“Евгений Онегиндi” Гоголь неге жазбаған…

Шынында да қызық өзi. А.Пушкин “Өлi жандарды” өзi жазбай‚ бүткiл сюжеттi‚ идеяны Гогольге бере салды. Мұның себебi тереңде едi. Бұл әдеби материалды игеру үшін әзiлқойдың‚ сықақшының таланты керек болатын. Ал бұл қасиет Пушкинде кемшiн-тiн. Мұны “Өлi жандар” оң жамбасына дәл келгенiн Гоголь әбден айқын көрсеттi. Ендi осы жерде‚ керiсiнше‚ “Евгений Онегиндi” Гоголь жаза алар ма едi деген сұрақ өздiгiнен кеп туындайды. Шынына келгенде‚ стилiнiң шарттылығы басым‚ Достоевский айтқандай‚ “қиял-ғажайыпқа негiзделген реализмдi“ басты әдiс етiп алған Гогольдiң оны жаза да алмауы мүмкiн. Оның үстіне бұл кезде романтизмнен жерiп‚ Пушкиннiң реализм әдiсiн жаңа меңгере бастаған тұсы болатын. Бұған дейiнгi оның поэмалары туралы В.Белинский: “ …Байрон, Пушкин, Мицкевичтiң поэмалары — адам өмiрi мүмкiн қадарынша шыншыл, шынайы түрде, ең бiр салтанатты, емен-жарқын шағында, iшкi сырын ақтарар сәттерiнде ғана көрiнетiн поэмалар“, – деп жазған едi. Бұл романтизм әдiсiне тән нәрсе едi. Ендi реализмге қарай аяқ басқан Пушкин Байронның “Дон-Жуанының” iзiмен ерiп келе жатып‚ кенет басқа жаққа қарай жалт бердi. Сөйтiп орыс поэзиясында алғаш рет реализмге негiзделген шығарма жазылды. Бiр қызығы‚ оны Пушкин “өлеңмен жазылған роман” десе‚ Гоголь өз романын “поэма“ деп атады. Әрине‚ бұл атаулар жанрдың табиғатына сай емес‚ еркiн қиялдың еркiн көсiлген бiр тұсы ғана. Оның үстіне сол дәуiрде роман жанры әлi қалыптасып болмаған де едi. Одан тыс‚ – ол кезде баяғы гректер салған ескi iзбен “поэма“ деп асқақтата жырлайтын‚ поэтизация жасайтын‚ “Евгений Онегиндегi” өмiрдiң майда-шұйдасына‚ күйкi тiршiлiкке назар аудармайтын‚ романтикасы басым дүниелердi айтатын. Пушкиннiң “Онегинiн” “өлеңмен жазылған роман“ деп атағаны да сол себептен болатын. Ол кезде реализм әдiсi әлi бой көрсетпеген де едi. Соған қарамастан, Пушкин алғаш рет поэзияда ақиқатшыл әдiстi орнықтырды. Шын мәнiнде‚ “Онегин” жаңа түсінiк бойынша – поэма‚ дастан. Бұл шығарма Пушкиннiң өзi “поэма“ деп ат қойып‚ айдар таққан алғашқы шығармаларынан мүлдем бөлек. Әдеби материал да бөлек. Бұл бiр. Ал Пушкиннiң “Өлi жандарды” өзiнiң қаузамағанына келер болсақ‚ бұл материал әзiл-сықақ жаратылысына тән емес Пушкиннiң оң жамбасына мүлдем келмейтiн едi. Мiне‚ осы жағдайды‚ әсiресе‚ “Өлi жандардың” материалын эстетикадағы пәстiк (низкое) деп ұғып‚ оны поэмаға өзек бола алмайды деп түсінiп‚ соны негiзiнен алға тарта тiлге тиек етiп‚ өткен ғасырдың орта шенiнде Ә.Кекiлбаевтың “Өлi жандарды” Пушкин неге жазбаған” деген мақаласы жарық көрген-дi. Ол кезiнде бiраз шу да тудырған. Бұл мақалада Ә.Кекiлбаев поэма жанры жайлы ой толғап‚ жалпы оның табиғаты‚ жанрдың ерекшелiгi‚ әдеби материалдың сыр-сипаты туралы пiкiр айтып‚ дастанның негiзгi ерекшелiгiн өзiнше анықтамақ болған-ды. Автордың тұжырымынша‚ поэмаға күлкілi мен қайғылы‚ кәдiмгi қарапайым оқиғалар (низкое) еш өзек бола алмайды. Үлкен жанрдың оң жамбасына келетiн тек қана асқақ оқиғалар. Оған дәлел ретiнде жазушы Пушкиннiң “Полтавасын“‚ I.Жансүгiровтың “Күйшiсiн“ тiлге тиек еттi. Автор “Полтавадағы“ Марияның кәрi Мазепаға ғашық болуын‚ онымен қашып кетуiн айрықша‚ ерекше оқиға деп санады. Ал бұл шындығында күнделiктi өмiрде болған жағдай едi. Ол шығармасын жазған кезде Пушкин сол кезде Европада бiрден бiр әдеби әдiс ретiнде үстемдiк құрып тұрған романтизмнен әлi арылып болмаған-ды. Оның “Евгений Онегинге” жеткенiне дейiн бiраз уақыт керек болатын. Мiне‚ осы Байрон көсемдiк еткен романтизм әдiсi күнделiктi қарабайыр тiршiлiктен қашатын‚ жеритiн‚ өмiрдiң не бiр асқақ‚ көкте жүрген жақтарына қарай көз тiгетiн‚ бiр беткей‚ өз қоғамымен араздасып жүрген‚ оның тәртiбiне ырза емес‚ мiнез-құлқы қарапайым жұрттан мүлдем бөтен, бөлек кейiпкерлердi поэмаға басты қаһарман етiп алатын. Ә.Кекiлбаев, мiне, осы қисынның құрығанынан шыға алмай, эстетикадағы оқиғалардың сипатын анықтайтын төрт қасиеттiң бiреуiн ғана – асқақтықты поэма жанрының табиғатына сай деп түсіндi. Ал шындығына келгенде, эстетика қолдан кесiп-жарып бөлген әлгi қайғылы мен күлкілi‚ асқақтық пен пәстiк (адамның мiнез-құлқын төртке бөлген сықылды!) өмiрде жеке-дара кездеспейдi. Олар күнделiктi тiрлiкте ию-қию араласып‚ бiр-бiрiмен айқұшақ қабысып жатады. Оларды бiр-бiрiнен қолдан ажырату жасандылыққа апарады. Сол себептi оларды поэма түгел‚ проза жанрында да бөле-жарудың өзi бiраз кемшiлiкке апарып соқтырады. Бұл Ә.Кекiлбаевтың өз стилiне де тән. Мәселен‚ ол өз прозасында кейiпкердi iс-әрекет үстінде көрсетпей‚ ауыз-екi сөйлеуiн мүлдем алып тастап‚ тек қана оның дүниесiнде не болып‚ не қойып жатқанын ғана суреттейдi. Бұл жағдай оның барлық хикаялары мен әңгiмелерiне тән. Мiне‚ ол өзiнiң осылайша ұстаған жолын поэма жанрына әкеп таңбақ болды. Осы арада “асқақтық“ деп Ә.Кекiлбаевтың 19-ыншы ғасырда эстетикада белең алған бiр түсінiктiң жетегiнде кеткенiн айта кеткен де жөн. Кезiнде поэма жөнiнде В.Белинский: “Пушкиннiң “Цыгандары“ — роман да, повесть те емес, поэма ғана; өйткенi роман, повесть және поэманың арасында үлкен айырмашылық бар. Поэма деген армандай асқақ шындықты суреттейдi. Ол өмiрдiң ең бiр асқақ сәттерiн ғана өзiне өзек етедi. Ал роман мен повесть, бұған керiсiнше… күнделiктi өмiрдi бейнелейдi. Сол себептi “Евгений Онегин” поэма емес, өлеңмен жазылған роман; ал “Граф Нулин” болса, — поэма емес, өлеңмен жазылған повесть қана. Бiз “Онегин” мен “Нулинде” өзiмiзге замандас, нақты, кiсiлердiң тұлғасын көремiз; ал бұған керiсiнше, “Цыгандардағы” кейiпкерлердiң барлығы асқақ, мiнсiз…”, — деп жазған едi. Бiз бұл жерде ұлы сыншының сол кездегi эстетикадағы қалыптасып қалған қасаң түсінiктiң ықпалында кеткенiн айқын көремiз. Оның айтуынша, поэмада асқақ, арман-қиялдағы нәрселер жазылуға емес, асқақтата жырлануға тиiс. Сол себептi оның өзегiне тiршiлiкте кездесетiн ұсақ-түйек, кәдiмгi қарапайым оқиғалар әдеби материал бола алмайды. Ал “Онегинде” орыс өмiрiнде күнде кездесетiн жағдайлар алынғандықтан, ол жырлайтын поэма емес. Бұл арада оның өлеңмен немесе қарасөзбен жазылғаны есепке кiрмейдi-мiс. Сөйтiп, ұлы сыншының сөзiне сенсек, бiздiң бүгінгi тұрмыс-тiршiлiгiмiз, ақиқат өмiрiмiз, т.б. туралы поэма жазуға еш те болмайтын боп шығады. Бұл арада сыншы романтизмге тән эстетиканың шылауынан шыға алмай қалған. Ә.Кекiлбаевтың қайталап айтып отырғаны да осы жағдай. Бұл пiкiрдiң қисынсыздығын Белинский заманынан кейiн орыс шайыры Н.Некрасов өз поэмалары арқылы тайға таңба басқадай етiп көрсеткен-дi. Оның “Қызыл шұнақ аяз“, “Саша“, “Русьте кiм күйлi тұрады“, т.б. дейтiн поэмаларына өзек болған жағдайдың ешқайсысы да мына қарабайыр тiршiлiктен мойны озып тұрған асқақ нәрселер емес, керiсiнше, күнделiктi тұрмыс, тiршiлiкте жиi кездесетiн жәйттер. Бiз бұдан-ақ романтизм эстетикасының күнi өткендiгiн, оны бүгінгi поэзияға бiрден бiр әдiс, тәсiл ретiнде ұстау қажет деп қолдан зорлап таңудың қажетсiздiгiн анық бiлемiз. Бұл, әсiресе, әлге дейiн сол ағымның әсерiнен толық құтылып бола қоймаған қазақ поэзиясына керексiз-ақ!
 
