Стр. 2 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

БЕГІЛДӘ АЛДАМЖАР
ҰЛЫ СЕЛ
Төрт кітапты рәуәййат-роман
Екiншi кiтәб
Бiрiншi дәптер
1
Биыл Сыр бойында сары күз ұзақ айналатын сыңай көрсеттi. Тамыз айының аяғына таман күн қатты ысып, ала
жаздай аңқасы кеуiп, тулақша қатып жатқан сайын даланың бетiндегi құлпырып жатқан қалың түктi мүлдем күйдiрiп
жiбердi. Тек ұлы дарияның жағасы ғана салқын сабат. Қауындар қақ-қақ айрылып, пiсiп жатыр. Әсiресе, биыл
Тұрғалидың Сыр жағалауындағы кең алқапты тұтастай көмкерiп жатқан тарысы аузы-мұрнынан қақалып, бiтiк боп
шықты. Егiндi бала-шағасы боп жабылып, орып тауыса алмағасын, ол екi қап тары берем деп, Нарманнан көмек сұрады.
Нарман ауыл арасы жақын болса да, баяғы болып-толып тұрған кездегi iстейтiн әдетiне басып, бойын шаң-тозаңнан
аулақ ұстағысы кеп едi, бiрақ тiршiлiк қамы оны өз дегенiне ие бердi. Ақыры баласы екеуi белдерiн бекем буып,
қолдарына орақ алды.
Бүгiн де күн көкжиектен қылт етiсiмен, Нарман мен Қалмырза бiр-бiр тостаған айранды бастарына көтере сап,
жалаңқат шекпендерiн киiп, егiнге қарай жөнелдi. Келе екеуi кеше аяғына жете алмай қойған атыздағы қалың тарыға
ықыластана тиiстi.
Iрi сүйектi, қошқар тұмсық, арбиған Нарман әудем жерге барысымен белi айналып, май топыраққа отыра кеттi де,
уысындағы тары сабақтарын бiр жағына қоя салды. Сосын тер шұбырған бетiн орамалмен сүртiп жатып:
— Қайдағы тегiн жатқан батпан қүйрық деп едiм-ау, — дедi. — Бұл қара жер де ырыздық несiбеңдi сараң
қатындарша сығымдап бередi ғой.
Қалмырза үндемедi. Кiшкене қайқы қазақы қол орақпен уысына толған сабақты түп жағынан сыр еткiзiп орып, бау
үстiне тастай сап, iлгерi жүрдi.
Нарман тағы да сөйледi:
— Қара жер не бередi деп дәметкеннен гөрi, алдыңа сап айдаған он шақты жандығыңа дәнеме де жетпейдi. Қазаққа
қол кәсiп мал ғой.
Қалмырза тағы да тiс жарған жоқ. Ол анадағы уақиғадан соң, әсiресе, қалың көптiң көзiнше Ережептен таяқ
жегеннен кейiн, iштей әкесiнен суынып кеткен. Бiрақ ат құйрығын шорт кесуге болмайды. Әрi Ережеппен шiренiп
отырып сөйлесердей бұлардың ойға-қырға сыймай, мыңғырып жатқан малы жоқ. Соны iштей таразыға сала келе,
Қалмырза ендiгi жерде қара жерге жалынғанның өзi дұрыс-ау деп түйген. Анада сол ойын әкесiне айтып едi, Нарман:
— Айта көрме! Ойбай, ендi сақал-шашым ағарғанда, жер шұқылап, сарт болатын жағдаятым жоқ, — деп, салған
жерден ат-тонын ала қашқан.
— Ендi... не кәсiп қыламыз? — деген Қалмырза әкесiне таңдана қарап.
— Оны... ойлайтын несi бар? Бiр кезде қыдыр шалған босағаға құт айналмай қоймайды. Елу жыл жарлылықсыз
байлық жоқ деген. Құдай берейiн десе, кәзiр-ақ. Сонда мына он шақты уақ жандықтың басы жүзге, жүзi мыңға қалай
жеткенiн бiлмей де қаласың.
— Әй, қайдам!?
— Оның iж қайдамы жоқ. Сабыр түбi — сары алтын деген.
Сол жолы әкесiне қарсы сөз айтпаған. Iшiнен бұрын атқан асығы алшысынан түсiп тұрған кiсiнiң ел-жұрттың
табасына қап, үстi-басы күс-күс боп, дихандық етуге арланатынын айқын аңғарған. Және де осы от басына күн
құрғатпай ана желөкпе Нияздың қыдыңдап келе беретiнiнен әкесiнiң иегi неге қышитынын сезген-дi. Оның ойы белгiлi.
Iргелi жер, ертең құда түсе қалса, жетiмсiреген желiсiне тай-құлынның байлануы сөз емес. Құдай көктен тiлегенiн
жерден берiп, дәулеттi жермен сүйек-шатыс болса, қалғанын Нарман ешкiмнен сұрамайды. Көз ашқаннан бермен қарай
мал арасында жатып, малмен бiрге өрiп дағды алып қалған ұсынақты ол шаруагөйлiгiне басып, бiрер жыл қарамында
азды көп ете алады. Бiрақ Нияздың сол сөзi жiңiшкерiп кеттi. Мiрәлiнiң қызын әне түсiрем, мiне түсiрем деп жүргенде
Зағипа жат құзғынның арам шеңгелiне iлiнiп, айдай әлемге масқара болды. Анада Мiрәлiнiң орнына бата оқып
барғандарында, қызды отауынан шықпайды деп есiткен. Содан берi Арқа жаққа ауа көшкен Ережеп ауылынан еш хабар
жоқ.
Қалмырза айнала бастаған белiн жазып, кеудесiн көтерiп, бойын тiктедi. Буын-буындары күтiрлеп, құрысқан денесi
азырақ жай тапқандай болды. Сосын әкесiне қарап:
— Көке-ау, оның несiн айта бересiң? Баяғы заман жоқ ендi, ол мың айтқанмен қайтып келмейдi. Одан да... ендiгi
жерде өлместiң қамын iстеген дұрыс емес пе? — дедi.
Жерде отырған Нарман шекпенiнiң етегiн қолымен қағып қойып:
— Бiр есептен... оның да дұрыс. Дегенмен көз үйренген малға не жетедi, — дедi ауыр күрсiнiп.
Қалмырза әкесiн аяп кеттi. Көптен берi iш жағында берiш боп қатып жатқан бiрдеңе кенет омырыла сынып сала
бергендей көрiндi. Сонда да бас көтере бастаған елжiреуiк сезiмiн сыртына шығармай, бет өңiн әзер дегенде билеп:
— Әрине, — дедi. — Бiрақ... басқа қандай амал бар?