Стр. 3 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

2
— Шоқындырғанда қандай! Сен әлi қажыға емес, ана Құддысқа барып, насырани
болып қайтасың!
— Құдай сақтасын! Әлхамдулилла, мұсылманмын, — деп әлi Әлiмнiң аңқау шалы
Өткелбайдың жүзiне үрке қарады.
— Өй, сен де бiр осы! Қашанда күштiнiң көтi дермен тартады деген емес пе? Сенiң
әйлә-пәйләңа ана Мекалай патша қарай ма, былай, желкеңнен ұстап тұрып, шiркеуге зорлай
кiргiзедi де, сенi шоқындыра салады...
— Ал, шоқынбасам ше? — дедi әлгi шал одан әрi қырсыға түсiп.
— Онда... былай.... кәлләңдi кесе салады.
— Опырмай, ә, — деп қатты дағдарған, Жаппастың байымен қатар келе жатқан
Әлiмнiң аңқау шалы атының тiзгiнiн тартып, кейiн қала бердi.
Оны байқаған Жаппас Өткелбай ер үстiнен оған бұрылып қарап:
— Шегiнгенмен ендi барар жерiң, кiрер тесiгiң жоқ. Одан да ертең шоқынғаннан кейiн
ақ патшамен қалай арақ iшетiнiңдi ойластыра бер, — деп қарқ-қарқ күлдi.
— О, жағың қарыссын!
Бұл кезде тақтайдай тегiс даланың төбесiнен қарап тұрған күн жылы сәулесiн
мейiрлене құйып тұр едi. Алдыңғы жақтан белi жыланша ереңдеген сағым сылаңытады.
Одан әрiректе бiр буалдыр дiр-дiр ете тұтасып тұр. Солардың әр жағынан көзге бұлаңыта
көрiнiп тұрған басқа бiр шәһардың қарасы, бiр қарағанда, жақын сықылды едi. Бiрақ ол
жуық арада жеткiзiп болмады. Олар Жаманқаладан өткеннен кейiн, ертеңiне күнi бойы
салдыртып жүрiп отырып, Орынбордың маңайына үшiншi күнi дегенде барып iлiктi.
Олар келесi күнi тал түске таман Орынборға да жеттi. Оның сыртқы қамалы тiкесiнен
тiк қойылып, бiр-бiрiмен дөрекiлеу түрде ұстастырылған жалпақ ағаштардан салыныпты.
Бекiнiстiң бергi жағында қарауыл қарайтын жер бар екен. Бұлар қамалға жақындай
бергенде, бiр-екi атты казак iлгерi қарай оза шауып кетiп, күзетшiлермен бiрдеме деп
сөйлесiп, бұлар тұрған жаққа қолдарын сiлтесiп, аз-маз тұрды. Содан соң қамалдың үлкен
ағаш дарбазасы ортасынан қақ айрылып, екi жаққа қарай айқара ашылды. Ендi бұларды
көшбасшы боп келе жатқан отрядтың басшысы тездете жүргiзiп отырып, бекiнiстiң iшiне
кеп кiргiздi. Бұрын-соңды дарбазаны көрмеген аттар үркектеп, қос құлақтарын қайшылап,
елеңдесiп келедi. Қаланың iшiнде бөренелердi бiр-бiрiне қиюластырып салған тамдар көп
екен. Ара-арасында күйген қыш керпiштен соғылғандары да кездеседi. Отрядтың басшысы
мiнген күймелi арба қоңырауы сыңғырлай ағызған бойы бұлар үшiн алдын-ала дайындалып
қойылған екi қабатты тамға жетiп барып тоқтады. Сол екен, бұрыннан хабардар болса керек,
иықтарына погон таққан, жүзiктiң көзiнен өткендей жас жiгiттер бұларды жылы жүзбен
қарсы алып, лыпылдап қызмет қылысып, барынша бәйек боп жүрiп, iштегi бөлмелерге
орналастырды. Бұл Қалдыбай екеуi бiр бөлмеде жататын болды. Елмырза мен Ережептер
басқа бөлмелерге барып жеке-жеке түстi.
Ұзақ жолдан шаршап келген қонақтарды демалсын десе керек, аздан кейiн бiр жас
офицер бастап жүрiп, барлығын орыстың қыш керпiштен соғылған аласалау моншасына
апарды. Қажыға барып қайтқан сапарында Шарқының не кәрәмәт хәммәм-мойшаларын
көрген Жәнiбек мынаған онша таңғала қойған жоқ. Жуынып-шайынып алғасын, олар iшке
келiп, шәйға отырды. Барлығы уылдасып, шуылдасып жүрiп, бiр әйдiк абажадай бөлмеде
аласа ұзын үстелдiң айналасына малдас құрып жiберiп, терлеп-тепшiп шәй iштi. Ара-
арасында жолда көргендерiн әңгiмелеп қояды. Жәнiбек анадағы жарасы жазылса да,
орнында бiр шаншудың қалғанын соңғы кезде сезiп жүр. Осы жолы да иығын ауырсынып,
ара-арасында қабағын кiржитiп қойып, жан-жағында сампылдасып отырған жұрттың сөзiне
араласа қойған жоқ.
Бұрын қала көрмеген би мен байлар гу-гу етедi:
— Апырмай, мына мойша дегенi әләмәт екен!
— Ана бiр қара тасына ыссы суды шашып кеп қалсаң болды, буы бұрқырап шыға
келедi.
— Өзi бiр... жанның рахаты! Арқаңды тыр-тыр қасы да, тырайып, былай... жата бер!
— Мойшасын қойшы, мына қаласының өзi қандай әдемi!
— Баяғыда сарттардың шәрiлерiн де көрiп едiк, мына аузы түктi кәпiрлер де олардан
шәрiнi кем салмайды ма дейiм?
— Өздерi... осы қам керпiштi бiлмей ме екен?
— Бұяқтың тамдары тек қана ағаштан салынады-ау дейiм.
— Сонда... осы ағашта қандала болмай ма?
— Болғанда қандай!? — дей берiп, сол арада әңгiмелесiп отырған кiсiлердiң бiрi
арқасын тыр-тыр қасына түсiп, кенет жылан шағып алғандай шаж ете қалды. — Аузыңды
ашып-жұмғанша, мiне, оның бiрi шағып та алды! Қарашы, мына бiрi тура тайыншадай екен!
Өзi тулап жатыр!
— Әй, кетшi сен де бiр!