1
БЕГІЛДӘ АЛДАМЖАР
Ұлы сел
Төрт кітапты рәуәййат-роман
ТӨРТIНШI КIТӘБ
БIРIНШI ДӘПТЕР
1
1855-iншi жылдың жазында Ақмешiт пен Қазалы үйездерiне қараған елдiң би-батыр,
бай-мырзаларынан құралған топ Петерборға арнайы сапармен барып қайтатын болды. Оны
жасақтауға Елмырза төре белсене араласты. Ол Қазалыға келгесiн Захваткинмен кеңесiп,
Петерборға баратын кiсiлердiң тiзiмiн жасай бастады. Аздан соң әккi төре тiзiмге бiр адамды
енгiзiп, бiр адамды алып тастап, Захваткиннiң миын әңкi-тәңкi қылып жiбердi.
Осы кезде Қызылда отырған Жәнiбек бұл хабарға назар аудара қоймаған едi. Ақыры
мұның мән-жайын бiлейiн деп, Қалдыбайды Қазалы фортында жұмсады. Қалдыбай екi
аптадан кейiн қайтып келдi. Оның бiлгенi — кешелерi Ақмешiтте болған айқасқа алданып
қатынасқан кiсiлерге Бiрiншi Николай патшаның кешiрiм жасағандығы, әлгi тiзiмде
Жәнiбектiң де бар екендiгi едi. Содан кейiн Жәнiбек iшiнен: “Ақ патша сөзiн жұта қой-мас”,
— деп, жолға шығуға дайындала бастаған болатын.
Ақыры Петерборға баратын кiсiлердiң тiзiмi анықталды. Содан кейiн оларды Захваткин
кеңсесiне шақырып, барлық ақсаақал-қарасақалдарға ақ патшаның атына Хиуа мен
Қоқаннан күн көре алмадық, бiздi содан құтқара гөрiңiз, бiзге пана болыңыз деп жазылған
хаттың соңына бармақтарын бастырып алды. Жәнiбек те бармағын басты.
Келесi аптаның басында Қазалыға Ақмешiтттен жасақталған қазақ депутациясы келдi.
Оған бұлар қосылды. Содан кiдiрмей араларында татар тiлмәшi бар, атты казактар қоршаған
бұлар Қазалы бекiнiсiнен сапарға аттанып та кеттi.
Бұл кезде күз нышаны бiлiне бастаған да едi. Дала сарғыш. Ала жаздай бiр түйiр де
тамшы тамбағандықтан, жазық алқаптар әбден күйiп кеткен. Кей аралар мүлдем жап-
жалаңаш. Бұлар жолшыбай Арқадан ауған үйiр-үйiр ақбөкендердiң Қызыл жаққа қарай өтiп
кетер ыңғай көрсетiп, жосылып келе жатқандарын көрдi. Баяғыда үлкен кiсiлер қырдан
ақбөкен ауса, қыс қатты болады, оның аяғы жұтқа ұласады деп отырушы едi. Жәнiбек ендi
өздерiнiң алдарынан құйындатып өте берген ақбөкендерге көз қиығын самарқау тастады.
Олар бастарын жерге салып жiберiп, дүсiрлете құйғытып барады. Анда-санда таңдары жарқ-
жұрқ етедi. Соларға қарап келе жатып, бiздiң халықтың да тағдыр-талайы осыдан аумайды
ғой, деп ойлады. Олардың да мына сайын даланың әр бұрышын жайлап, замананың
қабағына қарай әр түкпiрге бiр ауып жүргенi.
Олар аттарын жетекке алып, күймелi арбаларға мiнiп, тапталып қалған жайдақ жолмен
Ырғыз үстiнен асып, Орынборға беттедi. Екi ара бiраз жер. Араға бес қонып, алтыншы күнi
дегенде барып, бұлардың төменгi жақтағы Көнек Шөмекейлер мекендейтiн Жаманқаланың
табанына аяқтары iлiктi. Орск деп орыстар атап кеткен бұл қамалдың кiшiгiрiм шiркеуiнiң
алтын жалатқан шошақ басты күмбезi сонадайдан күнге шағылыса көзге шалынғанда, өмiрi
мұндайды көрмеген кiсiлер ауыздарын ашты да қалды:
— Мынаусы немене өзi?
— Шiркеудiң алтын жалатқан басы дейдi ғой!
— Апырмай, ә! Өзi қалай-қалай жарқырайды! Шамасы, шайтанның соққан бiрдемесi
шығар?
— Қой, әрi жоқты соқпай, оған ана ақ патша Мекалайдың өзi барып, былай... талтайып
тұрып, үш саусағымен шоқынады дейдi ғой, — дедi сол арада бұрындары Орынборда сауда-
саттық жәйiмен болып жүрген, Жаппастың байы, ұзын бойлы, арықтау келген, бетi бұжыр-
бұжыр, қара сұр Өткелбай бiлгiшсiнiп.
— Сонда Мекалайың... ертеңдерi бiздi шоқындырып жүрмей ме?