Стр. 3 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Ендi...
— Мына Қазалының алқымындағы жатақ Қаракесектер құсап, мал ұрламасақ...
— Айта көрме, — дедi Нарман шошынып. Ақ құба өңiне тез арада сұсты көлеңкелер ойнап шыға келдi. — Үйтiп...
жетiм-жесiрдiң мұрын боғы мен көз жасын жеп байығанша, тақыр кедей болғанымның өзi-ақ жақсы.
Қалмырза алғаш рет әкесiне риза бола қарады. Қолына орағын алып:
— Ендеше... мынаны ермек ете тұрайық, — деп, алдындағы тарыға қарай еңкейе бердi.
Түс әлетiне таман әйелi мен Тұрғали келдi. Арқасына салған кенеп қабын жерге абайлап қойды. Сосын қапты ашып,
iшiнен сары ала қауындарды шығара бастады.
— Нәке, кел, шөлдеген шығарсың.
— Айтпа. Күнi құрғыр да жанып кеттi. — Дем алуға сылтау табылғанына қуанып кеткен Нарман қолындағы орақты
жерге лақтыра шаншып, көк сауыр былғарыдан тiгiлген жайпақ табан қазақы етiгiмен аңызда жатқан тақыр
қылтанақтарды сықырлата басып, Тұрғалидың жанына келдi.
Тұрғали бiр әйдiк күләбiнi жарып, қолындағы қылпыған пышағымен тiздеп бiр бөлегiн Нарманның алдына қойды.
— Нәке, кәне, алыңыз.
— Иә, бiсiмiллә, — деп Нарман қынынан құс кездiгiн суырып алып, оны сумен асығыс шалай сап, қауынға тиiстi. Бiр
бөлегiн аузына салып едi, шекердей дәм дем арасында уылжып ерiп жөнелдi. — Тәттi екен, — дедi ол ерiксiз сүйсiнiп.
— Бұл тұқымы бөлек күләбi ғой, — деп, Тұрғали бiраз көтерiлiп қалды. Сосын анадай жерде тары орып жатқан
Қалмырзаға қарап:
— Әй, бала, шаруаңды қоя тұр! Мазалы дәмнен қалып қоясың! — деп айқайлады.
Аздан кейiн олар дәм үстiнде шаруа бабын жайбарақат әңгiмелеп отырды. Бүгiн Тұрғалидың әйелi торсыққа ашытпа
құйып әкелген екен. Қаны кеуiп қалған Нарман тары көженiң ашқылтым суын өлiп-тiрiлiп iштi.
— Шiркiн, тары деген берекелi екен ғой, — дедi ол мұртының шалғысына жабысып қалған көже дәнiн қолымен
алып жатып.
— Оның не айтары бар. Тары тоқ болады, — дедi Тұрғали дәудiрлеп.
— Солай ма?
— Ендi қалай деп ең? Ертең жинап алғасын, оны келiге сап ақтаймыз. Қуырып сөк жасаймыз. Сосын... оны қыста
сары майға салып жесең, ұзақты күнге қарның шұрқ етпейдi.
Қалмырза әкесiнiң әңгiмеге ауаланып отырған қалпына күлiмсiрей қарады. Ала жаздай еткен бейнетiнiң зейнетiн
жаңа көре бастаған дихан өз кәсiбiн тасырта мақтап бара жатқанын аңғарды. Iштей: “Не қылған оп-оңай келе қалған
тоқшылық? Бiр қап тарыны арқа етiң арша, борбай етiн борша болып жүрiп алмайсың ба? Жайылымы мен бақташысы
табылып жатса, төрт түлiк малдан артық ештеңе жоқ та шығар-ау!” — дедi. Сол екен, есiне Зағипа түстi. Бишара қыз
елге қарауға бетi қалмай, оң жақтағы үйiнде жер боп отыр. Қалмырзаның одан әрмен ойлағысы келмедi. Пышағын
жуып, қынына сап, астына төсеген шекпенiне қисайды.