Сыншы I.Жансүгіровтың “Күйшiсiн“ талдай келе‚ мұндағы Қарашаш пен күйшiнiң арасындағы қарым-қатынасты ерекше‚ асқақ‚ өмiрде сирек кездесетiн нәрсе деп бiлдi. Шындығына келгенде‚ мұнда ешқандай да асқақ‚ елден ерек тұрған ештеме де жоқ. Бұл сол кездегi қазақ қауымына тән оқиға. Хан ордасына домбыра тартып‚ өнерiмдi көрсетем деп келген күйшi жiгiт Қарашаштың өтiнiшi бойынша оған басыбайлы күйшi боп қалады. Содан ол ханшаның отауында қызбен оңаша отырып‚ неше түрлі күй тартады. Жiгiттiң өнерiне қызыққан Қарашаш та оған аздан соң кетәрi бола қоймайды. Жiгiт те неше түрлі күй кешедi. Бiрақ бұлардың ортасында жатқан терең ор бар. Ол – төренiң қызы қараға тимейдi деген заң. Бұл даланың нағыз заңы. Мiне‚ осы заңды бұзарын не бұзбасын бiлмей‚ екеуi де сергелдең күй кешедi. Екеуi де неше түрлі ойға шомады. Бұл жердегi психологизм өте терең. Сонау 30-шы жылдары-ақ Iлиястың поэмада осындай ұтымды тәсiлдi қолданғанына‚ екi персонаждың бейнесiн iшкi жан дүниесiн ашу арқылы жасағанына таңғалмасқа болмайды. О заманда қазақ поэзиясындағы дастандар баяғы қиссаның ыңғайында жүрген едi. Содан‚ – датқаның баласы Әлiмқұлдың қыздың қойнына келуi‚ Қарашаштың оны жазаламақ болуы‚ көпшiлiктiң iс-әрекетi‚ ауыз-екi сөзi, т.б. келесi тарауларда асқан бiр шеберлiкпен жазылады. Ақырында күйшi де‚ Қарашаш та өздерiнiң екi арасында жатқан оман арықты‚ төре мен қараның қосылуы мүмкiн емес дейтiн ата заңды бұза алмайды. Дастанның соңында күйшi бас бостандығын алып‚ елiне қайтады. Бұл‚ қарап тұрсаң‚ қазақ халқына аса тән‚ күнделiктi тiршiлiкте бола беретiн оқиға. Мұнда‚ Ә.Кекiлбаев айтқандай‚ ешқандай да асқақтық‚ ерекшелiк жоқ. Былайша қарағанда‚ ханша болсын‚ қара болсын‚ кiм бiр бiрiне ғашық болмайды? Кiсi сезiмiн қолдан тұсаулау мүмкiн бе? Күйшi де сондай. Оның‚ әсiресе‚ Қарашашқа алғаш рет сүйсiне қарап‚ неше түрлі хал кешкенiнен бастап‚ қыздың қаталдығын көргеннен соң‚ одан жеруiне дейiнгi әрекетi дастанда асқан шеберлiкпен‚ ұсталықпен берiлген. Бұл жерде автор өзiнiң терең психолог екендiгiн айқын көрсетедi. Әрине‚ бұған қарап‚ поэма жанрында кейiпкерлердi бiр орнында қатырып‚ отырғызып қойып‚ оның iшкi жан дүниесiн бақайшағына дейiн шағып‚ суреттей бер деген түсінiк тумасқа керек. Үлкен эпос дастанға да қол. Мәселе тiршiлiктiң материалын қалай игерiп‚ өңдеуде‚ әдебилеуде‚ ең ақырысында‚ қалай жаза бiлуде жатыр. Iлияс “Құлагер” атты дастанында бұның да анық үлгiсiн көрсеттi.
 
Iлияс бұл дастанында “Күйшiге” қарағанда эпосты еркiн‚ кеңiнен алады. Керей Сағынайдың асына ат қосам деп келген Ақанның атын Күреңбай сыншының сынауы‚ оны елдiң мазақ қылуы‚ жұрттың ауыз-екi сөйлейтiн сөздерi‚ Батыраштың тепсiнуi‚ палуандардың күресi, т.б. кәдiмгi романдағыдай жанды‚ бар қыр-сырымен берiлген. Осы бәсеке кезiнде Батыраштың жiгiттерi Құлагердi мерт қылады. Мiне‚ осы кiшкене ғана сюжеттi өз дастанына өзек еткен Iлияс сол кездегi қазақ қауымына тән шынайы шындықтың бетiн аша бiлдi. Бұл жерде де ешқандай асқақтық‚ ерекшелiк‚ бүйректен сирақ шығып тұрғандай дәнеме де жоқ‚ – бәрi де кәдiмгi қазақ ауылының күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгi ғана. Демек‚ мәселе сюжеттi қалай таңдап алуда‚ оны өлеңмен жаза бiлуде жатыр. Бұл жағдай поэма жанрына тiршiлiктегi кез-келген оқиғаның өзек бола алатынын көрсетедi. Әрине‚ өлең жанры кейiпкерлердi сомдарда прозаның шарттарын ұстана алмайды‚ өлеңмен белгiлi бiр жағдайды байқайшағына дейiн шағын жазу өте қиын‚ – оған өлең формасы барынша қарсылық жасап бағады. Ә.Кекiлбаевтың негiзгi айтпағы осы болатын. Бiрақ нағыз ұста кездессе‚ “киiз қазық жерге кiредi“.
 
“Құлагерде“ артық кеткен түс‚ кемшiлiк баршылық. Бұған Iлиястың отызыншы жылдары А.Пушкиннiң “Евгений Онегинiн” аударғаны бiраз әсер еткен. Ол мына дастанында Пушкиншiлеп (Пушкин Байроншылап!) дамып келе жатқан оқиғаның iшiне көп жерде автор ретiнде өзi кiрiсiп кете бередi. Бұл бiр. Екiншi‚ Құлагер мерт болғаннан кейiн Ақанның күйзелiсi‚ толғанысы өте ұзақтау етiп жазылған. Содан соң поэманың алдында келетiн кiрiспе де артық. Мiне‚ осылардың салдарынан “Құлагер“ “Күйшi” сықылды бас-аяғы бiтеу‚ өз бетiнше өмiр сүрiп тұратын‚ автордың бейнесi көрiне бермейтiн‚ жұп-жұмыр дүние боп шықпаған.
 
