Стр. 2 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

1
БЕГІЛДӘ АЛДАМЖАР
Ұлы сел
Төрт кітапты рәуәййат-роман
Үшіншi кiтәб
Бiрiншi дәптер
1
— Уһ‚ мына күнi құрғыр жанып кеттi ғой!
Таң азаннан атқа қонып‚ еш жерге тiзе бүкпестен салқа жортып келе жатқан бес жүздей кiсiнiң
ешқайсысы Елдестiң сөзiне елең ете қойған жоқ. Бәрi де қамшы созым жерде астаубас атының сауыры
төңкерiлген қазандай боп бiр қалыппен келе жатқан Тоғанақ батырдың алып тұлғасына қарап қалған.
Күн‚ шынында да‚ сиыр сәскеге таман қатты ысып кеттi. Айнала аңылжып тұр. Құдды аспан айналып
жерге түскендей. Төңiректе үп еткен жел жоқ. Әшейiнде iндерiнен сыртқа шығып‚ алдыңғы екi аяғын
кеудесiне қусырып‚ бейсеубет жүрген жолаушыларға бойын соза түсiп‚ таңырқай қарап тұратын
балпақтар да, төбеден зуылдап өтiп жататын бұлдырықтар да көрiнбейдi. Әбден қаталаған
бозторғайлар екi көзi ақықша жылтырап‚ ауыздарын ашып‚ сарғайып кеткен жусанның болар-болмас
көлеңкесiн паналап‚ тығылып жатыр. Олар көп аттың топ-топ түскен тұяқтары жақындап қалғанда
барып‚ қанаттарын ерiне қағып, аулақтау жерге ұшып барып қонады.
Тоғанақ батыр жiгiттерiнiң қажығанына қарар емес. Ол қол алдына түсiп ап‚ арлаған қалпы еш
жерге кiдiрмей тартып келедi. Мұның бұл сапарға шығуының өзi қызық.
Осыдан бiрер жұма бұрын Созақ төңiрегiн жайлайтын Жетiру тайпасына жататын Тама Құрбан
бидiң жаңғыз баласын Созақтың астамсынған бегi толы көптiң көзiнше әбден қинап өлтiрiптi. Соған
азарланған Тама Құрбан би осы кезде Сыр бойынан түскей жаққа қарай ауған Қайып ханға барып
арзасын айтыпты. Бiрақ Қоқан ханымен келiсе алмай, соғыс ашып, Созақ қамалын қоршап жатқан
Қайып хан оған онша рай бере қоймапты. Ол қамалды ала алмағасын, ақыры көмек сұрап, Тоғанаққа
шабар жiберген болатын.
Батыр шабарман кеткеннен кейiн бiраз ойланды. Онысы да себеп те бар едi. Тоғанақ орыс қолы
Қазалыны Сыр бойындағы мықты бекiнiсiне айналдыра бастағаннан кейiн‚ iштей әлденеден сескенiп‚
Қызылқұмның iшкi жағына қарай қоныс аударып, малға жайлы‚ жерi от‚ жыңғылы мен сексеуiлi
сыңсып өсетiн Қарақ тауын қоныс еткен-дi. Бұ жолы ол қасынан жақын iнiсi Сәндiбектi қалдырмаған-
ды. Оның мұнысы кейiнiнен өзiне өте жақсы болды: батыр бiр жаққа шыға қалса‚ ол аз ғана мал-
жандыққа еге болады. Әрi өзi шаруаға ептi‚ ұсынақты‚ пiсенттi. Оған қандай iстi тапсырсаң да‚
тиянақты етiп орындайды және де айтқаныңды екi етпей‚ елгезек тартып‚ елпеңдеп жүредi. Ал бұл
болса‚ бар шаруадан қолы босағасын‚ ендi қым-қуыт тiршiлiктiң күйбеңiн мүлдем ұмытқандай боп‚
өлгенде көрген қызыл шақа жас нәрестенiң қызығына берiлдi де кеттi. Батыр таң намазын оқи сап‚
бесiкте жатқан сәбидiң пыс-пыс етiп дем алып жатқанын қызық көргендей, добалдай саусағымен
кiшкене мұрнын қысып көредi‚ ол жылай қалса‚ өмiрi iстемеген әдетiн iстеп‚ батыр тал бесiктi
тербетiп отырады. Оның мұнысына әйелi күле қарайды.
Ол осылайша үйдегi жайбарақат тiршiлiктiң қызығына ауаланып жүргенде‚ Сыр бойында не
болып‚ не қойып жатқанынан мүлдем хабарсыз да қалды. Рас‚ ау-тауық тау етегiнде жаңғыз үй
отырған бұған Бесқаладан астық алып қайтқан Шөмекейдiң кiрешiлерi соғып та кетедi. Бұл олардан
елдегi жаңалыққа қанады. Сондай бiр күнi Бесқала жағынан астық алып келе жатқан кiрешiлермен
бiрге Тиышбек келдi. Аузы-басы сүйреңдеп‚ қайыстай жылтыр қара бетi iшкен шәйден терши отырып
ол: “Батырекесi‚ — дедi құйрығымен берi қарай бiр ысырылып қойып. — Сiз мына... сұмдықты
есiттiңіз бе?”. “О не тағы? — Тоғанақ оған қалың қабағын ақырын көтерiп қарады. “Ойбай‚ айтары
жоқ! — Тиышбек кесенi дастарханға қоя сап‚ қолын сiлкiледi де қалды. — Оны сен сұрама‚ мен
айтпан”. “Е‚ о немене сонша?” — Батыр ендi оған тура қарап‚ ақырын сылқылдап күлдi. Мұның
қабағында зiл жоғын байқаған Тиышбек ендi соққан желдей есiле жөнелдi: “Оның неменесi жоқ?
Мына ақ патша бiздi қу тақырға отырғызыпты. Қазалы маңайындағы шұрайлы жердi алып қойғаны
аздай‚ ол ендi мына Ақмешiт жағына да ауыз салмақшы көрiнедi”. “Қойшы?!” — “Қоятын түгi де жоқ.
— Ол қолымен иегiндегi бiр-екi тал сақалын ұстап ойланып‚ көзiн жұмып‚ басын шайқап-шайқап
қойды. — Бұ залымның түбi терең ғой! Қулығына құрық бойламайды. Құрығы несi‚ сiздiң ана қайың
сапты құлаш найзаңыз да бойламайды!” Сонда батыр ерiксiз күлiп жiберген едi.
Аздан соң бұл мына бәтуасыздың сөзiнiң әр жағында жатқан бiр шындық барын аңғарды. Әрине‚
ақ патша бұ жаққа бекерден-бекер аяқ салып отырған жоқ. Оның көкейiн тесiп жатқан Қаразым мен
Фәрғана алқабы екенi анық. Бiрақ оны бiлiп жатқан ешкiм жоқ. Ешкiм демекшi...
Ол сол жерде ана бiр жылы Қаратай сұлтанның өзiне арнайы ат басын тiреп кеп‚ шайланып
болғаннан соң, бiр қызықтау үгiт жүргiзгенiн есiне алды. Оның айтуынша‚ кәзiр орыстың ақ
патшасына ешкiмнiң де әлi келмейдi. Ана заманында гүрiлдеп тұрған Османлыларды бейiштей