Стр. 2 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

1
БЕГІЛДӘ АЛДАМЖАР
ҰЛЫ СЕЛ
ТӨРТ КІТАПТЫ РӘУӘЙЙАТ-РОМАН
БIРIНШI КIТАБЫ
БIРIНШI ДӘПТЕР
1
— Ойбай, құрыдық!
Қуаңдарияның шыбын-шiркейi аз, қамысы жоқ жайпауыт жағасында отырған ауыл кiсiлерi
шошынып, үйлерiнен атып-атып шықты. Жаманшылықты көп көрiп, зәрелерi ұшып, запы боп қалған
үлкендер жағы әлден тiксiнiп, астындағы атын басқа-көзге қарамай сабалап, қақпа шекпенiнiң
шалғайы далпылдап шауып келе жатқан кiсiге абыржи қарады.
Салт атты кiсi барқырап келедi:
— Құрыдық! Құрыдық!
Кiсiлер көздерiн колдарымен күннен көлегейлеп, жолаушыға тесiле қарады:
— Ойпырмай, бұ кiм болды?
— Кәпiрдiң даусы қандай жаман!
— Кiм де болса, жағына жылан жұмыртқалағыр екен! Ел басына жамандық шақырып...
Осы кезде туырлығын күн жей қоймаған алты қанат ақ үйден дамолла Жәнiбек, оның соңын ала
көршi ауылдан қымыз iшiп кетпек боп қыдырыстап келiп жатқан Қалдыбай, Қасқырбайлар шыға-шыға
келдi. Ауылға жақындап қалған салт аттыны көрiп, Жәнiбектiң түсi бұзылып кеттi.
Оның ретi де бар едi. Соңғы кездерi қазақ даласына орам ала бастаған орыс патшасы ендi Сыр
өңiрiне шеңгелiн салады-мыс деген суық сөз жиi естiле бастаған-ды. Оны Қоқан мен Хиуа хандарының
ел арасына астыртын жiберген жансыздары да одан әрмен құлпыртып, құтырта таратып жүрген-дi. Бұл
кездерi Сыр бойының Ақмешiт, Тереңөзек, Қармақшы жағы — Қоқанға, Аралға жақын Қазалы өңiрi
— Хиуаға қарайтын. Ал Бұхара әмiрi Шөмекей тайпасы жайлайтын Қызылқұмға ендi аяқ сала бастаған
болатын. Осыдан бiраз жыл бұрын салынған Құмқамалға Хиуа ханы Сыр бойын ақ патшаға бермеймiз
деп, Орынбордағы орыс губернаторына қыр көрсетiп, былтыр көп сарбаз әкелген-дi. Бiрақ олар
қазақтарды жаудан қорғаудың орнына, ауылдарын шауып, малдарын талап, жүгенсiздiк жасап жүр.
Соны бiлетiн қазақ ауылдары құлақтарын оң жаққа түрiп, сәл сыбыс шықса, Қызылдың жықпыл-
жықпылына көше жөнелуге дайын отырған-ды. Ендi мына кiсiнiң де сондай суық хабарды әкеле жатуы
мүмкiн.
Жәнiбек үстiне желең жамыла салған масаты шапаны иығынан сусып түсе бергесiн, сол қолымен
жөндеп қойды. Өзiнiң жылтыр қара жүзiне әлдеқандай абыржу ене қалыпты.
— Бұ кiм болды екен?
— Оны… итiм бiлiп пе?— дедi кеспелтек денелi, мығым Қасқырбай мұрнынан мыңқылдай сөйлеп.
— Өй, мынауың Тиышбек болмасын,— дедi Қалдыбай Жәнiбекке қарап. Талай рет балуандардың
күресiнде топқа түсiп, бәйгi алған жiгiттiң ештеңеден сасатын түрi жоқ. Жүзiнен өзiне өзi қатты
сенетiнi байқалып тұр.
— Өй, мынау Тиышбек қой! — Жәнiбектен бiр адым кейiн тұрған атшабары күлiп жiбердi.
Жұрт та бойлары жеңiлейiп, демдерiн бiр-ақ алды:
— Шынында да сол!
— Бұ бәтуасыз неден үркiп келедi екен?
— Оны... итiм бiлiп пе?
— Осы-ақ... ауыл арасын... жау шапқандай дүрлiктiредi де жүредi.
— Шыдаңдар, аңысын аңлайық.
Сол арада барқырауынан танбаған Тиышбек атын борбайлатқан күйi топ кiсiнiң жанына кеп тiзгiн
тартты. Өзiнiң екi езуi ақ көбiктенiп кетiптi.
— Ойбай, құрыдық! Бiттiк! — дедi ол әңгiрлей сөйлеп.
— Ау, не болды соншама?
— Жарқыным, жөнiңдi айтшы?
— Әуелi атыңнан түсшi.
Тиышбек сасық күзенше шақ ете қалды:
— Артымнан қаптаған жау келе атқанда атымнан неге түсем, а?
— Әй, о қандай жау? Жөнiңдi айтсайшы, — дедi Жәнiбек мына сөзге сенер, сенбесiн бiлмей, түрi
күреңiте түсiп.
— Ойбай, оның айтары жоқ! — Тиышбек қамшы ұстаған қолын оңды-солды сiлтей сөйледi.—
Құмқамалның жаны толған әскер. Елдiң айтуынша, Хиуадан ләшкер тартып келе атқан сарбаздардың
қисабы жоқ көрiнедi. Сарттар қазақтан кек аламыз деп, қару сайлап шығыпты дейдi.