210
Бұл кезде күз айы Қызылға да дендеп енiп қалған едi. Жәнiбек ауылы отырған жерден
ұзаған сайын, терiскейдiң лебi анық сезiлiп, алдан салқын леп соға бастады. Аспанда алба-
жұлба бұлттар әлдеқайда жөңкiле көшiп барады. Анадай жерде барар жерiн бiлмегендей,
ысқырған желдiң айдауына көнiп, қалбақтап бiр қаңбақ домалап келедi. Ол байғұс та ертеңгi
тағдыр-талайының қайда барып соқтығарын бiлмей, қалбалақтап сасып келе жатқандай.
Құдды Жәнiбектiң өз тағдыры сияқты. Ол атын тебiнiп, алдынан соққан салқын желден
шекпенiнiң өңi-рiн қаусырынып, iлгерi қарай тарта бердi.
Ол ертеңiне Қуаңға жетiп, ата-бабасы жерленген көне қорымға соқты. Ақкербездiң
зиратының сыртындағы топырағы көнере бастапты. Басына шаншып кеткен найзасы әлi тұр
екен. Жәнiбек атынан түсiп, әуелi екi әкесiне, сосын Ақкербездiң басына кеп, жүгiнiп
отырып дұға оқыды. Дұға бiткесiн, қолымен бетiн сипап, қабiрге бiр уыс топырақ салды.
Сосын неге екенi белгiсiз, зираттың шетiнде шашылып жатқан майда шеге топырақты
қолымен ысырып, әдемiлеп жөндеп қойды. Сосын орнынан батыл тұрып, кеше ғана
жайнаңдап жүрген келiншегiнiң мәңгi тапқан тұрағына бiр рет елжiрей қарады да, кенет
сабырлы қалыпқа көшiп, қорымнан сыртқа шыға бердi.
Жәнiбек ендi ол арада айналмады. Атына мiнiп ап, Сыр бойына қарай жүрiп кеттi.
Араға екi қонып, Қазалының кезеңiне құлай бере, ол өз көзiне өзi сенбей, атының басын
тартып, тоқтай қалды. Қыркүйек айының ортасы бола бергенде Сырдың таситын жылдағы
бiр мiнезi едi. Бұ жолы Сыр қатты тасып, жағалаудан шiрей шыққан қызыл суы екi жағадағы
жайпақ жазықты түгелдей басып салыпты. Ересен бiр қуатпен ақтарыла қалған ұлы сел ана
шетi мен мына шетiне көз жеткiзсiз жайқын теңiзше толқып, ысқырып соққан күзгi желден
ақжал толқындарын көтере, алып кеудесi ыңырана солқылдап жатыр. Алыстан әлдеқандай
мұңлы бiр күй талып жетiп жатқандай. Айнала сұрғылт. Дала да жүдеу. Аспанда жөңкiле
көшiп бара жатқан қара бұлттар күннiң көзiн әлмә-һәл жауып кетiп, онсыз да ажарынан
айрыла бастаған дүздiң реңiн онан сайын жүдете түседi. Бiрақ Жәнiбектiң қазiр қасiретке
толы жанында әлсiз бiр ұшқын жылтырайтындай. Онда ертең-ақ мына бiр сұрғылт шақтың
жалт етiп өтiп, тақтайдай тегiс даланың бiр шетiнен баяғыша барша адамды қуандырып,
күлдiрiп, жiгерлендiрiп, құдiреттi Күннiң шығатынына кәмiл сену бар. Оның бар дәмесi, бар
ойы сонда.
Бұл жасы қырықтан асқанда қиын-қыстауы жетерлiк, алмағайыбы көп тiршiлiкте ащы-
тұщыны барынша татып үлгерiп, әлден-ақ шашы ағарып кеткен, дағдырының бұралаңына
төзiп, бимәлiм келешегiне қарай қадам басқан Жәнiбектi айдай әлеммен, сайын даламен, ел-
жұрты, отбасымен байланыстырып тұрған ең ақырғы таянышы, ең соңғы тiрегi едi...
1970 — 1985