— Қап, пақырға қиын болған екен, — дедi Жәнiбек әлденеге оны аяп. Сосын есiне жақында ғана Хиуадан келген
шабар түстi.
— Бала, солай. — Ол берi бұрылды. — Ал мына туралы не ойлайсың?
— Төке, шынымды айтсам, осының бiрiне де түсiне қойған жоқпын. Ауызша айтыла бередi ғой. Бөтеннен пайда
болады дегенге, өз басым, онша сене қоймаймын. Тiзгiнi өзiнде болмағасын, қандай жүйрiк ат та мүсәпiр; ол үстiнде
отырған қожасының айтқанына қарай жүрмей ме?
— Оның рас. — Батыр күрсiндi. — Ақырын Алладан тiлейiк. Әйтеуiр, ел-жұрт аман болсын де.
Тоғанақ батыр Жаңадария жағындағы өз аулына қарай кеткесiн, Жәнiбек Кеңтүптiң тұсынан Сырдан өтiп алғанды
жөн көрдi. Қасқырбайды жанына ерткен қалпы салқа жорта отырып, Кеңтүпке құлай бердi. Сырдың бұл арасы бергi
жағасы тiкжар, қарсы бетi жайылма ендi едi. Тас төбеге келген күн сәулесi жалтырап ағып жатқан айдынның бетiне
шағылысып, жылт-жылт етiп, көздi қарықтырады. Дарияда аздап толқын бар екен. Бұлар қара төбеден түсiп, дайра
жағасына жете бергенде, Оқшы жақтан төбесiнде қара түтiнi бұрқырап келе жатқан әлдененi көрiп, ерiксiз тiзгiн тартты.
— Анау немене? — дедi Қасқырбай қолын шошайтып.
— Ит бiлсiн, — дедi бұ да сояққа қарап тұрып.
Әлгi келе жатқан кеме боп шықты. Оның сырланған темiр сауыты күн нұрына шағылысып, төбесiндегi дөңгелек
тұрбадан қара түтiнi будақтап, өрге қарай жүзiп барады. Оның бас жағында бiр кiсi дүрбi салып, берi қарап тұр. Үстiңгi
жақта әрi-берi жүгiрiп жүрген кiсiлер көзге шалынады. Кеме дарияның қатты ағысын, шығуы қиын өрiн елемей, тартып
барады.
Қасқырбай шошып қалды:
— Жәке, мынау орыстардың кемесi! Байқайық!
— Е, олар бiзге нағылады?
— Сонда да дегенiм ғой.
Темiр кеме iлгерi қарай жүзiп отырып, Байқожа жағына қарай кете барды. Ол сәлден кейiн тiкжар жағадан әрi асып,
көрiнбей кеттi. Бұлар таңырқап, не iстерлерiн бiлмей, жаңа ғана жүзiп өткен кемеден лықсып кеп жағаға соғылып
жатқан сарғыш та ылайлы толқындарға қарап, сол арада бiраз тұрды. Аздан кейiн жағаға соғылған толқын тиышталды
да, керiлген айдын бұрынғы самарқау қалпына көштi.
Олар ендi дарияны жағалап отырып, арғы жағасы жайпақтау жердiң қарсы бетiне кеп тоқтап, аттарынан түстi. Сосын
өздерi шешiнiп, аттардың тiзгiндерi мен ноқталарын мойындарынан шешiп ап, бәрiн ердiң артқы жағына байлауы тұрған
қоржындарына тықты да, судан шошыған екi атты жәйiмен қақпайлай отырып, суға түсiрдi. Содан кейiн қолдарымен
таралғыдан ұстап, аттардан қалыспай, бiрде малтып, бiрде аяқтарымен шолпылдатып қойып, арғы бетке қарай өте
бастады. Су жылы екен. Жүзгiш Қалдыбай салған беттен өз атын демей отырып, бұдан бiраз жерге дейiн озып кеттi.