Iлиястың осы екi дастанының озық үлгiлi боп шығуы да‚ жазылуы да автордың ескi қазақ тiршiлiгiн өте жақсы бiлгендiгiне‚ өзiнiң сол рухани ортада туып-өскендiгiне‚ сол тiрлiкке деген айрықша сүйiспеншiлiгiне тығыз байланысты. Онсыз ешқандай да көркемделген шығарманың табиғи түрде жазылуы мүмкiн де емес. Оны Iлиястың басқа “Жорық“‚ “Дала“‚ “Кәнпеске“, т.б. дейтiн сол кездегi саяси науқанға байланысты жазған дастандары анық көрсетедi. Бұларда “Күйшiдегi” қарым да‚ шалым да жоқ. Ол “Дала” поэмасында өзара бір бiрiне байланысы аз әр түрлі эпизодтарды алып‚ олардың басын шартты түрдегi тарих-шал арқылы қоспақ болады. Бiрақ бұл өте шартты‚ жасанды. Iлияс бұл жерде Маяковскийдiң әдiсiн өзiнше өңдеп‚ пайдаланбақ болған‚ бiрақ поэма бiр тұтас емес‚ әр түрлі эпизодтар бiр бiрiне кiрiкпей тұр. Сөйтiп‚ өзiнiң негiзгi оң қолы – үлкен эпостан бас тартам деп‚ шайыр сәтсiздiкке ұрынды.
 
“Күйшi” шыққан кезеңде С.Сейфуллин “Советстандап”‚ жадағай публицистика жетегiнде жүрдi. Оның “Көкшетауы” бiртұтас өзегi бар‚ кейіпкерлерi iштей сомдалған шынайы поэма емес. Жалпы Сәкеннiң оң жамбасына эпос қолай боп келе бермейдi. М.Жұмабаевтың “Батыр Баяны” да сондай дүние. Лирик Мағжан эпосқа келгенде кiбiртiктеп сала бередi. Мұны Сәкеннiң де‚ Мағжанның да үлкен мiнi деуге болмайды‚ – ол әр дарынның өмiр материалын өз ыңғайына қарай игере алатын немесе игере алмайтын қырына байланысты шаруа, басқаша айтсақ, эпостандырып ойлаудың дәрежесiне тығыз қатысты нәрсе. Қалай дегенде жеке бастың жай-күйiн, т.б. қазбалап кетер лиризмге қарағанда, кең құлащты, кең тынысты, зор ауқымды қажет етер үлкен эпос кiм көрiнгенге берiле салмайды, оның күнделiктi әдеби тәжiрибеде сирек кездесетiнi де сондықтан. Бұндай қасиет форманың құрсауы басым боп, көп ретте шайырлардың екi қолын тұсаулай беретiн поэзия түгел, жазушыға аса зор еркiндiк беретiн прозаның өзiнде де сирек кездеседi. Мұны бүгінгi лиризмге‚ психологизмге ғана арқа сүйеген прозашыларымыз анық көрсетiп жүр. Олардың шығармаларын оқып отырып‚ қара сөзбен жазылған баллада не поэманы оқып отырғандай әсерде боласың. Мұндай жағдай орыс әдебиетiнде де жетерлiк. Мәселен‚ И.Тургеневтiң қарасөзбен жазылған қысқа-қысқа дүниелерiн еске алыңыз! Бiрақ‚ жанрдың жаратылысы жағынан‚ сөздiң қиыстырылуы жағынан алғанда‚ өлеңсөз бен қарасөздiң арасындағы айырмашылық жетерлiк. Бұл жерде мәселе бiр ғана сөздiң өзара ұйқасуында емес‚ әдеби материалдың табиғатында жатыр. О баста өлең жазған‚ бiрақ сәттi дүние жасай алмаған И.Тургенев кейiннен прозаға өлеңсөздiң көп қасиетiн батыл енгiзген-дi. Бұл жерде сөздiң өзара қиысуы‚ әсем стилистика‚ қарасөздегi поэзиядағыдай келiстi ырғақ бiрден көзге түседi. Мұны кейiннен И.Бунин‚ К.Паустовский‚ Ю.Казаков‚ А.Кимдер жалғастырды. Бұлардың бәрiне тән кемшiлiк – үлкен эпостың жоқтығы. Олардың шығармаларында еске алу‚ ойланып-толғану‚ жалпы экспрессия басым. Мұны қарасөзбен де‚ өлеңсөзбен де жеткiзуге болады. Бұл жерде‚ қалай дегенмен де‚ прозаның ең негiзгi қара нарша көтеретiн жүгі үлкен эпос екендiгiн естен шығаруға болмайды. Бұл жөнiнде орыс сыншысы И.Золотусский: “… эпосқа деген қабiлет поэзия мен прозада да өте сирек кездесетiн нәрсе“, – деп орынды жазған да едi. Мiне‚ осы үлкен эпостың қасиетi I.Жансүгіровте бар едi. Ол сонымен қатар осынау отызыншы жылдары-ақ қазақ поэзиясына‚ соның iшiнде дастан жанрында‚ реализм әдiсiн орнықтырған-ды. Бiрақ кейiннен қазақ поэзиясы бұл жетiстiктен айрылып қалды. Бiздiң өлең-жырымызда Байрон‚ Шелли‚ Шиллерлердiң әсерiнен туған романтизм өте қатты белең алды. І.Аманжолов‚ А.Жұмағалиев‚ алғашқы Ә.Тәжiбаев‚ Қ.Бекхожиндар, т.б. сол кезде дүрілдеп тұрған жадағай газет поэзиясына қарсы әрекет ретiнде романтизмнiң отауын қазақ әдебиетiне әкеп тiктi. Бұны кейiннен 50-60-ыншы жылдары әдебиетке келген жiгiттер жалғастырды. Бұлардың қай-қайсысы да күнделiктi тiршiлiкте кездесетiн мәселелерден мүлдем аулақ едi‚ – бәрi де қиял әлемiн кезiп кеттi. Олардың шағын поэмалары да Пушкин мен Байронның поэмалары тақылеттес болатын. Реализм әдiсi поэзияда мүлдем ұмытылды. Тек осы кезде Х.Ерғалиев пен Т.Бердияров қана әлгi үлкен лекке ерген жоқ.
 
Сонау елуiншi жылдары Х.Ерғалиев “Бiздiң ауылдың қызы“‚ “Үлкен жолдың үстінде“‚ кейiннен “Құрманғазы”‚ “Жылдар‚ жылдар“, т.б. атты поэмалар жазды. Бiрақ бұлардың барлығында да очеркке тән үстірттiк, кейiпкердiң iшкi жан дүниесiне үңілмеу‚ психологизмнiң жетiспеуi жиi кездестi. Оған қоса “Құрманғазыда“ сол кезде үрдіске айналған түбірлi ұйқасқа құмартам деп‚ өлеңдi қолдан қиындатып жiберу қатты белең алды. Бұл оқуға өте қиын едi. Осы жерде қазақ поэзиясында түбірiмен түгелдей үндесiп келер түбірлi ұйқасты Х.Ерғалиевтiң әрi қарай дамытқанын, оны қазақ өлеңiнде берiк етiп орнықтырғанын, жетiлдiргенiн, он бiр буынды қара өлеңнiң мүмкiндiгiн кеңiтiп, iшкi табиғатын аша түскенiн ашық айта кету керек. Сонымен қатар ол басқа шайырларымыз қысқа өлеңнiң ауазасына ерiп, поэзиядағы үлкен пормадан әлдеқешен ат құйрығын кесiп кеткен кезде де, өзiнiң әр түрлі тақырыпты көтерген iрi поэмаларын жаза бердi. Сөйтiп Х.Ерғалиев қазақ поэзиясында дастан жанрының дамуына, оның жаңа өрiске қарай шығуына, жалпы айтқанда, күнделiктi тiршiлiктiң неше түрлі жәйттерiн сөз еткен шығармалар жазып, шынайы реализмнiң қазақ топырағына табан тiреуiне үлкен үлес қосты. Оның әдебиеттегi негiзгi салмағы да, шыққан асулары да осы дастан жанрында жатыр. Бiрақ бұл жерде Х.Ерғалиевтiң қолтаңбасының материалды игеру шарттарының I.Жансүгіровтың үрдісiнен мүлдем қашық екендiгiн айта кеткен жөн. Ол көбiне көп А.Твардовскийдiң орыс поэзиясындағы тәжiрибелерiне арқа сүйедi. Сол себептi болар, шайырдың өлеңдегi сөйлемдерi көп ретте таза қазақы емес, аздап жасандылығы бар, “орысқолданып” тұрады. Бұл жағдай шайырдың еркiн көсiлуiне бiраз кедергi де жасады. Мұның аяғы сөйлемнiң таза қазақша, табиғи болуына кесiрiн тигiзiп, бiраз дәрежеде оның жасанды сияқты боп көрiнуiне қатты ықпал еттi.
 
