Стр. 136 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Қазалыдағы жиын ұзаққа созылмады. Жаңа қамалдың iшiне ұзыннан-ұзын үстел қойған екен, соның екi жағына
жиылған ру басыларын орналастырды. Әуелгiде орындыққа отырып көрмеген олар көпке дейiн үйренiсе алмай қойды.
Әбдiраман күңк еттi:
— Бала, ағаш қазыққа осы мiнгенiмiз мiнген шығар.
— Айтпа, — дедi Дүзбай басын төмен салып жiбрерiп. — Ана орыс ұлық неге сонша ырғалып-жырғалып жатыр?
Болмай ма екен?
— Мен де сүйдеп отырмын. Бiр кәкiр бар сықылды.
— Бәрiмiздi ұстап ап, жанымызды жаһаннамға...
— Қой, айтпа, — дедi Әбдiраман шошып.
Сол арада ағаштан соғылған тамнан Захваткин, Тортай, Қаратайлар шыға келдi. Олар үстелдiң басқа жағына
жайғасты. Сол арада қызметшiлер жүгiрiп жүрiп, меймандардың алдарына табақ-табақ еттi әкеп қоя бастады. Жәнiбек
Тоғанақ батырмен қатар отырған. Тоғанақ бұған қарап:
— Мынасы... арам-алыстiкi емес пе? — дедi.
— Түрi сиырдың етi сияқты.
Жәнiбек iштей тiксiнiп қалды. Сосын бүгiнгi естiген бiр сөздiң жағдайын ойлады. Бағана бұл Тортайдан
Қаракесектердiң үйлерiн өртегенi үшiн Захваткиндi Орынбордың генерал-губернаторы жерден алып, жерге салғанын‚
мына талаптың соны ушықтырмай, ел жақсыларының аузын алудан шығып жатқаны екендiгi жайлы естiген едi. Соны
бұл бағана Тоғанақ батырға айтып едi, ол қабағын түйiп, ұзақ ойланып отырып:
— О да жөн шығар, — деген-дi.
Тамақ келiп болғасьш, Захваткин орнынан түрегелдi. Күлiмсiреген қалпы:
— Құрметтi қонақтар! — дедi. Оның сөзiн жанында тұрған Тортай тез-тез қазақшалай бастады. — Сiздердi ұлы
Россия империясын билеушi ұлы ағзамның атынан қош келдiңiздер деуге рұхсат етiңiздер! Ендi сiздер ұлы Россия
империясына қарасты бұратана халықтардың санатындасыздар. Сiздерге Хиуа ханы ендi батып тиiсе алмайды. Бiз
сiздердi ондай жаулардан мәңгi-бақи қорғаймыз. Ал өз жағдайымызға келетiн болсақ, бiз сiздерден тек қана тыныштық
сақтауды, ақ патша әмiрiне бой сұнуды, көрсетiлген жерлерден әрi қарай көшiп-қонбауды ғана талап етемiз. Сiздер
кейбiр ағылшын жансызданың сөзiне ермеңiздер. Олар ұлы Ресей империясының мақсат-мүддесiне зиян тигiзудi ғана
ойлайды. Оларға тiлектестер бiзге дос емес. Бүгiн сiздердiң бастарыңызды қосып отырғандағы мақсат...
Әр жағын Жәнiбек жөндеп тыңдамады. Оған ұнамағаны Захваткиннiң көкiрегiн кере бергенi болды. Мына араны
ата-бабасы қоныс еткен ел-жұрт болған-ау, оның да үрдiсi, дiнi, тiлi бар-ау деген ой басына да кiрiп шықпайтын тәрiздi.
Басқадан пана боламыз деп баспанаңнан қағылмасаң не еттiң? Әлде мұның басқаша астары бар ма?
Ол сөйлеп болғасын, осы арадағы ел-жұрт атынан Ережеп сөйледi. Ол татулық, ауыз бiршiлiк туралы қысқаша айтты
да қойды.
