жоқ! Кiтапқа негiзгi желi болған қарасора – қара пәле делiнедi де қозды. Көркемделген шығарма, кейiпкерлердiң психологиясы, дараланған кескiн-келбетi, тұлғасы, тiлi, т.б. туралы әңгiме айтудың өзi артық. Сюжет өмiрдiң өз арнасында табиғи түрде өрбiмейдi, керiсiнше, сырттай, аспаннан әкелiнген ой-пiкiрдiң әсерiнiң (Достоевскийдiң тәсiлi!) арқасында… жасанды түрде қолдан өрбiтiледi. Басқаша айтсақ, бұл химиядағы бiр бiрiмен қосылатын заттар өзара өз бетiнше iс-әрекетке (реакцияға) кiрiспей, оны қолдан, жасанды түрде қозғап-қозғап жiбергендiктен, амалсыз “ыдырған” сықылды қылып танытатын бiр жағдай. Мұның соңының атомды “ыдыратқанда” (расщепление!) болатын жарылысқа ұласып кетуi мүмкiн. А.Эйнштейн мұны заң ретiнде Е=мс немесе Т=Е /с түрiнде формула етiп бекерге шығармаған. Қазақша айтсақ, бұл заң белгiлi бiр дененiң толық қуаты оның қорамымен, массасымен бiрдей немесе керiсiнше, белгiлi бiр дененiң қорамы, массасы оның толық қуатына сай, бiрдей. Мiне, осы өлшем бұзылса, – қиын. Мына романда ой-пiкiрдiң қуаты көп те, суреттелген реалийлардың қорамы, массасы өте кем. Бұлайша тепе-теңдiктiң бұзылуы көркемделген әдебиетте аса қауiптi! Бұл жерде жаратылыстың заңдары бел алғандықтан, “құдайдан қорық!” дейтiн уағыз жүре қоймайды!
 

Романның екiншi бөлегi Иисус туралы айтылатын бөлiмге мүлдем қарама-қарсы тұр. Екi ортада байланыстыратын дәнеме де жоқ. Жазушы осы екi бөлшектi қос қасқырдың қазақ даласынан пана таппай, Ыстықкөлге қаңғып барған бiр жәйтi арқылы байланыстырмаққа тырысады, бiрақ жаратылысы жағынан әр түрлi әдеби материал бiр бiрiмен етене кiрiкпей тұр. Бұлар, шын мәнiнде, екi бөлек дүние, екi түрлi хикая. Осы арада тағы та бiр айта кетер жәйт, қасқырлардың Балқаш бойынан (жазушы оны Алдаш дейдi, – Б.А.) аууы екiншi бөлектi бiрiншiмен “жалғастыру”, “байланыстыру” үшiн әдейi қолдан жасалынған. Мәселен, геология үшiн қамысты өртеудiң еш қажетi жоқ. Еншеде қамыс өртелмесе, қасқырлар қырғыз аспайды. Оның үстiне қыр қасқырлары қамыс iшiн жайламайды. Осы қалың нудың өртенуi мен В.Распутиннiң “Өрт” дейтiн хикаясындағы қоймалардың өртенуiне өте-мөте ұқсас. Кезiнде орыс жазушысы Ш.Айтматовтың “Бетпе-бетiндегi” сюжеттi “қағып ап”, әрi қарай өрбiтсе, (ол Ш.Айтматовта әрi қарай дамымай қалған, – Сейде жүктi болатынын сезедi де қояды!), оған керiсiнше, Ш.Айтматов “орыс жерiндегi өрттi” Балқаштың қалың қамысына әкеледi. Құдды олимпия ойындары өтер кезде сонау Эллададан қастерленiп әкелiнетiн от сықылды! Мiне, осындай өрттiң кесiрiнен екi қасқыр қырғыз асады. Базарбай өздерiнiң бөлтiрiктерiн алып кеткенде, iздерiнен қуады. Осы хикаяның алғашқы беттерiнен-ақ қасқырлардың сол үшiн кек алатыны, әлдеқандай жазмыштың әсерi бiрден белгiлi болады. Сюжет бұл жерде де жасанды. Ерназардың өлiмi Бостонның оның әйелiн алуы, одан Кенжештiң туылуы үшiн жасалынған. Алғашқы сәтте-ақ Кенжеш пен қасқырдың ойнауынан оны хайуанның түптiң түбiнде өз бөлтiрiгiнiң құны үшiн алып қашатынын, баланың өлетiнiн аңғарасың. Парторг Қошқарбаев та, Базарбай да, Бостон да, бiр жақты жазылған, олардың мiнез-құлқында күрделiлiк, сан қилы бояу жоқ. Қасқырдың баланы алып қашуы, сол қасқырды өлтiрем деген оғымен Бостонның баланы да, қасқырды да бiрдей атып жағуы аңыз-әпсанадығы ежелгi жәйттен хабар бередi, сол бағзы замандардың атмосферасының ықпалын сезгендей боласың. Оған қоса, романның осы бөлегi сонау жетпiсiншi жылдары жарық көрген Т.Әлiмқұловтың тектi қасқыр туралы әңгiмесi мен жазушы С.Жүнiсовтiң “Ақан серi” романындағы Бiрiшек дейтiн қасқыр туралы хикаясының өзегiне ұқсас. Ш.Айтматовтың белгiлi бiр тақырыпты өзiнше “өңдегенiн”, “кiтабиландырғанын” басқа бiр жазушы iстесе, оны баяғыда-ақ баукеспе ұры атандырып, ақ ешекке терiс мiнгiзер едi. Бiрақ бұған Ш.Айтматовтың орасан зор атақ-абыройы, даңқ-дақпырты, “аңызға“ айналған ат-есiмi еш мүмкiндiк берер емес.
 