Мiне‚ осылайша Iлияс үрдісiнен жаңылып қалудың ақыры бiзде жадағай публицистиканы негiз етiп алған көпiрме поэмалардың өрiстеуiне әкеп соқтырды. Бұған Т.Бердияровтың‚ Ж.Молдағалиевтiң‚ Е.Iбiтановтовтың‚ М.Мақатаевтың‚ т.б. поэмалары айқын дәлел. Бiр ғана Ж.Молдағалиевтiң атышулы “Мен қазақпын” деген поэмасын алайық. Мұндағы басты көзге түсетiнi — Кеңес билiгiнiң қылышынан қан тамып тұрған заманында, ұлт мәселесi туралы қисық пiкiрдiң дүрілдеп тұрған кезiнде, шайырдың қорықпай, “Мен қазақпын” деп батыл айтқандығы едi. Бiрақ, түбіне зерттей қарағанда, Жұбанға дейiн де “мен қазақпын“ деп айтқан шайырлар болған. Олардың көбi Сталиннің қыспағына ұшырап, Сiбiрге саңырауқұлақ теруге кеткен-дi. Мына поэма бар-жоғы сол ескi айтылған сөздi жаңа жағдайда, әсiресе, Хрущев заманы орнап, рухани тiрлiкте аздап болса да кеңшiлiктiң, басқаша айтсақ “жылымықтың” қылаң бергенiне байланысты едi. Бұған дейiн Ж.Молдағалиевтiң 50-iншi жылдары жарық көрген өлеңдерiнде коммунашылдар партиясын, Түрксібтi, социализм құрылысын, колхоз-совхоздағы тiршiлiктi, т.б. сырттай тамсана, тасырта мақтау, сол кездегi айғайшыл, жалған ұранның ықпалымен қыртысы қалың тiршiлiктiң тереңiне бармай, бетiнен қалқып, тек қана өмiрдiң жақсы жағын көру, удай ащы шындықтың бетiне опа-далап жағу жағы өте басым болатын. Сөйтiп жүргенде оның жазуына аздап болса да өзгерiс ендi. Бұл жағдай тағы да орыс шайыры С.Есениннiң шығармаларының Хрущевтiң заманы кезiнде толық түрде жарыққа шыға бастағанына байланысты едi. Соның туындыларымен танысқан Жұбан бiр өлеңiн Есенинге арнап, оны ұстазым деп таныды. Дегенмен де оған Есениннiң сыршылдығы, шынайылығы мен лиризмi дарымай қойды. Оның осы кезде жазған өлеңдерiнде де жалпыламалық, үстірттiк, адам жанының тереңiне бойламау, оның ой-толғанысына онша назар аудармау аса белең алды. Басқаша айтсақ, ол 30-40-ыншы жылдардағы қазақ өлеңiнiң басында болған жадағайлық пен жалпыламалықтан арыла алмады. Мiне, осы нәрсе оның 60-ыншы жылдардың басында жазылған, ұраншыл, одағай поэзияның күнi өтiп бара жатқан кезiнде жазылған “Мен қазақпын” атты поэмасында айқын көрiнедi. Бiрақ поэма, шын мәнiнде, жанр табиғатына жауап беретiндей шынайы поэма емес едi. Бұл бар-жоғы өлеңмен жазылған үлкен мақала дәрежесiндегi дүние ғана! Оның бұлай боп шығуына себеп жетерлiк болатын. Оның ең бастысы, — Жұбанның сонау “Советстаннан” басталатын желбуаз, жадағай публицистикадан шындап арыла алмағандығы, қойнауы қатпар-қатпар, әлi де болса қыры-сыры тереңнен ашылып болмаған тарихқа сүңгимiн деп, өткенге “Саяхат“ жасап, масштабтың, ауқымның кеңдiгiн көрсетем деп, дастандағы “мен“ деп сөйлеп отырған кейiпкердiң жеке басын, оның ой-сезiмiн, толғаныс, сүйiнiш-күйiнiшiн, т.б. мүлдем ұмытып кетуi, Қазақстанда болып жатқан өзгерiстерге, соғылған қалаларға, ашылған кен орындарына, т.б. сырттай тамсануы, т.б. едi. Соның салдарынан поэма бастан аяқ социализмдi, партияны, Лениндi, т.б. тасырта мадақтау боп шыққан. Сол себептi бұл шығарма лауазымды әлдекiмнiң, үлкен орындардың тапсырмасы бойынша жазылғандай боп әсер етедi. Поэмада нақты кiсiнiң жан дүниесi, ой-толғанысы, күйiнiш-сүйiнiшi, жалпы айтқанда, лиризм жоқ. Онда қазақ тарихында кездесетiн неше түрлі деректер көзiнен жiпше тiзiле берген. Онда қазақтардың төңкерiске дейiн бұрынғы тiрлiгi адам айтқысыз бiрдеме! Содан құтқарған Ленин мен коммунашылдар партиясы ғана! Кәзiрде мұндай ұшқары түсінiктiң күнi өткендiгiн айтпаса да болады.
 
Кезiнде партия, Ленин, т.б. туралы кiмдер поэма, өлеңдер циклын жазбады десеңiзшi! Ондай даңғаза шығармаларды бiздiң солақай сыншыларымыз “лениана“ деп тасырта кеп мақтады. Сондай дүмбiлез, тайыз, барабанды ала таяқпен сатырлата соғудан басқаны бiлмейтiн әулекi шығармалардың қатарында М.Мақатаевтың Ленин, Маркс туралы поэмалары, Қ.Мырзалиевтiң “Данышпаны”, С.Жиенбаевтың Ленин жайлы өлеңдер циклы және басқа да шайырлардың туындылары тұр! Ең сорақысы, қартайған шағында, мұндай құр даңғаза дүниелердiң күнi өткендiгiне қарамастан, Ә.Тәжiбаевтың “Жолдас Ленин” дейтiн дастан жазып, “жарлы-жақыбайлардың күн көсемiмен” сырласпақ болғаны, бүгінгi шындыққа, тұрмыс-тiршiлiкке, өмiрге енiп жатқан демократизмнiң алғашқы өскiндерiне өткен заманның көзiмен, күнi өткен, әбден тозған түсінiктердiң тұрғысынан қарап, өзiнше баға беруге тырысқаны сол кезде-ақ әдеби қауымға мүлдем ерсi көрiнген-дi. Бұл өз алдына. Сол кездерi әдебиетке жаңа ғана қадам қоя бастаған И.Оразбаевтың сонау Қызылорданың ала шаңының iшiнде инженер боп жұмыс iстеп жүрген кезiнде-ақ, Ә.Тәжiбаевтың iзiн қуып, Маркс пен Ленинге қолын бiр-ақ сiлтеп, сол кездегi басты “құдай“, коммунашылдар партиясының Бас хатшысы… тура Л.И.Брежневпен сырласпақ болғаны, оған өз басының арыз-мұңын айтуға тырысқаны… бiр түрлі, кiсiнi қолайсыз жағдайға қалдырады. Кәзiрде осындай жағымпаз дүниесымақтар жазғандардың көбi, кешегi партократтар мен қып-қызыл белсендiлер… 180 -қа айналып шыға кеп, “нағыз демократ” бола қалған! Олардың ендi кеше өздерi шашпауын көтерiп, тасырта мақтаған, сонысы үшін үлкен-үлкен сыйлықтар ап, қомағай құлқындарын тойдырған социализмдi “қара түнек заман” етiп көрсетiп, “қарғап-сiлеуi” кiсiнi қайран қалдырады! Олардың кейбiреулерi, кезiнде комсомолдың “күнкөсемдерiнiң“ ығын жамылып, шен-шекпен жамылғандары бүгінде социализм кезiнде Сiбiр асып, торлы түрмеде екi көзi төрт болып отырғандай таусыла, екi иығын қиқаңдата жұлып жеп кеп сөйлейдi-ақ! мұндай екiжүздiлiктi көрiп-бiлiп отырған қалың оқушы жұртшылықтың жалпы көркемделген әдебиеттен, соның iшiнде жадағай, жағымпаз газет поэзиясынан жерiп кетуi әбден заңды-ақ! Сондай жәйттi қазақ поэмасы да басынан аз кешiрген жоқ. Мұның ең бастауында 20-ыншы ғасырдың басындағы iзденiмпаз, тапқыр, ойлы поэзиясынан бас тартып, әлдеқандай саяси есеппен, “пролетариаттың ұлы жазушысы М.Горькийдiң“ iзмен, “жұмысшы табының ұлы шайыры“ дейтiн арзан атаққа қызығып, Ленин мен Сталин жөнiнде мадақшыл шығармалар жазған В.Маяковскийдiң тәспiсi ұрған, жалған үрдістi темiрқазық көрiп ұстаған С.Сейфуллиннiң атақты “Советстаны” тұр! Бiз бүгінде ондай желбауыз дүниелердiң сол дәуiрмен бiрге келмеске кеткенiне куә боп отырмыз. Мұның өзi дастан жанрына қол созған қаламгерлердiң қатты ойландыруға тиiс.
 