Содан кейiн қонақасыны жеу басталды. Шалдар жағы ұялғанынан қолдарын етке бiр-бiр апарды да тиылды. Мұны
байқаған Қаратай сұлтан:
— Ақсақалдар, алыңыздар. Бұл сиырдың етi. Сiздерге арнап әдейi сойғанбыз, — дедi.
— Басын құбылаға қараттыңдар ма? — дедi дөңкиген бiр шал оның сөзiне сене қоймай.
— Оған не сөз бар. Мұны осындағы мұсылман татар, башқұрттар сойды.
— Е, е, — дедi әлгi шал сенер-сенбесiн бiлмей.
Оның сөзiн Тортай қазақшаға тәржiмалап отырған. Кенет Захваткин белең алған атша басын кегжең еткiзiп,
қарқылдап күлiп жiбердi. Қаратай тыжырынды. Сол екен, Захваткин ыңғайсызданып қап, күлкiсiн тия қойды.
Тоғанақ қабағының астынан қарап қойып:
— Мынауың... өзi, — дедi Жәнiбекке.
— Ендi... бiр елдiң басшыларының бiрi ғой.
Сол арада Қаратай сұлтан сөйлеп, ақ патшаның қамқоршылығында отырған басқа да мұсылман елдерi туралы айтып
өттi. Оның сөзiнше, ақ патша майда халықтарға қиянат жасамайды, қайта оларды бауырына басып, бөтен күштi, жаугер
тайпалардан қорғап отырады. Сыр бойы қазақтарын да Хиуа мен Қоқанның тепкiсiнен қорғамақ.
— Сонда елдi кiм басқарады? — дедi сол арада Тоқым тыққан Қаратамыр Қыстаубай батыр қаттырақ сөйлеп.
— Ол... кейiн белгiлi болады. Әзiрге бiз мына ұлыққа қараймыз.
— Алым-салық төлеймiз бе?
— Ояғы... онша көп емес.
— Е, солай де. Бiздiкi, әйтеуiр, беру болды ғой, — деп Ақтан батыр жанындағы бiр кiсiнi тұртiп қойды.
— Менiң сұрағым, ақ патша осымен тоқтай ма, әлде iлгерiлей түсе ме? — дедi Жәнiбек алғаш рет үн қатып.
— О жөнiнде ештеңе айта алмаймын. Оны ақ патшаның өзi бiледi.
— Е, жөн екен.
Қонақасыдан кейiн ел-жұрт қайтпақшы болды. Сол арада Захваткин ру басыларына бiр-бiрден грамота бердi. Бұл
олардың Ресей патшалығының абызында екенiн, оларға басқа ешкiмнiң батып тиiсе алмайтындығын, тиiссе, оның ұлы
Ресейге тиiскенiмен пара-пар екендiгiн көрсетуге тиiс. Сосын ол әр елдiң ақсақал, қарасақалдарына шапан жауып,
ырзашылығын бiлдiрдi. Ел тарқай бастады.
Жәнiбек Майлыбасқа дейiн Тоғанақ батырмен бiрге келдi. Батыр үнсiз. Қабағы салбырап түсiп кеткен. Соны көрiп
Жәнiбек те ештеңе дей қоймады. Бiраздан соң батыр:
— Қызық-қызық заман болғалы тұр-ау! Қайдам, ел-жұрт аман болса, жарады да, — дедi.
— Ұшпақты орнатып тастағанына қарағанда... мен де...
— Әй, — деп ол қолын бiр сiлтедi. — Ана сұлтандардың сөзiн қой! Қай бiр сенiң жайыңды ойлап отыр дейсiң. Бәрi
де бас қамы ғой!
— Айтпақшы Елмырза төре неге келмеген?
— Оның жайын есiтпеп пе едiң? — Ол ер үстiнде қозғалақтап қойып, берi бұрылды. — Ол әнеу күнi қашқаннан
қашып отырып, Бұхара арқылы Хиуаға барыпты. Оның Насруллаға барғанынан күдiк алған ба, Мұхәммәд-Инақ хан оны
зынданға тастатыпты.
— Қойшы?! — дедi Жәнiбек шошынып. — Рас, рас. Соны сұлтанның аулын берi көшiрiп келген Шатай айтыпты.