Тұрғали тағы да дыбдырлап:
— Кәне, мына қауынның қалғанын үйiңе апар. Бала-шағаның жеңсiк асы ғой, — дедi.
— Алдыраз болсын.
Күн ұясына қона Нарман мен Қалмырза ауылына қайтты. Күнi бойы аңылжыған аптаптан дел-сал болған жалпақ дүз
салқын түсе солықтап жатқандай. Аспанда әр жер, әр жерде шашыраңқы бұлт бар. Терiскейден күз соңынан қуалап келе
жатқан қыстың қаһарлы лебiн сездiрердей майда салқын жел соғады. Қалмырза бiр қап қауынды арқалап келе жатып,
қурап кеткен жусан түбiршектерiне сүрiне бердi. Бiр рет еңкейiп кетiп, құлармандай боп барып, бойын шаққа дегенде
тежедi.
Олар ауылға жеткенде, қолдағы азғантай мал өрiстен құлаған екен. Қалмырза қауынды iргеге қоя сап, қозыларды
енесiне жамырап кетпесiн деп тез-тез көгендедi. Сосын қой сауған шешесiне көмектестi. Енесiнiң бауырына аз ғана
жiберiп, емшегi иiгесiн, марқа қозыны кейiн тартып, босатпай ұстап тұрды. Қызыл қоңыр жүнi бұйраланған қозы бiр-екi
рет енесiне қарай ұмтылды. Қалмырза оны өзiне қарай тарта бере, жылы сүт, күңсiген жүн исiн сездi. Бала кезiнен таныс
иiс оған сол сәтте ыстық көрiнiп кеттi.
Кешкiсiн қара үйдiң iргесiне жайылған алаша үстiне көрпе салып, Қалмырза мен Ағлес оны-мұны әңгiмелеп отырды.
Лезде қас қарайды. Толықсып ай туды. Айдың алтын тозаңша құбыла құйылған сәулесi Ағлестiң сәл-пәл қоңқақтау
мұрнын, ақша жүзiн бiр түрлi сүйкiмдi етiп көрсетедi. Ол өрiктен шабылған домбыраны жәйiмен шертiп отыр. Жасынан
ән, күйге әуес болған қарындасы көршi-қолаңның өсек-аяңына құлақ аспай, ер балаша жүрiп-тұрып, домбыра тартып
үйренген-дi. Кейде ащы айқайламай майда қоңыр дауысқа сап, ән айтатыны да бар. Осы өлкеге атам заманнан бермен
қарай таныс “Үкiлiм-ай”, “Сәулем-ай”, “Ақ дариға”, “Маусымжан”, “Құралай” тәрiздi сырлы әндердi Ағлес
домбырасының iшегiн жәй қағып, үзiлте айтады. Осы жолы шырқай жөнелмей, екi шектi қоңырлата шертiп, ыңылдап
отыр:
Бiр қамшым бар қолымда, а-х-а-ау бүлдiргелi-ай,
бiр сөз айтам қалқаға күлдiргелi, әридайдай.
ақ дариға-ай, күлдiргелi, әридай-ай.
Қалмырза қарындасының жай-күйiн ұғады. Бiрақ ештеңе дей алмайды. Соны баяулата созылған ән әуенi жеткiзiп
жатқандай.
Әрi отырған орныңнан бермен отыр,
қармағым жоқ қолымда iлдiргелi.
Ағлес қайырмасына келгенде екi iшектi iле шертiп, қақпақты сәл-пәл қаға түсiп, мұңды даусын қоңырлата созды.
Мұңайған жүзi бiр түрлi сүйкiмдi көрiнiп кеттi. Сол арада iштен шешесiнiң күрсiнгенi естiлдi. Iзiнше Нарман жөтелдi.
Ағлес домбыра iшегiн қолымен баса қойды.