Бiз жоғарыда айтып өткен жадағай публицистиканы басты құралы еткен шығармалардың легiне қарама-қарсы ағым ретiнде көрiнген сюжеттi дастандардың да жазылғанын атап өтуге тиiспiз. Бұл жерде қазақ поэзиясындағы асыл қазыналарымыздың, әсiресе, батырлар жырларымыздың үрдісiн, олардың ауыз-екi түрде шығарылған, айтуға, жырлауға, бүгінгi тiлмен айтсақ, эстрадада орындалуға негiзделгенiн қатты ескеру қажет. Одан тыс, — фольклордың шартына байланысты, әсiресе, адам жаны, психологиясы, т.б. туралы ғылымның жетiлмегенiне қатысты ондай жырлардағы кейiпкерлер екi түрлі шартпен, “жақсы-жаман“ боп келетiн, “ақ пен қара” түсті боп сомдалатын-ды. Бұл, әрине, халқымыздың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасын еш кемсiту де, менсiнбеу де емес, керiсiнше, оларға әдебиет ғылымының бүгінгi жеткен биiгiнен қарау ғана! Мiне, осындай әдеби шарттардың тереңiне бармай жазылған шығармалар бiзде (басқа елдердiң әдебиеттерiнде де болды! — Б.А) өте жиi бой көрсеттi. Оларды оқып отырсаң, сюжетi, басты кейiпкерлерi бар дүниелер! Бiрақ бәрi де өмiр шындығын бетiнен қалқыған, оның тереңiне бармаған жеңiл очерк сықылды! мұндай үстірт, жер бауырлаған поэмалар легi сонау 50-iншi жылдары өте тез өркен жайып кеттi. С.Мұқановтың “Сұлушаш”, атақты еңбек ерi, колхоз бастығы, талай рет депутат болған Н.Алдабергенов туралы қара дүрсiн, өлеңмен жазылған очерк тәрiздi шығармасы, А.Тоқмағамбетовтiң “Агроном көктемi”, Д. Әбiлевтiң аяғына дейiн оқып шығуы өте қиын, ауыл шаруашылығы мен өндiрiстiң мәселелерiн сөз еткен салақұлаш дастандары, Т.Жароковтың “Тасқыны“, І.Бекқожиннiң “Мариям Жагорқызысы“, “Ақан Ақтаевы“, аңыз-әпсананы өзек еткен басқа да туындылары, Ғ.Қайырбековтiң ұлы ағартушы, педагог Ы.Алтынсариннiң өмiрiн тiлге тиек еткен “Дала қоңырауы” атты поэмалары, т.б. дәл осы кезде жарық көрдi. Бұлардың қай-қайсысында да психологизм, сюжеттiң шынайылығы, кейiпкерлердiң жан-жақты ашылып, сомдалуы, өмiр шындығы, поэтизация өте кем едi. Мiне, осындай жалған, жасанды дүниелерден бас тартқан екiншi бiр қазақ шайырлары ендi әр түрлі елдерде бар аңыз-әңгiмелердi, хикаяларды, ертектердi, т.б. өлеңге айналдырып, оларын “поэма“ деп көрсетуге тырысты. Ондай дүниелерде романтизм сарыны өте басым болатын. Ең бастысы, ондай шығармалар бүгінгi қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгiне көз салмай, оны көркемдеп тексермей, басқа елдердiң аңыз-әңгiмелерiнен “асқақ поэзияны“ көрiп, оқушыны бүгінгi өмiрдiң ең басты-басты мәселелерiнен аулақ әкетуге қолайсыз ықпал жасады. Бұл баяғы кеңес заманында ел iшiндегi қолайсыз жағдайдан, саясаттан, т.б. жұртшылықтың назарын басқа жаққа аудару үшін футбол ойынын тасырта мадақтаған бiр әрекеттi еске түсіредi. Бұған кейiнiнен Брежневтiң мамыражай заманында маскүнемдiк дейтiн дерт келiп қосылды. Сөйтiп, “социализм кезiнде кемшiлiк, өмiрдiң күңгiрт тұсы болмайды, тiпте оның болуы мүмкiн емес” дейтiн жазылмаған бiр заң бой көрсеттi. Оған көнбегендердiң шығармалары үлкен жиналыстарда “тас-талқан“ етiлiп, өздерiне “өмiр шындығын бұрмалап отыр, оған қара күйе жағып отыр”, т.б. деп жала жабылды. Ондайларға кiтап шығаратын баспалар мен газет-жорналдардың есiктерi мүлдем жабылып қалды. Бiр ғана мысал. Кезiнде Отан соғысына қатынасқан, сондағы көргенi туралы, сонау 50-iншi жылдары ұрыстың удай шындығы жайлы айтып, сүйектi поэма жазған Т.Бердияров кейiнiнен аштан өлiп қалудың қамын ойлап, өз кемшiлiгiн көре-бiле тұра, публицистикаға толы жалған поэмаларын жазды. Бiрақ Есенинге “елiктеп“, ара-тұра “өңешiн қыздырып“ алатын оның “саяси жақтан сенiмсiздiгi“ еске алынып, оған жаңағыдай шығармалары үшін ешқандай да сый-сияпат берiлмедi, арқасына шен-шекпен жабылмады. Оның есесiне Есениндi “ұстазым“ деп жарияға жар салғанымен, осы кезде соғыстан кейiнгi кезеңде әлгiндей “өңеш қыздыруды” қойғандар үлкен-үлкен орындықтарға қонжиып, неше түрлі сыйлық алып, екi жеп биге шығып кеттi. Мұндай ерсi әрекет, лауазым, т.б. жағын ойлау дастан жанрының салмағының жеңiлдеуiне, белгiлi бiр идеологияның сойыл-соғарына, т.б. айналуына әкеп соқтырды. Мұның зардабы мен салқыны әлi де болса кете қойған жоқ. Бiр ғана мысал. Өткен жылы “Егемен Қазақстан” газетiнде ұлы жырау Махамбеттiң 200 жасқа толуы мерекесiне орай, арнайы жазылған (әрине, сый-сияпат, бәйгi үшін! — Б.А.) Сабыр Адайдың публицистикаға толы поэмасы жарық көрдi. Бұл тағы да бұрынғы сайрап жатқан “даңғыл жолға“ түсіп ап, жадағай, желбауыз сөздi көпiршiрткен дүние ғана едi. Мәселе бұл жерде мұндай дүмбiлез туындыда жатқан жоқ, ең негiзгi гәп — осындай шығарманы көре сала (түгел оқып шықса, бiр сәрi! — Б.А.) сол кездерi жоғарғы жақта отырған, лауазымы үлкен бiр кiсiнiң исi халықтың көзiнше Сабыр Адайдың “туындысына” тамсанып, оны қазақ поэзиясының аса зор жетiстiгi деп бiлiп, арнайы “тiлiгрәм” берiп, баспасөз бетiнде жарияланғаны едi! Әрине, мұндай “құрметтi“, “iлтипатты“ көрiп отырған басқа да шайырлардың тағы да “сәкеншiлеп“, “маяковскийшiлеп“ кететiнi айдан анық. Бұл жерде бар өзгергенi қолпаштаушылар мен “заказ“ берушiлердiң түрі ғана! Ал мұның бүгіндерi қазақ поэзиясының түп тереңiнде, шымырлаған иiрiмдi ағысында болып жатқан, болуға тиiс соны өзгерiстерге, жаңғыруларға аса зор зиянын тигiзетiнiне еш күмән жоқ.
 