Бiр қызығы, осы бастары екi жаққа қарап тұрған екi бөлiмнiң бiрiншiсi манифест, насихат, публицистика түрiнде көрiнсе, екiншi бөлегi күнделiктi тұрмыс-тiршiлiк туралы жазылғанымен, ескi аңыз-әпсанадай боп сезiледi. Уағыз бен аңыздың бастары өзара қосылмай тұр. Бiрiншi бөлiмде Ш.Айтматов өз стихиясынан шығып кетуге тырысқан “орысқол“, ал екiншi бөлiмде өз стихиясына қайтсам дегенмен, әлi толық қайта алмаған, екi жолдың сорабында қалып қойған “орысқол қырғыз”. Сол себептi роман iшкi рухы жағынан бiр бiрiнен ат алшақ тұр!
 

Бұл шығарма, шын мәнiнде, бiртұтас жұлын-жотасы бар, жанды тiрi организм ретiндегi роман емес. Ол жөнiнде кезiнде орыс сыншысы И.Золотусский: “… роман не состоялся как роман”, – деп анық жазған да едi. Бiрақ “адамзаттың айтматовы“ деген жалған аңыз (мұндай зор атаққа ие болуға бар-жоғы үш-төрт хикая мүлдем аздық етедi!) оны тағы да әдiл сынның ауқымынан шығарып алып кеттi.
 

Оның “Кассандра” романы жайлы да осыны айтуға болады. Мұнда да жеке-жеке бөлiп алып талдайтын, анықтайтын жәйттер жетерлiк. Бұл шығарма да бұрынғы алып-қашпасы жетерлiк “адамзаттың айтматовы“ дейтiн ескi аңызды әрi қарай өрбiтуге себеп болды. Бұл жерде де ондай үлкен даңқ-дақпырт үшiн бар-жоғы үш-төрт хикаяның өте аздық ететiндiгi, көркемделген әдебиетте бұрынғыны қайталаудан гөрi жаңа, тың соны тұрпатты дүниенiң бағаланатындығы ескерiлмедi.
 

Сөйтiп, бiз Ш.Айтматовтың әдебиеттегi стилiнiң, ой-пiкiрiнiң, талап-тiлегiнiң өзгеруiне орай шығармаларының да өзгерiп сала бергенiн анық көремiз. Оның алғашқы туындыларынан, “мен” деп бiрiншi жақтан баяндалатын нәрселерiнен, М.Шолоховтың “Адам тағдыры” атты әңгiмесiнiң (ол 1956 жылы жарық көрген-дi) әсерiн, жалпы орыс әдебиетiнiң өзiне тигiзген ықпалын байқаймыз. Бұл шығармаларында тар ауқымда болса да, соғыс кезiндегi қырғыз аулының тұрмыс-тiршiлiгi, кiсiлердiң қам-қарекетi, мiнез-құлқы, ой-пiкiрi, т.б. шын мәнiнде көркемделiп көрiнетiн. Кейiнiнен бұл тақырыптың кенiшi бiткен соң, жазушы “кiтәбилыққа”, әдебиетте бұрыннан бар тақырыптарды, сюжеттердi “өзiнше өңдеп” игеруге көштi. Бұл талап оның қай шығармасын да бұрынғы бар нәрсенi қайталаған, екiншi қатардағы (вторичность), тың, соны емес дүниелер етiп көрсеттi. Жазушы, шын мәнiнде, “әдебиетшiлдiкке” салынып кеттi. Соның салдарынан ол қырғыз халқының өз iшiнде болып жатқан iрi-iрi рухани процесстерге үңiлмей, оларды жерiне жете зерттемей, жаңа кейiпкерлердi тауып, көркемдеп қорытып, мазмұны да, пормысы да соны, тың, тек қана қырғыз топырағында болуға тиiс, соған тән оқиғаларды жалынан ұстап, сол арқылы ғарышқа қарай шығатын жолға ұмтылар, Ала-Тооның суы мен шөбiнiң исi аңқыған, нағыз ақиқатшыл (шартты да болсын!), кең ауқымды, қилы-қилы мiнез-құлқы, қан-сөлi, жаны бар кейiпкерлерге толы шынайы әдеби дүниелердi жаза алмады. Ол “адамзаттың айтматовы” деп қолдан жасалған жалған аңыздың жалына жармасып, бiресе қазақтардың, бiресе Ресейдiң жерлерiнiң “мазасын алып“, әр түрлi “кiтәби” тақырыптардың басын шалып, өзi туып-өскен қырғыз топырағынан мүлдем алшақтап кеттi. Сөз жоқ тамыры өз топырағынан айрылған қандай дарақ та тiршiлiк ете алмайды. Бұл “аңыздың ақыры” жақындап келе жатыр деген сөз. Ш.Айтматовтың әдеби тәжiрибесiнен алар сабақ та, үлгi де, керi ысырар керексiз “өнеге“ де дәл осында жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *