2
Қырымнан түре қуып тастаған Ресейдiң әскерi ендi қазақ жерiне жан-жақтан анталай төнiп келедi.
Оған қарсы тұрам деген Қайыптың жағдайы анау! Соны ойлап‚ бiр тәуекелге белiн буған Қаратай орыс
патшасының шашбауын көтеруге шығыпты. Сөз iләмiне қарағанда‚ ол бұны да өз жағына тартып
көрмекшi. Соны аңғарған батыр сол жолы оған ашық жауап бермей: “Оны кезiнде... көре жатармыз”‚
— деген де қойған. Сосын ол iштей Ырғыз бен Сағызға кеп‚ орыс әскерi өз бекiнiстерiн салып
жатқанда‚ соны көрiп-бiлiп отырып‚ Хиуаның не Бұхараның еш қарсылық жасамағанына iштей қатты
таңғалған. Сол арада: “Анада Қаратайдың айтқаны‚ шынымен‚ рас болды-ау. Шамалары жетсе‚ Хиуа
мен Бұхараның патшалары орысқа неге қарсы шықпайды? Әлде олар алыста жатқан қазақтардың
жерiнде нем бар дейдi ме? Әгәр... олар үйтсе‚ онда осы бастан орыс жағын қолайлай берген мақұл
ма?”‚ — деп бiраз күйзелген. Ол өзiнiң осы бiр бөтен ойын ана бiр жолы кездескен кезiнде Елмырзаға
да айтып көрген. Ақ патшаның абызына кiрмек боп жүрген ол батырдың мұнысын бiрден қоштап‚
әрлi-берлi жылпылдап баққан-ды. Соған қарап отырып‚ мұның ойына неше түрлi күдiк шапқан едi.
Ендi мiне Тиышбектiң әңгiмесiн тыңдап отырып‚ сол ойының ұштығына жете алмай‚ iштей бiраз
дағдарып қалады. “Ендi Ақмешiттi басып алар болса‚ онда Қоқан ханы не iстер екен”‚ — деп‚ ол бiраз
толғанып отырды. Мұның байқауынша‚ оның да күнi бiтiп келе жатқан сияқты. Ол Ақмешiт‚
Қосқорған‚ Аламесек қамалдарын салып‚ Шөмекейлердiң жерiне бекiнсе де‚ соны ұзақ ұстап тұра
алмайтын ыңғайын көрсетiп-ақ жүр. Оның озбыр бектерiне ел наразы. Оның үстiне, хандар да өзара
жараспай қойды. Осының бәрiн сараптай келе‚ бұл осы сапардан бас тартып қалғаным жарамас деп‚
шабардан жол бағдарын сұрап алған да‚ ертесiне ел-елге жар таратып‚ ередi-ау деген кiсiлерге ат
шаптырған едi. Сонда Қазалыға кеп бекiнiп жатқан Захваткиннiң оң қолы болып алған Ережеп әр
нәрсенi сылтауратып‚ жiгiт те‚ ат та бермейтiнiн аңғартқан-ды. Елмырза төре болса‚ бұлаң-құйрыққа
салып‚ мұның соңынан еретiнiн де‚ ермейтiнiн де ашық айтпай‚ ұзынсонар бiр әңгiменiң кележағына
сүйей салған. Содан-ақ бұл одан түк өнбесiн сезген. Мұның қасына бiрден ақкөз Елдес ердi. Iнiсi
Жәнiбек сардар iшкi жаққа кеткесiн‚ Аспан елiне өзi қожа боп тұрған ол екi жүзге жуық жiгiттi дем
арасында жиып алған. Олардың бәрi де сен тұр‚ мен атайыннан екен. Әсiресе‚ Аспанның Алты Төбетi
аталығынан тарайтын жiгiттер шетiнен жаугер. Осы қолды бастап келген Елдес: “Төрт Шөменнiң
әруағы едiң! Сенi алыс жолға жаңғыз жiберсек‚ ертең құдай-әруаққа не бетiмiздi айтамыз? Жаман
айтпай‚ жақсы жоқ деген”‚ — деп‚ бiрден турасын айтқан. Тоғанақ сонда-ақ мына ағеден‚ түбi түскен
шелектей даңғырлаған Елдеске ырза бола қараған‚ екi талай жерлерде ердiң басы сыналатын күн туса‚
арқа сүйерiң осындайлар ғой деп түйген. Батыр сол жолы кiдiрместен жолға шыққан.
Мiне‚ бүгiн төртiншi күн‚ бұл ат белiнен түспей‚ салқа жортып келедi. Жолшыбай Бес Бозғұлдың
ауылдарының үстiн баса жүрiп отырып‚ Якуббек сұрап тұрған Ақмешiтке соқпай‚ оны терiскей
жағынан қиястай орап өтiп‚ Қоқанға бағынышты Созаққа қарай тура салған едi. Олар түскей жаққа
жақындаған сайын күн райының жыли бастағанын айқын аңдап келедi. Бұ жақта терiскейге жақындау
орналасқан Қарақұмға қарағанда күн майтоңғысыз жылы‚ күз нышаны әлi оншалықты бiлiне
қоймапты. Бұ жақтың күнi де бiр түрлi өзгеше сияқты. Бетi шарық табақтай алып күн таң ата сонау
тақтайдай тегiс даланың бiр шетiнен ақырын көтерiледi де‚ бiртiндеп көк төрiне өрмелеп барып‚ бiр
сәтке тоқтай қап‚ мына атырапқа бар шуағын ақтара құйып‚ айналаны тандырша жандырып кеп
жiбередi. Содан бiр қапырық көпке дейiн кетпей аңылжып тұрып алады. Төңiректе үп еткен жел
атымен болмайды. Бiр түрлi күйген исi бар қапырық ауа қолқаны қабады. Сол ыссы бұлар Созаққа
жақындаған сайын күшейе түскендей болды. Сол тандырға шыдамаған қара жердiң ажары да қуаң
тартып кетiптi. Кей араларда кебiртек көп. Сол арадан өткенде‚ топ-топ түскен ат тұяғынан ұшқан ақ
шаң ыссы ауаға жайылып барып‚ бiр түрлi ақ тұманша тұтаса ұстасып‚ бiрден сейiлмей‚ көпке дейiн
тұрып алады. Содан кейiн барып әуеге ұшқан ақ шаң қара жерге қарай құлай бастайды. Сол шаң
дiндерiн қапқан жусандардың басы ағараңдап көрiнедi. Кей тұстарда ақшыл шашағы судыраған
құланқұйрықтар кездесiп қалады. Олар да мына ыссыдан әбден қажығандай‚ — шашағын жерге қарай
салып жiберiп‚ үнсiз мүлгiп тұр. Тек қана мына тандыр қалың боп өскен жантақтарға жағатындай.
Бойларын тiктеп‚ әбден бабына кеп пiскен олардың жiңiшке сабақтарының бастарына қоңырқай‚ сәл-
пәл қызылдау боп келген бүршiктерi шыққан‚ дiңдерi күн көзiнде май жаққандай боп жылтырап тұр.
Соны көрiп келе жатқан Елдес тағы да атына сипай қамшы сап‚ алда келе жатқан батырмен қатарласа
бердi де‚ даусын қаттырақ шығара сөйлеп:
— Төке‚ мынаяқтың ыссысын-ай! Тiпте шөбiне дейiн күйiп кетiптi‚ — дедi.
Батыр бұған мойнын бұрып қарады:
— Айтары жоқ.
— Сонда... бұяқтың елi қалай күн көредi екен?
— Ау‚ мал болса‚ қазаққа одан артық не нәсте керек?
— Ол дұрыс қой. Мен су жағын айтып отырмын.
Батыр тiзгiнiн делбеп қап‚ бұған бұрыла қарады:
— Көрмеген жердiң ой-шұқыры көп деген. Суы бар тұсты бiз осы бiле алмай келе жатырмыз ғой
дейiм. Болмаса... — Ол ойланып қап‚ ағара бастаған сақалын күректей қолымен сипап қойды.
— Төке‚ осы жiгiттер шаршаған жоқ па екен? Бәрiнiң қабақтары түсiп кетiптi‚ — дедi Елдес ендi
ақырын сөйлеп.
— Өзiм де байқап келе атырмын. Менiкi алғашқы кезде жолды өндiрiп алайық деген ғой. Болмаса
мына ыссыда атты қан сорпа ғып...
Тоғанақ аз-кем үнсiз қалды. Сосын жанары тоза бастаған кәрi көзiн алдыңғы жаққа сығырайта
қадады. Алдыңғы жақтан қу медиен қу даладан басқа көзге iлiнер ештеме де көрiнбейдi. Бұл маңайда
не көшiп бара жатқан көш жоқ‚ не қоныстап отырған ауыл жоқ. Оны айтпағанда‚ шұбыра жортқан
ақбөкендердiң iзi де көзге шалынбайды. Солай келе жатып: “Бұ маңайда ел болмады-ау”‚ — деп ойлап
қойған Тоғанақ ендi өзiнiң аздап шаршай бастағанын аңдады. Бойы бiр түрлi ал-сал тартып сала
бергендей болды. Ара-арасында басы кеудесiне құлап бара жатқанын сездi. Таңдайы қанша кепсе де‚