Стр. 2 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Бегiлдә АЛДАМЖАР
ҚАРА НӨСЕР
АЗ ҒАНА АЛҒЫСӨЗ
Сыр бойының сүлейлерi ұлы Балқы Базар, Қарасақал Ерiмбет, Оңғар жырау,
Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсiптердiң жыр-термелерiне, Шығыс
дастандарына жастайынан қанығып өскен бiздiң ұрпаққа қарасөздi оқу деген онша
үрдiс бола қоймайтын. Сол 1950-iншi жылдары оқыған кiтәбтарымның iшiнде есiмде
қалғаны С.Мұқановтың “Өмiр мектебi” ғана. Сол кездерi жарық көрген, ауыл
шаруашылығы, өндiрiс т.б. тақырыптарына арналып жазылған роман, повесть,
әңгiмелер ешкiмдi де қызықтырмайтын. Тек 1958-iншi жылы Бейiмбет Майлиннiң бiр
томдығы жарық көргеннен кейiн барып, бiздiң елде қарасөздi оқуға құмарлық
басталды. Сол бiр томдықты сатып алған мен жетiлiк май шамды жағып қойып,
етпеттей жатып ап, бiздiң үйге жиналған көршi-қолаңға Биағаңның әңгiмелерiн
мәнерiне келтiре дауыстап, қаншама рет оқыдым, — бiлмеймiн. Бар бiлетiнiм — ол
дүниялардың жұртшылықты жалықтырмайтыны едi.
Осыған дейiн, 1957-iншi жылдың аяғында, мынадай бiр жағдай болған едi. Бiрде
клубта жүрiп жатқан “Тынық Дон” деген фильмдi қызыға көрдiм. Ертеңiне совхоздың
кiтапханасына барып, М.Шолоховтың романының орысшасы мен қазақшасын атыма
жаздырып ап, разъездге қайттым. Содан оны ал кеп оқиын! Менi сонда ең басты
таңғалдырғаны — мұндағы жазылған жәйттердiң қарапайым өмiрде барлығы, онда
ертектер мен қиссадағыдай адам сенгiсiз жағдайлардың, жалпы өтiрiктiң жоқтығы,
адамдардың мiнез-құлқының шынайылығы, суреттелген жағдайлардың растығы,
бұқара халыққа тән тiл, неше түрлi кiсi тағдырының шынайы түрде көрсетiлуi болды.
Мен бұған дейiн қазақша жазылған мұндай бiр де бiр кiтәбты кездестiрген емеспiн.
Содан бастап мен орыс әдәбиетiнiң озық үлгiлерiн, ешқандай жүйесiз, қолыма түскенiн
түскендей оқи бастадым. Сүйтiп жүргенде 1960-ыншы жылы туылғанына жүз толуына
орай А.Чеховтың көп томдықтары басылып шыға бастады. Сол жылдары оның қазақша
үш томдығы да жарық көрдi. Соларды құныға оқып жүрiп, өлеңмен қатар қысқа
әңгiмелер жазуға да талап қылдым. Келе-келе сол кездерi үлкен кiсiлерден естiген әр
түрлi әңгiмелердi роман етiп жазбақ та болдым, бiрақ тәжiрибем жетпей, бәрi де талап
күйiнде қалды. Сүйтiп орыс әдәбиетiн оқып-зерттей жүрiп, француз әдәбиетiне, әсiресе,
Мопассан мен Флоберге қызығуым басталды. Сол жылдары Толстой, Чехов,
Мопассандардың әңгiмелерiн қазақшаға аударып та байқадым. Оған қоса 1960-ыншы
жылы жарық көрген “Жас қанат” және “Жол басы” деген жинақтар менi екi жанрда
қатар жазуға итермеледi.
1960-ыншы жылы М.Шолоховтың жарияланған “Көтерiлген тың” деген романын
оқып шығып, бiздiң елде болған Ақмырза қажы көтерiлiсiнiң, жалпы 1930-ыншы
жылғы жағдайдың ұқсастығын көрiп, өз әкемнiң, Ақмырзаны көрген кiсiлердiң ол
жайлы айтқан әңгiмелерiн тыңдай жүрiп, роман жазсам деп ерсi талап қылдым. Әрине,