Соған қарап қойып, Жәнiбек те таралғыны қолынан жiбермей, ақырындап малти бердi. Аздан кейiн сарылдаған қатты
ағыс бұларды ықтырып әкеттi. Пырылдап, жүзiп келе жатқан аттар қарулы едi, ақыры арғы бетке бiраз жерден ығып
барып шықты. Арғы беттегi жағаға тақап кеп, бой барын бiлгесiн, Жәнiбек аяғымен жер тiреп тұра қалды да, ендi
жануарды сауырынан қақпайлай отырып, жайпақ жағаға шығарды. Жануар аяғы жерге тигесiн, дүр-дүр сiлкiнiп,
үстiндегi мөлдiрген моншақтарды жан-жаққа шашып жiбердi. Сосын басын жерге салып, ығалды жерге өскен қоғаны
шөпсiнбегендей иiскедi де қойды.
Жәнiбек қоржынынан киiмiн алып, тез киiндi. Сосын осы кезде өзiне қарай келе жатқан Қалдыбайға қарап қойып,
атының ноқтасы мен ауыздығын салды да, үзеңгiге аяғының ұшын сұғып, ерге ытылып барып мiндi. Содан екеуi ауылды
бетке ұстап тартып кеттi. Жолшыбай бұл жаңа ғана өздерi көрген кеме жайында ерiксiз, қайта-қайта ойлай бердi. Мұның
байқауынша, әлгiндей темiр кемесi, зеңбiрегi мен мылтығы бар, бес қаруы сай ақ патшаға Қоқан мен Хиуа хандарының
қарсы тұра қоюы қиын. Ондай жауға бiр ғана садақ, сойылмен не iстей аласың? Ертең олар Сыр бойын басып алса,
қандай қайрат көрсетесiң? Оған етер не амалың бар? Одан кейiн тiршiлiк не болады, деп аңырып, ол дел-сал болды.
Кiмнiң жағына шығарын, кiмдi паналарын бiлмей, мынадай тығырықтан алып шығар жолды көрмей, тұйыққа тiреле
бердi.
Жәнiбек араға екi қонып, үшiншi күнi дегенде аулына келдi. Бұл кезде жиналып қалған жас шәкiрттерi мұның келуiн
асыға күтiп отыр екен. Жәнiбек сол күнi демалды да, ертеңiне Бұхараның мәдрәсәсында көрген үлгiнi ұстанып,
балалардың қолдарына ұштарына бiр жапырақ қағаз қадалған шилердi ұстатты да, араб әрiптерiн үйрете бастады.
Сәлден кейiн мұның айтқан дыбыстарын қайталай, тiл сындыра бастаған балалар шуылдап, тиыш тұрған ауылды ың-
жың ғып жiбердi.
Жәнiбек содан бiр ай бойы ауылдан ұзап шыққан жоқ. Шiлде өтiсiмен ораза басталды. Ауыз бекiткеннен кейiн,
балаларды бiр айға дейiн өз ауылдарыңда бола тұрыңдар қоя бердi. Сосын өзiне көмекшi керектiгiн бiлiп, Қасқырбайды
жұмсап, Бұхара жақтан бiр өзбек жiгiтiн алдырды. Ол Мир-Араб мәдiрәсәсында талиб екен. Жаз айларында пұл табу
үшiн қазақ ауылдарына барып, муаллимдiк етедi екен. Ақысына келiсiп, Жәнiбек оны өзiне көмекшi етiп алды.
Хиджраша зул-хиджа айы жақындаған сайын Жәнiбектiң кеуiлi әлденеге ауырлай бердi. Қолында тұрған өз елiнiң
тiзгiнi түн баласында тиыштық таптырар емес. Ертеңгi күнi не болады деп қатты толғанды. Бұхара, Қоқан, Хиуа
хандары ақ патшаның жолына кесе-көлденең тұра ала ма? Жер-жаһанды қаһарымен тiтiретiп, исi Шарқыны сұраған Баб
Әли жұрты бұ жайында не ойлап отыр екен? Ажам жұрты ше? Соның бәрiн мұның көзiмен көргiсi келдi де тұрды. Бiр
ойынша, Мәккәға, Мәдинәға барып, пайғамбардың басына зиярат етiп қайтқанды жөн көрдi. Ақыры сол қамшы боп,
керуендi тез жасақтады да, бiр жұмадан соң, қатын, бала-шағасымен қоштасып, Бұхараға аттанып та кеттi.