148
Жәнiбек не дерiн бiлмедi. Мұның анадан туғалы орыс атаулыны көрiп тұрғаны осы. Олар кiм,
олардың патшасы кiм, олар Сыр бойынан не iздеп жүр, түпкi мақсаты қандай — бұл оның бiр де бiрiн
бiлмейдi. Тек бар бiлетiнi бұрын-соңды қоңсы боп көрмеген, танысып-бiлiспеген, басқа дiндегi
жұрттың қазақтарға жақсылық ойлай қоюы қиын. Олар түгел, мына дiнi бiр, тiлi ұқсас хиуалықтардың
да қазақтарды жарылқап жатқаны белгiлi. Мына жағдай былай тартсаң, арба сынады, олай тартсаң,
өгiз өледiнiң нағыз керi ғой. Сонда не iстеген жөн? Осыны iшiнен ойлап қойып, Жәнiбек сырын
сыртына шашпай, iштен түйiлген қалпы жүрiп келе жатты.
Бiр аптадан соң олар Сырға құлады. Дариядан өткеннен кейiн, Уәйiс-Нияз бiр кiсiнi басшы ғып,
сарбаздарды Хиуаға жiбердi де, өзi Қожанияз қамалына кеттi. Жәнiбек болса, Көсенiң арғы
қолтығында отырған өз ауылына тартты. Ол ауылда бiр апта болды да, тездетiп жолға жиналды.
Қасына Қасқырбайды ертiп, жетекке жарамды қос ат алып, жолға шықты.
Бұ кезде сүмбiле туып, су суып, ала жаздай қақтаған аптаптан сарғайып кеткен Сыр өңiрiне күз
дендеп ене бастаған едi. Таңғы ауа сап-салқын. Қызылдың мал тұяғы тие қоймаған қау шөбiне түнгi
салқынмен қалың шық түсiп қалыпты. Екеуi қалың шөптiң арасымен қатарласа жүрiп келе жатты. Бiр
демде олардың аттарының тұяқтарын шашаларына дейiн дымқыл шық жылтырата шылап та тастады.
Сәлден соң жылуы жайнаған шоқтың табынша бетке жайлы тиiп, күн көтерiлдi. Терiскейден
соққан ызғырық жел кең аспанда үйiрiнен адасқан алба-жұлба бұлттарды әлдеқайда қуалап барады.
Артынан келiп қалған қыс ызғарын сезгендей тырналар садақ оғынша үшкiлдене сап түзеп,
қанаттарын жәй қағып, тырулап, түскейге қарай беттерiн түзеп те үлгерiптi. Ойда-жоқта өзi бұрын-
соңды көрмеген жаққа қарай сапар шеккен Жәнiбектiң ойы да алба-жұлба бұлттардай ұйқы-тұйқы.
Тынымсыз мазасыздана берген жаны да мына тырналардай өзiнiң жай табатын қонысын iздейтiндей.
Бiрақ оның қайда екенiн бұл әзiрге бiлмейдi. Соны бiлу керек-ақ. Осы ой жанына медеу болған ол
тағдыр-талайы сан рет сынға түскен Сыр бойының жаңа бiр бұралаңын бастап кешiруге бекем бел
буып, Қоқан ханы сұрайтын, өзiне битаныс жақ Ақмешiтке қарай нар тәуекел деп қадам басты.