Қазақ поэзиясындағы екiншi бiр кемшiлiк — бiздiң шайырларымыздың сюжет құра алмайтындығы, халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiне, менталитетiне тән емес, жат жұрттан жұққан сырты жалтырақ нәрселердi қолдан зорлап таңуы деуге болады. Бұған кезiнде “коммунашылдар партиясының басшылығына қарай сапқа тiзiлген, комсомолдың “күнкөсемдерiмен“ көжелес, аяқ-табақтас болған“ жiгiттердiң замана ыңғайын қарай жаза салған жеңiлтек, еш әдеби маңызы жоқ шала-шикi дүниелерi толық дәлел бола алады. Кәзiр мұндайлардың саны бiзде жыртылып айырылады. Олардың көбi сюжеттi, поэмаға өзек болар жәйттi, ситуацияны қазақтың төл топырағынан алмай, тiпте оны тiршiлiктiң тұрпайы “прозасы“ деп бiлiп, назарларын алыс жақтарға, ескi Эллада мен Мысыр замандарына қарай аударады. Ондайлардың бұл әрекетi өте түсінiктi. Егер олар осы заман туралы дастан жаза қалса, оқушы оның өтiрiк-шынын тез аңғара қояр едi. Содан сескенетiндер “қасым салған қасқа жол“ — комсомолдың ыңғайымен арлап тарта бередi.
Мен жақында көптен берi әр жер-әр жерде көзге түсіп жүрген, газет-журнал мен телеайнаның бетiн бермейтiн, мемлекетiмiздiң үлкен сыйлығы мен Бас редактордың қызметiн алдын-ала, аванс ретiнде алған белгiлi шайыр Ұ.Есдәулетовтiң бiр-екi поэмасын оқып шықтым. Оның “Космонавтар аллеясы” деген шағын дүниесiнде ғарышқа ұшып барып келген кiсiнiң Жезқазғанда шыршы еккен бiр жағдайы қасиеттi де киелi нәрсе ретiнде өсiре баяндалады. Жарайды, еге қойсын! Мәселе бұл жерде Жаңа жыл қарсаңында әлгi шыршаны ақшасы жоқтықтан бiр кiсiнiң кесiп ап, үйiне әкеп кiшкене қызын қуантқанында жатыр. Мiне, осы жәйттi автор аса үлкен қылмыс жасаған етiп барынша айыптайды. Ал шындығында бұл кешегi Кеңес заманында ортақ қазанға түскен қазынаны миллиондап, миллиардтап ұрлап, талан-таражға салған алаяқтардың қылмысымен салыстыруға да келмейдi, ол өйтуге еш арзымайтын майда-шүйдә нәрсе ғана! Автор әлгi ұлты да, кiм екендiгi де белгiсiз, нағыз космополит кiсiнiң нелiктен осылайша ұрлық iстегенiне, оған не себеп болғанына, оның жалпы жан күйiне назар да аудармайды, — тек комсомолша құлашын кеңге сермеп, әлгi бейшараны “сойып“, “iреп“ бiтедi. Соның ақыры — ел-жұрттың наразы боп, ашуланып (газеттердегi еңбекшiлер хаттары сықылды! — Б.А.), жаңадан шырша егуiмен аяқталады. Мұның соңы Бетховеннiң 9-ыншы симфониясындай асқақ, жалынды мадақпен, жiгерлi үнмен бiтедi.
Ол “Натюрморт“ деген поэмасында ұлы суретшiнiң картинасындағы алманың әр жағында орналасқан басты сондай сиқырлы, құбыжық бiрдеме етiп көрсетедi. Оны көрген бойда бұлар жалдап отырған пәтердiң қожайыны — орыс әйел тiлге келмей қата қалады. Оған көз салған қазақы кемпiр де (кейiпкердiң анасы, — Б.А.) аяқ астында о дүниелiк бола жаздайды. Соны көрген автор-кейiпкер қатты айғайлап, әлгi ұлы суретшiнiң ұлы картинасын қабырғадан жұлып ап, жерге бiр соғып, тас-талқанын шығарады. Сөйтiп ол суреттiң “сиқырынан“ құтылады! Бұл жерде көшпендi тiршiлiктен отырықшылыққа көшкенiне көп бола қоймаған, ислам үрдісiнде тәрбиеленген, сурет дегендi онша түсіне бермейтiн кәрi кемпiрдiң ой-пiкiрiнiң, түсінiгiнiң, жалпы психологиясының мүлдем басқа екендiгi ескерiлмеген. Бұл жерде тәндестiру туралы сөз айтудың өзi мүмкiн емес. Бұл жоғарыдағы публицистиканың екiншi жағындағы қоржынның басында тұр. Өкiнiшке орай осындай арзан эффектке құрылған, реализмнен гөрi космополитизмi өте басым, ұлтымыздың сана-сезiмiнiң төл топарықта қалыптасып, өсе түсуiне зиянын тигiзетiн, көркемдеушi құралдарынан ұлтымыздың “исi“ де шықпайтын, айдаладағы космоста далақтап жүрген мұндай шалағай дүниелер кәзiр де жетерлiк. Бiзде ондай қазақы қоржынның екi басына баяғы комсомолдың құйындатқан әсiре мiнезiне сап, баса-көктеп кiрiп алған жасанды, жалған сюжеттердi, ой-пiкiрдi, жалпы терiс тенденцияны азғырушы Iбiлiстi көргендей мөңкiп, әдебиеттiң қасқа жолының жиегiне, кiр-қоқыс басқан тұстарына қоржын-қоржынымен лақтырып тастайтын шын қаба жалды қазанат жетiспей-ақ жүр. Шамасы оны, кешегi партия мен комсомолдың “күнкөсемдерi“, кешегi автократтар мен партократтар бүгінде Эллада дәуiрiндегi Афиныға барып, “мiнәжат“ ғып, “шынайы демократ“ бола қалған заманда бiздiң қатарластарымыздың көре қоюы кәдiк.
 
Мiне‚ осындай әр түрлі бағыт-бағдарда жүрген поэма жанры жетпiсiншi жылдары мүлдем құрып кетуге айналды. Ә.Кекiлбаевтың жоғарыда аталған мақаласы дәл осы кезде жарияланған едi. Автор қазақ дастандарына асқақтата жырлаудың‚ материалды дұрыстап таңдап ала бiлмеудiң кем екендiгiн дәл басқанмен‚ баяғы романтизмге тән ескi жолды нұсқады. Оның ойынша‚ өмiрдегi кез-келген жағдай‚ күнделiктi тiршiлiкте кездесетiн оқиғалар‚ егерде олардың асқақ сыр-сипаты болмаса‚ поэмаға материал бола алмайды. Яғни‚ басқаша айтсақ‚ тiрлiктегi елден ерекше көрiнетiн оқиғалар ғана дастанға сюжет болуға тиiс. Осы жерде неге деген сұрақ өздiгiнен туады. Бұған мысалды алысқа бармай-ақ‚ көршi елдiң әдебиетiнен келтiруге болады. Мәселен‚ А.Твардовскийдiң “Жер ұйығы” мен “Теркинiндегi“ әдеби материал асқақ па? Ол кәдiмгi орыс халқының күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнен алынған жоқ па? Бұл жердегi басты мәселе әдеби материалда емес‚ шайырдың талантының дәрежесiнде‚ жазу шеберлiгiнде‚ үлкен мәдениетiнде болар.
 
Орыс әдебиетiнде бастауын сонау Н.Некрасовтан алатын осындай үлкен үлгi тұрғанда орыс поэзиясында публицистиканы негiз тұтқан‚ кiсi жаны мүлдем ұмытылған‚ тiптен оған онша назар аудармайтын жадағай поэмалар кейiнiнен қаптап кеттi. Оның бәрiн айтып жатпай-ақ‚ бiр ғана Е.Евтушенконың “Братск ГЭС-i“ поэмасын алайық. Мен бұл шығарманы 1965 жылы ауылда жүргенде “Юность” журналынан оқыған едiм. Оған алғысөздi Я.Смеляков жазған болатын. Оқып шыққан бойда‚ менiң бiрден көзiме түскенi, — осы поэманың Iлиястың “Даласына“ аздап ұқсастығы едi. Оның себебi жеткiлiктi. 1958 жылы Мәскеуде өтетiн онкүндiкке арналып Iлиястың бiр томдығы орыс тiлiне аударылып басылған-ды. Бұл кiтапқа Е.Евтушенко Iлекеңнiң он шақты өлеңiн аударып енгiзген болатын. Сонда оның осы бiр томдықтағы “Даланы” көрмеуi мүмкiн емес. Мен бұл жерде Е.Евтушенконы қымқырып алды дегелi отырған жоқпын. Бұрынырақта сюжетi бар “Зима стансасы“ деген поэма жазған Е.Евтушенкоға “Даланың“ тың ой салғанын‚ “Братск ГЭС-iн” жазуға түрткi болғанын айтқалы отырмын. Бұл екi шығарманың да бастауы В.Маяковскийдiң поэмаларында жатыр. Бiр айтары‚ “Далада“ композиция бiртұтас боп келсе‚ “Братск ГЭС-iнде“ ондай тұтастық жоқ. Тарихтың қойнауынан алынған неше түрлі деректердi бөлек-бөлек тарау еткен бұл поэманың композициясы өте әлсiз‚ бiрлiк жоқ‚ әр тарау әр түрлі қысқа-қысқа баллада сықылды‚ бiр-бiрiне бастары қосылмай‚ бөлек-бөлек тұр. Яғни‚ басқаша айтсақ‚ бұл шығарма бiртұтас дүние емес. Соған елiктеген М.Шахановтың поэмалары да бiрегей жұлын-тұтасы жоқ‚ ыри-тыри дүние. Оның “Фаустты“ үлгi тұтып‚ Шыңғыс хан туралы жазғаны да поэма жанрының табиғатын тереңнен сезбегендiгiн көрсетедi.
 
Мұндай жағдай И.Оразбаевтың драма түрінде жазған шығармаларына да ортақ. Оның “Күшігiнен таланған“‚ “Мен iшпеген у бар ма?“ және “Батқан кеменiң бейбақтары“ атты‚ өзiнiң ат қойып айдар тағуынша‚ “драмалық дастандары“‚ шын мәнiнде‚ дастан емес‚ – бұлар бар-жоғы сахнаға қоюға арналған‚ кәдiмгi өлеңмен жазылған пьесалар. Мұндай дүниенi, Абылай хан туралы Ә. Кекiлбаев та жазды. Бұл жерде Шекспир заманы мен бүгінгi драматургияның өрiстеген кезеңiн анық аңдамаудан туындап жатқан жәйттер баршылық. Шекспирдiң тiрлiк кешкен тұсында пьесалар қарасөзбен жазылмайтын‚ ол мүлдем үрдісте жоқ едi. Оның үстіне өлеңсөздi актерлардың жаттап алуы оңай‚ ал қарасөздi жаттау қиын. Сол себептi Шекспир өз трагедияларың ақ өлеңмен жазды. Оның шарттылығы аса басым‚ жасандылығы жетерлiк трагедияларын ұлы ақиқатшыл Л.Толстойдың қабыл ала алмағаны да сондықтан болатын. Ендi осы тозған үрдістi пәленбай ғасырдан кейiн қайталап жатудың не қажетi бар?
 
Осы жерде поэманың жанр ретiндегi ерекшелiгi – сахнада көруге емес‚ кәдiмгi кiтап ретiнде оқуға арналатынын айта кеткен жөн. Мiне‚ осы ерекшелiктi ескермеген Гетенiң “Фаустын“ поэма деуге де‚ пьеса деуге де болмайды. (Бұл жөнiнде Л.Толстойдың қызық пiкiрi бар.) Бұл шығарманы кәдiмгi поэма ретiнде оқып шығу өте қиын. Ал оны сахнаға шығару одан да қиын. Мiне, осындай өткен ғасырларға тән поэзияның драма түрінде жазылған үлгiсiн эстетика мен әдебиет теориясындағы түсінiктiң мүлдем өзгерген тұсында қайта жаңғыртам деу, басқаша айтсақ, қолапайсыз тiркес — “драмалық дастандар” жазам деп талап қылу әдеби тәжiрибедегi “бимезгiл нәрсе”, “әдеби анохронизм“ ретiнде көрiнедi. Бұл, түптеп келгенде, поэма жанрының табиғатын терең түсінбеуден шығып жатыр. Ал мұны сол орта ғасырларда-ақ түбін зерттеп, тереңiнен түсінген iрi тұлғалар болған. Соның нәтижесiнде Батыс Европа әдебиетiнде шынайы поэма жазылды. Ол – Дантенiң “Құдыреттi комедия” (“Божественная комедия“) атты дүниесi. Мұнда сюжет те‚ тұтастық та‚ бiрегей композиция да бар. Әрi бұл шығарма көруге емес‚ оқуға арналған. Ал Шығыс әдебиетiнде мұнан көп бұрын жазылған атақты Фирдоусидiң “Шахнама“ атты дастандар циклы тұр. Соны кейiннен қайталаған‚ жамырай жарыса жазысқан эпигон дастандар да жетерлiк. Осылайша әдебиет тарихына көз жүгірту бүгінгi поэма жанрының табиғатын айқындауға зор көмек бередi.
 
Бұл арада қазақ поэзиясында жаратылған дастандарға жетiспейтiн ең басты нәрсе – әдеби материалды халқымыздың өз өмiрiнен ала бiлмеу‚ оны тәндестiрмеу‚ етене тән етпеу (типизация)‚ характер жасай алмау‚ басқаша айтсақ‚ аз ғана штрихпен персонаждардың мiнез-құлқын бере алмау‚ кейiпкерлердiң iшкi жан дүниесiн ашар кезде дәл баспау‚ айдалаға лағып кету‚ тiлдiң өте жұтаңдығы‚ бүгінгi шайырларымыздың сонау 50-60-шы жылдары қалыптасқан‚ не қазақша‚ не орысша емес лексикадан‚ цирроз болған бауырдай қант татыған “тәттi“ тiлден арыла алмауы‚ жалпы халық тiлiн бiлмеуi. Оның үстіне бiздiң шайырларымыз қит етсе болды сүйегi әлдеқашан шiрiп кеткен Шыңғыс хан мен Ақсақ Темiрдiң жағасына жармасады. Бұл жерде сондай ұлы жиһангерлердiң дәрежесiне сай iрi-iрi‚ кесек-кесек ой-пiкiр айтып жатса бiр сәрi-ау? Бар айтарлары – олар қанiшерлер! Олай деген соң‚ олардың неге қанiшер‚ неге жиһангер болған себебiн (бұл арада тәндестiру туралы сөз айту мүлдем мүмкiн де емес!) ашу керек қой. Әлгi шығармаларда мұның бiрi де жоқ! Бар-жоғы олар сырттай жарқыл-жұрқылға‚ бiр сәтте болар жалған әсерге ғана құмар. Олардың ойынша‚ өз халқымыздың өткенiнен не бүгінгiсiнен әдеби материал алып‚ дастан жазу мүмкiн емес. Мүмкiн болған жағдайда‚ олардың биiгi ылжыраған жалған лиризмдi негiз етiп ұстанған “Танаккөздердiң” дәрежесiнде ғана қалады.
 
Осы тұста маған “құлидiң“ жала жапқыш “жұмабайларындай“ оңаза оппоненттердiң Ж.Молдағалиевтiң “Жыр туралы жыры“ мен “Сел“ атты поэмаларын кесе-көлденең тартуы мүмкiн. Бұл жерде де даулы нәрсе баршылық. Бiрiншiден‚ “Жыр туралы жыр“ қазақтар туралы емес‚ татардың шайыры жөнiнде жазылған шығарма. Оның бiзге қаншалықты керектiгi‚ зәрулiгi туралы сөз айтып жатудың өзi артық. Ал “Сел“ кешегi күл-талқаны шыққан Кеңес заманын мадақтаған‚ шала-шикi дүние. Жұбан сол үшін Кеңес үкiметiнiң үлкен бiр сыйлығын қанжығасына бөктердi. Ал оның басқа бiр сюжетке құрылған дастаны кәдiмгi очерк дәрежесiнде ғана. Онда қаны‚ жаны бар адам жоқ. Оның үстіне Ж.Молдағалиевтiң тiлi көтерем болған тоқтыдай өте жүдеу. Онда Орал қазақтарына тән лексика мүлдем көрiнбейдi. Тым құрығанда оралдықтар екi сөзiнiң бiрiнде қайталайтын “не заты“ да жоқ! Осы Батыс Қазақстан өлкесiне тән “не затты“ өз басым оралдықтар Х.Ерғалиевтен де‚ М.Сүндетовтен де‚ ең аяғы Сыр бойы қазақтарының тiлi түгел‚ тұрмыс-тiршiлiгiн де бiлмейтiнiне қарамастан, атақты Әйтеке бидiң мойынына құрық салған М.Есламғалиевтан да кездестiрмедiм. Өкiнiштi-ақ!
 
Мiне‚ осындай поэма жанрының табиғатын үстірт түсінудiң салдарынан соңғы жетпiс-сексен жылдың көлемiнде қазақ поэзиясында дастан жанры мүлдем тоқырап қалды. Оған жетпiсiншi жылдары Ә.Кекiлбаев айтқан‚ асқақтықты басты шарт ету керек дейтiн ұсыныс та еш жәрдем бере алмады. Мұның ең басты себебi – жанрдың көкжиегiн шектеу‚ шағын өлең жанрының күрт дамып‚ iрi формаға күдiкпен қарау едi. Әрине‚ мен бұл жерде шағын өлең мен поэманы қарсы бiр бiрiне қояйын деп отырған жоқпын. Кейде сала құлаш‚ месқарын, түк айтары жоқ дастаннан гөрi адам жанының түкпiрiндегi ең бiр қымбат ой‚ сезiмiн жанды күйде жеткiзiп жатқан шағын өлең қымбатырақ болады. Бiрақ ол‚ қалай дегенмен‚ үлкен жанрдың жүгін көтере алмайды. Өлеңдер циклы немесе өлеңдер кiтабы болсын‚ – оның ешқайсысы да бiртұтас келген‚ бiрегей дүние емес. Мәселен, жасы алпыстан асып‚ ата сақалы аузына түссе де‚ бұрынғы тоқалқұмар шалдардың жолын ұстанып‚ ұрғашының салпы етегiнiң астына үңілiп‚ эрос-секс туралы анайылығы‚ тұрпайлылығы басым өлеңдер кiтабын жазған және онысын бұрындары қазақ жырында болған дейтiн (ол кiмде бар екен!)‚ оны махаббат деп бiлетiн (секс сүйiспеншiлiк емес‚ нәпсiнiң бiр көрiнiсi‚ половой акт қана!)‚ немере-шөберелерiнен де қысылып-қымтырылмай‚ өзiнiң исламды насихаттайтын “Иман“ газетiнiң бастығы екендiгiне қарамастан (бiр қызығы‚ ол телеайнада зинақорлықты шариғатта мақұлдаған дейдi‚ ал бұл керiсiнше‚ – шариғатта нәпсiңдi тый дейдi)‚ бүгіндерi өтiмдi тауар‚ өтiмдi тақырып‚ басқаша айтсақ‚ мода боп жүрген тұрпайы секстi (сексология болса бiр сәрi!) саудаға сап‚ атақ-дәрiп шығарып жүрген И.Сапарбаевтың “керемет шығармасын“ бiртұтас өзегi бар бiрегей туынды деуге ауыз бармайды. Бiр тақырыпты қаузағанмен‚ ұрғашының емшегi мен қыдығы келер жерлерiн түрткен жағдайды атайтын (эросты жерлер деген нақ осы!) ала-құла өлеңдердiң басы шеге топырақша бiрiкпей тұр. Және бiр айтары, бұл жерде И.Сапарбаевтың қазақ поэзиясында ашқан ешқендей да “жаңалығы“ жоқ, — ол бар болғаны 10-ыншы ғасырда жапон әдебиетiнде болған бiр жәйттi (халқымыздың үрдісiн, жалпы менталитетiн ескермей, сыйламай) қазақ топырағына күшпен сүйреп әкеп кiргiзуге тырысты. Сол заманда жасаған Рубоко Шо дейтiн жапон шайырының пергаментке жазылған танкаларын (бес жолдан тұратын шумақтар, — Б.А.) бiр кiтап базарында сатып алған кiтапқұмар Ки-но Кавабаки 1985 жылы Токиода жеке кiтап етiп бастырған болатын. Эросты, секстi кейде анайы түрде, кейде жұмбақтап, тұспалдай отырып дәрiптеген, кiсiнiң инстинктiн оятатын бұл дүниелер сол кездiң өзiнде-ақ қалың жапон жұртшылығында терiс пiкiр тудырған да едi. Өздерiнде атам заманнан бермен қарай келе жатқан “гейша“ дейтiн институттың барлығына (бұл жапон үлгiсiндегi зинахана, жәлепхана, еркектер онда гейшаға баратынын әйелдерiне жасырмай айта бередi, ал оны қатындары қызғанып, айғай-шу шығармайды, — Б.А.) қарамастан, жапон елi мына өлеңдерге мүлдем қарсылық көрсеттi, оларды бүгінгi ар-ұят, әдеп, салт-сана тұрғысынан бағалауға тырысты. Мiне, осы жинақ 1991 жылы орыс тiлiне аударылып, Мәскеуден жеке кiтапша боп жарық көрген едi. Соны И.Сапарбаев өзiне бiрден бiр үлгi тұтып, әйелдiң не бiр жықпыл-жықпыл жерлерiне әдеби “лупамен“ көз жүгіртiп, оларды бадырайта көрсетуге тырысып, құмарлық пен тұрпайы нәпсiнi көрсетудi өзiне басты мақсат етiп қойды. Бұл жерде осы талаптың ешқандай да көркемделген әдеби қызмет атқарып тұрмағандығын, бар-жоғы аяңау оқушының аузын аңқайта аштырып кету екендiгiн, ешқандай да бiрегей тұжырымның жоқтығын ашық айта кету керек. Бiр тақырыпты әр қырынан алып қараса да, өлеңдердiң басы қосылмай тұр, олар тауыққа тары сепкендей шашыранды боп шыққан. Және бiр айтары, мұндай дүниелер әрi кеткенде қырық құрақ мозаиканың қызметiн ғана атқарады‚ – еш уақытты синтезге жетпейдi. Үлкен синтез үлкен формаға ғана тән қасиет. Сол себептi поэзиядағы iрi форманы дамыту үшін, ең алдымен, ол туралы қалыптасқан‚ тозған ой-пiкiрдi өзгерту керек. Мұны кезiнде Пушкиннен соң Н.Некрасов өзгерткен едi. Оның “Русьте кiм күйлi тұрады“ атты дастаны әлге дейiн‚ қай елдiң топырағына апарып қарастырсаң да‚ өзiнiң мән-мағынасын да‚ маңызын да жойған жоқ. Бiз бұдан поэмаға тек қана сырттай асқақ сипаты бар өмiр материалы ғана емес, күлкісi де‚ қайғысы да аралас келетiн‚ күнделiктi тұрмыста кездесетiн‚ былай қарағанда майда-шүйда боп көрiнетiн‚ тұрмыстағы кез-келген нәрсенiң‚ жағдайдың‚ ең бастысы‚ өз халқымызға етене тән материалдың өзек бола алатынын анық көремiз. Мәселе соны қалай игеруде‚ қисынын тауып‚ келiстiре жазуда жатыр. Бұл тағы да әр таланттың табиғатына байланысты. Бiр дарынның кiсiнiң iшкi жан дүниесiн ашатын сыршыл поэма‚ екiншi бiр таланттың эпосты негiзге алған‚ халық өмiрiн кеңiнен көрсетер кең тынысты дастан жазуы мүмкiн. Бұл арада шектеуге жол жоқ. Әсiресе‚ жадағай публицистикаға жол жоқ. Бұл тағы да Пушкин мен Гогольдың өзара әдеби материалды еш қызғанышсыз‚ iштарлықсыз бiр бiрiне бере салғанын‚ әсiресе‚ мұның әр таланттың табиғатына байланысты нәрсе екендiгiн еске түсіредi. Мұны және бiр мынадай мысал айқындай түседi. Гоголь 1835 жылғы қазан айының 7-iсiнде Пушкинге: “Құдай үшін қандай да бiр болмасын күлкілi немесе өте күлкілi емес сюжет, нағыз орысша анекдот тауып берiңiзшi“, – деп хат жазған едi. Пушкин өзiнiң сын-сықаққа‚ сатираға ебiнiң аздығын сезiп‚ тағы да бiр сюжеттi Гогольге бере салды. Ол осы күнгi аты шулы “Ревизор“ комедиясы едi. Бiз бұдан екi мықтының да жанр табиғатын‚ өз қабiлеттерiнiң сыр-сипатын анық сезгендiктерiн көремiз. Сөз жоқ‚ сын-сықаққа бейiмi аздау Пушкин “Өлi жандарды“‚ ал реализмiнде шарттылық‚ қиял-ғажайыбы‚ гротескi басым Гоголь тiршiлiкке нықтап табан тiреген‚ шынайы реализмдi негiз етiп алған “Онегиндi” жаза алмас едi. Бұл әркiмнiң өз дарынының қырын‚ сырын‚ табиғатын аңдау деген сөз. Бiзде‚ көбiне‚ осы жетiспей жатады. Мiне, осы жағдайды қатты ескерiп, тың тұжырым жасап, күнделiктi тұрмыс, тiршiлiктiң не бiр қалың қатпарының тереңiне шынайы суреткерше көз жүгіртiп, iрi-iрi талапқа қол соза аласа, дарынды қазақ шайырларының өздерiнiң оң жамбасына келер не бiр тақырыпты атып ұрып‚ оның жауырынын жер иiскете беретiнiне еш күмәнiм жоқ. Сөйткен жағдайда ғана поэма жанры жалған боямадан арылып‚ көркейiп‚ өсiп‚ буынын бекiтiп‚ қазақ топырағына шындап табан тiрей алады.

1972
2003

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *